Миллионер байлығын неге кедейлерге таратып берді?

0
4805
Айықпас дертке шалдыққанға дейінгі өмір

Әли Банат – австралиялық кәсіпкер, миллионер, филантроп.  1982 жылы 16 ақпанда жасыл құрлықтың Гринакр қаласында жарық дүниеге келген. Дәулетті отбасынан шыққан. Әке-шешесінің көмегімен жастайынан кәсіпкерлікті бастаған. Кәсіптің көзін тапқан. Бұл «кедей – бай, бай – Құдай болсам» дейтін заман ғой. Кәсіпкерлікте тасы өрге домалаған Әли Банат та миллионерлерше өмір сүрген. Қолына 60 мың доллардың сағатын таққан, астына 600 мың доллардың көлігін мінген, 6 млн доллардың хан сарайдай зәулім үйінде тұрған. Яғни, ішкені алдында, ішпегені артында болған. Сөйтіп, жалғанды жалпағынан басқан. Бірақ, бір күнде оның өмірі 180 градусқа күрт өзгерген.

Айықпас дертке шалдыққаннан кейінгі өмір

Иә, Әли Банатты өткен шақта айтып отырмыз. Өйткені, шыққан тегі палестиналық Австралия азаматы 33 жасында қатерлі ісік ауруынан қайтыс болды. Дегенмен, қамшының сабындай қысқа болған ғұмырының соңғы жылдарын мәнді өткізді. Бар байлығын мұқтаж жандарға таратып берді. Осылайша, оның артында өшпейтін өнегесі қалды.

Тарқатып айтайық. 2015 жылы 30 жастағы табысты кәсіпкер дәрігерлерден обыр ауруына шалдыққаны жөнінде жайсыз хабарды естиді. Ақ халатты абзал жандар жеті ай ғана өмірі қалғанын да жасырмай айтады. Басқалар сияқты бар байлығын ғұмырын ұзарту үшін қымбат емге жұмсауға болатын еді. Бірақ, санаулы қалған ғұмырын құлшылықпен өткізіп, халықтың алғысын алуға жұмсайды.

«Бұл өмірге қалай келсең, жалғаннан солай өтесің. Ол жақта қасында әкең де, шешең де, бауырың да, досың да болмайды. Жинаған байлығың да қалады. Артымызда қалатыны – өнегелі ісіміз ғана», – деген миллионер «Muslims Around the World» (Әлемнің барша мұсылмандары) атты қайырымдылық қорын құрады. 30 жасқа дейін жиған-тергенін қайырымдылық қорға аударады. Кәсіпкер бастамасына басқа да қалталы азаматтар үн қосады. Қорға материалдық қолдау көрсетеді.

Әли Банат пендеде ажалға қарсы тұрар күш жоқ екенін ұғынып, өмірі үшін күреспейді. Ауруханаға жатпайды. Күш-қуаты сарқылмай тұрғанда жасыл құрлықтан қара құрлыққа аттанады. Алыстағы Африка халқының тұрмысын түзеуге атсалысады. Оның қайырымдылық қоры кедей елдерде ондаған мешіт, мектеп, аурухана салды. Бір жұтым суға зар болғандардың мәселесін шешті. Жетімдерді де елеусіз қалдырмады.

Айықпас ауруға шалдыққанын естігенде Әли Банаттың салы суға кетпеген. Керісінше «Обыр – Алланың маған жіберген сыйы. Жаратқан осылайша маған өмірдің шын мәнін ұғындырды, көзімді ашты» деп қабылдаған екен. Содан ақтық демі таусылғанша мұқтаж жандарға қол ұшын созды. Қымбат мүліктерін кедейлерге таратты.

Өмірінің соңғы күндері төсек тартып жатып қалды. Сонда да халықты мейірімділікке, қайырымдылыққа шақырған видеолар түсірді.

Халықтың ықыласына бөленген Әли Банат дәрігерлер айтқан жеті айдың орнына аурумен арпалыспай-ақ үш жыл мәнді ғұмыр кешті. 2018 жылы 29 мамырда 33 жасында өмірден өтті. Қасиетті Рамазан айында денесі жер қойнына тапсырылды. Онымен қоштасуға Сиднейге әлемнің әр түкпірінен бейтаныс ондаған адам келді.

Жарқ етіп шығып, ерте сөнген жұлдыз Әли Банаттың осылайша, Абай айтқандай, артында өлмейтін сөзі, өшпейтін көзі қалды.

Мадияр ӘЗИЗҰЛЫ, «Qazaq» газетінің шолушысы

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here