Өнермен өрілген өмір

0
3035

Ұлттық мәдениетіміздің қалыптасып, өркендеуіне ерекше үлес қосқан тұлғалардың арасында атақты биші, балетмейстер Тойған Оспанқызы Ізім ерекше орын алады. Оның есіміне қазақ елі ғана емес, өркениетті мемлекеттердің талғампаз зиялы қауымы да әбден қанық. Ол бұл күндері Нұр-Сұлтан қаласындағы Қазақ ұлттық хореография академиясында ұлттық би ғылыми-әдістемелік зертханасының меңгерушісі, өнертану ғылымының кандидаты, профессор. Қазіргі таңда киелі сахналарда, атақты ансамбльдерде өнерімен биікке көтерілген майталмандардың ішінде тағылымын алмаған шеберлер кемде-кем. Өнер саңлағының бүгінгі мерейтойы қарсаңында ардақты әрі ашық-жарқын мінезді көрнекті тәлімгерге көкейде жүрген сауалдарымызды қойып, болашақ бишілерге өнеге боларлық мағыналы ғұмыры жайлы айтып беруін сұраған едік.

Ата-бабалары киелі Торғай өңірінен

Меніңше, бүгінгі кейіпкерімізді білмейтін қандастарымыз жоқтың қасы. Өйткені, қазақ халқының биі жайлы сөз болғанда оның аты-жөні, бейнетқорлығы арқасында бағындырған асулары көз алдымызға келіп тұра қалады.

Жақында өзім сырттай бір көруге құштар болып жүрген беделді де атақ-даңқы бір басына жетерлік мәдениет саласының мақтанышымен сөйлесу барысында бұрын белгісіз көп жайға көзім жетті. Ең алдымен айтайын дегенім, сұхбаттасым ешкімді жатырқамайтын, жан сарайы рухани бай, әу баста таңдаған кәсібінің қыр-сырын бүге-шігесіне дейін жетік білетін сұңғылалығымен таң қалдырды. Сөзге шешендігі, нені болсын жүрек сүзгісінен әбден өткізіп барып, баяндайтын білімпаздығымен, өнерді кие тұтатын әрі оның құдіретін терең сезінетін қасиеттерімен бірден баурап алды. Би жайлы толғаныстары тыңдаған жанды еш жалықтырмайды.

Әңгіме барысында оның ата-бабалары, ата-анасы, тәрбиеленген ортасы жөнінде де, өткен жылдар мен күндерге де қысқаша саяхат жасады. Тойған Оспанқызының айтуына қарағанда, аталары мен әкесінің түп негізі Алаштың ардақты ұлы Ахмет Байтұрсыновтың кіндік қаны тамған, Торғай өңіріндегі ұлтымыздың бағына туған, талай біртуар азаматтарды берген Жангелдин ауданындағы Ақкөл деп аталатын киелі елді мекеннен болып шықты.

Сонау халқымыздың басына қара бұлт болып үйірілген қиын-қыстау, яғни нәубет жылдары қаракөз бауырларымыз күн көріс, тіршілік қамымен жан-жаққа тарыдай шашырап кеткен жоқ па? Мұның ет жақын туған-туысқандары да көршілес жатқан Ақтөбе облысына қоныс аударды. Сондағы ағайындармен қоян-қолтық араласып кетті. Жергілікті қазақтар бұларды жатсынған жоқ.

Көшіп барған үлкенді-кішілі қауым жаңа ортаға тез сіңісіп, әрқайсысы жеке-жеке шаңырақ көтерді. Ұл-қыздарын өсіріп, құда-құдандалы болды. Сөйтіп, тамырларын тереңге жайды.

Ізім атамыздан тараған Оспан ағамыз жастайынан еңбекке өте бейім еді. Еті тірілігі және мінезінің жайсаңдығымен айналасындағы қауыммен тез тіл табысты. Ондағы өмір көрген ардақты ақсақалдар мен ақжаулықты аналарымыз бұл әулетке сыйластық танытты.

Отбасының тірегі, тепсе темір үзетін азамат осы өңірдің аяулы қызы, үлкен мен кішінің қадірін білетін, салт-дәстүрімізді жоғары қоятын Балдай есімді бойжеткенмен тағдырын қосып, отау көтерді.

Ерлі-зайыптылар ә дегеннен білек сыбана еңбек етті. Уақытпен санасу дегенді білмеді. Отағасы жас кезінде мал дәрігері ретінде де жұртшылыққа жақсы танылды. Содан кейін қазақтың ежелден келе жатқан үйреншікті кәсібі – мал шаруашылығына бет бұрып, шопан атанды.

Осы қиындығы мен қуанышы қатар жүретін мамандықтың қыр-сырын игеріп алды. Жазда – жайлауда, қақаған бет қаратпас боранды күндерге қарамастан қыстауда ғұмыр кешті. Сол кеңестік кезеңдерде қоғам малын өсірушілерге қойылар талап та жоғары болатын. Отардан шығынға жол бермеді.

Көктемгі сақпан, яғни қой төлдету, жүн қырқу және басқа да науқанды жұмыстардың бел ортасында жүрді. Мұндай тынымсыз шақтарда оның жанынан сүйікті жары табылып, қаншама ауыртпалықтарды бастан өткерді.

Сонау талай азаматтарға толарсақтан саз кештірген Ұлы Отан соғысына қатысып, жеңісті жақындатуға өзінің үлесін қосты. Қазақ жігітіне тән қайсарлық пен батылдық  көрсетті. Соған орай алған марапаттары да баршылық.

Майданнан аман-есен оралған соң бейбіт өмірде де сол баяғы мал шаруашылығындағы дағдысына айналған жұмысын одан әрі жалғастырды. Оспан аға мен Балдай апа тіршіліктегі байлығы мен бақыты шаңырақтағы төрт перзенті деп есептеді. Оларды жастайынан еңбексүйгіштікке, елі мен халқының қамын ойлайтын білікті мамандар болып қалыптасуларына көп көңіл бөлді.

Кешегі сұм соғыс кезінде қалың қарды белден кешіп, мұз жастанған қиын сәттер, жыл он екі ай жауынды-шашынды, аязды шақтары мал соңында жүру оңай ма? Бәлкім, соның да әсері болды ма, шаңырақ иесі елу алты жасында дүниеден өтті. Бір отбасын айрандай ұйытып, асырап отырған Осекеңнің күтпеген жерден қайтыс болуы әулетке жеңіл тиген жоқ. Күйеуінің бар жағдайын жасап, қолдаушысы болып отырған отанасы небәрі отыз екі жасында жесір қалды.

«Басқа түссе баспақшыл» демекші, жүрегі нәзік, кішіпейіл апамыз ұл мен қыздарын өз қатарынан қалдырмау үшін кездескен барлық қиындықтарға да төзімділік танытты. Көрген тауқыметін балаларына сездірмеді. Жұмыс таңдамады. Осындай табандылықтың нәтижесінде әкелерінің орнын жоқтатпады.

Тек көңілді жабырқатып, жүрекке салмақ түсіргені – үйдің үлкен ұлы Молдағазының ғұмыры қысқа болды. Одан кейінгі Серғазы – қазіргі таңда теміржол саласының білікті маманы.

Отбасындағы бір қыздарына Кеңес Одағының Батыры Әлия Молдағұлованың құрметіне Әлия деп есімін қойды. Ол да өсе келе халықтың сүйіспеншілігіне бөленді. Өзі өте бауырмал, ата-анасының атына ешқашан кір келтірген емес.

Жастайынан өнерге бейім болды

Бұл күндері руханиятымыздың мақтанышы болып, күллі әріптестері мен журналистер қауымының өнеге тұтар кейіпкерлеріне айналған Тойған Оспанқызы өзі тәрбиеленген әулеттегі екінші перзент екен. Әкесі Оспан ән мен күйді ерекше ықыласпен тыңдайтын. Жұмыстан босаған кездері қолына ұлтымыздың қара домбырасын алып, үй ішіндегілерге күй шертіп беретін. Сонда бұл әлі кішкентай болса да оның әуені мен ырғағына қызығатын. Өзін өнердің құдіреті баурайтыны соншалықты, еріксіз ұйып тыңдап қалатын.

Елгезек те қағілез бұл отбасындағы балалардың арасында өнерге сонау ойын баласы кезінен өте бейімділік танытты. Мектеп қабырғасында жүргенде домбыраны тез үйреніп, оркестрге де қатысты. Сахнадағы хорда нақышына келтіріп ән де айтты. Тіпті, өз қатарларымен бірге спорттың бірнеше түрлерімен де шұғылданып, шеберлігін шыңдады. Міне, осылардың бәрі сайып келгенде септігін тигізіп, мұны кейін шыдамдылыққа, қиындықты бағындыруға тәрбиеледі. Жұдырықтай жүрегі өнердің киелі екендігін айқын сезді.

Тойған әпкеміз өнердің бір түрі – биге деген бейімділігін сонау білім ордасының 5-сыныбында оқып жүрген кезден бастап танытты. Оны өз көздерімен көрген таныстары: «Оспан мен Балдайдың бұл қызы тәжірибелі ұстаз кездесіп, осылай тынбай еңбектенсе, одан түбі ауыз толтырып айтарлықтай мықты биші шығады», – десті.

Оқырмандарға белгілі, өткен жылдарда облыс орталықтарында алыс елді мекендердегі шопандардың ұл мен қыздарына арналған мектеп-интернаттар жұмыс істеді. Онда тәрбиешілер де іріктеліп алынатын. Мәртебесі биік биші сол кездері Ақтөбедегі дәл осындай білім ордасында тәрбиеленді. Бұл интернатқа бесінші сыныптан бастап қабылданды. Осы жерде мұның би өнерімен шындап айналысуына мүмкіндік жасалды. Үйірмеге қатысып, таным көкжиегі кеңейе түсті. Нағыз биші атану үшін алға талпынып, маңдай терін төгу қажеттігін түсінді.

Алматы – жастық шағының куәсі

Кешегі шашына ақ бантик таққан балауса қыз үшін білім ұясындағы қимас жылдар да артта қалды. Сол шақта мұның құрбыларының алдында «Енді кім боламын» деген заңды сұрақ тұрды. Алайда, ол көп ойланып, толғанған жоқ. Өзі шырайлы қала Ақтөбедегі облыстық филармонияның жанындағы белгілі әнші Геннадий Шульга жетекшілік ететін концерттік бригадасында бишілік қызметке кірісті.

Бірде қолына жұртшылық сүйіп оқитын басылым түсті. Ондағы Алматыда эстрадалық цирк студиясы ашылатындығы жайлы мақала көзіне оттай басылды. Содан уақытты созбай Алатаудың баурайындағы әсем қалаға аттанды.

Шаһардың қақ ортасындағы оқу орны өзі секілді дарынды жастардың білім ордасына айналып, осы жерден «Балет әртісі» деген диплом алды. Сөздің орайы келгенде, студияның ашылуына Қазақстанның Халық әртісі, ұлтымыздың қыздарының арасынан шыққан тұңғыш көркемсөз оқудың хас шебері Гүлжиһан Ғалиеваның айрықша еңбек сіңіргендігін атап өткен жөн. Осы апамыз негізін қалаған оқу орнының түлектері Қазақстандағы орындаушылық өнердің іргетасын қалағандығын ерекше ықыласпен тілге тиек еткеніміз абзал. Тойған әпкеміз де би бөліміне қабылданып, басқа құрбылары секілді оны ойдағыдай тәмамдады.

Әрине, бойжеткеннің сол кездегі асыл арманының орындалғандағы қуанышын ешкім де сөзбен айтып жеткізе алмас. Эстрадалық цирк студиясы нағыз тәлім алу, кәсібін жан-жақты меңгеру мектебі болғандығы айдан анық.

Бұларды уақытпен санаспай шеберлікке баулыған ұстаздар Мелентина Габель, Михаил Шатловский, Гуляфруз Қияқовалардың сіңірген еңбегі өзгелерге үлгі боларлықтай. Олардың шәкірттерімен жұмыс істеудегі әдіс-тәсілі, адами қырлары бұлардың жадында сақталып қалды. Өйткені, тәлімгерлер республикамыздың бір аймағындағы Ақтөбеден келген бойжеткеннің бойындағы қабілетті бірден байқап, оған тынымсыз еңбек, ұдайы ізденіс жасауға бағыт-бағдар беріп, би өнеріндегі көпке беймағлұм жайларды меңгеруге жұмылдырды. Ол да тиянақты шәкірт бола білді. Олардың айтқанын қалтқысыз орындап, оқу барысында алған теориялық білімдерін репетиция кезінде тәжірибемен тығыз ұштастырды. Артта қалған жылдарда ұстаздарының сенімін толық ақтады. Уақыт өте өзі де тәлімгер атанып, еліміздегі дарынды жастарды би өнеріне баулыды.

Жылдар жылжып өте берді. Ол жоғары білім алу мақсатында сол жастық шағының куәсі болып өмірінде өшпес ізін қалдырған Алматы қаласындағы көптеген өзі секілді талантты қазақ жігіттері мен бойжеткендерінің мәдениет саласында өздерінің жарқын қолтаңбаларын қалдыруға ықпал еткен үлкен шаһардағы мемлекеттік театр және кино институтын да тәмамдады.

Осы оқу орнындағы Қазақстанның Халық әртісі, би өнерінің корифейі Болат Аюхановтың шеберханасында тәлім алды. Алдына қойған мақсатына жетпей қоймайтын тұлға бұл жерден болашақ ғұмырына рухани азық болар мамандық, яғни хореограф-режиссерлікті меңгеріп шықты.

Өзбекәлі Жәнібековтің шапағаты

Бәлкім, зиялы қауымның жадында болар, 1970-ші жылы бұрынғы Торғай облысы құрылды. Оның орталығы – Арқалық шаһары болды. Жаңа облысқа жан-жақтан кадрлар шақырылды. Солардың қатарында Алматыдағы республикалық эстрадалық цирк колледжін аяқтаған бойжеткен Тойған Оспанқызы Ізім де болды.

Қазақтың біртуар перзенті Өзбекәлі Жәнібековтің Торғай облыстық партия комитетінің идеология жөніндегі хатшысы болып тағайындалуы жергілікті ағайындарға бұлтты аспаннан жарқырап шыққан күндей болды. Ол жауапты қызметке келісімен, руханият саласын көтеруге барын салды. Содан ол ұлтымыздың би өнерін дамытуға зор үлесін қосқан Тойған әпкеміздің бойындағы дарынын бағалап, оның бишілік қарым-қабілетін жарқырата көрсетуге барлық жағдайды туғызды.

Арқалық шаһарындағы облыстық филармонияның жанынан «Торғай әуендері» жастар эстрадалық және «Шертер» фольклорлық ансамбльдерінің негізін қалады және жеке бишілік қызметін атқарды. Сол кезеңдері аталған өнер ұжымдары талай концерттер қойып, көпшілікке танылды. Тіпті, «Шертер» фольклорлық ансамблі әлем елдерін аралап, гастрольдік сапарларда болды. Қазақтың мәдениетін асқақтатты. Осы кездері бишінің қайталанбас дарынына тәнті болып, оның кәсіби шеберлігін өздеріне үлгі тұтып, сыйласқан мәдениет саласының тарландары да арамызда ғұмыр кешіп жатыр. Солардың бірі – әншілік қабілетімен бүкіл республикамызға белгілі Отаркүл Мұқатова. Танымдық дүниемізді жазар алдында онымен тілдесіп, биші апасы жайлы толғанысын жазып алған едік.

«Қазақтың биі хақында әңгіме болса, ұлы тұлғалар Шара Жиенқұлова, Нұрсұлу Тапалова секілді таланттардың жолын жалғастырып келе жатқан, яғни бұл күндері елордадағы ұлттық хореографиялық академиядағы профессор Тойған Оспанқызына тоқталмай өте алмаймыз. Ол, ең алдымен, айналасына нұрлы сәулесін шашып, таудай талабы мен дарыны, жанарында жастыққа тән жалыны бар бойжеткендерге шапағатын тигізген ұлағатты ұстаз. Әрине, оның кәсіби деңгейі өте жоғары. Сол үшін өнердің білікті мамандарынан лайықты бағасын алған. Шәкірттері оның бай тәжірибесінен үйреніп, қазіргі таңда тәуелсіз еліміздің мәдениетін өркендетіп келеді. Ол жүрегі дархан, мейірімі мол, қазақы да ұлттық салт-дәстүрімізді бойына мол сіңірген аяулы жан. Өз басымды оның намысшылдығы, өнерде жасандылықты сүймейтін адалдығы, әу баста ұнатқан мамандығына шын берілгендігі әрдайым шексіз қуанышқа бөлейді», – дейді Отаркүл Мұқатова.

Онымен көптен бері араласатын әрі біліктілігін жоғары қоятын республикамызға танымал әнші-композитор Қалибек Деріпсалдин де ол жайлы шынайы лебізін білдіре келіп: «Мен де биші әрі балетмейстер Тойған Ізімді ерекше ілтипатпен әрі мақтанышпен өзгелерге өнеге етіп отырамын. Ол бүкіл саналы ғұмырын тың ізденістермен қазақ халқының би өнерін дамытып, насихаттауға арнап келе жатқан қазақтың ардақты қызы. Апамызбен жүздесіп, сырласа қалсаңыз, жан сарайыңыз түлеп, ерекше күйді бастан кешесіз. Әңгімесін тек жалықпай тыңдай бергіңіз келеді. Өйткені, ол тек сахна шебері ғана болған жоқ. Ұлтымыздың ежелден келе жатқан әдет-ғұрпына, тарихы мен мәдениетіне өте жетік. Қайда қызмет атқарса да, өз ортасының көркі болды», – деп пікір білдірді Қалибек Деріпсалдин.

Ұмытылмас жемісті жылдар

Оның өмірбаянына назар аударатын болсақ, әйгілі биші болумен қатар педагогтік қызметте де алғы шептен көрініп келе жатқандығына қаныға түсеміз. Осы арада сөзіміз жалаң болмас үшін сонау артта сағымдай бұлдырап қалған айшықты кезеңдерге де шегініс жасап көрелік.

Ол жоғарыда баяндалған Торғай өңіріндегі «Торғай әуендері» жастар эстрадалық және «Шертер» фольклорлық ансамблінің негізін қалап, жеке биші ретінде қызмет атқарғаннан кейін қазіргі Ақмола облыстық филармониясының «Армандастар» деп аталатын ансамблінің іргетасын қаласуға да қомақты үлесін қосты.

Қос өңірдегі жергілікті ағайындардың қошеметіне ие болған қазақтың айтулы қызы ғұмырының біраз жылдары өткен Алматыға шеберлігі әбден шыңдалып, мамандар тарапынан жоғары бағасын алғаннан кейін келді.

Жаңа орта, көркем шаһарға табан тіреген соң да өзінің өнер үшін туған майталман екендігін баршаға дәлелдеді. Алайда, қол жеткенге ешқашан да болдым, толдым деген емес. Қайта биші мамандығын жетік меңгерген өзі секілді саңлақтар әрдайым алға ұмтылып, биіктен көрінуге тиіс екендігін іс жүзінде көрсете білді.

Бұл қалаға табан тіреп, әріптестерімен бір мақсат жолында еңбек ете жүріп, қазақтың мәдениетінде өзіндік орындары бар Ықылас Дүкенұлы атындағы республикалық музыкалық аспаптар мұражайының «Сазген», мемлекеттік «Алтынай» фольклорлық би ансамбльдерінің қалыптасуына сіңірген еңбегі де ерекше атап өтерліктей.

Тойған Оспанқызымен сұхбаттасқан кезімізде бұл күндері еңбек өтілі 53 жылды еңсергенін білдік. Сол сынаптай сырғып өткен кезеңдердің 27 жылын киелі сахнада қазақтың биін билеуге арнады. Қалған мерзімде бай тәжірибесі мен шынайы шеберлігін үйлестіретін педагогикалық және ғылыми жұмысқа арнады.

Жадымызда түйгеніміз, ол өзінің оқытушылық жолын алдымен Алматы қаласындағы №138 өнер лицейінде бастады. Содан кейін уақыт өте бұрынғы астанадағы А.В. Селезнев атындағы хореографиялық училищесінде шәкірттер тәрбиеледі. Бұл оқу орны көпшілікке талай бишілерді дайындаған білім ордасы ретінде жақсы таныс. Оны аяқтаған жастар бертін өнердегі үлкен қайраткерлерге айналды. Тұлғаның мақтан ететіні, әлгі оқу орнынан кейін кезінде өзі білім алып, түлегі атанған Қазақстанның Халық әртісі Жүсіпбек Елебеков атындағы эстрада және цирк өнері колледжінде елге белгілі маман ретінде қызмет атқару бақытына ие болып, еліміздің түкпір-түкпірінен келген талапкерлерге дәріс берді.

Содан кейін халық арасында кеңінен танылған мәдениет қайраткерін өзге де беделді жоғары оқу орындары өздеріне қызметке шақырды. Мәселен, Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық және Қазақ ұлттық өнер университеттерінде кафедра меңгерушісі ретінде өзінің жоғары кәсіби деңгейін танытты. Осындағы әріптестеріне қай жағынан болсын ғибрат көрсетіп, өнерге құштар жастардың ең қадірлі әрі білімді тәлімгері атанды десек, асыра айтқандық емес. Сол жылдары әлгі жоғары оқу орындарындағы ректорлар Шәмшә Беркімбаева мен Айман Мұсақожаева қазақ биін жете түсінетін қазақтың қайраткер қыздары.

Педагогтың, яғни ұстаздық еткен жанның еңбегі әрқашан да шәкірттерінің халық үшін атқарған ізгі істерімен өлшенетіндігі жұртшылыққа мәлім. Оның өнерден өз орнын тапқан талантты шәкірттері өте көп.

Ғалымның хореография өнеріне байланысты ана тілінде жазылған бірнеше оқулықтар мен ғылыми еңбектердің авторы екендігін де осы салада жүрген ізденімпаз бауырларымыз жақсы біледі. Көрнекті биші «Қазақ және шетел хореография өнерінің тарихи даму кезеңдері», «Классикалық биден екі сабақ үлгісі», «Қазақ биін оқытудың теориясы мен әдістемесі» деп аталатын оқулықтарды әріптестері Әлпеш Құлсейітова және Айгүл Құлбековамен бірлесе жазды. Осы еңбектерді болашақ хореографтар мен бишілерді дайындайтын жоғары оқу орындарының ұстаздары сабақ барысында пайдаланып, басшылыққа алып отырады.

Өзі де көп жылдық тәжірибесіне сүйене отырып, «Мемлекеттік «Алтынай» би ансамблі», «Уақыт және би өнері» деп аталатын құнды кітаптарын баспалардан жарыққа шығарды. Одан басқа да танымдық көптеген ғылыми мақалалары беделді басылымдарда жарияланып, өнер саласының мамандары іздеп жүріп оқитын рухани дүниелерге айналғаны да ұлт зиялыларына белгілі.

Жәнібек ата-анасының жолын қуды

Қалың жұртшылық Тойған Оспанқызы Ізімді мәдениетімізде өзінің өшпес қолтаңбасын қалдырған атақты биші, балетмейстер, қазақ биін әлемге танытқан аса дарынды тұлға әрі өнер қонған киелі шаңырақтың ұйытқысы, мейірімді ана және сүйікті қамқор әже ретінде мәртебе тұтады. Егер оның отбасы және заман талабына сай өсіріп отырған ұрпақтары жайлы айтпасақ, жазып отырған рухани дүниеміз толыққанды шықпас еді. Өйткені, ол қазақ әйелі ең алдымен өз шаңырағында бақытты болуы керек деген қағиданы берік ұстанатын инабатты бауырларымыздың бірегейі.

Ерекше тоқтала кететін бір жай, оның ғұмырлық серігі Үсен Мақан да кәсіби биші болатын. Ерлі-зайыптылар сонау бір жылдары Алматыдағы эстрадалық цирк студиясында бірге оқыды. Осында жүріп, бір-бірін ұнатып, отау көтерді. Олар 35 жыл бір шаңырақтың астында бақытты ғұмыр кешті.

Өздері студияны тәмамдаған соң, Арқалық қаласында қол ұстаса еңбек етті. Олар елімізде тұңғыш рет жұп болып халық биін сахнаға шығарды. Бұлар «Қазақтың фольклорлық-этнографиялық билері» деп аталатын бағдарламаны жасап, шетелдерден келген қонақтардың алдында өнерлерін көрсетті.

Шындығына келсек, мұндай биік мәртебеге кез келген жанның жете бермегені айдан анық. Қайран ағамыз, яғни ҚР Мәдениет қайраткері Үсен Мақан 2010 жылы кенеттен дүние салды. Оның адамгершілік қырлары артында қалған әріптестеріне қашан да үлгі-өнеге.

Тойған әпкеміз шынашақтай бала кезінен қазақтың ежелден келе жатқан халық ауыз әдебиетіне өте құштарлық танытты. Ол өзі өскен ауылдағы ақсақалдарымыз бен ақ жаулықты әжелеріміз жиналған жерлерде Батырлар жырын жалықпай оқитын. Үлкен кісілердің ақ батасын алған шақтары әлі күнге дейін есінде. Кейін өсе келе көркем әдебиеттерге де ден қойды. Өз саласына байланысты шығармаларды да жалықпай оқыды. Ол кітапханасы бар үйді ең рухани бай шаңырақ деп есептейтін ұрпақтың өкілі.

Үсен ағамыз бен Тойған апамыз қос ұлдарына тағылымды тәрбие берді. Тұңғыштары Айбек бұл күндері Солтүстік Қазақстан облысының Жамбыл ауданында тұрады. Кенжелері Жәнібек әке-шешесінің жолын қуды. Ол Алматыдағы хореография училищесі мен Мәскеудегі хореографиялық академияны тәмамдады. Ұзақ жылдар бойы КСРО Халық әртісі Майя Плисецкаяның (Орыс Империялық балеті) театрында жетекші балет солисі, содан кейін осы өнер ұжымының бас директорының орынбасары қызметін атқарды. Оны әріптестері «Педагог-балетмейстер» ретінде құрмет тұтады. Ол ҚР Мәдениет қайраткері, педагогика ғылымының магистрі, беделді байқау лауреаты, қазіргі таңда елордамыздағы Қазақ ұлттық хореография академиясында дәріс береді. Осы өнер саласына байланысты түрлі фестивальдардың талантты ұйымдастырушысы.

Қазақтың ұлттық биінің білгірі Тойған әпкеміз екі ұлынан төрт немере сүйді. Қолындағы төрт жасар немересі Салих балдан тәтті тілі және сүйкімді қылықтарымен әжесінің еркесі. Әжесі күнделікті жұмысынан кейін осы алтын асықтай сүйікті немересіне жеткенше асығады.

Өмірден көріп жүргеніміздей, атақ пен абырой еңбекқор адамды өзі іздеп табады. Тойған әпкеміздің ұзақ жылғы жемісті еңбегі лайықты бағасын алды. 1987 жылы Қазақ КСР еңбек сіңірген әртісі атағына ие болды. Сонымен қатар, «Еңбек ардагері» медалі және «Ы. Алтынсарин», «Халық алғысы» төсбелгілерімен марапатталды. Сондай-ақ, ол кезінде Мәскеуде өткен Жастар мен студенттердің Бүкіл дүниежүзілік ХІІ фестивалінің дипломанты, Бельгиядағы халықаралық би фестивалі және І республикалық бишілер байқауының жүлдегері атанғанын да талғампаз өнер сүйер қауымның біліп жүргені артық болмас.

Халқының ардақ тұтар асыл қызы өзінің шығармашылығының жарты ғасырлығына арналған «Өнермен өрілген 50 жыл өмірім» кешінде би өзінің жастай таңдаған өнері ғана емес, ғұмырының мәні екендігін, өнердегі асқар биіктерге, адал еңбек, маңдай терімен, үздіксіз оқу-тоқумен, ешкімнің қолдауынсыз көтерілгендігін дәлелдеді. Жеке бидің өзіндік ерекшеліктерін оның ізін басқан әріптестері мен шәкірттері шебер орындауларымен паш етті.

Бүгінде мерейлі 70 жасқа толып отырған өнер майталманының кезінде киелі сахнаға шығарған көптеген әсем де аса тартымды билері мен қойылымдары мәдениетіміздің алтын қорына енді. Жалпы, елімізде қазақтың биі 1965 жылдан бері Алматыдағы хореографиялық колледжде, бертінде жоғары оқу орындарында пән ретінде енді. Тәлімгер-педагог тынымсыз ізденістің арқасында 2006 жылы ұлтымыздың біртуар театр сыншысы Бағыбек Құндақбаевтың ғылыми жетекшілігімен өнертану ғылымының кандидаты атанды. Бұл да оның өміріндегі шуақты да жадында мәңгілік сақталған сәт екендігі даусыз.

Мақсатсыз адам болмайды. Оның арманы – болашақта қазақ тілде еркін жазатын балеттанушы мамандарды тәрбиелеу. Сөйтіп, осы мәдениет саласын талдай және мамандардың еңбегін көпшілікке таныта алатын білікті жастарды оқытып шығару.

Өнердің ерекше түрі – бидің ханшайымы қазір нағыз кемел шағында. Оны еліміздегі барша әріптестері өз кәсібінің шебері ретінде құрметтейді. Шәкірттері өзін мақтаныш тұтады. Адамға одан артық қандай қуаныш пен бақыт болушы еді…

Оразалы Жақсанов, ҚР Мәдениет қайраткері

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here