2026 жылдың 16 наурызында әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің оқытушылары, докторанттары мен студенттері Алматы қаласындағы КММ «Н. Островский атындағы көзі көрмейтін және нашар көретін балаларға арналған №4 арнайы мектеп-интернатына» арнайы барып, тағылымы терең, мазмұны бай кездесу өткізді. Іс-шараның басты мақсаты – ерекше білім алуды қажет ететін балалармен жақын танысу, олармен бірге уақыт өткізу, рухани қолдау көрсету және жарқын әсер сыйлау болды.
Кездесу қонақтардың жүрекжарды жылы лебіздерімен басталды. Университет өкілдері өздерінің ғылым саласындағы, әсіресе физика бағытындағы зерттеулері жөнінде қызықты мәліметтермен бөлісіп, қоршаған әлемдегі түрлі құбылыстарды қарапайым әрі түсінікті тілмен түсіндірді. Еркін форматта өрбіген алғашқы әңгіме барысында балалардың белсенділігі мен білімге деген қызығушылығы айқын байқалды. Жылы атмосфера мен өзара түсіністік кездесудің табысты өтуіне берік негіз қалады.
Іс-шараның ерекше әсерлі бөліктерінің бірі – музыкалық бағдарлама болды. Қонақтар орындаған Құрманғазының «Балбырауын» күйі мен «Алаш аманаты» шығармасы балаларға көтеріңкі көңіл-күй сыйлап, рухани серпіліс әкелді. Музыканың жүрекке тікелей әсер ететін құдіреті бұл сәтті барша қатысушылар үшін ұмытылмас етті.
Кездесу барысында ұйымдастырылған «Дыбыс лабораториясы» атты танымдық ойын балалардың ерекше қызығушылығын тудырды. Ойын шарты бойынша қатысушылар әртүрлі дыбыстарды тыңдап, олардың қайдан шыққанын анықтауы керек болды. Жануарлар, техника, музыка және фильмдерден алынған дыбыстарды дәл табу арқылы балалар өздерінің есту қабілетінің жоғары деңгейде екенін көрсетті. Бұл ойын олардың зейінін арттырып, логикалық ойлау және есте сақтау қабілеттерін дамытуға ықпал етті.
Сонымен қатар, іс-шара аясында шағын викторина ұйымдастырылып, онда табиғат, ғарыш, дыбыс және қоршаған орта тақырыптары қамтылды. Балалар сұрақтарға белсенді жауап беріп, өз білімдерін көрсете білді. Бұл олардың дүниетанымын кеңейтіп, жаңа мәліметтерге деген қызығушылығын арттырды.
Кештің келесі бөлімінде университеттің белсенді студенттері «Құбылмалы Алматы» және «Желсіз түнде жарық ай» әндерін орындап, көрермендерге ерекше әсер сыйлады. Ән мен әуен бұл кездесуді шынайы мерекеге айналдырып, барша қатысушылардың көңілін шаттыққа бөледі.
Іс-шара соңында қонақтар балаларға университет атынан арнайы дайындалған кішігірім сыйлықтарды табыстады. Бұл балалар үшін үлкен қуаныш сыйлап, олардың жүздеріне шаттық ұялатты. Кездесу соңында барлық қатысушылар естелік суретке түсіп, бұл күннің жарқын сәттерін жадыда сақтап қалды.
Бұл кездесу – мейірімділік пен жанашырлықтың, ғылым мен өнердің үйлесімді тоғысқан көрінісі болды. Университет өкілдерінің бұл игі бастамасы балаларға жаңа әсер мен шабыт сыйлап қана қоймай, қоғамдағы қамқорлық пен адамгершілік құндылықтарының маңызын тағы бір мәрте айқындады.
Осындай игі шаралар алдағы уақытта да өз жалғасын табады деген сенім мол.
Фарида Белисарова,
Физика-математика ғылымдарының кандидаты, профессор









