Абай университетінің жастары Мемлекет басшысы қабылдаған шараларды қолдайды 

0
1409

Қаңтардың қаһарлы күндері еліміз үшін қиын кезеңде барша қазақстандықтарды Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа қолдау көрсетуге шақырып, мемлекеттің ертеңіне сенім білдіргендер қатарында ел болашағы жастар да бар. Елімізде орын алған қиын сәтте жоғары оқу орындарының басшыларымен қатар студент-жастары да қазақстандықтарды Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың айналасына топтасып, ел тәуелсіздігін нығайту жөніндегі шешімдерін қолдауға шақыруда.

«Қазіргі күндері «Бейбіт Қазақстан», «Тәуелсіз Қазақстан» сөздерінің маңызы артқандай. Бейбіт шеру арты қылмыскерлердің шабуылына жалғасып кетерін ешкім сезіп білмеді. Тәуелсіздік тарихында мұндай жағдай көрмеген Қазақстан халқы есеңгіреп, 2-3 күннің ішінде өмір сүру салтын өзгерткендей. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың халыққа жолдаған Үндеулері мен қабылдаған жедел шешімдері үрейімізді сейілтіп, сенім қалыптастырды. Осы тұста барша қазақстандықтардың үлкен үміті Президентімізде екені анық. Әрбір ел азаматы ақылға салып, бір ойға жинақталғаны қылмыскерлер мен террористерден ертерек тазаруға өз ықпалын тигізеді. Халық арасында әлі де алыпқашпа әңгімелер таратып, қаралаушылардың көп екені көрініп тұр. Ел Президентін, не болмаса әскерді, одан ҰҚШҰ не екенін білмейтіндер дұрыс емес пікір қалдырып жатқанын көріп отырмыз. Бейбіт шеру болса бірсәрі, кешегі өткен ылаң, ұрлық, бассыздық ел қамын ойлағандардың ісі емес. Ел тәуелсіздігі маған да, сізге де, баршамыз үшін маңызды. Бірге болайық! Ел аман, жұрт тыныш болсын!» – дейді Абай атындағы ҚазҰПУ Тәрбие, әлеуметтік жұмыстар және жастар саясаты жөніндегі департамент директорының орынбасары Ділдәбек Дидарбек.

Президенттің халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және елдегі жағдайды қалпына келтіру үшін қабылдаған шаралары құптарлық екенін тұңғыш университеттің студенттері де айтып отыр.

«Елімізде болған жағдай баршамызды қатты алаңдатты. Қазіргі таңда бәріміздің Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына жолдаған Үндеулеріне, ел тұрақтылығын сақтауға шақырған сөздеріне үлкен назар аударып отырмыз. Президентіміздің жедел түрде қабылдаған шешімдері елімізді қиын жағдайдан алып шығатынына біз сенеміз және қолдаймыз. Елімізге жасалған қастандықты кешіру мүмкін емес. Бізге тыныштық, бейбіт өмір керек», – дейді Филология және көптілді білім беру институтының 1-курс студенті Әбдікамал Алсын.

Бұл пікірді Студенттік парламент ұйымының мүшесі Әймен Нұрахымова да құптайды.

«Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына үндеуін аса ыждаһаттылықпен тыңдадым. Онда елге енгізілген төтенше жағдай режимі өз нәтижесін бергені, бүкіл еліміз бойынша Конституциялық заңдылықтың орнағанын айтты. Мен Президентімізді және оның ұстанып отырған дәл қазіргі саясатын толық қолдаймын. Біз Отанымызды, егемендігімізді сақтап қалу үшін арандатушыларға ермей, бір жұдырықтай жұмылып, бірлікте болуымыз керек. Мен Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевқа толықтай сенемін», – дейді ол.

Расында, осындай сын сағатта азаттық пен мемлекеттілікті сақтау жолында баршамыз жұдырықтай жұмылып, арандатушылардың айтағына ермеуіміз керек.

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here