Атамекенге оралу

0
3366

Әбибулла Нәбиев – 1937 жылы 3 шілдеде Қарақалпақстан Автономиялы Республикасының Әмудария ауданына қарасты Жұмыртау елдімекенінде туған. Нәбиевтер әулетінің бұрынғы қоныс мекені Ақтөбе облысының Байғанин ауданындағы Доңызтау, Үстірт өңірлері мен Жем өзенінің бойы, қыстауы Самның құмы болған.

Өткен ғасырдың жиырмасыншы-отызыншы жылдарындағы аштық пен елді басқарған Голощекиннің солақай саясатынан ығыр болған халық 1925 жылдан бастап тұс-тұсқа, алыс-жақын шет елдерге – Ауғанстан мен Иранға, көршілес Өзбекстан, Қарақалпақстан, Түркіменстанға аш-жалаңаш шұбырып көше бастаған. Бұл нәубет Нәбиевтер әулетін де айналып өтпей, олар атамекенді тастап, Қарақалпақстан жеріне табан тіреген.

Әбибулла Нәбиев орта мектепті 1956 жылы аяқтап, Қарақалпақ мемлекеттік педагогикалық институтына оқуға түскен. Көпбалалы отбасы әрі үйге кіретін табыс көзі жоқ болғандықтан, бірінші курсты аяқтаған күндізгі бөлімнен сырттай бөлімге ауысып, еңбекке ерте араласуына тура келген. Еңбек жолын 1957 жылы Қарақалпақстан Республикасы Мәдениет министрлігінің Экономикалық жоспарлау бөлімінде экономист болып бастады. 1959-1963 жылдары бөлім бастығының орынбасары қызметін атқарды. Сол тұста министрліктің қарамағында Қарақалпақстан кітап саудасы мекемесі жанында «Бибколлектор» деген ұйым болды. Ұйымның міндеті – туысқан республикалардан келген кітаптарды ауыл-аймақ кітапханаларына тарату. Әбибулла Нәбиев кітаптарды тарату комиссиясының төрағасы ретінде Қазақстан ақын-жазушыларының еңбектерін республика кітапханаларына таратуға атсалысты.

1963-1972 жылдары Қарақалпақстан Республикасы Министрлер Кеңесі жанындағы кинофикация басқармасында аға инспектор қызметінде болды және республикалық кинопрокатта репертуарлық комиссияның жұмысына басшылық етті. «Қазақфильм» студиясынан жарыққа шыққан фильмдерді бірінші кезекте қазақ ұлты тығыз орналасқан аудандарға жіберуді қадағалап отырды. Осылайша, Қазақстаннан алыста жүрсе де, қазақ әдебиеті мен мәдениетінің халық арасында таралуына сүбелі үлес қосты.

1972 жылы Нүкіс қалалық партия комитетінің жолдамасымен Аралсуқұрылысы бірлестігінің №25 құрылыс басқармасына партком хатшысы және кадрлар бөлімінің бастығы қызметіне ауысты. Сол мекемеде 25 жыл жұмыс істеп, 1997 жылы зейнетке шықты.

Әбибулла Нәбиев қай қызметте болса да, өзіне тапсырылған жұмысты толығымен тиянақты атқаруымен ерекшеленді. Еңбегі елеусіз қалмай, мемлекет тарапынан бағаланды. Мәселен, 1969 жылы КСРО Мемлекеттік кинематография комитетінің Құрмет грамотасымен және «КСРО кинематографиясының үздігі» төсбелгісімен, 1969 жылы Қарақалпақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасымен, 1984 жылы Өзбекстан Компартиясы Орталық Комитеті мен Өзбекстан КСР Министрлер Кеңесінің Құрмет грамотасымен, құрылыс саласында қызмет еткен 1972-1997 жылдары «Х-шы бесжылдық озаты», «ХІ-ші бесжылдық озаты» төсбелгілерімен марапатталды.

Сексеннің сеңгірінен асқан ақсақалдың туған жерге деген махаббатынан туған өлең жолдарын төменде оқырман назарына ұсынамыз.

РЕДАКЦИЯ

 

Кіндік қаны тамған жері бабалардың,

Малға жайлы, қысы жылы Самның құмы.

Ауасы дертке дауа, шөбі шалғын,

Жаз жайлауы Доңызтаумен, Жемнің бойы.

 

Көктемде Доңызтаудың қойнауынан,

Сылдырлап қыз дауысты бұлақ аққан.

Жерінің құнарлығын содан білгін,

Шөбінің түгін тартсаң майы шыққан.

 

Кезінде шоғырланып ел отырған,

Сол жер құтты мекен, қоныс болған.

Қой маңырап, жылқы кісінеп, түйе боздап,

Жайлауы төрт түлік малға толған.

 

Билікке Голощекин келгеннен соң,

Халықтың қуанышты күндері ұмыт болған.

Қазақ аспанын қара бұлт торлай бастап,

Голощекин бар билікті қолына алған.

 

«Кіші Қазан» төңкерісін жасамақ болып,

Голощекин Сталиннен рұқсат сұраған.

«Аша тұяқ қалмасын» деп ұрандатып,

Қазақтың қолындағы малын тартып алған.

 

Жазықсыз Алаштың асыл арыстарына,

«Халық жауы» деп жала жапқан.

Сәкен, Ахмет, Тұрардай асылдарды,

Абақтыға қамап, аяусыз атқан.

 

Қасақана жасалған қорлыққа,

Халық амалсыз шыдап көнді.

Аштық пен індет елді қатар жайлап,

Неше мың шаңырақтың оты сөнді.

 

Отырған Доңызтау мен Жем бойында,

Кіші жүз қазақтарына да қатер төнді.

Айрылысу заманына душар болып,

Олар да жан сауғалап, босып кетті.

 

Пір Бекет, Асау Барақ жайлаған жер,

Бұлдырап көш соңында артта қалды.

«Енді біздің күніміз не болар» деп,

Қариялар көздеріне жасын алды.

 

Үстірттің жазығында азып-тозып,

Босқан ел талай азап көрген.

Жеуге нан, ішерге су таба алмай,

Талайы қу далада аштан өлген.

 

Өлмей тірі жеткен жері босқындардың,

Хорезм, Қарақалпақ, Түркімен елі.

Сол жұрттарға үйренісіп кетседағы,

Кетпепті естерінен туған жері.

 

Қариялар төбеге шығып алып,

Көңілдің сыр сандығын ашқан екен.

Сағынып атамекен туған жерін,

Жыр қылып ұрпағына айтқан екен.

 

Содан бері бірталай жылдар өтіп,

Жастар өсіп, өлгендердің орны толды.

Тарихта «Ақ қапшық» деп аты қалған,

Ол күндердің барлығы ұмыт болды.

 

Ата-тек болмысымнан хабар берсем,

Әкем – Нәби, өз атым – Әбибулла.

Өмірдің тайғақ кешу жолдарында,

Бір өзің жар бола гөр Алла.

 

Жиырма бес тамғалы Кіші жүзде,

Руымды ту ұстаған Табын дейді.

Халқына пайдасы тиер жігіт,

Жақсы адам атанудың қамын жейді.

 

Ішінде төрт Асанның өскен ұрпақ,

Мерекеде орны бар Жалпақтылмын.

Достарыма құнды қағаз асыл болсам,

Күншілдерге қара бақыр көк тиынмын.

 

Әкемнің айқайымен мектеп барып,

Тоғыз жаста балалықпен қош айтыстым.

Баба ахун баласы Сәдәдиннен,

Дәріс алып әліппеден сауат аштым.

 

Мың тоғыз жүз отыз жеті сиыр жылы,

Туылыппын Жұмыртаудың етегінде.

Мектепте бар сабақтан жақсы оқып,

Кетпедім тентек балалар жетегінде.

 

Әкем марқұм дүниеден өтерінде,

Іште жатқан бар сырын айтып еді.

«Есің барда еліңді тап балам» деп,

Насихат қылып ақылын беріп еді.

 

Әкемнің сол бір айтқан аманатын,

Ұдайы есте сақтап, ішке түйдім.

Қазақстан егемендік алғаннан соң,

Ата жұртқа отбасыммен көшіп келдім.

Бабалардың ізі қалған топырақты,

Құшақтап, емірене жатып сүйдім.

 

Азаттық арқасында төл халқымның,

Үш ғасырлық арманы іске асты.

Тағдырдың тәлкегімен елден кеткен,

Қандастар туған жерге қадам басты.

 

Қызмет ет, пайдаң тисін Отаныңа,

Елге оралған бауырлас қандастарым.

Бұл күнді ата-бабаң аңсап өтті,

Аман болсын отбасың мен мал бастарың.

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here