Қазақ таеквондошысы АҚШ-тағы халықаралық турнирде үздік төреші атағын иеленді

0
2507

Таеквондодан халықаралық дәрежедегі спорт шебері, қара белдіктің 5-ші дан иегері, аталған спорт түрінен халықаралық және республикалық жарыстардың бірнеше дүркін жеңімпазы, халықаралық деңгейдегі төреші Мұрат Темірәлиев «Әлемнің ерлер арасындағы үздік төрешісі» атағына ие болды. Осыған орай шетелде іс-сапармен жүрген білікті маманмен жасаған сұхбатымызды назарларыңызға ұсынып отырмыз.

– Мұрат Әбдімәлікұлы, жақында төрешілік қызметіңіз халықаралық жарыста мамандар тарапынан жоғары бағасын алыпты. Сол туралы айтып берсеңіз…

– Биылғы жылдың 5-6 наурыз күндері аралығында АҚШ-тың Флорида штатының Уинтер Хэвен (Winter Haven) қаласында таеквондодан Florida Sport Taekwondo State Open and Team Trials ашық чемпионаты өтті. 7 жастан бастап ересектерге дейін қатысқан спорт бәсекесі коронавирус індеті басталғалы бері офлайн режімде ұйымдастырылып отырған алғашқы жарыс екенін атап өткім келеді. Дәстүрлі чемпионатта АҚШ-тан бөлек көршілес елдердің де спортшылары бақтары мен баптарын сынады. Екі күн бойы жалпы саны 800-ге жуық спортшы өзара мықтыны анықтады.

– Жарыстың мақсаты мен деңгейі қандай?

– Ашық чемпионат бірнеше жыл қатарынан ұйымдастырылып келеді.  Жарыстың басты мақсаты – таеквондодан Флорида штатының құрама командасының сапына «жүзден – жүйріктерді» тарту және АҚШ-тағы аталған спорт түрін дамыту.

– Осындай деңгейдегі жарысқа төрешілік жасауға қалай шақырту алдыңыз және чемпионат жолындағы қызметіңізді жоғары бағалануының сыры неде?

– Жыл сайын АҚШ-тың ашық және ұлттық чемпионаттарына төрешілік жасау бойынша арнайы шақырту алып, халықаралық деңгейде төрешілік қызмет атқарамын. Сондай-ақ Құрама Штаттар еліндегі байрақты бәсекеге 2013 жылы Қазақстанның таеквондодан ұлттық құрама командасының және Алматы қаласының құрама командаларының жаттықтырушысы ретінде де қатысқан болатынмын. Биыл да аталған чемпионат ұйымдастырушылары тарапынан төреші ретінде шақырту алдым. Жарыс жолында жалпы саны 50-ден астам төреші қазылық жасады. Олардың басым бөлігін халықаралық деңгейдегі мамандар құрады. Соның ішінде Төрешілер алқасы мен Ұйымдастыру комитеті төралқасының шешімімен «Ерлер арасындағы үздік төреші» атағына ие болдым. Чемпионат барысында төрешілердің қызметі әділдік, мұқияттылық, спортшыларды нақты әрі айқын бағалау, ойындар кезінде қателіктерге жол бермеу сынды басымдықтар бойынша бағаланды.

– Мұрат Әбдімәлікұлы, Сіз таеквондо спортының дамуына сіңіріп жүрген еңбегіңіз біршама екенін сала мамандарына кеңінен таныс. Таеквондодан халықаралық дәрежедегі спорт шеберісіз, қара белдіктің 5-ші дан иегерісіз, аталған спорт түрінен халықаралық және республикалық жарыстардың бірнеше дүркін жеңімпазы болумен қатар халықаралық деңгейдегі төреші қызметін де атқарып келесіз. Сонымен қатар аталған спорт түрі бойынша ғылыми-зерттеу жұмысын да жүргіздіңіз. Сол жайында айтып өтсеңіз. Ғылыми еңбегіңіздің әлемдік таеквондоның дамуына қосатын үлесі қандай?

– 2016 жылы «Болашақ» бағдарламасы арқылы оқуға түсіп, Швейцарияда «Sport administration and Technology» мамандығы бойынша магистратураны тәмамдадым. Білім алып жүрген кезде ғылыми-зерттеу жобасы ретінде «Әлемнің таеквондо федерациясына мүше ұлттық қауымдастықтардың таеквондо клубтары үшін клубтық басқару жүйесін құру жетістіктерінің негізгі факторлары» («Key factors of success of building Club Management System for Taekwondo clubs of WTF Member National Associations») тақырыбын алдым.

– Ізденісіңіз жайында тарқата айтып берсеңіз. Мақсаты не? Міндеті қандай?

– Әлемдік таеквонда федерациясына тиесілі «Global Membership System (GMS)» атты портал бар. Сол порталдың қызметкерлері осы тараптағы ғылыми-зерттеу жұмысты жүргізуге ұсыныс білдірді. Бұл портал 2010 жылдан бері жұмыс істейді. Бұл жаһандық портал спортшыларға, жаттықтырушылар мен бапкерлерге, төрешілерге, команда дәрігері мен команда өкілдеріне арналған. Атап айтқанда, порталда көптеген ақпараттар топтастырылған. Сонымен қатар онда өтетін халықаралық деңгейдегі жарыстарға қатысу бойынша ақпараттар, төрешілер мен жаттықтырушыларға арналған семинарлар туралы жан-жақты мәліметтер, «Adidas», «Nike»,  «Daedo», «Mooto» сынды және тағы да басқа әлемдік спорт брендтерінің жарнамасы т.б. топтастырылған. Порталға мүше болу үшін оның мүшелік жарнасын төлеп, лицензиясын алады. Бұл портал біріншіден, әлемдік таеквондо федерациясының қызметін дамытып, оның бюджетін арттыруға септеседі. Екіншіден, аталған спорт өнімдерін өндіретін компаниялардың түсімін арттырады. Ерекше атап өтетін жайт: портал пайдаланушылары үшін спорттық тауарлармен қатар, әуе билеттері мен қонақ үй бағаларына да жеңілдіктер қарастырылған. Бұл өз кезегінде шетелде өтіп жатқан жарыстарға қатысушылар үшін өте тиімді. Мақсатты маркетинг арқылы сауда-саттық көлемі де жыл сайын артып келеді. Бүгінде порталға мүше болғандардың саны миллионнан астам адамды құрайды. Олардың барлығы да таеквондо спорты саласындағы адамдар. Бұрын портал лицензиясына ие болу үшін өтінім ұлттық таеквондо федерациялары арқылы жүзеге асатын. Әлемдік таеквонда федерациясы порталды одан әрмен қарай дамыту үшін және таеквонда клубтарын порталға мүшелікке тартуды оңтайландыру мақсатында ғылыми-зерттеу жобасын қолға алды. Бұл зерттеуді жүргізуге ұсыныс жасауының өзіндік себебі де бар. Спорттағы тәжірибем, ұзақ жылғы жаттықтырушылық және төрешілік қызметтерім есепке алынды.

Бұл жобаны зерттеу барысында негізгі мысал ретінде Қазақстан таеквондо федерациясын алдық. Мәселен, бір ғана Алматыда 80-нен астам таеквондо клубы бар. Зерттеу барысында сала мамандары мен клуб жаттықтырушылары арасында сауалнама жүргіздім. Халықаралық турнирлерде төрешілермен, жаттықтырушылармен сұхбаттасып, осы мәселе бойынша ойларын зерделедім. Портал мамандарымен де жұмыс істедік. Бес ай бойы ғылыми-зерттеу жүргізіп, тұжырымдама жасадым. Қазіргі уақытта әр мемлекеттегі таеквондо ұлттық федерациясына мүше кез келген клуб порталға өздері тікелей өтінім беріп, мүшелікке қабылдана алады.

Бүгінде Қазақстанда таеквондодан 1 ұлттық және 17 аймақтық федерация мен 350-ге жуық клуб бар. Қазір халықаралық турнирлерге қатысу үшін ұлттық федерацияға мүше клубтар порталға өздері тіркеліп, өз клубтары атынан қатысуға мүмкіндік алды. Бұл жүйе рейтингтік халықаралық турнирлерге қатысу үшін таеквонда клубтарына зор мүмкіндік береді. Сонымен қатар аталған жоба Ұлттық федерациялардың жұмысын да оңтайландырды.

– Мұрат Әбдімәлікұлы, алдағы жоспарларыңыз жайында бөліссеңіз.

– Қазіргі күнде төрешілік қызмет бойынша білімім мен біліктілігімді жетілдірудемін. Мәселен, қазір биыл Жапония астанасы Токио қаласында өтетін Олимпиада және параолимпиада ойындарына төрешілерді іріктеу жүргізілуде. Бастапқыда 2019 жыл Мәскеуде таеквонда спорты бойынша халықаралық дәрежедегі төрешілерге арналған семинар жиын өтті. Жиын соңында 50 төреші іріктелініп алынды. Сол үздік елуліктің сапында мен де бармын. Ең соңында сол 50 төрешінің ішінен білімі мен білігі мол 30 төреші іріктелініп, параолимпиада ойындарында қазылық жасамақ. Онда да жақсы нәтиже көрсетемін деген сенімдемін.

– Спорттағы атқарып жатқан жұмысыңызға сәттілік тілейміз. Ел даңқын жаһандық додаларда арттыра бергейсіз.

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here