Ұстаздық – жүректің батырлығы (География пәнінің мұғалімі Нұргүл Байғұмарқызы Әбеева туралы сыр)

0
137

Ұстаз болу – жүректің батырлығы,
Ұстаз болу – сезімнің ақындығы,
Ұстаз болу – мінездің күн шуағы,
Азбайтын адамның алтындығы.

Осы бір өлең жолдарының терең мәнін ұстаздық жолды жүрегімен сезінген адам ғана толық ұғына алады. Мен мектеп қабырғасында қырық жыл ғұмырымды ұстаздық қызметке арнаған жан ретінде мұғалімнің жан дүниесін түсінемін деп айта аламын. Сондықтан да, ұстаз болғанымды әрдайым мақтан етемін. Өйткені, ұстаз – ел ертеңін тәрбиелейтін ең қасиетті мамандық иесі.

Ертең елдің тұтқасын ұстайтын азамат та, ғылымды алға сүйрейтін ғалым да, ел қорғайтын батыр да – бәрі мектеп партасынан қанат қағады. Ал, солардың алғашқы ұстазы – мұғалім. Сондықтан, «мұғалім – барлық мамандықтың анасы» деген сөздің жаны бар.

ҰСТАЗ ДЕГЕН КІМ?

Ұстаз – өз өмірін шәкірт тәрбиесіне арнаған жан. Ол тек білім беруші ғана емес, жас жүрекке сенім ұялатып, өмір жолын нұсқайтын тұлға. Дәрігер адам денсаулығына жауапты болса, ұстаз – адамның болмысына, мінезіне, болашағына жауапты.

Ұстаздық – жай қызмет емес, аманат.

Менің өмірлік ұстанымым – көмек сұрағанға қол ұшын созу, өзгелердің пікірін құрметтеу, тыңдай білу және заман талабына сай жаңашыл болу еді. Зейнет жасына келген шақта тағы бір парызды сезіндім: бірге еңбек еткен әріптестерімнің еңбегін кейінгі ұрпаққа үлгі ету.

Сол себепті қолыма қалам алып, ұзақ жылдар иық тіресе қызмет атқарған әріптесім – география пәнінің мұғалімі Нұргүл Байғұмарқызы Әбеева жайлы жүрекжарды ой бөлісуді жөн көрдім.

Нұргүл Байғұмарқызы 1965 жылғы 25 ақпанда Сарқан ауданына қарасты Қарабөгет ауылында қарапайым отбасында дүниеге келді. Еңбекқорлық пен жауапкершілік қасиеті бала күнінен қалыптасты.

1980 жылы сегізжылдық мектепті тәмамдап, Сарқан қаласындағы училищеде білім алып, кітапханашы мамандығын игерді. Еңбек жолын Қапал ауданындағы Арасан ауылында бастады.

1988 жылы Алматы қаласындағы Қазақ қыздар педагогикалық институтына түсіп, 1992 жылы кітапханашы-библиограф мамандығын алып шықты.

Өмір сынағы оны ерте есейтті. Ата-анасынан ерте айырылып, бауырларына қамқор болып, шаңырақтың тірегіне айналды. Тағдырдың талай қиын кезеңінде сабырынан танбай, төзімділік пен табандылықтың үлгісін көрсетті.

Бірақ, ол ізденуден ешқашан тоқтаған жоқ. 2006 жылы қайтадан білім жолына бет бұрып, Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық институтында оқып, география пәнінің мұғалімі, география бакалавры академиялық дәрежесін алды.

1991 жылдан бастап ауылдағы Әл-Фараби атындағы орта мектепте еңбек етіп, алғашында кітапханашы, кейін география пәнінің мұғалімі болып, зейнет жасына дейін абыроймен қызмет атқарды.

Ол шәкірттеріне жер шарының құрылысын ғана емес, табиғатты сүюді, туған жерге құрметпен қарауды үйретті. Жер бедерін танытумен бірге, өмірдің биік белестеріне жетуге жол көрсетті.

ЕҢБЕКПЕН КЕЛГЕН БЕДЕЛ

Ұстаз еңбегінің бағасы – оның шәкіртінен көрінеді. Нұргүл Байғұмарқызы білім берген оқушылар аудандық, облыстық, республикалық деңгейдегі олимпиадалар мен ғылыми жобаларда тұрақты түрде жүлделі орындарға ие болып келеді.

Оның педагогикалық шеберлігі мен шығармашылық ізденісі білім саласында да жоғары бағаланды. Көп жылғы еңбегі үшін аудандық және облыстық білім бөлімдерінің Құрмет грамоталарымен, Алғыс хаттарымен марапатталып, жас ұрпақты оқыту мен тәрбиелеудегі кәсіби жетістіктері бірнеше рет атап өтілді.

Педагогикалық құзыреттілікті арттыруға арналған семинарлар мен республикалық деңгейдегі дөңгелек үстелдерге белсенді қатысып, іс-тәжірибесін әріптестерімен бөлісті. «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы тарапынан еңбегі жоғары бағаланды.

2024 жылы Жетісу облысының білім басқармасы ұстаздың көпжылдық жемісті еңбегін ерекше атап өтіп, арнайы Алғыс хатпен марапаттады.

Ұстаздың шығармашылық ізденісі нәтижесінде «Табиғи аумақтық кешендердің ландшафттық құрылымы» атты авторлық бағдарламасы жарық көрді. Сонымен қатар, халықаралық және республикалық білім жобалары аясындағы байқауларда жүлделі орындарға ие болды.

ШӘКІРТ – ҰСТАЗ АЙНАСЫ

Нұргүл Байғұмарқызы тәрбиелеген шәкірттер республикалық пән олимпиадаларының, «Зерде» ғылыми жобалар байқауының, «Ақбота», «Мың бала», «Дарын», «1000 Bala» халықаралық олимпиадаларының жеңімпаздары мен жүлдегерлері атанды.

Оқушылары облыстық кезеңдерде жүлделі орын алып, ғылыми жобаларда топ жарып, аудан намысын абыроймен қорғап келеді (оның бәрін тізіп шығу мақсат та емес, бұл мақаланың көлемі көтермейді). Бұл – ұстаз еңбегінің шынайы жемісі.

Ұлы Абайдың «Адамның адамшылығы – жақсы ұстаздан» деген сөзі осындай жандарға арналғандай. Шәкірт жүрегіне біліммен бірге адамгершілік дәнін еккен ұстаздың еңбегі ешқашан өлшенбейді.

Биыл Нұргүл Байғұмарқызы ұзақ жылғы ұстаздық қызметін қорытындылап, зейнеткерлік жасқа қадам басты.

Құрметті әріптес!

Сізге зор денсаулық, шаңырақ амандығын, немере қызығына кенелген бақытты ғұмыр тілейміз. Ұстаздық жолдағы бейнетіңіздің зейнетін көріп, шәкірт алғысына бөлене беріңіз!

Рауза ҚАСЫМҚЫЗЫ,
зейнеткер ұстаз, әріптесі.

Қарабөгет ауылы,
Сарқан ауданы,
Жетісу облысы

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here