Бифат Елтаеваның «Сыр-сұхбат – көңіл айнасы» атты жаңа кітабы оқырманға жол тартты

0
446

Адамның жан дүниесіне үңілу, жүрек түкпіріндегі сырды сөзге айналдыру, өмір жолындағы өнегелі сәттерді ел жадында қалдыру – журналистикадағы ең жауапты әрі нәзік өнердің бірі. Әсіресе сұхбат жанры тілшіден ұтымды сұрақ қана емес, терең білімді, зерделі пайымды, кейіпкер болмысын тани білетін сезімталдықты талап етеді. Өйткені шынайы сұхбат – екі адамның әңгімесі ғана емес, тұтас бір дәуірдің тынысын, қоғамның келбетін, адам тағдырын танытатын рухани шежіре. Осындай ойға жетелейтін тағылымды туындының тұсауы Абай университетінде кесілді. Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, журналист-редактор Бифат Елтаеваның «Сыр-сұхбат – көңіл айнасы» атты кітабының таныстырылымы қаламгерлер мен зиялы қауым өкілдерін, өнер және қоғам қайраткерлерін, ғалымдар мен ұстаздарды, студенттерді бір арнаға тоғыстырған мазмұнды әдеби-рухани кешке ұласты. Сөз өнерінің салмағын саралап, журналистиканың жауапкершілігі мен сұхбат мәдениетінің мәнін пайымдаған тағылымды жүздесу болды.

КЕЙІПКЕР ТАҒДЫРЫ – ДӘУІР ШЕЖІРЕСІ

Жаңа жинаққа автордың әр жылдары республикалық «Жас Алаш», «Айқын» басылымдарында, «Qamshy.kz» ақпараттық агенттігінде және өзге де бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланған сұхбаттары топтастырылған. Кітап кейіпкерлерінің қатарында өнер адамдары, танымал кәсіпкерлер, денсаулық сақтау және психология саласының мамандары, балалар әдебиетінің өкілдері, ұстаздар мен қоғам қайраткерлері бар. Автор осы алуан тағдырды бір кітаптың аясына жинақтай отырып, кейіпкерлерінің өмірлік ұстанымын, азаматтық көзқарасын, кәсіби ізденісін және уақыт тынысын оқырманға жеткізуді мақсат еткен.

 Жинақтың құндылығы да осында. Мұнда құрғақ дерек пен жалаң баяндаудан гөрі, адамды адам ретінде танытуға деген талпыныс басым. Сұхбаттар арқылы қоғамдағы өзгерістер, өмірдің сан тарау мәселелері, өнер мен еңбектің қадірі, адамгершілік пен азаматтық жауапкершілік жайында ой қозғалады. Кітапты парақтаған оқырман әр кейіпкердің өмірінен өзіне қажетті тағылым тауып, уақыт пен қоғам туралы толғануға мүмкіндік алады.

Тұсаукесердің шымылдығы жазушы, кенші, инженер, Түркістан және Кентау қалаларының құрметті азаматы Өскенбай Құлатайұлының ақ батасымен ашылды. Ақсақал журналистің кәсіби шеберлігі мен білім көкжиегіне тоқталып, әртүрлі мамандық иесімен сұхбат құрудың өзіндік жауапкершілігі бар екенін атап өтті.

– Қаншама адамнан сұхбат алып, оны жарыққа шығаруда әдемі иірімдермен кестелеу – журналистің шеберлігі. Әр мамандық иесіне сұрақ қою оңай емес. Ол үшін тілшінің білімі мен білігі жоғары болуы керек. Жолың ақ болсын, қаламың кідірмесін. Толағай табыс тілеймін! – деді Өскенбай Құлатайұлы.

Ақ батадан кейін жаңа кітаптың тұсауын жазушы Өскенбай Құлатайұлы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Шәміл Әбілтай, жазушы-публицист Марат Тоқашбаев, сәулетші, қоғам қайраткері Хайрулла Ғабжалилов және журналист, балалар жазушысы Бейсенбай Сүлейменов кесті. Бұл сәт автор үшін көп жылғы ізденіс пен еңбектің жемісін ел назарына ұсынған ерекше толғанысты мезет болғаны анық. Өйткені кітаптың әр бетінде журналистің ізденісі, әр сұхбатында кейіпкерге деген құрметі, ал тұтас жинақта уақытпен бірге жасасатын сөзге деген жауапкершілігі жатыр. Кітаптың тұсаукесерінде сөз алған күйші Шәміл Әбілтай жинаққа өзі де сұхбат берген кейіпкерлердің бірі екенін айтып, автордың еңбегіне сәттілік тіледі.

Ал жазушы-публицист Марат Тоқашбаев Бифат Елтаеваны журналистикадағы шәкірті санайтынын жеткізіп, осыдан бірнеше жыл бұрынғы бір сұхбатты ерекше ықыласпен еске алды. Оның айтуынша, жас журналистің кәсіби батылдығы сол кездің өзінде-ақ байқалған.

– Осыдан жеті-сегіз жыл бұрын бір қыз бала телефон шалды. Әңгіме барысында сол замандағы саясатқа үйлесе бермейтін пікірлер айтылды. Сондықтан сұхбат жарияланбайтын шығар деп ойладым. Кейін ол «Жас Алашқа» шығыпты. Тамаша сұхбат болды. Сол кезде Бифаттың батыл журналист екенін мойындадым, – деді Марат Тоқашбаев.

Шынында да, журналистің кәсіби болмысы кейде қойған сұрағынан ғана емес, естіген жауабын қалай жеткізгенінен де танылады. Кейіпкердің ойын бұрмаламай, оның көзқарасын боямасыз беру, қоғамға қажет пікірді жариялауға батылдық таныту – қалам иесіне жүктелген үлкен міндет. Бұл ретте сәулетші, қоғам қайраткері, ұлттық валюта – теңгенің алғашқы дизайнын жасаған авторлар тобының жетекшісі Хайрулла Ғабжалилов журналистиканың қоғамдық сана қалыптастырудағы орнына тоқталды. Оның пікірінше, журналист – қоғамдағы құбылыстарды тіркеп қана қоймай, оқырманның ой-санасына ықпал ететін жауапты мамандық иесі.

Кинорежиссер, сценарист Еркін Рақышев те кітапқа өзінің екі сұхбаты енгенін айтып, журналистің ең басты қасиеттерінің бірі – кейіпкер сөзінің шынайылығын сақтау екенін атап өтті.

Балалар жазушысы Бейсенбай Сүлейменов кітап жазу үшін талантпен қатар табандылық пен төзім қажет екенін айтты. Оның пайымдауынша, әр адамның бойында сырт көзге бірден байқала бермейтін сан қырлы қасиет бар. Сұхбат барысында сол болмыстың бір қырын ғана емес, кейіпкердің ішкі әлемін, мінезін, өмірлік ұстанымын тереңірек ашуға ұмтылу керек. Ал ақын, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Болат Шарахымбай Бифат Елтаеваның журналистикадағы қолтаңбасын бұрыннан білетінін айтып, оның кәсіби қалыптасу жолына тоқталды. Ақын жас журналистің жастайынан баспасөзге араласып, 22 жасында газет редакторы болғанын ерекше атап өтті.

Шынында, сұхбаттың мүмкіндігі кең. Кейде бір адамның өмір жолы тұтас бір дәуірдің шежіресін тарқатуға негіз болады. Кейіпкердің айтқан бір ауыз сөзі оқырманды терең ойға жетелеп, бұрын назардан тыс қалған мәселенің мәнін ашуы мүмкін. Сондықтан қоғамға айтары бар тұлғаны табу, оның ойын тыңдап, елге жеткізу де журналистің үлкен еңбегі.

Кітап таныстырылымының тағы бір әсерлі сәті – автордың ұстаздары мен әріптестерінің лебізі болды. Филология ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор Айнұр Көшекова шәкіртінің еңбегіне ғылыми әрі ұстаздық тұрғыдан баға беріп, кітап атауының астарына үңілді. Ұстаз сөзінде шәкірт еңбегіне деген мақтаныш та, оның алдағы шығармашылық жолына деген сенім де сезілді. Шәкірттің жетістігі – ұстаз үшін үлкен мәртебе. Әдеби-рухани кештің мазмұнын өнер өрнектері де байытты. Қылқобыз шебері Жасар Нұрданбек «Доспамбеттің жырын» орындап, ұлттық өнердің терең иірімін сезіндірсе, пародист-актер Асқар Көмекбаев өнерімен көрерменге көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Әуезді ән мен күмбірлеген күй астасқан кештің сәні де, мәні де жарасып тұрды. Жиын соңында кітап авторы Бифат Елтаева сөз алып, еңбектің жарық көруіне қолдау білдірген азаматтарға, ұстаздарына, әріптестеріне және сұхбат кейіпкерлеріне ризашылығын жеткізді. Оның айтуынша, сұхбат дайындау – сырттай қарағанда қарапайым көрінгенімен, үлкен дайындық пен терең зерттеуді қажет ететін жауапты жұмыс.

– Сұхбат – сұрақ қойып, жай ғана әңгімелесу емес, алдымен кейіпкерді іздеп, оның қызметі мен өмір жолын зерттеу. Сондай-ақ еңбек жолында таңдаған саласын терең түсіну керек. Содан кейін ғана мазмұнды әңгіме құруға мүмкіндік туады, – деді автор.

Бұл сөздің астарында журналистік жұмыстың көзге көріне бермейтін қыры жатыр. Сұхбаттың сәтті шығуы кейіпкердің танымалдығына ғана байланысты емес. Оның өмір жолын зерттеу, айтатын ойының салмағын бағамдау, тың сұрақ қоя білу, әңгіменің табиғи өрбуіне жағдай жасау – мұның бәрі кәсіби шеберлікті талап етеді. Бифат Елтаеваның жаңа жинағы – осындай ізденістердің нәтижесі. Бір қарағанда, әр жылдары жарық көрген сұхбаттардың топтамасы болғанымен, тереңірек үңілген адам мұнан журналистің шығармашылық жолын, қоғаммен байланысын, кейіпкерлеріне деген құрметін аңғарады. Кітаптың тұсаукесерінде айтылған ізгі тілектер мен ақ баталар, қаламгерлердің кәсіби пайымдары, ұстаздардың жүрекжарды лебіздері жаңа еңбектің рухани маңызын айқындай түсті. Ең бастысы, бұл басқосу сұхбат жанрының журналистикадағы орнын тағы бір мәрте танытып, сөзге жауапкершілікпен қараудың маңызын көрсетті.

«Сыр-сұхбат – көңіл айнасы» – осындай сырлы кездесулерге жол ашатын еңбек. Ол кейіпкерлердің өмір жолын хатқа түсірген жинақ қана емес, адамды тануға, сөзді бағалауға, уақыттың үнін тыңдауға шақыратын рухани дүние.

Жаңа кітаптың ғұмыры ұзақ, оқырманы көп болсын! Қаламгердің ізденісі толастамай, әрбір жаңа еңбегі елдің еңсесін көтеріп, руханиятымыздың қорын байыта берсін! Өйткені жүректен шыққан шынайы сөз ғана жүрекке жетеді.

Индира БІРЖАНСАЛ

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here