Студент әлеуеті: білім, әлеуметтік қолдау және жетістік

0
286

Студент – кез келген жоғары оқу орнының басты құндылығы. Сондықтан университет білім берумен қатар, жастардың тұлғалық, шығармашылық, әлеуметтік және кәсіби дамуына жағдай жасауды негізгі міндеттердің бірі ретінде қарастырады.

Осы мақсатта І. Жансүгіров атындағы Жетісу университетінде спорт секциялары, шығармашылық және ғылыми клубтар, дебат ұйымдары мен еріктілер қозғалысы белсенді жұмыс істейді. Бұл алаңдар студенттердің қызығушылығын дамытып, жаңа дағдыларды меңгеруге және көшбасшылық қасиеттерін қалыптастыруға мүмкіндік береді.

Университетте студенттерді әлеуметтік қолдауға бағытталған кешенді шаралар қарастырылған. Әлеуметтік осал санаттағы, ата-анасынан айырылған, көпбалалы және аз қамтылған отбасылардан шыққан студенттерге жатақхана, тегін тамақтану және өзге де қолдау түрлері ұсынылады. Оқу мен ғылыми-зерттеу саласында жоғары жетістікке жеткен студенттер оқу ақысын төлеуде жеңілдіктерге ие болады.

Жуырда университет студенті Әлихан Әскербай Манама қаласында өткен ауыр атлетикадан жасөспірімдер арасындағы Азия чемпионатында екі рет әлем рекордын жаңартып, жоғары нәтиже көрсетті. Дарынды спортшыға университет тарапынан тегін оқу гранты берілді.

Жетісу жерінде өткен Ұлттық студенттік лиганың Шығыс дивизионы аясындағы волейбол жарысында да Жетісу университетінің қыздар және ұлдар командалары І орынды жеңіп алды.

Республикалық деңгейдегі білім додаларында да университет студенттері жоғары нәтижелерге қол жеткізді. Атап айтқанда, Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті базасында өткен биология пәні бойынша XVIII республикалық олимпиадада Жетісу университетінің командасы І орынды иеленді.

Сондай-ақ, Тұран университетінде өткен «Қоғаммен байланыс» мамандығы бойынша республикалық пәндік олимпиадада «Golden Step» командасы жеңімпаз атанды. Ал Қостанай өңірлік университетінде ұйымдастырылған «Арнайы педагогика» бағыты бойынша олимпиадада студенттер ІІ орынды иеленді.

Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті базасында өткен «IQ АЛАМАН – 2026» байқауында университеттің «Justice» командасы жүлделі ІІІ орынға ие болды. Ал «Мектепке дейінгі білім беру» бағыты бойынша өткен республикалық олимпиадада студенттер тағы да ІІІ орынды иеленіп, жоғары дайындық деңгейін көрсетті.

Бұл жетістіктер студенттердің тек теориялық біліммен шектелмей, цифрлық технологиялар мен кәсіби құзыреттіліктерді де меңгергенін дәлелдейді.

Мұндай байқаулар мен олимпиадалар жастардың шығармашылық әлеуетін арттырып, олардың бәсекеге қабілетті маман ретінде қалыптасуына жол ашады. Университеттің қолдау саясаты мен студенттердің белсенділігі – болашақ мамандардың сапалы даярлығының маңызды кепілі.

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here