Тауды таңдаған жанның тағылымды жолы

0
386

Адам өмірінде кейде жылдар бойы қалыптасқан дағдының өзі жаңа ізденіске жол ашып жатады. Бірі кәсіби тәжірибесін тереңдетсе, енді бірі бұрын тек әуестік саналған ісін өмірлік кәсібіне айналдырады. Мұндай бетбұрысқа жас та, қызмет те кедергі емес. Ең бастысы адамның өз мүмкіндігіне сеніп, жаңа қадам жасауға батылы жетуі. Shymbulak тау курортындағы шаңғы нұсқаушысы Евгений Дейдің оқиғасы осы ойды аңғартады. Ол күнделікті өмірде тау-кен компаниясының басқарушы менеджері ретінде өндірістік мәселелермен айналысып, жауапты міндеттерді атқарады. Ал қысқы маусым басталғанда жұмыс кеңсесін қарлы шыңдарға алмастырып, шаңғысын сайлайды. Бүгінде 51 жастағы маманның өмірінде екі түрлі кәсіп қатар өріліп келеді. Бірі – негізгі қызметі, екіншісі – жүрек қалауымен таңдаған жұмысы.   Оның еңбек жолы жаңа кәсіпті игеруге жас кедергі емес екенін аңғартады.

Евгенийдің шаңғы спортына қызығушылығы 38 жасында оянған. Алғашында бұл қысқы демалыстың бір қызығы ғана еді. Маусым сайын бірнеше рет тау бөктеріне барып, шаңғы тебумен шектелетін. Алайда уақыт өте келе оның бұл спортқа деген ықыласы артып, өз техникасын жетілдіруге деген талпынысы күшейеді. 2021 жылдың қарашасында Instagram желісінен Shymbulak-та шаңғы нұсқаушыларын даярлау курсы туралы хабарландыруды көреді. Бастапқыда мақсаты – шаңғы тебу шеберлігін шыңдау. Бірақ он күндік оқу оның кәсіби өміріне жаңа бағыт әкелетінін ол кезде білмеген еді. Курстың алғашқы күндері-ақ оңайға соқпайды. Тәжірибелі спортшылар мен нұсқаушылардың арасында өзін еркін сезіну, дене дайындығын қалыптастыру, кәсіби терминдерді меңгеру оңай болмаған.

– Топта тәжірибелі нұсқаушылар мен спортшылар болды. Оларға ілесу оңайға соқпады. Дене дайындығым жеткіліксіз еді, кәсіби терминдерді меңгеру де қиын болды. Алғашқы бес күнде төрт келі салмақ тастадым. Оқу аяқталар кезде тезірек бітсе екен деп ойлағаным есімде, – дейді Евгений.

Соған қарамастан, ол қиындыққа мойымай, емтихандарды сәтті тапсырып, сертификат алады. Курста танысқан әріптестерінің бірі оған нұсқаушылық қызметті байқап көруге кеңес береді. Осылайша, жеке шеберлігін жетілдіру үшін басталған оқу жаңа мамандыққа бастар жолға айналады. Алғашқы жұмыс маусымы да түрлі сынаққа толы болды. Бірде оған Оңтүстік Кореядан келген, шаңғыға алғаш рет тұрған қонаққа сабақ өткізу тапсырылады. Ағылшын тілін меңгергенімен, тау шаңғысына қатысты кәсіби терминдерді толық игеріп үлгермеген кезі екен. Сабақ басталуына он минут қалғанда әріптестерінен кеңес сұрап, қажетті сөздерді интернеттен іздеп, дайындалады.

– Сабақ басталғанға дейін небәрі он минут қалды. Әріптестерімнен қажетті терминдерді сұрап, интернеттен іздеп, есте сақтауға тырыстым. Ақырында сабақты ойдағыдай өткіздік. Кейін ол шәкіртім маусымның соңына дейін менімен жаттықты. Біртіндеп қызыл трассада сенімді сырғанайтын деңгейге жеттік, – деп еске алады нұсқаушы.

Уақыт өте келе Евгенийдің тұрақты шәкірттері көбейеді. Кейбірі сабақтарын тұтас маусымға алдын ала брондайтын болған. Дегенмен ол үшін жұмыстың ең үлкен нәтижесі – шәкірттерінің жетістігі. Бірнеше жыл бойы ересек ұлымен бірге жаттыққан шетелдік отбасының оқиғасы ерекше есте қалыпты. Анасы мен баласы Еуропада емтихан тапсырып, шаңғы саласының кәсіби мамандарына айналған. Кезінде өзі үйреткен жандардың кейін осы саланың маманы болуы – нұсқаушы үшін үлкен мәртебе.

Бес маусым ішінде Shymbulak Евгенийдің өмір салтына айналды. Негізгі қызметін жалғастыра отырып, қыс мезгілінде шаңғы нұсқаушысы болып еңбек етуі оның уақытты тиімді ұйымдастыра білетінін де көрсетеді. Евгенийдің жеке тәжірибесі Shymbulak-тағы кәсіби мамандар даярлау жұмысының да бір қырын танытады. Курортта шаңғы спортына қызығатын азаматтарға жаңа кәсіпті меңгеруге мүмкіндік беретін арнайы оқу жүйесі қалыптасқан. Shymbulak тау шаңғысы және сноуборд мектебінің жетекшісі Николай Ханның айтуынша, болашақ нұсқаушыларды Ресейдің Ұлттық нұсқаушылар лигасының мамандары даярлайды. Оқу бағдарламасына қатысушылардың шаңғы тебу дағдысы болуы маңызды. Өйткені он күндік курстың негізгі бөлігі оқыту әдістемесіне арналған. Үміткерлер шаңғы техникасын түсіндіруді, шәкірттермен жұмыс істеуді үйреніп, курстың соңында емтихан тапсырады. Талаптан өткендерге сертификат беріледі.

Өткен жылы бұл бағдарламаға шамамен 50 үміткер қатысып, олардың басым бөлігі курортта жұмыс істеуге мүмкіндік алған. Нұсқаушылар жұмыс кестесін өз мүмкіндіктеріне қарай белгілей алады. Бірі аптасына бес күн еңбек етсе, енді бірі демалыс және мереке күндері ғана сабақ береді. Бұл негізгі қызметін сақтай отырып, қосымша кәсіп игергісі келетін азаматтар үшін тиімді мүмкіндік. Биылғы маусымға арналған оқу қазан айында басталып, бағдарламаға 20-дан астам адам тіркелген. Нұсқаушылардың орташа жасы 30–40 жас аралығында болғанымен, соңғы жылдары жастардың да қызығушылығы артып келеді. Мектеп жаңа мамандар даярлаумен қатар, жұмыс істеп жүрген нұсқаушылардың біліктілігін арттыруға да көңіл бөледі. Ішкі тренингтер өткізіліп, үш жастан бастап балалар мен ересектерге шаңғы тебу үйретіледі. Өткен қысқы маусымның ең қарбалас кезеңінде курортта 100-ден астам нұсқаушы жұмыс істеген. Олардың шамамен 90 пайызы осы курортта кәсіби даярлықтан өткен. Алдағы уақытта мамандар санын арттыру жоспарланып отыр.

Тобықтай түйін

Тау шыңына жету үшін тек биіктікке көз тігу жеткіліксіз. Оған апарар жолда төзім, тәртіп, тәжірибе мен үздіксіз ізденіс қажет. Кәсіби өмірде де солай. Жылдар бойы қалыптасқан тәжірибеге жаңа білім қосып, өзіңді басқа қырынан сынау үлкен батылдықтың белгісі. Евгений Дейдің оқиғасы  соның айқын мысалы. Ол 38 жасында шаңғы спортына әуестеніп, 51 жасында өзгелерге бағыт көрсететін кәсіби нұсқаушыға айналды. Бір кездері өзі үйренген трассаларда бүгінде шәкірттерін шыңдап жүр. Оның өмірлік таңдауы адам мүмкіндігінің жаспен өлшенбейтінін аңғартады. Өйткені биікті бағындырудың өлшемі  алға қойған мақсатына деген адалдығы. Біреулер үшін тау – демалыс орны болса, енді біреулер үшін ол жаңа кәсіптің, тың ізденістің және өз мүмкіндігін қайта танудың мекеніне айналады. Евгений үшін Shymbulak дәл осындай өмір мектебі болды.

 Индира БІРЖАНСАЛ

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here