«Саусағы Алатаудың еменіндей» болған қазақтың Қажымұқаны

0
3482

Ғасырлар жылжып өтер. Алайда, аты өлмес, өшпес ізін қалдырған қандастарымыз бар. Солардың бірегейі – бүгін өзі жайлы сөз болып отырған Қажымұқан Мұңайтпасов атамыз. Кезінде бұл алып палуанның атақ-даңқы жер жарды. Өмірінің елу бес жылын күрес пен циркке арнады. Өзі өкілі болып табылатын ұлттың атын әлемге танытты. Мұндай қайталанбас тұлғаның мағыналы ғұмырын ізімізді басып келе жатқан өскелең ұрпақ біліп-танып, кеудесінде оған деген айрықша мақтаныш сезімі оянып жатса, менің қолыма қалам алғандағы мақсатымның орындалғаны.

ҚАЖЫМҰҚАННЫҢ ШЫҚҚАН ТЕГІ ЖАЙЛЫ НЕ БІЛЕМІЗ?

Қажымұқан бабамыз өзінің өткен ғұмырында жазған мына бір шумақтар оның кім болғандығын нақтылай түскендей.

Атандым Мұқан палуан бала жастан,

Ішінде күштілердің болдым астам.

Талай-талай жерлердің дәмін татып,

Өтті дәурен осылай біздің бастан, – деп келетін жолдар біраз жайдан хабар беріп тұрғаны айдан анық.

Оның кіндік қаны тамған киелі жері туралы да алуан-алуан пікірлер жоқ емес. Соған да аз-кем тоқталып өтелік. Атақты палуанның құжат бойынша 1871 жылы 7 сәуірде қазіргі Ақмола облысының Қараөткел ауылында туылғаны айтылады. Алайда, кейбір зерттеуші ағайындар оның Түркістан облысының Отырар ауданында дүниеге келген деп те жүр. Бұл жағын анықтау кейінгі ізденімпаз жастардың еншісінде дер едік.

Өз басым тек қана оқыған-тоқыған, пайымдап түйсінген деректер мен дәйектерге ғана сүйенгенді жөн көрдім. Әрине, жастайымыздан халқымыздың бірутар перзенті жайлы жарық көрген кітаптарды оқып, ол хақында түсірілген фильмді көріп өстік. Осы арада сөзім жалаң болмас үшін бір мысал келтіре кетейін. Біраз жыл бұрын Қостанайға «Знай наших» деп аталатын фильмде ұлы палуанның образын сомдаған Әлеухан Бекболатовпен жүздесіп, сырласудың сәті түсті.

Әлекең өзін оңтүстікте жатқан Шардара ауданының жігітімін деп таныстырды. Негізгі мамандығы механизатор екен. Осы даңқты палуан жөнінде фильм түсірер кезде арнайы байқау жарияланып, басты рөлге ол іріктеліп алынды.

Аталмыш фильмнің режиссері – есімі елімізге кеңінен танымал Сұлтан Қожықов. Бұл кісіні өнер мен мәдениет саласында жүрген ағайындардың білмейтіні жоқ шығар. Өйткені, бұдан бұрын да талай кино саласында топ жарған классикалық фильмдерді талғаммен түсіргені көпшілікке аян болса керек. Сұлтан ағамыздың Әлеуханды таңдауы да құптарлық. Бұл қазақтың қара торы жігітінің сыртқы келбеті де өте тартымды. Кәдімгі екі иығына екі кісі мінгендей дейтіндей-ақ. Ақ көңіл бауырымыз маған басынан өткерген талай оқиғаны баяндап берген еді. Содан бері де арада біраз жылдар өтті. Қайран азаматтың өмірден өткенін естігенде көңіліміз құлазып қалған-ды. Ол елордамыз Нұр-Сұлтан қаласында да тұрды.

Қажымұқан Мұңайтпасов – текті жердің ұрпағы. Өзі ұлтымыздың қаншама жастарын батылдыққа, қайсарлыққа тәрбиелеген атақты қара қыпшақ Қобыланды батырдың он алтыншы ұрпағы. Ата-бабалары да алып күштің иесі болған деген де сөз бар. Мәселен, атасы Ернақ та жұртшылыққа үлкен қайратты адам ретінде белгілі. Нағашы атасы Лек кәдімгі ағаштарды тамырымен жұлып алған кісі деседі. Алып та тұқым қуалайды. Туған әкесі Мұңайтпас көрген кісінің көзі тоятындай азамат болған. Талай күрестен жарыстарға белсене қатысып, айналасындағыларға «Жуан аяқ палуан» атанған. Міне, осындай танымал адамдардың ұрпағы Қажымұқан қайдан әлжуаз, осал болсын.

Ұлы палуанның өмірі тақтайдай тегіс, үнемі жеңіс пен қуаныштан тұрған жоқ. Ұмытылмас ауыртпалық пен адам төзгісіз қиыншылықтарды бастан өткізді. Жас кезінен бастап ауқатты, яғни байларға жалданып күн кешті. Оның түрмеге үш рет түскенін біреу білсе, біреу білмейді. Ол жайлы кейінірек тоқталатын боламыз. Ал, оның ерен күштің иесі екендігі ерте көрініп, есімі халық аузына ілінді. Ол туралы қаншама таңғажайып аңыздар мен әңгімелер ел арасына тез тарады. Небәрі 17 жасында мықты палуан ретінде жұрттың назарына түсіп, өзі туып-өскен өңірдегі белдескен көптеген палуандардың жауырынын жерге тигізгені күллі қазақ халқына аян.

Содан арада бір жыл өткенде циркке жұмысқа алынды. Одан бергі өмірі халықтың көз алдында өтті. Сонау 1905 жылы ұлы палуанның жеңісті жолы басталып, аты-жөніне көрермендер қаныға түсті. Өткен кезеңге шолу жасайтын болсақ, Харбинде ұйымдастырылған жарыста ол «джиу-джитсу» күресінен алтын медальді иеленді. Осыдан кейін атамызға «Маньчжурия чемпионы» атағы берілді. Көп өтпей Алманиядағы сайыста да ерекше көзге түсіп, барша жұрттың назарын өзіне аударды.

Уақыт өте Швецияның Гетеборг шаһарындағы француз күресінен әлем чемпионатында да кеудесіне алтын медаль тағып, аталған күрес түрі бойынша әлемде алғаш рет үлкен белесті бағындырған қазақ болғаны да бізге тарихтан мәлім.

Одан кейін де Еуропада өткен көптеген жарыстарда дараланып, мәртебелі атақтардан дәмеленіп барған палуандарды сүріндіріп, жұлдызы биікте жарқырады. Оның өмірінде неміс палуаны Вестергард Шмидт және жапон палуаны Саракики Джиндофумен болған жекпе-жектері есінде мәңгі сақталып қалды. 

Әлемді мойындатқан тұңғыш кәсіби палуан шет елдерді аралап, жеңіс тұғырынан көрінді. Әлемнің отызға жуық мемлекетіне сапар шегіп, күш сынасты. Толағай табыспен оралып, кеудесіне 50-ден аса медаль таққаны қалың жұртшылыққа мәлім.

Сөздің орайы келгенде, намысты қолдан бермеген бабамыз көрермендердің алдында «Ямагата Муханура», «Мухан», «Қара Иван», «Қара Мұстафа» және тағы басқа лақап аттармен күресіп, палуандық өнерін барынша шыңдағанын айта кеткен жөн. Ол көбіне әлгі жарыстарда орыс палуандары сапында шыққандығын да жасыра алмаймыз. Өйткені, заман мен уақыт талабы солай болды. Алайда, оның бойындағы ұлттық намыс пен қайрат-жігер жылдар өткен сайын арта түспесе, кеміген жоқ. Күресті ұйымдастырушылар мен төрешілердің тарапынан әділетсіздікке де кездесті. Бірақ, мойымады, еңсесін түсірмеді. Кеудесін ешкімге бастырмады. Оны әрдайым ата-бабаларының рухы мен аруағы қолдап отырды.

ПАЛУАН ҚАЛАЙ ҚАЖЫ АТАНДЫ?

Жоғарыда біз алып күш иесінің жер шарының көптеген елдерінде болғандығын тілге тиек еттік. Ол бірде түбі бір түркі тілдес бауырларымыз әрі тәуелсіздігімізді тұңғыш таныған Түркия жеріндегі күреске де қатысып, сондағы спорт жанкүйерлерінің көзіне шалынады. Бұрын-соңды бұл елдегі өткізілетін жарыстарға деңгейлес палуандардың өзі қатысуға жүрексінетін еді.

Түрік байлары қазақтың ұлы палуанының ерен күші мен батылдығына қайран қалады. Өздерінің мұсылман бауырына деген ризашылығының нақты айғағы ретінде бұған Меккеге қажылыққа баруына мүмкіндік тудырады. Осы сапардан кейін бабамыз Қажымұқан атанып, даңқы бұрынғыдан да арта түседі. Көзі тірі кезінде аңызға айналған палуан туралы мәліметтерді іздестіру барысында ол хақындағы ғибрат боларлық деректерге қаныға түстік.

Әрине, осындай бір жазбада барлық түйгенімізді баяндап, оған жан-жақты тоқталу да әсте мүмкін емес. Дегенмен, кейбір мәліметтерге жүгінгеніміз жөн болар.

Осы кезге дейін есімі әлемге жайылған көрнекті тұлға хақында аз қалам тартылған жоқ. Ол жөнінде бірнеше кітаптар жарық көрді. Аты-жөндері бізге жете таныс қаламгерлер танымдық жағы мол естеліктер жариялады. Бұл орайда Қалмақан Әбдіқадыровтің «Қажымұқан», Мұратхан Танекеевтің зерттеу еңбегі мен Әлімқұл Бүркітбаевтың деректі повесін қолға алып, танысқан кісінің даңқты палуан жайлы таным көкжиегі кеңейе беретіндігіне шүбә келтірмейміз.

Ұлтымыздың көрнекті ақыны Сырбай Мәуленовтің классикалық күрестің нағыз хас шебері хақындағы жыр шумақтары оның болмысы мен сыртқы сымбатын дәл бейнелеген секілді. Осы жолдарды оқырман назарына ұсынғанды дұрыс деп санадық.

Саусағы Алатаудың еменіндей,

Жотасы Қаратаудың кемеріндей.

Жүзінен шаттық-қайғы білінбейді,

Тұп-тұнық Қараөткелдің тереңіндей, – деп тебірене толғанады Сырбай ақын.

Сондай-ақ, ғылымдағы орны бөлек ғалым ағамыз Әуелбек Қоңыратбаевтың палуанмен жүздескендегі жазып алған мына бір дене құрылымының өлшемі де кімнің болсын назарын еріксіз аударары хақ.

Оның алып тұлғалы азамат болғанын бәрі де біледі. Дегенмен, сөзіміз жалаң болмас үшін нақты мысал келтіре кетелік. Жетпіс бес жастағы палуанның сол уақыттағы салмағы – 174 келі, бойы – 195 сантиметр, екі иығы – 56 сантиметр, кеудесі – 146 сантиметр, кіндік тұсы – 173 сантиметр, жауырынының жалпақтығы – 60 сантиметр, аяқ киімі – 54 өлшемді құраған. Сонымен қатар, оған тігілген киімдер де жұртшылықтың қызығушылығын тудырмай қоймайды. Даңқты бабамыздың шалбарының өзіне үш метр мата, үстіне киетін көйлегіне алты метр сұрып жұмсалыпты. Осыдан-ақ биыл 150 жылдығы аталып өткелі отырған қазақ ұлтының мақтанышының денесінің қаншалықты алып әрі көз тартарлықтай болғандығын пайымдау қиынға соға қоймас.

Палуан жөнінде халық арасында кеңінен тараған тәлімдік-тәрбиелік мәні зор әрі қайтпас қайсарлығын нақтылай түсетін деректер де жетерлік. Мәселен, оның жапон палуаны Саракики Джиндофумен 1912 жылы Жапонияның Хармен қаласында екеуара ережесіз жекпе-жекті алайықшы. Өзін жоғары санайтын шетелдік әріптесі бірде француз күресінен чемпионат аяқталған соң шаршы кілемге шығып, кеудесін керіп, астамшылықпен жұртшылыққа: «Мен джиу-джитсудан кез келген палуанды сөзсіз жеңемін», – деп үн қатады. Әрине, бір сәт үнсіздік орнайды. Сол шақта намысқа тырысқан Қажымұқан кәдімгі ер жүрек батырша айбар танытып, нар тәуекел деп онымен күресуге бел буды. Осы сайыста Саракики атамыздың құлағы мен астыңғы ернін жыртып жіберген көрінеді. Сонда бұл қарап тұрсын ба, бойын ашу мен ыза кернегендіктен, қарсыласын жерге алып ұрып, оның үстіңгі ернін бас терісімен қоса сылып алыпты. Сөйтіп, өзінің қазақ халқының ерекше туған ұлы екендігін дәлелдейді.

Қажымұқан Мұңайтпасовтың басқалардан өзгешелігі жайлы тәжірибелі палуан Николай Турбас өзінің бір жазбасында: «Біздің арамызда өз дене бітімімен және күшімен қырғыз палуаны Қажымұқан ерекшеленеді. Оның иығы кең, орасан зор күші және ұзын қолдары болды, ол күресте өте маңызды. Палуандардың көпшілігі одан қорқатын және онымен күреске түскісі келмейтін», – деп сол өткен жылдарды еске алады.

Ешқашан да өзгелерден тайсалмайтын атақты палуан жоғарыда талай әлемдік чемпионаттарға қатысып, жеңіс тұғырына көтерілгендігін айттық. Басқаларды айтпағанның өзінде, қандастарымызға белгілі Ресейдің Троицк қаласында өткен сайыста неміс палуаны Вестергард Шмидт, француз Фисури Колос, эстон Тигане, орыс Петров және өзге де өздерін мықты санайтын әріптестерімен болған жарыста бәрін де еріксіз мойындатып, тізе бүктірді. Ол артта қалған жылдар ішінде қаншама марапаттарға ие болып, кеудесіне медальдар мен ордендерді тақты. Алайда, бәрін де сақтай алмапты. Оның арасында бірнеше мемлекеттердің бірінші басшыларының тарапынан алғандары да аз болмады.

Қысқаша мәлімет келтіретін болсақ, оның парсы чемпионы Машруттан басым түскені үшін Персия шахы бабамызға «Алтын Арыстан мен Күн» орденін тапсырды. Ол аз десеңіз, осының алдында жапонның атақты палуаны Саракикиді жерге алып ұрғаны үшін Манчжурияның «Қайырымдылық» орденін де иеленгені біз үшін үлкен мақтаныш.

Қазақ елі де біртуар перзентін ардақтап, оған 1927 жылы Қазақстан орталық атқару комитеті «Қазақ халқының батыры» атағын тапсырғаны зиялы қауымға аян. Сонау 1945 жылы «Құрмет» белгісі орденін де тақты. Бұл да болса оған деген ерекше құрметтің жарқын көрінісі емес пе?!

АЛАШ ДЕП СОҚҚАН ЖҮРЕК

Өзіміз әңгімеге арқау еткен Қажымұқан Мұңайтпасов ерекше туған дарын еді. Оның бойындағы ұлтжандылық секілді қырлары да кезінде айқын көрінді. Бастауында Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы секілді алыптар тұрған «Алашордашылардың» нағыз рухани демеушісі әрі қолдаушысы болыпты.

Атамыз ұлтымыздың біртуар перзенттерінің түпкі мақсатын терең түсінгендіктен, оларды үнемі қолдап, қажет кезінде қаржылай көмек те беріп отырған. Халқымыз есімдерін айрықша ардақтайтын Әлихан, Міржақып, Жүсіпбек, Халел сынды ұлтын сүйген азаматтармен жақын араласып, сыйласқан. Бір-бірінің қадірін жақсы білген.  

Осы сөзіміздің нақты дәлелі ретінде ол 1905 жылы «Алаш идеясымен» таныстыру үшін Қоянды жәрмеңкесінде өнер көрсетті. Сонымен қатар, 1914 жылы Омбы, Семей қалаларында Алаштың басқосуларының ұйымдастырылуы алдында да бойындағы қарым-қабілетін танытқан. Міне, осы мысалдар да оның тек қана атақты палуан ғана емес, ұлтын шексіз сүйген азамат болғандығын айғақтай түспей ме?!

Қазіргі таңда бүкіл елімізге тарап жатқан «Қазақ» газетін өзін еліміздің патриоты санайтын бауырларымыз алып оқиды. Міне, осы басылымда Ахмет Байтұрсынұлы мен Міржақып Дулатов басшылық еткен жылдары Қажымұқан атамыз жайлы танымдық мақалалар жарияланып тұрды. Тіпті, бір материалда оның Алаш зиялыларымен бірге түскен суреті де беріліпті. 

Кеңес Одағы кезінде ол ұлтжандылығы және халқының игілігі мақсатында атқарған басқа да жұмыстары үшін жазықсыз жалаға ұшыраған. 1937 жылы «Бұл патшаның адамы, оның қолынан медаль алған, сыйлық алған сыбайласы» деген жалған сылтаумен қудаланған. Содан кейін қолдан келер басқа амал болмағандықтан, қазақ елімен іргелес жатқан Өзбекстанға өтеді. Кейін ғұмырының соңғы кезеңдеріне дейін қазіргі Түркістан облысында тіршілік кешті. Қайран атамыз 1948 жылы әлгі аталған облыстың Бөген ауданына қарасты Ленин туы колхозында дүниеден өтті. Мұндағы елжанды азаматтар оның құрметіне Темірлан ауылында ескерткіш орнатты.

Қажымұқан Мұңайтпасов өзінің бойындағы азаматтық қасиетін талай рет іс жүзінде дәлелдеді. Соның бір айғағы ретінде ол кешегі Екінші дүниежүзілік соғыс жылдарында жинаған қаржысына ұшақ жасатты. Оған халық ардақтысы Аманкелді Имановтың есімін бергізіп, қанды майданға жіберді. Ал, өзіміздің ұлтымыздың ұшқысы Қажытай Шалабаев осы ұшақпен өзіне жүктелген көптеген жауынгерлік тапсырманы мүлтіксіз орындап, палуан атамыздың еңбегін ақтады.

Ол ғұмырының соңғы кезеңдерінде, тілге тиек еткендей, бұрынғы Оңтүстік Қазақстан облысының Темірлан ауылында өмір сүрді. Атамыздың есімі Нұр-Сұлтан мен Шымкент қалаларындағы Орталық стадиондарға берілді. Атында бірнеше көшелер де бар.

Палуанның кейінгі ізімізді басып келе жатқан жастар біле бермейтін өзге де қырлары жайлы да бірер сөз. Соған да әңгіменің орайы келгенде аз-кем тоқталып өткеніміз орынды.

Негізінде, ол әлемге танымал палуан болса да қарапайым ғана тұрмыс кешкен. Ес білгеннен жоқшылықтың ащы дәмін татып, басы артық байлыққа, опа әпермейтін жалған дүниеге мүлдем қызықпады. Тіршілік кешкен баспанасын да, яғни қазақы үйді де сонау бір жылдары өзі тұрғызыпты. Соған қарағанда қолы шебер болса керек.

Сонымен қатар, ол өнерді шексіз сүйген. Сырт көзге дене бітімі, нар тұлғасы асқар таудай асқақ көрінгенмен, жүрегі мейірімді жанға тән нәзік-ті. Тарихтан есімдері баршаға таныс Әміре, Иса үшеуі араларынан қыл өтпес нағыз достар еді. Сонымен қатар, ұлтымыздың атын шығарған атақты әнші Майрамен де сонау жылдары өте жақсы сыйласты. Мысалы, Майра апамыздың атқосшысы болған әнші Байғабыл Жылқыбаевтың «Қоянды жәрмеңкесінде қатарымызға Қажымұқан қосылды. Қажымұқан келгесін бас бұзарлар жым болып, Майраға арнайы тігілген ақ боз үйдің маңайынан аяқтарын байқап басатын болды. Сөйтіп, көзіміз ашылды» дегені де қандастарымызға ой салады. Даңқты палуан қазақ халқының бұлбұл үнді қызының мәртебесін көтеріп, үнемі еркелететін.

Әйгілі тұлғаның өнерді пір тұтуының да өзіндік себебі бар. Өйткені, ол тек қана палуан ретінде ұлтының атын жер жүзіне танытумен қатар кейде кәдімгі қазақтың қара домбырасын қолына алып, ән де салатын. Осындай қабілетімен заманында өнерпаз да атанған.

Қазақ даласының батыры, алып тұлға жайлы танымдық мақаланы жазу барысында байқағаным, бабамыз адамдар арасындағы достыққа, бауырмалдыққа, ізгі қарым-қатынасқа жете көңіл бөліпті.

Көрші мемлекеттің даңқты перзенті Иван Поддубныймен арадағы достықтары да ерекше назар аудартады. Қос мықты палуан жүрген кезде өзгелердің бәрі де бұлармен жекпе-жекке шығуға жүрексінетін. Бұлардың мысы басып тұратын. Бәрі қарсы шығудан қаймығатын. Себебі, жеңісті өзгелерге бермейтін.

Қажымұқан атамыз оны әрдайым «Ваня» деп құрметпен атайтын. Кейбір деректерге қарағанда, әйгілі палуан Поддубный соғыс аяқталған жылдары тұрмыс тауқыметі мен таршылықтан дүниеден өткен.

Біздің палуан атамыз да сонау сағымдай бұлдырап артта қалған жастық шағында көпес Григорий Масляковқа жалданған-ды. Осы кісі жылдар өте қазақ палуанының алып күш иесі атанып, есімі әлемге танылғандығын естіген соң арнайы адам жіберіп, Қызылжардағы үйіне дастарқан жайғызады. Оған және бірге еріп келген сыйлы қонақтарына лайықты құрмет көрсетеді. Қажымұқанның астына ат мінгізіп, әйеліне бес метр көк мақпал таза күмістен әшекейлеп жасаған редикюльді сыйға тартыпты. Бұның өзі қандасымызды мойындағандығы емес пе?!

Оның цирк әртісі ретінде көрсеткен өнері мен шеберлігі бәрімізге мәлім. Күш- қайратының молдығы жерге жатқанда денесінің үстіне тақтай орнатылып, адамдар лық толған жүк машинасының жүріп өтуі көрермендерді еріксіз таң қалдыратын.  

АТАҚТЫ ПАЛУАННЫҢ ҰРПАҚТАРЫ ЖӨНІНДЕ БІРЕР СӨЗ

Қолдағы бар деректерге қарағанда, жер жүзін өзінің қайсарлығымен, батылдығымен, алып күшімен таңғалдырған Қажымұқан Мұңайтпасов атамыз жалпы өмірінде төрт әйел алған. Солардан тараған ұрпақтары да баршылық.

Алғашқы жары цирк әртісі, акробат Надежда Чеповская болатын. Ол палуанмен тағдырын тоғыстырған соң отағасына деген құрметтің айқын белгісі ретінде ислам дінін қабылдап, Бәтима есіміне ие болды. Ерлі-зайыптылар сонау 1909 жылы Рига қаласында танысып, Омбы шаһарында шаңырақ көтерген. Бұлардың Халиолла деген ұлдары болған. Оның ұрпақтары сол қалада мекен етеді.

Жылдар өте атамыз Ырысты есімді қазақ қызына үйленеді. Бұл кісіден үш қыз сүйді. Содан кейін араға он үш жыл салып, Мінәйім, бертін Бибіжан апамызға үйленді. Бұл әйелдерінен Айдархан және Жанәбіл есімді ұлдары болды.

Атамыз дүниеден өтсе де артында қалған ұрпақтары оның есімін ардақ тұтып, мақтанышпен еске алып отырады. Бір немересі Шаттық каратэ-додан халықаралық дәрежедегі спорт шебері. Ол 2002 жылы Азия ойындарының күміс жүлдегері атанып, халқымыздың мәртебесін көтерді. Ал, палуанның бір немересі Бақытжанды білмейтіндер жоқтың қасы. Ол қалың жұртшылыққа танымал композитор. «Жас Қанат», «Азия Дауысы» секілді байқаулардың лауреаты. Қаншама туған елі мен жұртына әсем ән, яғни рухани байлық сыйлады десеңізші.

Осы Бақытжанның әкесі Жанәбіл Қажымұқанның ең кенже баласы екен. Палуан перзентінің тоғыз айлығында 77 жасында дүниеден өтіпті. Алайда, марқұм ұлының білімді азамат болуын жанашыр жерлестеріне аманат еткен көрінеді.

Кейін сол ұлы тұлғаның арманы орындалып, ол еліміздегі дене шынықтыру және спорт институтында оқыған. Қазіргі таңда даңқты палуанның ұрпақтары негізінен Темірлан ауылында тұрады.

Халқымыз бен жұртымыз 150 жылдық мерейтойын атап өткелі жатқан тұлға жөнінде режиссер Қанағат Мұстафин «Қажымұқан» атты фильмді түсіріп жатқанынан хабардармыз. Сүйікті немересі, дарынды бауырымыз Бақытжан болса, атасының өлеңіне ән жазды.

Оразалы Жақсанов, Қазақстанның Құрметті журналисі

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here