Президент уәдесі Тәуелсіздік мерейтойы қарсаңында орындалды

0
1659

Өткен ғасырдың тоталитарлық жүйесі мен идеологияшыл дәуірі тұсында айтуға да, жазуға да қатаң түрде тыйым салынған тақырыптың бірі – Алашорда және алашордашылар болды. Астарында ащы ақиқатты бүркеп жатқан бұл тақырып, тәуелсіздік дәуірімен қоса жаңғырып, тарихтың ақтаңдақ беттерінен аршып алына бастады. Нақтырақ айтқанда,  «соқтықпалы, соқпақты» кезеңде ғұмыр кешкен алашордашыларды ардақтаудың еркін күні туды. Бұл қуаныш ұрпақ үшін зор рухани серпіліс болса, тарихшыларымыз бен әдебиетшілеріміздің қаламы мен ізденістеріне қанат бітірді. Алаш Орда аясындағы ақ сөзді ірікпей айтуға, зерттеуге, тануға, зерделеп жазуға мол мүмкіндіктер берді.

Расында, көзі ашық, көкірегі ояу ұлт зиялыларының басын қосқан Алаш идеясының түпкі мақсаты да сол, алаштанушы Тұрсын Жұртбайдың сөзімен айтқанда, «Қазақ автономиясын құру, оны құру арқылы қазақты еркіндікке, тәуелсіздікке жеткізу» еді. Алайда, олардың тәуелсіздікке демократиялық жолмен жетеміз деген игілікті істері өте қайғылы аяқталды. Қазақтың ұлттық рухы ауыр езгіге түсті. Бұған архив материалдары айғақ.  

Бүгінде ұлтын азаттыққа жеткізуде қайтпас қайсарлық танытқан  тұлғаларды дәріптеу мақсатында мемлекет деңгейінде маңызды шаруалар атқарылуда. Сондай-ақ, олардың артында қалған ұшан-теңіз, бай жазба мұралары тиянақты түрде жүйеленіп, кітап етіп дайындау сықылды шаруалары да түбегейлі қолға алынған. Ресми мемлекеттік тапсырыспен шығарылып отырған бұл еңбектердің жаһандану ғасырымызда да өз құнын жоғалта қоймасы анық.

Осындай ауқымды шараның бірі – кешегі аптаның жексенбісінде, Нұр-Сұлтан қаласының «Қаламгерлер аллеясында» Тәуелсіздікке ресми түрде қол жеткізгенімізге 30 жыл толуына және Елорда күніне орай Алаш қайраткерлері – Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы және Міржақып Дулатұлы сынды тұлғаларымызға арналған ескерткіштің салтанатты ашылуы.

Аталмыш іс-шараға Президент Қасым-Жомарт Тоқаев арнайы қатысып, Алашорда  дәуірі мен оның асылтекті көсемдері жайлы: «Әлихан – Алашорда үкіметін басқарған мемлекет қайраткері. Ахмет – халқымызды білім мен ғылымға жетелеп, рухани ұстаз болған әйгілі ағартушы. Міржақып – ұлт бірлігі ұранына айналған «Оян қазақ» пен тұңғыш қазақ романының авторы, көрнекті қаламгер. Үш қайраткер де – бірегей тарихи тұлғалар. Бұл ескерткіш – барша Алаш ардақтыларына деген құрметіміздің көрінісі. «Алаш» сөзі – халқымыз үшін қашанда қасиетті ұғым. Өткен ғасырдың басында ұлтымыздың бас көтерер азаматтары Алаш идеясының төңірегіне бірікті. Олар елінің азаттығы мен өркендеуі жолында қызмет етті. Халықтың рухын оятып, санасына сілкініс әкелді. Жеріміздің тұтастығының сақталуына ықпал етті. Төл әдебиетіміз бен мәдениетімізді бұрын-соңды болмаған деңгейге көтерді. Өркениетті зиялылықтың негізін қалады. Алаш арыстары заманның сын-қатеріне қарамай, Қазақ елінің мемлекетшілдік идеясын жаңғыртты», – деген сарабдал ойы мен байсалды бағамын жеткізді.

Президент өз сөзінде Алаш қайраткерлерінің еңбектері Алаштану ғылымының аясында жан-жақты зерттелу қажеттігіне назар аударып, жыл өткен сайын Алаштың абыройы асқақтап, беделі биіктей беретінін, олардың атқарған ісі ешқашан маңызын жоғалтпайтынын айтты.  

Естеріңізде болса, Мемлекет басшысының үстіміздегі жылдың басында жарияланған «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында: «Біз кезінде елге қызмет етудің озық үлгісін көрсеткен Алаш қайраткерлерінен тағылым аламыз. Олар өткен ғасырдың басында тәуелсіздік идеяларын халық арасында дәріптеуге зор еңбек сіңіріп, азаттық жолында құрбан болды. Тәуелсіздігіміздің мерейтойы аясында осындай біртуар тұлғаларды еске алып, олардың мұрасын жастарымызға және бүкіл әлемге паш етуіміз керек» дей отырып, алашордалықтар рухына арнап ескерткіш тұрғызу мәселесін қозғаған болатын.

Міне, сол уәде тәуелсіздік мерейтойының қарсаңында жүзеге асты. Сөзі мен ісі біте қабысқан Президентіміздің бұл іргелі бастамасы барша Алаш жұртына зор қуаныш сыйласа, Алаш көсемдерінің әруағын да бір аунатқандай болғаны анық.

Ұлт пен уақыт алдындағы аманат-парыздар  өз кезегінде осылайша игілікті әрекетке ұласса, қазақтың күретамыры да өз лүпіл-соғысын тоқтатпас деген ниеттеміз.

Жанар ДӘУЛЕТҚЫЗЫ

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here