Баға мен сапа: Қазақстанда медициналық туризмді дамытуға не кедергі?

0
5171
Ресей Федерациясының Ессентуки курорт-қаласында ҚР Президентінің іс басқармасына қарайтын «Қазақстан» шипажайы бар. Ондағы бір күндік екі орындық бөлменің бағасы 4,5 мың рубльден (25,6 мың теңге) басталады

Пандемия деңгейіне жеткен қауіпті дерт елге таралып, адамдар аурумен арпалысып жатқалы жылдан асып барады. Осы кезең біреуге орны толмас өкініш әкелсе, енді біреуді денсаулықтың қадірін ұғуға үйреткендей. «Ешнәрсе жайдан-жай болмайды» дегендей, көре білсең кез келгеннің пайдалы тұсы бар. Сол айтпақшы, пандемияның бізге берген пайдасы – салып-ұрып жүре бермей, аманат етіп берілген жан мен тәннің қадіріне жету болса керек. Ал, жан қысылғанда жанталасып дәрігерге жүгіретініміз ақиқат. Екпе мен дәрі дарымаса, бақсы-балгер бар ма, «дем салам да, дертіңнің дымын қалдырмаймын» дейтін молда бар ма, елден естігеннің бірін қалдырмай жүгіреміз. Рас қой?! Барлығы орынды, «қалауын тапса, қар жанады», Алла сәтін салса дауасыз дертке де шипа табылады. Бұлардан бөлек елімізде табиғи шипалы өнімдермен емдеу тәсілі бар. Қойнауы қазынаға толы қазақ даласының шөбі де, балшығы да, қара суы да ем. Дегенмен, отандық емдеу-сауықтыру орындарының әлеуетін толық пайдалана алмай отырғанымыз жасырын емес.

Бурабайдағы «Оқжетпес» емдеу-сауықтыру кешенінде дем алу мен ем алу құны бір адам үшін бір күнге 39 мың теңгеден басталады

ҚАЗАҚСТАНДА ҚАНША ШИПАЖАЙ БАР?

Ұлттық шипажай қауымдастығы мен «KazakhTourism» ұлттық компаниясының 2021 жылдың басында жүргізген есебінше, Қазақстанда 173 шипажай бар. Елдегі сауықтыру орталықтарының барлығы дерлік көпсалалы қызмет түрлерін көрсетуге қауқарлы. Алайда, кей өңірлердегі бұндай демалыс орындары арнайы бір салаға бағытталған. Мамандардың мәліметіне сүйенсек, қазіргі кезде қалпына келтіру мен емдеу шараларының заманауи әдістері енгізілуіне орай аталған мекемелердегі қызмет көрсету жақсара түскен. Десек те, бірқатар күрделі мәселелердің бар екені жасырын емес. Мысалы, инфрақұрылымдардың кенже қалуы, кәсіби мамандардың жетіспеушілігі, сондай-ақ көршілес Қырғызстан мен Ресейдегі демалыс орындарымен салыстырғанда біздегі бағаның қымбаттығы да мәселенің бір ұшында тұр.

Бұған қарамастан, шипажай мен оңалту орталықтары шетелдік емделушілердің санын көбейтуді жоспарлап отыр. Санаториялы-курорттық емдеу саласының мамандары елдегі медициналық туризмді жандандыру жырын жиі қозғағанымен, сарапшылардың санасында «қазақстандық сауықтыру орталықтары өзге елдегі шипажайлармен бәсекеге қабілетті ме» деген сұрақ туындайды.

Қазақстандық шипажайларда ем алу үшін шетелден де қонақтар келіп тұрады. ҚР Денсаулық сақтауды дамыту республикалық орталығының ресми деректеріне сенсек, пандемияға дейінгі 2019 жылы әлемнің 40 елінен 25 мың адам емделуге келген. Олардың кейбірі жай тексерілгісі келсе, енді бірі ота жасату үшін ат басын біздің елге бұрған. Демалушылардың жартысы Ақмола облысындағы шипажайды іздеп келсе, бір бөлігі Алматы, қалғаны Шығыс Қазақстан облысынан шипа тілеп шетел асқан көрінеді. Медицина саласын сұрастыра келген туристерден түскен табыс көлемі 950 млн теңгені құраған.

Денсаулық сақтауды дамыту орталығы бас директорының орынбасары Айман Ысқақова бұл көрсеткіштің бұдан да жоғары болуы мүмкін екендігін ескерте отырып, «саладағы күрмеулі мәселелердің бірі – кадрлар мен инфрақұрылымды дамыту» деп баса көрсетеді.

Чех Республикасының Карловы Вары курорт-қаласында орналасқан Spa Hotel Imperial шипажайындағы бір күндік екі орындық бөлменің бағасы 54 мың теңгеден басталады

ДЕМ АЛУ МЕН ЕМ АЛУ ҚҰНЫ ҚАНША?

ҚР Президенті іс басқармасының медициналық орталығына қарасты танымал төрт шипажай бар екендігі белгілі. Олар: Бурабай мен Алматыдағы «Оқжетпес», Ыстықкөл жағалауындағы және Ресей аумағындағы Ессентуки курорт-қаласында орналасқан «Қазақстан» шипажайлары. Аталған емдеу-сауықтыру орталықтары қызметкерлерінің мәлімдеуінше, орталықта прогрессивті денсаулық сақтау бағдарламалары әзірленіп, сол бойынша жұмыс жүргізілуде. Сонымен қатар, физиотерапиялық процедуралар үшін қажетті барлық жабдықтармен қамтамасыз етілген. Отандық шипажайларда емделу бағасы қазірдің өзінде сырт елдік қызмет құнынан кем түспейді. Төленуге тиіс теңге көлемі маусымға байланысты өзгеріп отырады.

Айталық, Бурабайдағы «Оқжетпесте» бір күнге екі кісілік бөлме бағасы – 59-120 мың теңге аралығында. Бұған төрт мезгіл тамақтану және базалық емдік шаралар кіреді. Қосымша ақыға басқа да қызметтер көрсетіледі. Ал, Карловы Вары қаласындағы атақты чех шипажайларындағы дәл осындай бөлме құны 50 еуро немесе 25 мың теңгеден басталады. Бұл бурабайлық шипажайдан үш есе арзан, басқа қазақстандық шипажайлардағы бағамен шамалас. Бірақ, сарапшылардың пікірінше, біздегі қызмет көрсету сапасы шетелдегідей жүйелі жолға қойылмаған.

Қазақстандық шипажайлардың төрттен бірі шоғырланған Түркістан облысының Көктерек ауылы маңындағы Сарыағаш курорттық аймағына, әдетте, адамдар минералды сумен емделуге келеді. Бұл тұзды су асқазан-ішек аурулары мен түрлі қабынуларға ем болып, адам иммунитетін қалпына келтіруге көмектеседі, бағасы да қолайлы. Аталған шипажайда ем алып, демалу үшін жан басына тәулігіне 7-40 мың теңге төлем жасау қажет.

«Керісінше, осындай отандық шипажайларда емделу бағасы қолжетімді, тіпті, жасаған төлеміңізден артық деңгейде демалуға мүмкіндігіңіз бар» дейді мамандар. Мысалы, ол елдегі «алтын курорт» аталатын, минералды суы атақты емдеу орталықтарынан кем емес «Мерке Радон» шипажайында тамақтану мен 16 түрлі процедураны қосқанда 9-30 мың теңге (күніне) төлейсіз.

«Бағаның төмен болуы ҚР Денсаулық сақтау министрлігінде санаторий-курорттық ұйымдардың жұмысын үйлестіретін қызметтің болмауы мен әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының шипажайларға арналған қызмет бағасын төмен етіп тағайындауынан» дейді сарапшылар. Сондай-ақ, емдеу орталықтары арзан баға ұсынып келушілерді көптеп тартуға тырысуы мүмкін. Ұлттық шипажай қауымдастығы мұндай типтегі санаторийлерде емдік шара саны аз және көңіліңіздегідей қызмет көрсетілмеуі мүмкін екенін ескертеді.

Шығыс Қазақстандағы сауықтыру орталықтарына, көбіне күш пен иммунитетті қалпына келтіріп, эндокриндік жүйені жақсарту үшін келетіндер қатары көп. Себебі, онда марал өсіріп, оның жас мүйізінен түрлі емдік дәрілер жасайды. Ал, жас мүйізден жасалған препараттың пайдасы ұшан-теңіз.

Егер сіз буын, жүйке, тері ауруларымен «алысып» келе жатқан болсаңыз, Жайықтың жағасындағы шипажайларға тартқаныңыз жөн. Себебі, Батыс Қазақстанның минералды су көздері мен емдік балшықтары аталған аурулармен қоса ерлер мен әйелдердің ауруларын емдеуге көмектеседі.

Қарағайлы ормандардың таза ауасымен тыныстап, қымызды қанып ішіп, балшықпен емдеу терапиясының түрлі жолына куә болғыңыз келсе, биылғы демалысты Ақмола мен Солтүстік Қазақстан облыстарындағы курорттарға жоспарласаңыз болады. Бұл өңірде көрсетілетін емдік шаралар жүйке-жүйеңіз бен жүрек-қан тамырлары жолына, буын, ас қорыту, тыныс алу қызметін жақсартуға таптырмайды.

Елдегі шипажайлардың үштен екісі жеке меншік болса, үштен бірі мемлекетке тиесілі. Ал, төрт қазақстандық шипажайға шетелдіктер иелік етеді.

 Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, елдегі мұндай орталықтар бір уақытта 19 мыңға дейін келушілерге қызмет көрсете алады.

Қонақтар шипажайда орта есеппен 12 күн демалып, емделе алады. Алайда, жеке меншік демалыс орындарына жолдама 8 күнге шақталып сатылады. Ал, ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің шипажайлары келушілерге 30 күнге дейін ем-шара қызметін көрсетеді.

Шипажай қызметіне жүгінушілердің 40%-ы ер адамдар болса, қалған 60%-ы нәзік жандылардың үлесіне тиеді. Келушілердің басым көпшілігі 40 пен 60 жас аралығында болса, олардан бөлек 40-қа дейінгі және 60-тан асқандар да кездеседі.

Дәрігерлер мен мейірбикелер саны жағынан да мемлекеттік сауықтыру орталықтары алда. Сандарды сөйлетсек, жеке клиникаларда әрбір 100 емделушіге 3 дәрігерден келсе, мемлекеттік шипажайлардағы бұл көрсеткіш көбірек.

Қазақстандағы ең арзан шипажайлар Түркістан облысының Сарыағаш курорттық аймағында орналасқан. Бір күндік баға 7 мың теңгеден басталады

САПА МЕН СЕРВИС СЫН КӨТЕРЕ МЕ?

Қазақстанда осыдан төрт жыл бұрын шипажайлар мен оңалту, сауықтыру орталықтарының көбін ерікті негізде біріктірген Ұлттық шипажай қауымдастығы құрылды. Бірлестік жетекшісі Саягүл Қайыргелдина қызметкерлерді даярлау деңгейінің төмендігі мен емдеу орталықтарының ірі қалалардан тым алыс орналасуы – Қазақстандағы курорттық жүйенің басты кемшілігі деп санайды. Оның айтуынша, мамандардың біліктілігін арттыру арқылы қазақстандық және шетелдік келушілер үшін шипажай деңгейін едәуір көтеруге болады. Қауымдастық бұл күнде осы мақсатқа жету үшін курортты басқару саласы бойынша түрлі тренингтер өткізіп, қызмет жасауда.

«Адамдардың демалыс орнына жеткенше жұмсайтын жол шығыны – шипажайға жолдама бағасына барабар. Бұл демалыс орны қалалардан тым алыс болуына орай және өте қымбат дегенді білдіреді. Курорттық қызметтің басқа да кемшіліктері бар. Ол – білікті мамандардың жеткіліксіздігі. Сондықтан бұндай орталық қызметкерлерін кәсіби тұрғыда даярлау керек», – деп санайды Саягүл Қайыргелдина.

Осы мәселелерді шешу үшін сарапшы кадрлар даярлайтын және материалдық-техникалық жабдықтауды жақсартатын жеке курортология институтын құруды ұсынады.

Біздегі сапа халықаралық стандарттарға сай келмейтінін алға тартқан ауқатты отандастарымыз демалысын еуропалық курорттарда өткізгенді жөн санайды. Бұл туралы отандық шипажай өкілдері баян етеді.

Расында, Қазақстандағы шипажайлардың тарихына үңілсек, көбісі сонау кеңес заманында салынған және техникалық жарақталуы мен қызмет көрсету деңгейі бойынша сол кезеңмен шектеліп қалған сыңайлы. Қажетті құрал-жабдықтар мен ем-шаралық техниканың аздығы да біздегі демалыс орындарының сын көтермейтін тұсы десек болады.

Ұлттық шипажай қауымдастығының мәліметіне сенсек, еліміздің бетке ұстар шипажайларында да инфрақұрылымға қатысты проблемалар бар. Мысалы, кей сауықтыру орталықтарында жол мәселесі шешілмеген, кейбірі тіпті навигаторлық қосымшаларда көрсетілмеген. Сондай-ақ, «барлық дерлік демалыс орындарында келушілердің бос уақытын тиімді ұйымдастыру қарастырылмаған» дейді арнайы зерттеу жүргізген қауымдастық сарапшылары.

EuropeSpa – 2016 жылдан бері еуропалық медициналық орталықтар мен денсаулықты оңалту аймақтарының сапа жүйесі. Халықаралық деңгей мамандары келушілер өздерін жайлы әрі қауіпсіз сезінуі үшін қызмет түрінің 1200-ден астам критерийлерін көрсеткен.

Чехиядағы Карловы Вары, Яхимов, немістік Шмидеберг, венгерлік Балатон, ресейлік Белокуриха шипажайлары, Еуропадағы, ТМД елдеріндегі көптеген курорттар EuropeSpa жүйесіне сай деп сертификатталып, сапа жүйесі мақұлданған.

Қазақстандық курорттар алғашқы сертификаттарын 2019 жылы алды. Мұндай құнды құжатқа қол жеткізген шипажайдың бірі – Шымкент қаласы маңындағы ғасыр тарихы бар «Манкент» демалыс орны, екіншісі – Бурабайдағы «Оқжетпес» орталығы. 2020 жылдың басында отандық тағы екі шипажай халықаралық сапа стандарттары бойынша сертификаттауға құжат тапсырған, бірақ елде орын алған пандемияға байланысты бұл жоспар  жүзеге аспай тұр. Мұндай қағазға қол жеткізу құны да қымбат, кемі 5 млн теңге қажет. Алайда, халықаралық сертификат бұйырған шипажайлар нарықта жаңа мүмкіндіктерге ие бола алады.

«EuropeSpa сертификаты арқылы шипажай әлемдегі ең жақсы курорттар каталогына кіруге, Қазақстаннан тыс жерлерде танымал болуға, халықаралық туроператорлардың медициналық туризм бағдарламасына енуге мүмкіндік алады. Мен 50-ден астам қазақстандық шипажайда болдым, олардың 20%-ын EuropeSpa сапа сертификатына лайық деп айта аламын», – дейді EuropeSpaExpert маманы Жазира Исмағамбетова.

ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН

«Дені саудың – жаны сау» дейді халық даналығы. Сөз басында тоқталып өткеніміздей, коронадағдарыс, біріншіден, адамдарға өз денсаулығына жауапкершілікпен қарауды ұғындырса, бұл өз кезегінде дәрігер, емхана, шипажай қызметтеріне халықтың қызығушылығы мен ізденісін арттыра түсті. Екіншіден, шетелге шығуға шектеу қойылғандықтан, көпшілік отандық демалыс орындарына назар аудара бастаған. Манкент шипажайы директорының «2020 жылдың күз-қыс айларында демалушылар саны едәуір артты» деуі сөзімізге дәлел.

Курорттық шипажайлар – қызмет көрсету саласындағы ірі кәсіп көзі. Дем алу мен ем алуды қатар ұйымдастыра отырып берекелі бизнеске айналдыру әлем елдерінің көпшілігінде серпінді дамыған. «Шипажайлар мен туроператорлар туристік өнімді дамыту бойынша бірлесіп жұмыс жасаса, ішкі туризмнің тақырыпқа тұздық болып отырған саласын жақсарта түсуге болады» дейді курорттық қауымдастық сарапшылары. Сапалы қызмет пен үйлесімді демалыс ұйымдастыру арқылы ішкі туризмді дамыту – шетелдік туристерді де елге тартудың бірден-бір жолы болмақ.

Аружан МҰХАНБЕТҚАЛИ, экономикалық шолушы

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here