2002 жылы Құмтүйін жалпы орта мектебінің партасында қатар отырған екі оқушының арада жиырма жылдан астам уақыт өткен соң ғылым жолында қатар еңбек етіп, бір мезгілде қауымдастырылған профессор ғылыми атағына ие болатынын ол кезде кім білген?!.
Бүгінде сол мектептен түлеп ұшқан біздер – бірге оқыған екі сыныптас, екі дос, ғылым жолындағы әріптеспіз. Мен химия, ал Сейтов Бекболат Жұманұлы физика мамандығы бойынша ғылыми бағытта жұмысымызды жалғастырып келеміз. Екі салада болғанымызбен біздің бастауымыз ауылда – туған мектебімізде жатыр.
Биыл, біз білім алған білім ордасы – Құмтүйін жалпы орта мектебінің іргетасының қаланғанына 50 жыл! Аз уақыт емес. Осынау жарты ғасыр ішінде мектебімізден қаншама шәкірт білім алып, үлкен өмірге қанат қақты. Сол шәкірттердің бірі біздер – 2002 жылғы түлектер.
Мектеп бітірген кездегі бала көңіл мен бүгінгі азаматтық көзқарасымызды салыстырсақ, сол кездегі қарапайым көрінген сабақтардың, ұстаздардың айтқан сөздері мен берген тәрбиесінің өмірімізде қаншалықты маңызды орын алғанын енді түсінудеміз…
Иә…
Біздің алғашқы ұстазымыз Есенбаева Ләззат Кеңесқызы болды. Бір қызығы, біз де Ләззат апайдың ұстаздық жолындағы алғашқы сыныбы болыппыз. Апайымыз сол кезде мектепке енді ғана жұмысқа орналасқан, жап-жас мұғалім еді. Сондықтан, біздің алғашқы мектеп жылдарымыз ұстазымыз үшін де, біз үшін де үлкен өмірдің алғашқы қадамдарымен тұспа-тұс келді.
Апайға еркелеп өстік, әсіресе оның балаларға деген мейірімі басым еді. Балалықпен шулап, кейде тәртіпке бағынбай кететін кездеріміз де болатын. Тіпті, мектеп директоры Ләззат апайды шақырып алып, кейін «сендер үшін мектеп директорынан ұрыс естідім» дегені де жадымызда қалыпты. Апайымыздан сенім мен адалдықты үйреніп, бастауышты аяқтадық.
***
Бастауыш сыныптан кейін бізге сынып жетекшілік еткен ұстазымыз, марқұм Исманбетова Раушан Досжанқызы еді.
Біз ол кезде жас едік. Кейде мектепке оқу үшін емес, ойнау үшін барғандай болатынбыз. Осындай кездерде Раушан апай әрқайсымыздың адам болып қалыптасуымызға шын ниетімен мән беретін бірден бір ерекше жан еді. «Сендер болашақта кім боласыңдар? Қалай өмір сүресіңдер? Бұлай білімге немқұрайлы қарай берсеңдер, ертеңгі күндерің қиын болады», – деп жиі айтатын. Ол сөздерді біз сол кезде қаншалықты терең түсіндік – оны айту қиын.
Раушан апайдың мынадай деп айтқаны мәңгілік есімде қап қойды. Ол кісі бізге ұйқыға жатар алдында өз-өзімізге бірнеше сұрақ қоюды үйретті: «Бүгін мен өзіме пайдасы бар қандай тірлік істедім? Қандай ізгі амал жасадым? Ата-анама көмегім тиді ме?». Жаздың түндерінде аспанға қарап жатып, апайымның сол сөздері есіме алып: «Бүгін мен не істедім?» – деп кейде өзіме сұрақ қоямын, сөйтіп сол күнімнің есебін өзіме беремін…
Міне, Раушан апайдың шәкірттеріне қалдырған ең үлкен аманаты да – өзімізге есеп бере білу, жақсы адам болуға ұмтылу және болашағымызға жауапкершілікпен қарау еді.
***
Мектептегі оқу жылдары шәкірт үшін әр пәнмен, әр ұстазбен байланысты. Менің өмір жолымда химия пәнінің орны ерекше болды. Бұл бағытты таңдауыма Иманбаева Нәзира Сейітқұлқызы ұстазымның еңбегін ерекше атап өткім келеді. Үйдегілер бұл пәнді таңдағанымды алғаш естігенде, қатты таңқалды. Әйтсе де, үлкендердің күмәніне қарамастан, оқу бітіретін жылы химияға дайындыққа кірісіп кеттім.
Маусым айы еді. Нәзира апайдың үйіне бардым. Шынымды айтсам, қобалжып бардым. «Басқа пәнді таңда деген кеңес берер ме екен?» деген сияқты ойлар да мазалады. Алайда, апайым мені жылы қарсы алды. Әңгімелесіп отырғанбыз, бір кезде бөлменің төрінен нәрестенің жылаған дауысы шықты. Сол кезде барып менің көзім бесікке түсті. «Бесікте бөпесі бар апай сабаққа қалай дайындайды?» деген ой келді. Келген себебімді айтқанымда, Нәзира апай ойланбастан: «Ақыры бет алған екенсің, мен дайындаймын!» – деп шын жүрегімен жауап берді.
Ұстазымның осы бір қарапайым ғана сөзі маған үлкен дем берді. Сөйтіп, Нәзира апай бір ай бойы химия пәнінен дайындады. Сол бір айдың ішінде мектеп бағдарламасындағы білімді қайта қарап, тестке қажетті білімімді жүйелеп шықтық. Мен тек химиядан білім алып қана қоймадым, ең маңыздысы – өзіме деген сенімім артты. Ұстаздың шәкіртіне деген сенімі кейде білімнің өзінен де үлкен күш-қуат береді.
Сол жылы химия пәні бойынша Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетіне грант оқу негізінде оқуға түстім. Осы оқу орнында академик, химия ғылымдарының докторы, профессор Баешов Әбдуәлі Баешұлының шәкірті болдым.
Бір ұстаздан алған білім екінші ұстаздың тәлімімен жалғасын тапты десем де болады.
***
Мектепті бітіргеніме он жылдай уақыт өткенде мынадай сәтті оқиға орын алды. Өзім оқыған Құмтүйін жалпы орта мектебінде химия пәнінің мұғалімі Иманбаева Нәзира Сейітқұлқызының «Ғалымның хаты өлмейді…» тақырыбында ашық сабағы өтті. Сол сабаққа ғылымдағы ұстазым, академик Баешов Әбдуәлі Баешұлы арнайы келген болатын.
Мектептегі және ғылымдағы ұстаздарым бір қасиетті мекенде қауышты. Бірі – мектептегі ұстазым. Екіншісі – ғылымдағы ұстазым. Ал, екеуін байланыстырып тұрған шәкірті – мен. Осы көріністің өзі көп нәрсені аңғартқандай. Ұстаз бен шәкірт арасындағы байланыс уақыт пен қашықтыққа қарамай жалғасты деуге болады. Ең бастысы – сол білімнің кейінгі ұрпаққа жетуі.
Ал, ғылым жолындағы тағы бір ерекше сәт – биыл, досым Сейтов Бекболат Жұманұлы екеуміз бір мезгілде қауымдастырылған профессор ғылыми атағына ие болдық. Бүгінде Бекболат аталмыш университетінің физика кафедрасын басқарып, ғылыми-педагогикалық қызметін жалғастырып келеді.
Мектеп партасында қатар отырған екі оқушының жылдар өте келе ғылым жолында қатар еңбек етіп, осындай белеске жетуі – зор үлкен қуаныш және ерекше сәйкестік еді.
Құмтүйін жалпы орта мектебінің 50 жылдығы мен біздің ғылымдағы осы белесіміздің бір жылға тоғысуын ерекше сабақтастықтың белгісі ретінде қабылдаймыз.
***
Құмтүйін жалпы орта мектебінің тарихы, өткен жылдардың тарихымен ғана емес, оның шежіресі ұстаздардың да, шәкірттердің де тарихымен тығыз байланысты.
Сол жылдары мектепті басқарған Құрманбаев Кенжетай ағайымыздың еңбегін де ерекше ризашылықпен еске аламыз. Білім ордасының қалыптасуы мен шәкірт тәрбиесінде басшының орны қашан да айрықша.
Біздерге сабақ берген сол кездегі барлық пән мұғалімдеріне, әсіресе алғашқы ұстазымыз Есенбаева Ләззат Кеңесқызы апайымызға, сынып жетекшіміз болған Исманбетова Раушан Досжанқызына, химия пәніне деген қызығушылығымызды арттырған Иманбаева Нәзира Сейітқұлқызына шәкірт тәрбиелеу жолындағы еңбектері үшін шынайы алғысымызды білдіреміз.
Бүгінде жетіп жүрген жетістіктеріміздің қай-қайсысында да, жаны жайсаң осы бір ұстаздарымыздың өзіндік орны бар.
***
Бұл мақаланы жазудағы басты мақсат – ұрпақ сабақтастығы үзілмесе екен деген тілек.
Ұстаз бен шәкірт арасындағы байланыс – бір адамның ғана өміріне қатысты дүние емес. Ол – қоғамның болашағына әсер ететін үлкен құндылық. Бүгінгі ұстаздың алдындағы шәкірт – ертеңгі маман. Ертеңгі маман – кейінгі ұрпаққа бағыт беретін азамат. Сондықтан, ұстаздың еңбегі бір буынмен аяқталмайды. Ол жалғаса бермек…
Алғашқы ұстазым Ләззат апайдан басталған білім жолы, кейін басқа ұстаздарымның еңбегімен жалғасып, Нәзира Сейітқұлқызының химияға деген сенімін арттыруымен бекіп, ғылым жолында академик Әбдуәлі Баешұлының шәкірті болуыммен жаңа деңгейге көтерілді. Бүгінде сол аманатты кейінгі ұрпаққа жеткізуге біз де жауаптымыз.
Бұл – ұстаздан алған білімге деген құрмет.
Бұл – шәкіртке деген жауапкершілік.
Бұл – ұрпақ сабақтастығы.
Құмтүйін жалпы орта мектебі – біздің алтын ұямыз.
Осы жарты ғасыр ішінде мектептен қаншама шәкірт түлеп ұшты. Олардың әрқайсысы – мектеп тарихының бір бөлігі. Біз де сол тарихтың бір парағымыз. Түлеп ұшқан алтын ұямыздың 50 жылдық мерейтойы бізге осыны қайыра сезіндіріп отыр.
Мектептің ғұмыры – шәкірттерімен өлшенеді. Ал, шәкірттің жетістігі –ұстаздардың еңбегімен сабақтас. Сондықтан, бүгін біз өзімізге білім берген барша ұстаздарға басымызды иіп, тағзым етеміз.
Ұстаздан шәкіртке өткен білім кейінгі буынға жалғасып, жаңа биіктерге жетелей берсе екен. Ең басты тілегіміз – осы сабақтастықтың үзілмеуі.
Құмтүйін жалпы орта мектебінің қабырғасында білім алып жатқан бүгінгі жас ұрпақтың арасынан ертең елге қызмет ететін талай ғалым, ұстаз, маман шыға беруіне тілекшіміз.
Жарты ғасырлық тарихың құтты болсын, қасиетті Құмтүйін жалпы орта мектебі!
Бегзат МЫРЗАБЕКОВ,
Құмтүйін жалпы орта мектебінің 2002 жылғы түлегі,
PhD, қауымдастырылған профессор,
Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті «Ботаникалық бақ» ғылыми-зерттеу институтының директоры









