Жаңа ұрпаққа жаңа ұстаз

0
450

Бүгінгідей көз ілеспес жылдамдықпен қарыштап дамыған заман көшінен қалмау үшін ең алдымен педагог мамандарымыз озық инновациялық технологиямен қаруланып, соны серпінмен жұмыс жасау керек. Өйткені, мемлекет дамуы мен көркеюі педагог кадрлардың жаңашыл еңбегіне тікелей тәуелді.

Бұл турасында еліміздің Президенті Қазақстан халқына арнаған Жолдауында: «Әділетті Қазақстанды құру ісінде мұғалімдердің рөлі айрықша екені сөзсіз. Мемлекетімізде соңғы жылдары ұстаз мамандығының абырой-беделін арттыру үшін көп жұмыс жасалды. Дегенмен, бұл бағытта әлі де біршама өзгерістер жасау қажет», – деген болатын.

Президент Жолдауында көрсетілгендей болашақ ұрпаққа саналы тәрбие мен сапалы білім беретін педагог кадрлар педагогикалық жоғары оқу орындарынан қанат қағатын бүгінгі қарылғаштар. Сол қарылғаштар жас ұрпақты бәсекеге қабілетті етіп тәрбиелеу үшін ең біріншіден, педагогикалық оқу орындары үнемі жаңашылдыққа бет бұрып отырғаны абзал. Осы мәселеге бей-жай қарамаған еліміз білім саласын ешқашан күн тәртібінен тыс қалдырған емес. Соңғы жылдары білім саласында қолға алынып отырған көптеген игі бастамалар мен жаңа реформалар осының бір айғағы. Еліміздің Ғылым және жоғары білім министрлігі де үнемі сапалы мамандар даярлау жолын бірінші орынға қойып келеді. Осыдан үш жыл бұрын қолға алынған дуалдьы оқыту бағдарламасы да осы бір игі бастаманың бірі болатын. Сол бағдарламаны алғашқылардың бірі болып қолға алған біздің университетіміз оны жүйелі жолға қоя білді. Айталық, жыл сайын біздің соңғы бітіруші курста оқитын студенттеріміз осы бағдарламаның негізінде мектеппен тікелей байланыста болады. Яғни жыл бойы мектепте педагогикалық практикада болып, теориялық білім мен практиканы қатар алып жүреді. Бұл жұмыс өз нәтижесін де беріп отыр. Олай дейтініміз, соңғы жылдары мектеппен тікелей байланыста болған студенттеріміз, өзінің үздік білімі мен шебер тәжірибесінің арқасында сол мектептердің арнайы ұсынысымен жұмысқа қалдырылуда.

Сонымен қатар, біз педагогикалық мамандықтарға арналған білім бағдарламаларын түбегейлі қайта өзгерттік. Бұл бағдарламаны жасау үшін арнайы жұмыс тобы өзіміздің білікті мамандармен қатар мектеп мұғалімдерімен де толықты. Және жасалған білім беру бағдарламасы арнайы комиссиялардың сүзгісінен өткеннен кейін қолданысқа енгізіледі. Ал биылғы оқу жылының басында біз университет ректорының бастамасымен үлкен пилоттық жобаны қолға алған едік. Алматы қаласының Білім басқармасымен бірлесе отырып қаланың екі мектебінен педагогикалық мамандықтарға икемі бар жоғары сынып оқушыларын ұстаздыққа бейімдеу. Бұл жерде біз арнайы университет атынан орталықтар ашып, онда өзіміздің білікті профессор-оқытушыларымыздың көмегімен мектеп оқушыларына білім беретін боламыз. Жекелеген мамандықтар бойынша икемі бар оқушыларды сол пәндер бойынша тереңдетіп оқыту жұмыстарын жүргіземіз. Егер аталған оқушылар жоғары нәтиже көрсетіп жатса оларды университет қаржысынан тегін оқыту жоспары бар. Бұл да ертеңгі ұрпақ қамы үшін Абай университетінің қолға алып отырған игі бастамасы.

Күні кеше ғана біз «Жаңа ұрпаққа – жаңа ұстаз» тақырыбында жұмыс берушілер форумын өткіздік. Аталған форумға Назарбаев Зияткерлік мектептері ДББҰ Басқарма Төрайымы Күләш Ноғатайқызы Шәмшидинова, Алматы қаласы Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Ауелова Гаухар Жумабековна, Медеу аудандық білім бөлімінің басшысы Сапарова Ағайша Амирова, Наурызбай аудандық білім бөлімінің басшысы Құсайынова Салтанат Амангелдіқызы, Алматы облысы білім басқармасының Қонаев қалалық білім бөлімінің басшысы Асылбек Рақым Асылбекұлы және Алматы қаласынан 120 мектеп директоры 30 балабақша меңгерушілері, 40 жеке меншік мектеп директоры мен Алматы облыстық мектеп директорлары қатысты.

Форумда ашқан университет Басқарма Төрағасы-Ректор Дархан Нұрланұлы бүгінгі басқосудың маңыздылығына тоқталып, ұйымдастырылып отырған іс-шара болашақ ұрпақтың қамы екенін баян етті.

– Мемлекет басшысының биылғы жылғы Қазақстан халқына жолдауында берген тапсырмаларына сәйкес жақында ғана Қазақстан Республикасында білімді дамытудың 2022-2026 жылдарға арналған тұжырымдамасы қабылданды. Білімді дамытудың негізгі қағидаттары қатарында орта білім жүйесінде саналы және жанжақты дамыған азаматты қалыптастыру, жаңа ұрпақты тәрбиелеу сұрақтарымен қатар, жоғары оқу орындарында педагогтарды дайындаудың мазмұнын жаңғырту да қарастырылған. Бүгін сіздермен бірге университеттің жаңа ұрпаққа қажетті білім мен тәжірибе жинақтаған жас мамандар әзірлеу мәселелерін талқылауды ұсынамыз, – деді ректор Д.Білялов.

Қазіргі күні білім алушылар контингенті 16 мыңнан асады. Олардың басым бөлігі мемлекеттік грант негізінде оқиды. Жылдан жылға педагогикалық мамандықтарға сұраныс та, қызығушылық та артып келеді. Биылғы жылы республика бойынша 20% жуық «Алтын белгі» иегерлері мұғалімдік мамандықтарды таңдаған. Біздің университетте де бұл көрсеткіш жылдан жылға артып келеді. Алыс және жақын шетелден келіп білім алып жүрген студенттеріміздің Қазақстан білім беру жүйесі мен сапасы туралы оң пікірлерін қалыптастыра алғанымызға қуанамыз, – деп университеттегі жасалып жатқан жұмыстарға да тоқталып өтті Ректор.

Формуда сөз алған Назарбаев Зияткерлік мектептері ДББҰ Басқарма Төрайымы Күләш Ноғатайқызы Шәмшидинова «Педагогтердің кәсіптік шеберлігі – өзін-өзі дамыта алатын мекеептерді қалыптастырудың негізі» тақырыбындағы баяндамасында бүгінгі таңда оқу, тәрбие үдерісіндегі өзекті мәселелерге кеңнен тоқталды. Ұстаздардың практика мәселелері, зерттеу жұмыстары жайында ұсыныстарын ртаға салды. Наурызбай аудандық білім бөлімінің басшысы Құсайынова Салтанат Амангелдіқызы «Орта білім беру ұйымдары мен ЖОО ынтымақтастығын нығайтудың тиімді жолдары», «RAKHYM» қоры басқармасының төрайымы, педагогика ғылымдарының кандидаты, доцент Байтанова Раушан Буркитбаевна «Мүмкіндігі шектеулі балалармен жұмыс жасайтын мамандарды даярлаудың кейбір мәселелері» тақырыптарында баяндамалар жасап, білім беру жұмыстарын жақсарту жолындағы өз ойларын ортаға салды. Университетіміздің Академиялық мәселелер жөніндегі проректоры Жарасова Гүлжан Сагидуллақызы бүгінгі форум қатысушыларына университет атынан алғыс білдіріп, көтерілген мәселелер бойынша ынтымақтастықта жұмыс жүргізуді ұсынды. Ал форум модераторы Әлеуметтік жұмыстар жөніндегі проректор Шыңғыс Нұрланұлы да оқытуда ең басты назарға алатын мәселе ол тәрбие жұмыстары екеніне де кеңінен тоқталды.

Сондай-ақ, Phd  доктор, аға оқытушы С.Жақыпбекова «Инклюзивті білім беру, арнайы педагогиканың дамуына байланысты педагогикалық кадрларды даярлау»  атты баяндамасында Аутизм бар балалармен жұмыс жасаудың жолдары бойынша көптеген мәселелер көтерді.

Жалпы, форум қорытындысында келген қонақтар мен мектеп директорлары алдағы уақытта Абай университетімен кең көлемде жұмыстар жүргізіп, көптеген жобаларды іске асырсақ деген ұсыныстарын білдірді.

Хайрулла ЖАНБЕКОВ,
Абай атындағы ҚазҰПУ Академиялық мәселелер
жөніндегі департамент директоры

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here