Көмек сұрау – батылдық: ҚазҰУ-да студенттерге арналған мотивациялық кездесу өтті

0
56

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің физика-техникалық факультетінің Теориялық және ядролық физика кафедрасында БББ 6В05304 – «Физика» білім беру бағдарламасының 3-курс студенттерімен «Көмек сұрау – батылдық» тақырыбында психологпен ашық мотивациялық кездесу өтті.

Іс-шараның негізгі мақсаты – жастардың психологиялық саулығын нығайту, эмоционалдық тұрақтылығын арттыру және өмірлік қиындықтарды еңсеруде психологиялық қолдаудың маңыздылығын түсіндіру.

Кездесу барысында эмоционалдық күйзелісті басқару, мазасыздықтың алдын алу, өзін-өзі қолдау және менталдық денсаулықты сақтау мәселелері талқыланды. Психолог студенттерге күнделікті өмірде кездесетін қиындықтарды еңсерудің тиімді жолдарын түсіндіріп, арнайы психологиялық жаттығулар мен практикалық кеңестер ұсынды. Сонымен қатар, студенттер өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, маманнан тұшымды жауаптар алды.

Қазіргі таңда жастардың психологиялық әл-ауқатына көңіл бөлу, олардың ішкі жан дүниесін түсіну және қолайлы әлеуметтік орта қалыптастыру ерекше маңызға ие. Оқу үдерісіндегі жауапкершілік пен күнделікті өмірдегі түрлі қиындықтар жағдайында психологиялық қолдаудың рөлі арта түседі. Осындай кездесулер студенттердің өзіне деген сенімін нығайтып, қиындықтарды саналы түрде еңсеруіне, сондай-ақ өзара қолдау мен түсіністік мәдениетін қалыптастыруға ықпал етеді.

Көмек сұрау – әлсіздіктің белгісі емес, өзіңе деген қамқорлық пен батылдықтың көрінісі.

Фарида БЕЛИСАРОВА,
физика-математика ғылымдарының кандидаты,
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің
физика-техникалық факультетінің
Теориялық және ядролық физика кафедрасының профессоры

Дана ЖҰМАТАЙ,
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің
2-курс магистранты

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here