Бейбіт өмірдегі ерлік: «Ерлік білекте емес, жүректе» екенін дәлелдеген полицейлер

0
2521

Бүгін, 6 сәуір – Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің тергеу қызметінің құрылған күні. Осы атаулы күнге орай Қызылорда облысының Полиция департаменті Анықтау басқармасының басшылығы бастаған топ «Сәбилер үйінің» тәрбиеленушілеріне қайырымдылық көмек көрсетті. Ондағы мақсат – бөбектердің қуанышы арта түссін деген ниет болды. Міне, көбіне халық тарапынан сынға ұшырап жататын полицейлердің осындай көпке үлгі болар бастамаларын көріп көз сүйсінеді. Тәртіп сақшыларының арасында бейбіт күннің батырлары да бар. Өйткені, адам ерлік жасаймын деп мақсат қоймаса керек, ерлік кенет орын алған оқиғаға байланысты жүректің шешімімен жүзеге асады. Ғасыр тарихы бар «Qazaq» газеті бүгін солардың екеуіне тоқталады.

СУҒА БАТҚАН БАЛАНЫ ҚҰТҚАРҒАН ПОЛИЦЕЙ

Шымкент қаласында жаз айларында аптап ыстық болады. Қапырықтан шаршаған үлкен-кіші мұндайда өзен жағасынан сая табады. Бірақ, өзеннің кез келген жеріне түсуге болмайтыны анық. Қайдан екені белгісіз, маусымның кешіне таман адам аяғы саябырсыған уақытта бір жасөспірім Бадам өзеніне шомылуға келіп, суға бата бастайды. Ал, Бадам өзені қысы-жазы арқырап ағып жатады. Ағысы қатты. Жас бала түгілі ересек адам да бұл өзеннен абайлап өтпесе, өміріне қауіп төнуі мүмкін.

Суға батқан жасөспірімнің Бадам өзеніне қайдан келгені белгісіз. Бұл жаққа қай автобуспен келіп, өзеннің қай жерінен суға түскені де беймәлім. Егер сол маңнан өтіп бара жатқан адамдар байқап қалып, полицияға хабарламағанда баланың аман қалуы екіталай еді.

Қасында ата-анасы болмаған, жалғыз жүрген жасөспірім өзеннен арғы бетке өтпекші болған. Судың ағысы күшті болғандықтан, оны су алып кеткен. Әрі жүзуді де білмейді екен.

Күре жолдың бойында тіршілік қайнап тұрады. Ары-бері өтетін жолаушы көп болғандықтан, тәртіп сақшыларынан мұқият болуды талап етеді.

Шымкент ҚІІБ ЖПҚ қызметкері, полиция сержанты Ерлан Айтмұхамедов суға сүңгіп, баланы өзеннен аман алып шығып, алғашқы көмек көрсетеді. Өзеннің ағысы қатты болғандықтан, ол өз күшімен жағаға шыға алмапты.

«Жаз айында бекетте отырғанмын. Төменде «Полиция, көмек керек!» деген дауысты естіп, стационарлық бекеттен шығып қарағанымда, жасөспірім баланың суға батып бара жатқанын көріп, тұра жүгірдім. Бұл өзеннің бастауы Леңгір жақтағы таудан ағады. Жаңбыр жауған кезде су жоғарғы деңгейге көтеріледі. Ағысы қатты. Балалардың шомылуына тіпті болмайды. Өзімнің міндетім екенін сезініп, дер кезінде барып, судан шығарған соң жатқызып, су кетіп қалды ма деп ойладым. Екі қолын көтеріп, қимылдатып алғашқы көмек көрсеттім. Кішкене су жұтқан екен. Таза суға жуындырып, бекетке апарып, Әл-Фараби аудандық полиция бөлімінен топ шақырып, анкетасын толтырып, соларға тапсырдым. Жасөспірімге сұрақ қойғанымда жауап бере алмады. Қорқып қалған шығар деп ұйғардым. Кейіннен мүмкіндігі шектеулі бала екенін түсіндім. Құтқарылған күні Әл-Фараби аудандық полиция бөлімінің тобы келіп, жасөспірімді тұрғылықты мекенжайы бойынша ата-анасына жеткізді. 35-37 жас шамасындағы азамат жүзе алмауына байланысты мені көмекке шақыруы ықтимал. Судан алып шыққан кезде ол да көтерісіп, көмектесті», – дейді ҚПД Қаратау ауданы Полиция басқармасының жергілікті полиция қызметінің учаскелік полиция инспекторы Ерлан Алмаханұлы.

Ерлан Айтмұхамедов Ішкі істер қызметіне 2013 жылы мамыр айында конкурс арқылы жол-патрульдік полиция бөлімінің қатардағы қызметкері болып кірген. Ол жерде 5 жылдай қызмет атқарып, 2017 жылы желтоқсан айында Қаратау аудандық полиция басқармасына учаскелік полиция инспекторы болып тағайындалады.  

Шымкент қаласы ПД Қаратау АПБ басшысының орынбасары Мәкен Алтынбаевтың айтуынша, Қаратау ауданы қала ішінде жер көлемі жөнінен ең үлкен аудандардың бірі саналады. Құрылыс нысандары мен жаңадан пайдалануға беріліп жатқан үйлер көп. Тұрғындардың басым көпшілігі қаланың жылдам дамып келе жатқан осы әкімшілік аумағына қоныс аударуда. Ауданда 286 мыңнан астам халық тұрады. Сондықтан учаскелік полиция инспекторларына да жүктелген жауапкершілік жоғары. Тұрғындардың арыз-шағымына учаскелік полиция инспекторлары дер кезінде шешім қабылдауы тиіс. Қазіргі уақытта аталған ауданда 90-нан аса учаскелік полиция инспекторы жұмыс атқарады. Солардың бірі – Ерлан Алмаханұлы.

Ал, Шымкент қаласы ПД Қаратау АПБ аға учаскелік инспекторы Арлан Танташев әріптесі туралы мынадай пікір білдіреді: «Ерлан екеуміз 2018 жылдың тамыз айынан бірге істейміз. Барлық шақыртуларға бірге барамыз. Тапсырылған жұмысты уақытылы атқарады. Жауапкершілігі жоғары. Полиция мамандығының атына кір келтірген емес. Бөлінген әкімшілік аумағында оны барлығы таниды. Бұндай жағдай қайталанса, тағы да еш ойланбастан көмек көрсетеді. Кез келген жерде қолынан келген көмегін аянбайды».

Ерлан Айтмұхамедовтің әкімшілік аумағында наркологиялық есепте тұратын, бұрын сотты болған азаматтар да бар.

«Барлығы басқармаға шақыртылып, саусақ іздері алынып, біздің тарапымыздан профилактикалық түсіндірме жұмыстары тұрақты түрде жүргізіледі. Ал, біздің физикалық дайындығымызды пысықтау үшін аптасына екі рет спорттық жаттығулар өткізіледі. Арасында тирға барамыз. Ол жақта нұсқаулық көрсететін мамандар бар. Қылмыс ашуға да атсалысамыз. Өзім тікелей ашқан қылмыстар бар. Бұл саланы таңдау себебім, өзіме қатты ұнайды. Нағыз жігіттің істейтін жұмысы», – дейді учаскелік полиция инспекторы.

Иә, ол жұмысын жанындай жақсы көреді, өзіне бөлінген учаскесін бес саусағындай жатқа біледі. Бұл сөзімізді жоғарыда аты аталған әріптестерінің сөзі дәлелдей түседі.

Азаматтармен қарым-қатынас берік болуы үшін жүйелі жұмыс керек. Немқұрайлы әрекеттің соңы қайғымен аяқталуы мүмкін. Мәселен, учаскелік полицей кез келген шақыртуға физикалық тұрғыдан дайын болып, сақтық шараларын да ойластырып баруы керек. Әйтпесе, неше түрлі пиғылдағы алуан түрлі адамдардан әрқандай сипатта қауіп төнуі бек мүмкін.

Ерлан Айтмұхамедовтің осындай ерлігі үшін Түркістан облысы ІІД-нің жеке құрам жиналысында кандидатурасы талқыланып, мемлекеттік наградаға ұсыну үшін ҚР ІІМ-не 01.08.2017 жылы №1-7-24-134/1820 хатымен жолданды. Содан ҚР Президентінің Жарлығымен «Ерлігі үшін» медалімен марапатталды.

БОЙЖЕТКЕНДІ ПОЙЫЗДАН АМАН АЛЫП ҚАЛҒАН ПОЛИЦЕЙ 

Осыдан тура бір жыл бұрын, яғни өткен жылдың наурыз айында Шымкенттің Еңбекші ауданына қарасты Кутузов-Қалмырзаев көшелерінің бойындағы темір жол маңында 17 жасар бойжеткен пойыз астында қалып қоюы мүмкін еді. Бірақ, Шымкент қаласы Полиция департаменті Еңбекші аудандық полиция басқармасы жергілікті полиция қызметінің учаскелік полиция инспекторы, полиция капитаны Жәнібек Темірдің дер кезінде оқиға орнынан табылып, жедел әрекет етуінің арқасында қыз аман қалды.

Мән-жайды ұғындыру үшін оқиғаның қалай басталғанын баяндайық.  Жәнібек Өмірбекұлы өзіне бөлінген әкімшілік аумақты тексеру барысында темір жол жанына бір көлік кеп тоқтағанын көреді. Көлік ішінде қыз бен жігіт  әңгімелесіп отырады. Сәлден соң қыз көліктен түсіп, темір жол жақтағы шарбақтан секіріп түседі.

– «Өтетін жол тұрғанда шарбақтан секіргені несі?» деп бақылап тұрдым. Ал, жігіт көлігін айдап кетіп қалды. Қарасам қыз пойыз жолға отырып алды. Біраздан соң пойыздың даусы шықты. Жалма-жан көліктен түстім де, қыз отырған жерге қарай жүгірдім. Артынан қызды басқармаға жеткізіп, бәрін баяндап, ата-анасын тауып, табыстадық, – деп еске алады батылдық танытып, жас қызды ажалдан арашалап қалған полиция капитаны Жәнібек Темір.

Ал, қыздың айтуы бойынша, ол жігітімен ұрсысып қалған. Оның үстіне жүйкесі сыр берген сияқты. Ашуланғанда тамағы қысылып, өз-өзін басқара алмай қалады екен. Оны құтқарып ІІБ-на әкелген соң жігіті де келіпті.  

Шымкент қалалық ПД учаскелік полиция инспекторы Жәнібек Өмірбекұлы ішкі істер органында 2013 жылдан бері қызмет етеді. Ел тыныштығын күзетіп, түрлі құқық бұзушылықпен күрес кезінде күн сайын сан мың қауіппен бетпе-бет келіп, күн-түн демей, мезгіл талғамай, ауа райына қарамай өз өмірін қатерге тігеді. Әрдайым елге қызмет етуді мақсат еткен маман ҚР ІІМ-нен «Құқық тәртібін қамтамасыз етуге қосқан үлесі үшін» Алғыс хаты және медалімен марапатталған. 

 ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН

Өз өмірін өлімге қию ешкімге абырой әпермесі анық. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, суицид дерегі бойынша Қазақстан Орта Азия елдері арасында алдыңғы орында тұр. Мамандардың айтуынша, қоршаған ортадағы түрлі құбылыстар мен  қақтығыстар суицидке тек түрткі бола алады. Өзөзіне қол жұмсау әрекеттерінің 90 пайызы психикалық денсаулықтың нашарлығынан. Әрине, бұл – өзге тақырыптың өзегіне арқау болар бөлек әңгіме. Біздің айтпағымыз, арамызда қоғамның басты байлығы – адам өмірін жантүршігерлік қадамнан сақтап қалған бейбіт күннің батырлары жүр. Олар өз ісін ерлік деп айтуға ұялады. Бірақ, Шымкент қаласы Полиция департаментінде қызмет ететін кәсіби және қайсар мінезді полицейлердің ерлігі, әрине, үлкен құрмет пен қоғамдық мойындауға лайық.

Мөлдір МАМЫРБАЙҚЫЗЫ, шолушы

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here