«Дөңгелекті» бизнестің «дөңгеленіп» кетуіне не кедергі?

0
5162

Жаңа ғасырда өркениетті экономика бүкіл әлемде бұрынғыдан да  өзгеше  бағытта дамуға көшті. Айталық, бізге таңсық саналатын «Street food» (көше тағамы), «Food truck» (дөңгелекті/жылжымалы дәмхана) сынды бизнестің жаңа түрі пайда болды. АҚШ-та, Ресейде (негізінен Мәскеуде), Еуропа мен Оңтүстiк-Шығыс Азия елдерінде «дөңгелекті» бизнестің дөңгеленіп кеткені соншалықты, тіпті қазір ел қазынасын толтыратын, жергілікті тұрғындарды тұрақты жұмыс орнымен қамтамасыз ететін табысты салаға айналды. Мәселен, Портленд (АҚШ) – «көше тағамының» бейресми астанасы саналады. Өйткені, 650 мыңнан астам халқы бар (Алматыдан халқы үш есе кем) қаладағы 500-ден астам «дөңгелекті/жылжымалы дәмханада» тағамның сан алуан түрі сатылады. Сонысымен бұл қала миллиондаған туристерді де өзіне тартып жатқаны тағы бар. Ендеше, табысты саланың Қазақстанда қарқын алуына не кедергі? Ғасырдан астам тарихы бар «Qazaq» газеті бүгін осы сауалдың жауабын іздейді.

ТҰРАЛАП ТҰРҒАН КӘСІП

Республикалық маңызы бар Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент сынды миллионер-қалаларда бүгінде «street food», соның ішінде «food truck» бизнесінің тұралап тұрғаны ешкімге жасырын емес. Бұған Қазақстанда бұл жаңа бизнес түрінің жұмысын реттейтін арнайы құқықтық нормалардың жоқтығы себеп екен. Өйткені, қолданыстағы заңда әлемнің жетекші елдерінде қанатын кеңге жайған «street food» та, «food truck» та шағын кәсіпкерлікке жатпайды, бұл «жабайы сауда» саналады. Ал, біздің елде, әсіресе Нұр-Сұлтан, Алматы сынды ірі қалаларда «жабайы саудаға» жол жоқ.

Тіпті, айналдырған екі-үш жылдың ішінде Алматы қаласының әкімдігі базар, вокзал маңындағы «жабайы сауданы» айтпағанда, «қаланың сәнін құртып тұр» деген желеумен ондаған жылдар бойы аялдаманың қызметін атқарған жүздеген шағын дүкендерді, басылымдар сататын дүңгіршектерді, бүгін мақаламыздың тақырыбына арқау болған «көше тағамдарын» сататын орындарды жаппай жапты. Әйтпесе, елде бизнестің бұл түрімен айналысатын кәсіпкерлер де, «food truck» көліктерін жасайтын зауыттар да, керек десеңіз, «көше тағамынан» дәм татқысы келетін қазақстандықтар да аз емес еді.

МӘСЕЛЕНІҢ МӘНІСІ

Бұрнағы жылдары «food truck» бизнесін қолға алмақ болған шымкенттік журналист Айдар Исаков банктен несие алып, «дөңгелекті/жылжымалы дәмхана» аталып кеткен арнайы көлікті сатып алады. Несиеден құтылыпты, бірақ сатып алған көлігі сол қалпы кәдеге жарамапты. Өйткені, «food truck» тек ірі сауда орталықтарының алдында ғана тұруы керек. Бұл орынды қып-қызыл ақшаға жалға алудың өзі қиынның қиыны екен. Ал, «food truck»-тарды Портлендтегідей біздің Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент сынды мегаполистеріміздің көшелерінен көру мүмкін емес.

Әкімдіктегілердің айтуынша, олар көше қозғалысына кедергі келтіріп, қаланың сәнін құртады-мыс. Бұл – бір. Екіншіден, «көше тағамдарының» санитарлық-гигиеналық талаптарға сай болуы да маңызды мәселе.

«Қала әкімінің «жабайы саудаға» Шым-кенттің шетінен орын бөлу туралы тапсырмасы бар көрінеді. Яғни, бізге рұқсат сол жерлерден беріледі. Ол жерде қарбыз, қауын сатып, пайдаға кенелуге болатын шығар. Бірақ, «street food»-тың саудасы қаланың шетінде жүрмейді. Мендей «food truck» бизнесімен айналысқысы келетіндерге адам толастамайтын саябақтар мен алаңдардан орын керек», – деп мәселенің мәнісіне тоқталды Айдар Исаков.

2015 жылдың көктемінде Шымкенттен «Вкуснябус» деп аталатын «жылжымалы дәмхана» ашқан жеке кәсіпкерлер – ерлі-зайыпты Артем мен Ольга Орлянский Қазақстандағы бұл жаңашыл бизнестің машақаты көп екенін ашып айтты. Бірнеше жыл бұрын 20 мың АҚШ долларымен басталған бизнесті қолға алғандарына қазір өкінетіндерін де жасырмады. Дегенмен, елде арнайы құқықтық нормалар қабылданса, жұмыс жүйелі жолға қойылса, олар үйінде шаң басып тұрған екінші «food truck» көлігін де іске қосудан қашпас еді.

«Әлемнің бірқатар елдерінде заң бойынша «food truck» көліктерінің қаланың кез келген көшелерінде емін-еркін қозғалып,  сауда жасауларына рұқсат берілген. Өкінішке қарай, бізде ондай мүмкіндік жоқ. Қаланың бір ауданынан екінші ауданына барып сауда жасау үшін әкімдік тарапынан тексерулер мен толтыратын қағаздар қаптайды. (Шымкент қаласында төрт аудан бар, – ред.). Ондай жағдайда салықты қай ауданға төлейтінімізді біздер де, салық қызметкерлері де білмейді», – деген өкінішін жеткізді «MEGA» сауда, ойын-сауық орталығынан «дөңгелекті/жылжымалы дәмханасына» жерді жалға алып отырған Артем Орлянский.

Кәсіпкерлер қымбат құрал-жабдықтармен жабдықталған қуатты қозғалтқышы бар заманауи «food truck»-тарға әкімдіктердің қарапайым «дөңгелекті дүңгіршек» ретінде қарайтынына өкініш білдірді.

ТАБЫСТЫ КӘСІП

Рас, Нұр-Сұлтан мен Шымкентке қарағанда «оңтүстік астанадағы» жағдай жаман емес. Ресми мәліметке сенсек, Алматыда қазір «көше саудасымен» заңды түрде айналысатын 60 нысан бар. Алдағы уақытта олардың қатары көбейеді. Неге десеңіз, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы бұл жұмысты жетілдіруді қолға алыпты. Алматы қаласы Кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасы «көше саудасына» Панфилов көшесі мен «Атакент» маңынан арнайы орындардың бөлінгенін алға тартады. Ал, былтыр күрделі жөндеуден өткен Тимирязев көшесі мен Назарбаев, Абай, Абылай хан даңғылдарына «көше саудасын» мүлдем жолатпайды.

«Әкімдік талабымен келіспеске болмайды. Бизнестің бұл түріне арнайы орындардың болғаны жөн. Шетел тәжірибелеріне сүйенер болсақ, Прага, Лос-Анджелес, Майамиде белгіленген көшелер мен саябақтарда ғана «көше саудасымен» айналысуға болады. Ал, Абу-Дабиде оларға арнайы үлкен алаң берілген», – дейді «food truck» шығаратын «Sputnik» зауытының директоры Андрей Шенцов.

Алматы қаласының бұрынғы әкімі Бауыржан Байбектің өзі болған аталған зауытқа төменде арнайы тоқталамыз.

Әрине, кофе/шай/асхана, кафе, мейрамхана  ғимаратын сатып/жалға  алуға  қарағанда «food truck»-ты сатып алған әлдеқайда тиімді. Мәселен, толықтай жабдықталған «food truck»-тың құны – 6-7 млн теңге аралығында тұрады. Оны 1-2,5 млн рубльге көрші Ресейден тасудың қажеті жоқ, өзімізде шығаратын зауыттар бар. (Айта кетейік, «food truck»-тар кофе, пицца, бургер, т.б. сататын түрлерге бөлінеді). Кәсіпкерлер толық шығынды екі-үш маусымда ақтап алуға болатынын айтады. Мәселен, қыста кофелер, жазда сусындар жақсы сатылады. Ал, жоғарыда айтқанымыздай, «food truck» иелері көшенің кез келген бұрышына тоқтап, қалаған жерінде сауда жасай алмайды. Бизнестің бұл түрімен айналысатындар үшін басты кедергі осы – жер мәселесі.

Әкімдік бекіткен көшеден/орталық алдынан жерді жалға алудың өзі тым қымбатқа түседі. Сауда, ойын-сауық орталықтарына хабарласқанымызда олар кәсіпкерліктің бұл түріне жерді жалға беру құны қанша тұратынын жасырып айтпады. Ал, 2017 жылы күрделі жөндеуден өткізіліп, кеңестік ескі көшеден желекжолға (ішкі жағына ағаш егілген алаң/көше, – ред.) айналған Панфилов көшесінен 27 шаршы метр жерді «көше саудасымен» айналысатын кәсіпкерлер бір айға 1,3 млн теңгеге алыпты. Демек, «көше саудасының» ұстанымы «жылдам әрі арзан» болса, бұл жағдайда оның тек «жылдамы» ғана қалады. Дегенмен, аталған көшедегі бес дүңгіршек бір жылда мемлекет қазынасына 67,4 млн теңге пайда түсіріпті. Яғни, «street food», соның ішінде «food truck» – табыс табатын сала.

ҚАЗАҚСТАНДА «FOOD TRUCK» ҚАНША ТҰРАДЫ?

Бірнеше жыл АҚШ, БАӘ, Батыс Еуропа елдерінің жұмысымен жіті танысқан отандық кәсіпкер Андрей Шенцов бұрнағы жылдары Қазақстанда алғашқылардың бірі болып «food truck» шығаратын «Sputnik» зауытының негізін қалады.

Андрей Шенцовтің айтуынша, зауыт «food truck»-пен қатар арнайы тапсырыспен соған ұқсас көліктер, вагондар құрастырады. Олар «дөңгелекті үй» бола ма, «food truck» бола  ма, оны тапсырыс берушінің өзі шешеді.

«Дөңгелекті үй» – 5 млн, ал жабдықталған «food truck» – 6-8 млн теңге тұрады. Дегенмен, жоғарыда айтқан қолданыстағы заңның кейбір шектеуіне байланысты «Sputnik» зауытының бұл өнімдеріне өз елімізде сұраныс төмен екен.

«Бізде балмұздақ сатуға арналған «food truck» көптеп сатылады. Өкінішке қарай, біздің өнімдерге сұраныс Қазақстанға қарағанда көрші Өзбекстан мен Қырғызстанда көп. Заң тұрғысынан, әкімдік тарапынан кедергі көп болғандықтан, біздің кәсіпкерлер бұл бизнесті қолдарына ала бермейді», – деп өз өкінішін білдірді кәсіпкер.

Айта кетейік, «Sputnik» зауытының өнімдеріне қатысты сұрақтарыңыз болса, хабарласыңыздар:

Алматы қ., Сүйінбай даң., 573\1, +7 (727) 393-26-24; +7 701 059 45 70.

ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН

Бір анығы, ҚР «Сауда әрекетін реттеу туралы» Заңға толықтырулар енгізілмей, «көше саудасына» жер телімдерін беру рәсімдері реттелмей, ірі қалалардағы «street food»-тың да, «food truck»-тың да тынысы жылдан жылға тарыла береді. Ал, бұдан кәсіпкерлер де, әкімдіктер де ұтылады. Өйткені, заманауи «көше саудасы» әлемде бұрыннан  толағай табыс көзі саналады.

Жасұлан МӘУЛЕНҰЛЫ, «Qazaq» газетінің бас редакторы

РЕДАКЦИЯДАН: «Qazaq» газетінің келесі санында шолушы Фараби Сәйкенов   бұл   кәсіпті  қалай  бастауға  болатынына тоқталады.

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here