Қазақстанда табиғаттың бай мұрасын сақтап, сирек жануарлар түрін қайта түлету бағытындағы ауқымды жұмыстар жүйелі түрде жүзеге асырылып жатыр. Соның бір көрінісі ретінде соңғы жылдары елімізге жерсіндірілген сирек кездесетін аңдар мен жануарларды айтуға болады. Олар: Амур жолбарысы, керқұлан (Пржевальский жылқысы), құлан, Бұқар бұғысы, канадалық бизон, ақбөкен (киік), қарақұйрық, қар барысы, құндыз бен қоқиқаз.
ҚАЗАҚТЫҢ ЖЕРІН ЖОЛБАРЫС ҚАЙТА ЖЕРСІНЕ МЕ?
1900 жылдардың басында, ғалымдардың айтуынша, жер бетінде 9 түрлі 100 мың жолбарыс болды, ал 2000 жылға қарай оның саны 3200-3600-ға дейін сиреп, 4 түрі жойылып кетті. Солардың бірі – қазақ жерінде мекен еткен ірі жыртқыш Тұран жолбарысы. Жұрт оны соңғы рет 1948 жылы ғана көрген. Өкінішке қарай, Тұран жолбарысы тек Қазақстаннан емес, Жер бетінен де түгелдей жойылып кеткен. Генетикалық зерттеулер жойылып кеткен Тұран жолбарысының ең жақын туысы көзі тірі Амур жолбарысы екенін көрсетті.
Амур жолбарысы – әлемдегі ең сирек жыртқыштардың бірі. Санының күрт азаюына байланысты ол халықаралық Қызыл кітапқа енгізіліп, ерекше қорғауға алынған.
2024 жылы Амур жолбарыстарын тарихи мекеніне қайта жерсіндіру бағдарламасы аясында Нидерландтан Қазақстанға алғашқы екі жолбарыс жеткізілді. WWF ұйымы мен Қазақстан арасындағы көпжылдық ынтымақтастықтың нәтижесінде Нидерландтағы Анна Пауловна қаласында орналасқан Landgoed Hoenderdaell хайуанаттар бағы жанындағы «Қасиетті Арыстан» (Stichting Leeuw) жыртқыштарды күтіп-бағу орталығынан «Іле-Балқаш» мемлекеттік табиғи резерватына екі Амур жолбарысы әкелінді. Бұл айтулы оқиға өңір экожүйесін қалпына келтіру және уақыт өте жоғалған биологиялық алуандықты қайта жаңғырту жолындағы маңызды қадамдардың бірі болды. Бағдарлама Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрлігінің Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің бастамасымен, WWF ұйымы мен Қазақстандағы БҰҰ Даму бағдарламасының (ПРООН) қолдауымен жүзеге асырылды.
Мамандар жолбарыс ұрпағы кейін жабайы табиғатқа жіберіліп, жетпіс жылдан астам уақыт бойы еліміз аумағында кездеспеген түз тағысының қайта оралуына негіз болады деп күтуде.
Бұл жолбарыстар өңірдегі табиғи тепе-теңдікті қалпына келтіруде, биоалуантүрлілікті байытуда және жойылып кеткен жыртқыштар популяциясын жаңғыртуда ерекше рөл атқарады. Бағдарламаның түпкі мақсаты – Қазақстан жерінде еркін тіршілік ететін жабайы жолбарыстардың тұрақты популяциясын қалыптастыру.
Биыл Хабаровск өлкесінен Қазақстанға тағы төрт Амур жолбарысы жеткізілді. Енді екі ересек аталық пен екі жолбарыс күшігі «Іле-Балқаш» мемлекеттік табиғи резерватының аумағында тіршілік етеді.
Бұл жыртқыштар елімізде жолбарыс популяциясын қайта қалыптастыруға бағытталған ауқымды бағдарламаның маңызды бөлігі саналады. Мамандар олардың жаңа ортаға бейімделіп, болашақта Қазақстан табиғатында жолбарыстардың қайта көбеюіне негіз қалайды деп үміттенеді.
КЕРІ ОРАЛҒАН КЕРҚҰЛАН
2024 жылғы 6 маусымда әлемде сақталып қалған жалғыз жабайы жылқы түрі саналатын жеті Пржевальский жылқысы Еуропадан тарихи Отаны – Қазақстанға жеткізілді. Бұл қадам дала жайылымдарының табиғи экожүйесін толық қалпына келтіруге бағытталған халықаралық бастаманың маңызды кезеңдерінің бірі болды.
Ипсилон, Зета II, Зорро, Тесса, Сари, Веспе және Умбра атты жануарлар екі топқа бөлініп, күні кеше Чехиядағы Прага хайуанаттар бағынан және Германиядағы Берлин хайуанаттар бағынан чех әуе күштерінің ұшақтарымен Қазақстанға жеткізілді. Бірінші топ 4 маусымда Арқалық қаласына келсе, екінші топ 6 маусым күні жеткізілді.
Бұл реинтродукцияның басты мақсаты – жайылымдық жерлерді қалпына келтіру арқылы тозаңдандырушылардың, ұсақ сүтқоректілердің және жер бетінде ұя салатын құстардың жағдайын жақсартып, жергілікті жабайы табиғаттың тепе-теңдігін нығайту.
Пржевальский жылқылары ежелгі қазақ даласының негізгі түрлерінің бірі болғанымен, XIX ғасырдың ортасына қарай адам әрекетінің салдарынан жойылып кеткен еді. Қазіргі әкелінген бұл топ және алдағы уақытта жеткізілетін шамамен тағы 30 бас жылқы өңірде дербес, тұрақты популяция қалыптастыруға бағытталған.
Азиялық жабайы есек (құлан) пен киіктермен бірге Пржевальский жылқылары дала экожүйесінің үш ірі шөпқоректі түрінің табиғи тепе-теңдігін қайта қалпына келтіреді деп күтілуде.
Бұл жоба – Қазақстандағы қорықтар желісін дамытуға, табиғатты қорғау ісін күшейтуге және реинтродукция бағдарламаларын табысты жүзеге асыратын мамандар әлеуетін арттыруға бағытталған көпжылдық жұмыстың тарихи кезеңі.
Айта кетейік, керқұланға «Пржевальский жылқысы» дейтін атау XIX ғасырда осы түрді еуропалық ғылымға алғаш таныстырған орыс зерттеушісі Николай Пржевальскийдің құрметіне берілген.
ҚҰБА ЖОНДА ҚҰЛАН ЖОРТАР КҮН ҚАЙДА?
Құлан – жылқы туысына жататын, сырт келбеті есекке ұқсас, сирек кездесетін жабайы түрі. Ол Қазақстан, Моңғолия, Қытай, Түркіменстан, Иран, Үндістан және Израильдің дала мен шөлейт аймақтарын мекендейді.
XX ғасырдың 1930 жылдары Қазақстан аумағынан құландар толықтай жойылып кеткен, ал қазақ жеріне тән құланның жергілікті тармағы мүлде жойылып біткен. 1950 жылдардан бастап бұл түрді қайта жерсіндіру және табиғатқа қайта оралту жұмыстары қолға алынып келеді.
2017 жылдан бері «Алтын Дала» мемлекеттік табиғи резерваты аумағында жабайы тұяқтылар популяциясын қалпына келтіруге бағытталған бағдарлама жүзеге асырылып келеді. Осы мақсатта Қазақстанның биоалуантүрлілікті сақтау қауымдастығы жалпы аумағы 147 гектарды құрайтын бірнеше кең қоршаудан тұратын реинтродукция орталығын салды. Бұл аумақ шамамен 205 футбол алаңына тең. Мұнда әкелінген жануарлар алғашқы кезеңде бейімделуден өтіп, кейін табиғи ортаға қайта жіберіледі.
2017 жылы ұзақ үзілістен кейін алғаш рет Орталық Қазақстан даласына құлан қайта оралды. Бұл аймаққа «Алтын-Емел» ұлттық паркінен тоғыз бас құлан жеткізілген болатын. Одан кейін 2019, 2022 және 2024 жылдары тағы да үш партиямен барлығы 30-ға жуық құлан реинтродукция орталығына әкелінді.
Алғашқы шағын топтар «Алтын-Емелден» (2139 км қашықтықтан) ұшақ пен тікұшақ арқылы тасымалданса, «Барсакелмес» қорығынан (шамамен 850 км) автокөлікпен жеткізілді. Әрбір жануар арнайы жеке жәшіктерге орналастырылып, қауіпсіз түрде тасымалданды.
Бүгінгі таңда Қазақстан аумағында құландардың төрт негізгі тобы (Ақтау-Бозашы популяциясын қоса алғанда – бес топ) тіркелген. Олар: Балқаш маңы, Барсакелмес, Алтын-Емел және Жамбыл облысындағы «Андасай» қорықшасындағы популяциялар. Соңғысы бойынша соңғы он жылда нақты деректер тіркелмеген.
ТҮРКІСТАНДА БҰҒЫЛАРДЫҢ ІЗІ САЙРАП ЖАТЫР
Түркістан облысында ХХ ғасырдың 50-жылдары өңір аумағынан жойылып кеткен Бұқар бұғысының популяциясын қайта қалпына келтіру жұмыстары 20 жылдан астам уақыттан бері жүйелі түрде жүргізіліп келеді.
Кезінде сұлу да сымбатты жануар Сырдария өзенінің жайылма алқаптарында еркін мекендеген. Алайда табиғатқа бейберекет араласу мен жауапсыз шаруашылық әрекеттердің салдарынан 1957 жылы өңірдегі соңғы бұғы браконьер оғының құрбаны болды.
Жойылып кету қаупі төнген Бұқар бұғыларының популяциясын қайта қалпына келтіру жұмыстары Түркістан облысында 2000 жылы басталды. Алғашқы кезеңде бұл бастама Дүниежүзілік жабайы табиғат қорының (WWF) Орталық Азия бағдарламасы аясында жүзеге асырылып, сирек кездесетін жануар түрлерін олардың тарихи таралу аймағында сақтап қалу және қайта жерсіндіруге бағытталды.
Жобаның бастапқы кезеңінде халықаралық ұйымдар тек ұйымдастырушылық емес, сонымен қатар қаржылық мәселелерді шешуге де елеулі қолдау көрсетті. 2000 жылы Сырдария өзенінің бойындағы аумағы екі гектарды құрайтын жер теліміне қоршау орнатылып, Бұқар бұғыларын өсіруге арналған питомник ұйымдастырылды.
Уақыт өте келе, он жыл өткен соң, бұл питомниктің аумағы 20 гектарға дейін кеңейтілді. Бұғылар мекендейтін аумақты қорғау және олардың тіршілігін бақылау мақсатында бейнебақылау жүйесі орнатылды.
Бұқар бұғысының популяциясын қалпына келтіру жұмыстары 2000 жылдары басталды. Осы уақыт ішінде «Сырдария-Түркістан» мемлекеттік өңірлік табиғи паркінде алғашында әкелінген алты бас бұғыдан басталған популяция 319 басқа дейін көбейіп, айтарлықтай өсімге қол жеткізді.
Мекеме аға ғылыми қызметкері Ғани Назарбектің айтуынша, 2000 жылдары басталған реинтродукция жұмыстарының нәтижесінде бастапқыда бар болғаны 6 бас болып әкелінген Бұқар бұғысының саны бүгінде 319 басқа жеткен.
«Қазіргі уақытта шамамен 50 бас Бұқар бұғысы арнайы күтім жағдайында ұсталады, сондықтан оларға күнделікті азық беріледі. Екі жыл сайын көбейген табын табиғи ортаға қайта жіберіліп отырады. Қыс мезгілінде еркін тіршілік ететін жабайы жануарларға қосымша жем-шөп жеткізіледі. Құстар үшін бидай шашылады, ал таулы аймақ жануарлары үшін тұзды жерлер (солонецтер) орнатылады», – деді ол.
БҰЙРАТАУДА БИЗОНДАР ЖҮР…
Қазақстанда Солтүстік Американың нағыз бизондарын көру үшін шетелге шығудың қажеті жоқ. Бұл сирек кездесетін жануарлар Астанадан шамамен үш сағаттық жерде орналасқан «Бұйратау» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінде мекендейді.
Бизондар бұл аймаққа 2020 жылы Канададан әкелінген. Сол кезде паркке бар болғаны 10 бас қана жеткізілген еді. Алайда олар жергілікті климатқа тез бейімделіп, табиғи жағдайда көбейе бастады. Бүгінде «Бұйратау» аумағында 400 гектардан астам кеңістікте 24 бас бизон еркін тіршілік етуде.
Оларды кез келген адам тамашалай алады. Ол үшін Қарағанды облысындағы Молодёжный кентіне (Астанадан шамамен 180 шақырым) жету қажет. Мұнда ұлттық парк кеңсесі орналасқан, сол жерден кіру рұқсаты рәсімделеді. Көлікпен кіру құны шамамен 1730 теңге. Қалаған жағдайда экскурсия қызметін де бөлек тапсыруға болады.
АҚБӨКЕНДЕР ҚАЙТА КӨБЕЙДІ
Ақбөкен (киік) – қазақ даласының нағыз символы. Мыңдаған жылдар бойы, сонау тас дәуірінен бері бұл жануарлар қазіргі Қазақстан аумағын мекендеп, Еуразия құрлығына кеңінен таралған. Олар соңғы мұз дәуірінен аман өтіп, мамонттар, жүнді мүйізтұмсықтар мен турлар секілді көптеген жануар жойылып кеткен кезеңде де тіршілігін сақтап қала алды.
Уақыт өте келе ақбөкендер көптеген өңірде жойылып, тек бірнеше елде ғана сақталды. Соның ішінде Қазақстанда қазіргі ақбөкен популяциясының шамамен 90 пайызы шоғырланған. Бүгінде елімізде ақбөкеннің үш түр тармағы мекендейді: Орал, Үстірт және Бетпақдала популяциялары.
Ақбөкендердің жартысынан астамы, яғни шамамен 2,3 миллионы Батыс Қазақстан облысында шоғырланған. Дәл осы өңірде билік «санын реттеу» науқанын бастаған болатын. Мұндай шешім жергілікті фермерлермен туындаған қақтығыстарға байланысты қабылданды, өйткені көбейіп кеткен ақбөкендер егістік пен жайылымдарға елеулі кедергі келтіре бастаған.
Қазақ халқы ежелден мал шаруашылығымен айналысқанымен, ақбөкен қасиетті жануар ретінде ерекше құрметке ие болған. Жергілікті наным-сенімдерге сәйкес, ақбөкенді негізсіз өлтірген адамға және оның әулетіне ауыр жаза келеді деп есептелген.
Ақбөкенге деген ұлттық символ ретіндегі құрмет бүгінге дейін сақталып келеді. Мұны олардың ұлттық валютада бейнеленуі және Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың ақбөкенді «қазақ даласының символы» деп жариялауы да айғақтайды.
ҚАЛЫҢ ҚАЛАЙ, ҚАРАҚҰЙРЫҚ?!
Қарақұйрық – дене бітімі орташа, жеңіл әрі сымбатты, ұзын әрі жіңішке аяқтары бар киіктер тұқымдасына жататын жануар. Ол негізінен Азияның шөл және шөлейт аймақтарында кең таралған. Бұл жануар Иран, Пәкістан, Ауғанстан, Моңғолия, Қытай және Үндістан аумақтарында да кездеседі. Жалпы алғанда, қарақұйрық – шөл және шөлейт ландшафттарының табиғи фаунасына тән өкіл.
Қарақұйрықтардың негізгі таралу аймағы – ашық жазықтар. Алайда ол азиялық басқа екі антилопа түрімен – дзерен (моңғол ақбөкені) мен ақбөкенмен салыстырғанда, жер бедері күрделірек аумақтарға да бейімделе алады және кей жағдайда жартылай жабық ландшафттарды да таңдайды.
Закавказье, Қазақстан және Орталық Азия аумақтарында қарақұйрықтар тек ашық жазықтарды ғана емес, сонымен қатар жазықтау тау етектерін және тауаралық аңғарларды да мекендейді. Олардың тік бағытта таралу шегі жер бедерінің биіктігімен емес, сол өңірдің өсімдік жамылғысы мен рельеф ерекшеліктерімен анықталады.
Қарақұйрықтар биік таулы, тастақты әрі күрделі жер бедеріне бейімделмегендіктен, мұндай аймақтардан, тіпті аласа таулардан да қашқақтайды.
Қарақұйрықтар Қазақстанның Қызыл кітабына енгізілген. Алматы облысындағы ұлттық парк аумағында қазіргі таңда шамамен 700 қарақұйрық мекендейді.
ҚАР БАРЫСЫ – БАҒЫМЫЗҒА БҰЙЫРҒАН БРЕНД
Қар барысы (ілбіс) – жер бетіндегі ең жасырынып тіршілік ететін әрі сирек кездесетін жыртқыштардың бірі. Ол негізінен теңіз деңгейінен 2000-6000 метр биіктіктегі таулы экожүйелерді мекендейді. Қар барысының жаһандық таралу аймағы Шығыс, Орталық және Оңтүстік Азияның 12 елін қамтиды.
Бұл жыртқыш өзінің ерекше табиғаты мен осалдығына байланысты Халықаралық табиғатты қорғау одағының (IUCN) Қызыл тізіміне, сондай-ақ таралған барлық елдердің Қызыл кітаптарына енгізілген.
Қар барысы Қазақстанның тірі символы болып саналады және елдің әлеуметтік әрі мәдени өмірінде ерекше маңызға ие.
Қазақстан аумағында қар барысы негізінен таулы экожүйелерде мекендейді: оңтүстікте – Батыс Тянь-Шаньда, оңтүстік-шығыста – Жоңғар Алатауында, Солтүстік Тянь-Шаньда, ал шығыста – Алтай мен Сауыр-Тарбағатай жоталарында кездеседі. Бұл таулы жүйелердің барлығы трансшекаралық сипатқа ие болып, көршілес Өзбекстан, Қырғызстан, Қытай және Ресей аумақтарына жалғасады.
Айта кету керек, Қазақстандағы қар барысы популяциясы халықаралық ғылыми қауымдастық үшін ерекше қызығушылық тудырады, себебі Қазақстан бұл жыртқыштың көші-қон жолдары тоғысатын трансшекаралық аймақ болып саналады. Белгілі болғандай, қар барысы мекендейтін Орталық Азияның таулы экожүйелері ұлттық әрі халықаралық деңгейде аса маңызды, өйткені олар аймақтың климаттық жағдайларын айқындайды. Сондықтан қар барысын зерттеу тек оның түрін сақтап қалу үшін ғана емес, сонымен қатар экожүйелердің жай-күйін және ықтимал қауіптерді анықтау үшін де шешуші рөл атқарады. Бұл өз кезегінде Орталық Азияның таулы өңірлеріндегі халықтың әл-ауқатына тікелей әсер ететін табиғи тепе-теңдікті түсінуге мүмкіндік береді.
Зоология институтының есебі бойынша, 2024 жылы Қазақстанда барлығы 180 ілбіс тіршілік еткен. Табиғаты жұмбақ жануар Алматы, Жамбыл және Шығыс Қазақстан облыстарында мекен етеді.
ҚҰНДЫЗДЫҢ ТЕРІСІ ӨЗІНЕ ЖАУ БОЛДЫ
«Түлкінің қызылдығы – өзінің соры» демекші, жарықтық құндыздың терісі басына бәле болып жабысты. Қазіргі күні бойжеткендер арасында жоғары сұранысқа ие, «сүйікті» киіміне айналған құндыз ішік аталмыш аңның тұқымын түгелге жуық тұздай етер түрі бар. Бір ішікке бірнеше құндыздың терісі сыпырылады. Интернетте жарияланған бейнежазбаны көргеніміздей аң терісін тірідей сыпырып, жанын азаптау көбейіп тұр. Қазіргі қоғам қандай да бір хайуанды немесе аңды тірідей терісін жұлып, жапа шектіру ауыр күнә саналатындығын қаперіне де алмайды.
2000 жылдардың басында Шығыс Қазақстанда құндыз популяциясын қалпына келтіруге бағытталған экологиялық акция өткізілді. Сол кезде бірнеше ондаған құндыз Таулы Үлбі өңіріне жіберілген еді. Екі онжылдықтан кейін бұл тәжірибенің нәтижесі тек мамандарға ғана емес, көпшілікке де айқын байқала бастады: құндыздар өңірдің көптеген аумағына кеңінен таралып үлгерді.
Бүгінде оларды Үлбінің салалары ғана емес, Сібе көлдері маңынан да кездестіруге болады. Бұл жануарлар қоршаған орта ландшафтына белсенді түрде әсер етуде. Популяцияның өсуімен бірге олардың әрекетінің салдары да көріне бастады – құлаған ағаштар, жағалаулардың батпақтануы және шағын бұлақ арналарының өзгеруі.
Құндыздар Өскемен қаласына да жетті. 2022 жылы Комсомол аралында тұрғындар жануарлардың кеміріп, құлатқан ондаған ағашты байқаған. Біреулер үшін бұл алаңдаушылық тудырса, енді біреулер үшін табиғаттың қайта қалпына келе бастағанының белгісі болды.
Әрине, құндыздардың қайта оралуы экожүйе саулығының көрсеткіші. Алайда енді мамандарға жабайы табиғатты сақтау мен қалалық жасыл аймақтарды қорғау арасындағы тепе-теңдікті табу мәселесін ойластыруға тура келетін сияқты.
ҚОРҒАЛЖЫНДАҒЫ ҚОҚИҚАЗДАР
Қоқиқаздар – ерекше сұлулығымен көз тартатын көшпелі құстар. Олардың сымбаттылығы мен ұйымшылдығына тамсану ешқашан толастамайды. Алайда олардың дәл Қазақстан аумағында ұя салып, жұмыртқа басып, балапан өргізуі таңғаларлық жайт емес.
Қазақстан – ондаған құс түрінің көші-қон және ұя салу жолдарының тоғысқан аймағы. Солардың бірі – қоқиқаз. Бұл құс, ең алдымен, ерекше реңімен көз тартады: қауырсындары нәзік қызғылт, қанаттары қошқыл-қызыл, ал ұшу қауырсындары қара түсті болып келеді.
Айта кетерлігі, қоқиқаз үш жасқа дейін сұр түсті болып, үстінде әлсіз қызғылт рең ғана байқалады. Кейін ол «қауырсын жамылғысын» өзгертіп, өзіне тән әсем түсіне енеді. Қазақстан Республикасы Зоология институтының кіші ғылыми қызметкері, орнитолог Айжан Ташимова мұны, ең алдымен, оның қоректену ерекшелігімен байланысты екенін айтады.
Сонымен қатар, бұл құс өзінің айрықша ірі дене бітімімен де ерекшеленеді: биіктігі 130 сантиметрге дейін, салмағы 4 килограмға дейін жетеді.
«Қоқиқаздар тайыз сулардан ұсақ шаянтәрізділерді, жәндіктердің дернәсілдерін, құрттарды, моллюскаларды және балдырларды қорек етеді. Олардың қызғылт түсі құрамында каротиноид бар майда қызыл шаяншалармен қоректенуінің нәтижесінде қалыптасады», – дейді орнитолог.
Қоқиқаздардың таралу аймағы Испанияның оңтүстігі мен шығысынан, Францияның оңтүстігінен басталып, Африка арқылы, соның ішінде Мадагаскарды қамти отырып, әрі қарай шығысқа қарай Қазақстан мен Таяу Шығыс арқылы Үндістан мен Шри-Ланкаға дейін созылады. Олардың көші-қон шекарасы Африканың батыс жағалауы бойымен Мавританиядан Сьерра-Леонеге дейін, әрі Жерорта теңізі арқылы Оңтүстік Азияға ұласады. Бұл бағыт ғасырлар бойы өзгеріссіз сақталып келеді.
«Қазақстанда қоқиқаздар негізінен Теңіз-Қорғалжын ойпатының су айдындарын және Каспий теңізінің солтүстік-шығыс жағалауын мекендейді. Олардың негізгі тіршілік ортасы – су тұздылығы әртүрлі тайыз көлдер. Көші-қон жолдары көбіне еліміздің батыс бөлігін қамтиды. Дегенмен, жас құстар ұя салған жерлерінен алыстап, солтүстік-шығыс бағытқа да жиі таралып кетеді», – деп түсіндіреді Айжан Ташимова.
Туристер Қаракөл көлінде қоқиқаздарды тамашалай алады. Алайда, бұл аумақ Қарақия-Қаракөл мемлекеттік табиғи қорықшасының ерекше қорғалатын табиғи аймағына жататындықтан, оған тек Үстірт қорығының немесе аумақтық инспекцияның рұқсатымен ғана баруға болады.
ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН
Жуырда Қасым-Жомарт Тоқаев халықаралық әріптестерді сирек кездесетін түрлерді қорғауға арналған қорға қосылуға шақырған болатын.
«Қазақстан барлық серіктестерді Халықаралық сирек түрлер мен биоалуантүрлілікті сақтау қорына қосылуға шақырады. Бұл – трансшекаралық ынтымақтастықты дамытуға, ғылыми зерттеулер жүргізуге және экожүйелерді тиімді қорғауға арналған ортақ платформа», – деді Президент.
Сонымен қатар, Мемлекет басшысы бұған дейін қазақтың төл мұрасы саналатын тазы мен төбет тұқымдарын, сондай-ақ жылқыны ұлттық бренд ретінде кеңінен насихаттау жөнінде нақты тапсырмалар берген. Осы бағытта мемлекет қолдауымен сиреп кеткен жануарлар тұқымын сақтап қалу және олардың санын көбейту бойынша жүйелі жұмыстар жүргізіліп келеді. Бұл бастамалар ұлттық құндылықтарды дәріптеумен қатар, халқымыздың табиғи және мәдени мұрасын келер ұрпаққа аман жеткізуге бағытталған маңызды қадамдардың бірі саналады.
Нұрлайым ЖАҚЫПҚЫЗЫ









