Өз мектебінің сайтын жасаған 7-сынып оқушысы

0
1593

Қазіргі білім мен ғылым дамыған заманда өскелең ұрпақтың пайдалы өнертабыстары өте көп. Ауданымызда да талантты жастар аз емес. Солардың бірі Брижанов Тимур  Ж.Сыдықов атындағы орта мектептің 7 «б» сынып  оқушысы.

Ол 2020-2021 оқу жылынан бастап Ж.Сыдықов атындағы орта мектептің сайтын құрастырып жасауды қолға алды.  Мектептің сайты  қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде жасалған. Бұл сайтта «Біздің мектеп», «Байланыстар», «Галерея» сияқты бөлімдер бар. Сайттан оқушылар мен ұстаздар мектептің тыныс-тіршілігімен таныса алады. Мектепте болып жатқан соңғы жаңалықтар жарияланып тұрады. Мектеп директорының байланыс телефондарымен қатар, мектептің әлеуметтік желідегі аккаунттарына сілтеме жасалған.

«Бұл сайттың пайдасына келер болсақ, мектепке жаңадан келетін оқушылар болса, мектеп туралы толық ақпарат алуға мүмкіндік бар.  Болашақта онлайн кітапхана құру жоспарда бар. Мектептің сайтына QR код арқылы кіру жоспарланып отыр. Сонымен қатар сайтқа оқушылар мен ұстаздарға арналған чат құру жұмысы жүргізілуде», – дейді жас өнертапқыш.

Сонымен қатар, жас өрен осы жобасымен 2020-2021 оқу жылында аудандық «Менің Отаныма – менің бастамам» шығармашылық жобалар байқауында «Медиа жобалар» бағыты бойынша жүлделі І орын иегері.

Облыстық «Менің Отаныма – менің бастамам» шығармашылық жобалар байқауында «Медиа жобалар» бағыты бойынша жүлделі ІІ орын иегері атанды.

«Брижанов Тимур біздің мектептегі дарынды оқушылардың бірі. Ол мектеп сайтын құрастырып жасауда. Сонымен қоса санитарлық авиация саласында қолдану үшін тікұшақ макетін құрастырды. Осы жобасымен 2021-2022 оқу жылында «Ұлы өнертапқыштыққа алғашқы қадам» инновациялық идеялардың облыстық байқауынан «Авиация саласындағы жобалар» номинациясы бойынша жүлделі 1 орын иегері атанып, республикалық байқауға жолдама алды. Тимурдың алар асулары, шығар белестері көп екеніне сенімдімін», – дейді жетекшісі информатика пәнінің мұғалімі Құлынбаева Гүлжан Жұмашқызы.

Шындәулет Мағжан Мақсатұлы, Ақсу ауданы әкімінің баспасөз хатшысы

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here