Рамазан – Алланың адамзатқа берген аманаты

0
2480
Жозеф Эрнест Ренан, француз философы әрі жазушысы: «Мен әркез намазға тұрған мұсылмандарды көргенде, өзiмнiң мұсылман болмағаныма өкiнемiн...» («Адамзатқа шұғыл хабар» кiтабынан)

Дүние астан-кестеңi шығып, сан түрлi құбылысқа енiп жатса да, ислам құндылықтары өзгерiске бiр түскен емес. Әлемдiк катаклизм жағдайында да, табиғат, жер-су апаттарында да оның мәнi, мақсаты, орны өзгеріске түскен жоқ. Ол сонысымен де құнды. Ал, денсаулық – бәрінен  қымбат құндылық.  Ол – Ұлы  Жаратушының адамзатқа берген аманаты. Биылғы қасиетті Рамазан айы пандемия жағдайында өткелі отыр. Жұқпалы індетті оқшаулану, сақтану арқылы ғана жеңуге болады. Ол туралы өткен жұма күні Президент  жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы пандемия жағдайында Рамазан айында ораза тұтудың ережелері мен тәртібі туралы түсіндіріп берді.  

Ережеп айы мен Шағбан айын үкілеп күтіп алған мұсылман қауымы бiр ай бойы бiр уақытта өсек-ғайбат айтпасын деп тiлге, әдепсiз нәрсенi көрмесiн деп көзге, ұятты сөздi естiмесiн деп құлаққа, терiс пиғылды ойламасын деп ойға – ораза бұйыртып отыр (Д.Досжан). Ережеп, Шағбан, Рамазан сынды үш қасиетті айды қадірлеу, күнә жасаудан сақтану, ғибадат құлшылық ету дегенді білдіреді. Жалпы, рахман мен раһим сипаттары басым осы Рамазан айын ислам әлемi қатты дайындықпен өткізіп жүр. Бiздiң елiмiздiң мұсылман жамағаты да қасиеттi Ораза айында бір кісідей сапқа тұруға ынтызарлық танытып келеді. Олардың қатары жыл сайын көбейіп отыр. Кезiнде Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Түбiнде ислам дiнiне өте берiлген бiр елдер болады,  олар – бiздiң арабтардан гөрi бiлiмдi, арабтардан гөрi жетiлген түркi тiлдес елдер», – деген екен. Ұлық Пайғамбарымыздың бұл сөзi қазiр ақиқатқа айналып отыр. Оған дәлел ретінде қазiр жер-жерлерде салынып, халық игiлiгiне берiлiп жатқан мешiттердi айтуға болады.

Бiр заманда ұлт намысын жоқтаушы Арқаның билерi қарашекпендiлердiң шiркеуiнен даңғырлай шыққан қоңыраудың үнi далалықтардың құлағына сiңiп кете ме деп қауiптенген көрiнедi. Сонда Айшуақ би Түркiстаннан шариғатқа жүйрiк оқымыстыларды алдырып, әр ауылдан мешiт аштырыпты. Мұның өзi сақалды көршiнiң ар-ожданға бұғалық салу пиғылына мықты тосқауыл болған iспеттi. Содан берi орыс арбасының iзiн көрiп, пiр жолымды кәпiр кескенiн көрмейiн деп көзiн байлап өткен ата-бабаларымыздың байламды iсiн ұрпақтары жалғастырып келе жатыр.

Иә, Рамазан – адамдарға тура жол нұсқаушы, ақ пен қараны айырушы, бекем тұтынатын жолбасшы ретiнде Құран түсiрiле бастаған ай.

Хақ дiннiң Пайғамбары Мұхаммед (с.ғ.с.) бiр хадисiнде: «Жаңа туған айды көрген кездерiңiзде ораза бастаңдар және келесi жаңа туған айды көргенде ауыз ашыңдар (айттаңдар)», – дептi. Өмiрiңiзде бiр рет болса да, ойланып көрдiңiз бе? Неге осы Рамазан айында мұсылмандар Күн шыққаннан батқанға дейiн ештеңе iшiп жемейдi, нелiктен нәпсiнiң қалауын орындамайды? Бұл сауалға бiреулер: «Аллатағала осылай бұйырған», – деп, ендi бiреулер «Сауабы үлкен», – деп, ал кейбiреулер «Ата-бабамыздан келе жатқан үрдiс осылай», – деп жауап беруi мүмкiн. Қалай ойласақ та, бiр ай бойы осы мiндетiмiздi орындауға тырысамыз.

Ораза – арабша «саум» және «сыйам» сөздерiнен тарайды, мағынасы – нәпсiге тыйым салу екен. Ал, оразаның негiзгi мағынасы – таң атқаннан күн батқанға дейiн iшiп-жеуден, жаман әдеттерден бой тарту. Мұсылман күнтiзбесi бойынша Рамазан айының ортасынан басталған ораза айдың ортасында аяқталады және үш күндiк айт мейрамы басталады.

Неге Рамазан айында ораза ұсталады дегенге келсек, Аллатағала жылдың бiр айын күнәһар құлдарының тәубаға келiп, ақ жолға түсуi үшiн арнаған. Күнәдан ағартар, мың түннен қадiрлi Қадiр түнi осы айдың iшiнде, осы айда хақ дiннiң Пайғамбарына пайғамбарлық мiндеттенiп, ғалам кiтабы – қасиеттi Құран Кәрiм жiберiлген. Мұсылмандардың Рамазан айында ораза ұстауының сыры осында («Мұсылман күнтiзбесi». 2001 ж.). Биыл қасиетті  Қадір түні – 8 мамырдан 9 мамырға қараған түнге келіп отыр.

Қожа Ахмет Иассауи бабамыз: «Ең алдымен иманды түзеу арқылы адамды, сосын ортаны, содан кейiн заманды түзеуге болады», – дейдi. Иманы түзу адам – ол нағыз мұсылман.

Ораза жайында Шәкәрiм Құдайбердiұлы да ескерте кетудi парыз санапты. Шәкәрiм бабамыз: «Адам оразаны Рамазан айын көрiп ұстайды. Болмаса көрдiм деп бiр кiсi куәлiк ант берсе, күн бұлттырақ болса, соның антымен ұстайды. Бiрақ, олайша ұстағанда отыз күнге толған соң, ай көрiнбесе, ашпай отыз бiр күн ұстайды. Егерде оразаның басында екi кiсi яки бiр еркек, екi ұрғашы ай көрдiк деп ант берген болса, отыз күн ұстаған соң бұлт болып ай көрiнбесе де ашып жiбередi. Егерде бұлтсыз ашық болса, көп кiсi көрмей, яғни әр жақтан көрдiк деп хабар келмей ашпайды. Бiрақ, шағбанды анық отызға толтырып ұстаған болса ашады. Егерде  Рамазан айын ешкiм көре алмаса, не көрген анықты хабар болмаса, онда оразадан алдыңғы айды отызға толтырып, сонан кейiн ұстайды. Бiрақ, есiңiзде болсын, кiтапта айды көрген күнi бiрi деп санамайды. Ертең бiрi деп санайды. Сол себептен ораза айын көретұғын күнi ораза бола алмайды. Бүгiн кешке көрсе, ертең ораза болады. Сол сықылды оразада бұрынғы айды көрген күннiң ертеңiнен бастап санап отызға толтырып, отыз бiрiншi күнi берiк болады. Егерде оразадан алдыңғы шағбан айының басы ашық бiлiне алмаса, онан бұрынғы рәжаб айында отызға толтырып һәм шағбанды да отызға толтырып сонан соң ұстайды», – деп түсiндiредi (Шәкәрiм Құдайбердiұлы, «Мұсылмандық шарты». 1993 ж.).

Мұсылмандықтың құндылықтары ғылымда жатыр. Ғылым мен иман егiз ұғым. Ғылым мен дiннiң үйлесiмдi жаратылғанын әлемдiк танымал ғалымдар мойындап, оның прогрессивтi жағын талай айтқан. Мәселен, ағылшын ғалымы Лорд Давенпорттың «Ислам дiнi – ақыл мен күштiң символы» деген ғылыми еңбегi Еуропада үлкен сiлкiнiс тудырды. Ислам өркениетке, ол күллi жер шарының халықтарын, барша адамдарды бiрлiкке, бостандыққа, теңдiкке, мейiрiмдiлiкке шақыратынын адамзат баласы жақсы түсiнiп отыр.

Ислам өркениетi тарихынан бiр мысал келтiре кетсек. Мұсылмандар армиясының Византия империясымен болған бiр шайқасынан кейiн тұтқынға түскен византиялықтардың үлкен тобын Ежелгi Грекия мұрасынан математика, медицина, философия бойынша кiтаптарға айырбастап, оны күллi адамзаттық құндылығы ретiнде күнi бүгiнге дейiн сақтап келгенiн қалай түсiнемiз?! Бiлiм үшiн ақиқатқа ұмтылған адамдық рухтың ұлылығына қалай бас имеуге болады?! Сөйтiп, қасиеттi ұлық дiнге құлшылық етушi жандар осылайша пұтқа табынушы өркениеттiң жемiстерiн пайдалануға құлықты болды. Дiннiң ғылымға деген ықпалының күштi әсерi болғанын бұрынғылар айтып та кеткен.

Ұлы ғалым Альберт Эйнштейннiң: «Егер мен терең дiни сенiмге ие болмағанымда, өзiмдi нағыз ғалым ретiнде мойындамаған болар едiм. Мен бұл сөзiммен «Құдайсыз» ғылымға сенуге болмайтынын айтқым келiп отыр. Кiмде-кiм ғылыммен жан-тәнiмен айналысса, әлдебiр сенiм рухына ие болады. Бұл рух адам санасынан әлдеқайда жоғары. Табиғат заңдылықтарының ғылыми дәлелi – дiн», – деуiнде не деген парасаттылық жатыр! Ал, келесi бiр атақты ғылым Луи Пастердiң: «Менiң бойымда Құдайға деген сенiм мархаббат болысымен, жан-дүниемдi Дарвин теориясына деген қарсы пiкiрлер туындай бастады. Ғылым мен дiннiң үйлесiммен жаратылғанын және оларды бiр-бiрiнен бөле-жаруға болмайтынын ұғындым. Мен табиғат жаратылысына ой жүгiрткен сайын, ұлы Жаратушыға деген сенiмiм зорая түседi. Ғылым – Құдайды сүюге апаратын даңғыл жол», – деген жүрекжарды сөзiнен оның бiлiм үшiн ақиқат екенiн мойындаймыз. Мiне, бұдан рухани байлыққа шөлiркеген Батыстың исламнан шапағат iздегенiн көремiз.

«Ислам жақсылықты, мейiрiм мен пәктiктi қолдайды» деген сөздi орыс ғалымы Леонид Мордвинов та өз еңбегiнде дәлелдеп көрсеткен. Хаһ Жаратушының қалауынсыз ештеңе өздiгiнен болмайды. Аспан күркiресе де, от тұтанса да, көлiк жолдан шығып кетсе де, оның өзiндiк себебi бар.

«Бiздер, астрономдар, табиғаттың iлiмiн оқып, Ұлық Жаратушының өмiрi үйлесiмдiлiкпен жаратқанына мадақ айтуды түсiнгенiмiз абзал. Мен ғылымға анағұрлым терең бойлаған сайын, Ұлық Жаратушының ұлылығына бой ұрамын. Жалпы, мына әлемдi, аң-құстарды кiм жаратты? Әрине, оны құдiретi күштi Жаратушы жаратты. Ол бәрiнен ұлық. Әрбiр адамның өмiрдiң мәнi мен мақсатын түсiнiп, әлемдi жаратқан Ұлы Жаратушының барына сенiп, оған құлшылық жасау арқылы бақытқа жетсем деген арманы бар. Сондықтан, әркiм оның алдына өзiнiң сана биiгiмен баруы керек», – дейдi аспан әлемiн зерттеушi Иоганн Кеплер.

Бүгiнгi таңда әлем ислам құндылықтарына бас иiп, оның барлық сипаттарын қабылдауда. Жақында Америкалық көшi-қон саясаты институтының ғалымдары таяудағы 30-40 жылда Еуропаның әрбiр бесiншi тұрғынын мұсылмандар құрайтынына болжам жасады. Дүниежүзi бойынша барлық дiндердi бауырластыққа, төзiмдiлiкке, Үндiстан мен Қытай шегiнен Францияға дейiнгi орасан зор кеңiстiктегi миллиондаған адамдарды сабырлылыққа шақырған исламның салтанатты шеруi бауырын жазып, бой түзеп барады.

Еуропаның, күллi әлемнiң күнi ертең ислам шариғаттарын мойындап, оның құндылықтарына бас иетiнiн ақыл-ой иелерi ерте кезден-ақ бiлiп кеткен.

«Егер қазiргi әлемдi басқару құқы Мұхаммед (с.ғ.с.) сияқты бiр адамға берiлетiн болса, ол барлық мәселелердi майдан қыл суырғандай етiп оп-оңай шешер едi және бұл шешiмдер сондайлық тыныштық пен бақыт әкелер едi. Мен Еуропаның ертең Мұхаммедтiң (с.ғ.с.) дiнiн қабылдайтынын болжаймын, тiптi Еуропа оның дiнiн қазiрдiң өзiнде қабылдай бастады», – деген Бернард Шоудың сөзiнде шындық бар.

Қазiр бiр Аллаға жалбарыну мемлекеттiк қызмет орындарында да салтанатты жағдайда орындалуда. Мәселен, Алманияның (Германия)  кейбір Бундестаг депутаттары өз жұмыстарын азанмен жаппай дұға оқудан бастап, күнделiктi мемлекеттiк шараға кiрiседi. Польшада мемлекеттiк қызметкерлердiң дiни сауат бiлiктiлiгiн арттыратын арнайы орталықтар бар. Мұның өзi Мұхаммед Пайғамбарымыздың күнделiктi iстерiн үшке бөлiп жұмсағанынан үлгi етiп алған iспеттi. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) уақытының бiр бөлiгiн отбасына арнаған, екiншi бөлiгiн мемлекет iстерiне, үшiншi бөлiгiн құлшылыққа арнаған көрiнедi. Егер мемлекет iстерiне уақыты жетпей қалған жағдайда оны отбасына бөлiнген iстерден ығыстырып отырған.

Исламның ғажайып сыйына таң қалып, оның ақиқат дiн екендiгiн мойындап, о дүниеде Алланың алдында исламнан басқа ешқандай дiннiң қабыл болмайтынына көзi жетiп, Ұлы Жаратушының мархаббатына бөленiп жатқан ойшылдардың iсi оңынан болған сыңайлы.

Аллатағала жүрегiмiзге терең иман, Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) деген махаббат сыйлап, оның үмбетi болуға лайық етсiн. Әумин!

Ермек ЖҰМАХМЕТҰЛЫ, Қазақстанның Құрметті журналисі

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here