Ұлттық қауіпсіздік комитетінің өкілеттігі кеңейді, бұл – ел қауіпсіздігін күшейтудің кезекті қадамы

0
532

Елдің амандығы мен мемлекет тұтастығы – кез келген қоғам үшін ең асыл құндылық. Уақыт алға жылжыған сайын қауіп-қатердің де түрі көбейіп, сипаты өзгеріп келеді. Сондықтан, қоғам алдына жаңа міндеттер қоюға мәжбүр. Бүгінде цифрлық дәуірде ақпараттық кеңістіктің қауіпсіздігі мен стратегиялық маңызы бар нысандарды қорғау мәселесі ерекше мәнге ие болып отыр. Осындай талаптарды ескере отырып, Мемлекет басшысы ұлттық қауіпсіздік жүйесін нығайтуға бағытталған маңызды шешім қабылдады.

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық қауіпсіздік комитетінің (ҰҚК) өкілеттігін кеңейтуді көздейтін Жарлыққа қол қойды. Бұл құжат арқылы ҰҚК туралы ережеге бірқатар өзгерістер мен толықтырулар енгізіліп, комитеттің қызмет өрісі кеңейе түсті. Әсіресе, ақпараттық қауіпсіздік саласы мен стратегиялық маңызы бар инфрақұрылым нысандарын бақылау бағытындағы міндеттер нақтыланды.

Жарлыққа сәйкес, ҰҚК туралы ереженің  бірінші тармағы жаңартылған нұсқада бекітілді. Онда комитеттің Мемлекет басшысына тікелей бағынатын әрі соған есеп беретін арнайы мемлекеттік орган екені нақтыланған. Сонымен қатар, бұл құрылым елдегі ұлттық қауіпсіздік органдарының біртұтас жүйесіне жетекшілік ететін негізгі орган ретінде белгіленді.

ҰҚК-нің басты міндеттері қатарында бұрынғыдай барлау, қарсы барлау және жедел-іздестіру қызметін жүргізу бар. Бұған қоса, мемлекеттік шекараны қорғау мен күзету, үкіметтік байланыс жүйесінің тұрақты жұмысын қамтамасыз ету, шифрлау жұмыстарын жүргізу және мемлекеттік құпиялардың сақталуын қадағалау да осы органның құзыретінде қала береді.

Құжатта Ұлттық қауіпсіздік комитетінің еліміздегі мемлекеттік құпияларды қорғау саласындағы уәкілетті орган екені де арнайы атап көрсетілген.

Жаңа Жарлыққа сәйкес, ҰҚК ақпараттандыру саласында мемлекеттік бақылау жүргізу құзыретіне ие болды. Бұл, ең алдымен, ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымдағы аса маңызды нысандардың ақпараттық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған.

Сонымен қатар, комитетке нақты бірқатар құқықтар жүктелді. Атап айтқанда, ақпараттық қауіпсіздік талаптары бұзылған жағдайда тиісті нұсқама беру, оның орындалуын міндеттеу, берілген рұқсаттар негізінде тексерулер жүргізу, сондай-ақ жедел-іздестіру шаралары кезінде қолданылатын арнайы техникалық құралдарды пайдалану тәртібін бақылау.

Мұндай тексерулер белгіленген біліктілік және рұқсат талаптарының сақталуын анықтау мақсатында жүргізіледі. Қажет болған жағдайда Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексіне сәйкес жоспардан тыс тексерулер де ұйымдастырылуы мүмкін.

Айта кетейік, Мемлекет басшысы қол қойған бұл Жарлық 9 ақпаннан бастап күшіне енді. Құжат ел қауіпсіздігін нығайтуға, әсіресе ақпараттық кеңістіктегі қорғаныс тетіктерін күшейтуге бағытталған маңызды қадамдардың бірі болып саналады.

ТҮЙІН СӨЗ

Ұлттық қауіпсіздік комитетіне берілген жаңа өкілеттіктер елдің қауіпсіздігін нығайтуға бағытталған маңызды қадам болып табылады. Енді комитет ақпараттық қауіпсіздікті бақылау мен стратегиялық нысандарды қорғауды күшейтеді. Сонымен қатар, комитет Президентке тікелей бағынатын негізгі мемлекеттік орган ретінде жұмыс істеп, ұлттық қауіпсіздік жүйесінің барлық қызметін үйлестіріп отырады. Бұл өзгерістер елдің қорғаныс қабілетін арттырып, маңызды ақпарат пен инфрақұрылымның қауіпсіздігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Қызжібек ӘБДІҒАНИҚЫЗЫ

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here