Білікті педагог – мемлекеттің ертеңгі тұтқасы

0
1240

«Мен үшін жақсы мұғалім бәрінен де артық, өйткені мұғалім мектептің жүрегі», – деп ұлы педагог Ыбырай Алтынсарин айтқандай, мұғалім мамандығы қай заманда да болмасын өзекті. Өйткені, болашақ ел мен жердің тағдыры, ертеңгі ұрпақтың қолында десек, сол ұрпақтың ел тұтқасын ұстар азамат болып қалыптасуы, туған отанының ата-дәстүрімен келген құнды жәдігерлерін жұдырықтай жүрегіне сыйдыра алуы өзіне тәлім беретін ұстаздар қауымының еңбегіне тікелей байланысты. Мәселен, ұстазды ағашты күтіп-баптайтын бағбан десек, сол кішкентай шыбықтың зәулім ағаш болып жеміс беруі немесе түзу әрі көрікті болуы сол бағбан еңбегінің нәтижелі жұмысына тәуелді. Міне, сондықтан ең алдымен мемлекет ертеңі болатын ұрпақты ізгілікке тәрбиелейтін мұғалім мамандығын таңдаған жан өте білімді де білікті болғаны дұрыс. Дана халқымыздың «Ұстазы жақсының ұстамы жақсы» деген даналық сөзі бекерге айтылмағанын осы мәселелерге қарап ұғынасың.

Тәуелсіздік жылдарында қазақ білімінің қарыштап дамып, заман сұранысына қажетті мамандар даярлау үшін көптеген мемлекеттік бағдарламалар қолға алынды. Тәуелсіз Қазақстанның өзіндік білім жолы қалыптасты. Міне, осыншама табандылықпен өмірге келген бұл бастаманы ұдайы жаңартып, заман талабына сай етіп жүйелеп отыру ендігі жерде еліміздің білім саласына артылған аса жауапты міндет. Сондықтан да, бүгінгідей көз ілеспес жылдамдықпен дамыған әлем бұл істе аса қырағылықты қажет етеді.

Бұл жауапты міндеттен еліміздегі педагогикалық жоғары оқу орындарының ұстаханасы, қазақ білімінің қара шаңырағы – Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті де тысқары қалған емес. Кезінде күллі қазақтың жүрегінің төрінен орын алған тау тұлғалы азаматтарымыз қалыптастырған бұл оқу орны қашанда үздіктер қатарынан табылу үшін аянбай еңбек етуде. Өздеріңіз білетіндей, ҚР Білім және ғылым министрлігінің бастамасымен өмірге келген дуальды оқыту бағдарламасын алғашқылардың бірі болып біздің университетіміз қолға алды. Алғашында мүмкін емес бастама болып көрінгенімен, биыл үшінші жыл қатарынан бұл бағдарлама жемісті нәтижесін беріп келеді.  Біріншіден, мектеп пен университет арасында терең әріптестік байланыс орнатылды. Әрине, бұл мектеп бағдарламасына сай жазылатын оқулықтарды да қамтып отыр. Екіншіден, мектепке педагогикалық практикаға барған білім алушылар практика барысында  білікті мұғалімдерден тәжірибе жинақтап қана қоймай, үздік сабақтар үлгісін көрсетіп, нәтижесінде сол мектеп әкімшілігінің сұранысы бойынша сол жерде жұмысқа қалып отыр. Бұл да мемлекет тарапынан біздің студенттерімізге жасалып отырған үлкен қамқорлық.

Биылғы оқу жылының қарсаңында біз «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығымен әріптестік орнату мақсатында екі жақты меморандумға қол қойдық. Осы меморандумның негізінде биылғы мектептен іс-тәжірибеден өтетін студенттерімізге «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығының мамандары «Жаңартылған білім мазмұнында» үш апталық дәрістер курсын өткізді. Сонымен қатар, 4-курс студенттеріне арналған «Жаңартылған білім беру мазмұны бойынша дуальды оқытуды ұйымдастыру үшін педагогикалық мамандықтардың бітіруші курс студенттерін даярлау» бойынша 72 сағаттық қазақ және орыс тілдерінде біліктілікті арттыру курстарының бағдарламасы даярланды. Үш апталық курста «Өрлеу» мамандары «Критериалды бағалаудың қағидаттары мен құрылымы», «Форматиті бағалаудағы рефлекция және кері байланыс әдістері», «Тоқсан бойынша жиынтық бағалауға арналған тапсырмаларды әзірлеу»,  «Эссе: шеберлік пен үйлесімділік», «Ғылыми жоба әзірлеудің тиімді тәсілі» тақырыптарында дәрістер оқып, студенттермен практикалық жұмыстар жүргізді.

Сондай-ақ университетімізде профессор-оқытушыларымыздың біліктілігін арттыру жолында жазғы және қысқы мектеп жұмыстары жүйелі жолға қойылған. Бұл аталған мектепте оқытушыларымыз білікті мамандардан өздерінің білімдерін жетілдіріп, цифрлық сауаттылықтарын жетілдіру үстінде. Мәселен, біз жаңа оқу жылы қарсаңында жазғы мектепте ұйымдастырылған «Сандық педагог-2» екі апталық курсынан цифрлық сауаттылығын жан-жақты дамытқан оқытушыларымыз студенттердің  қысқы емтихан сессиясын өте жоғары деңгейде ұйымдастыра білді.

Біздің университетіміздің ең басты жаңалығы ол биылғы оқу жылында қабылданған 2022/2025 жылға арналған университетті дамыту стратегиясы. Бұл стратегия алдағы уақытта оқу орнының даму бағытын айқындайды.

Бағдарламалық құжаттың «ABAI UNIVERSITY – АКАДЕМИЯЛЫҚ ШЕБЕРЛІК ОРТАЛЫҒЫ» деп аталатын тармақшасында көрсетілгендей, біз алдағы үш жылдықта оқу орны өзінің негізгі құзыретін педагогика, оқыту әдістемесі, оқыту технологиясы саласындағы перспективалы құзыреттерді анықтай алатын және инновациялық білім беру бағдарламаларын әзірлей білетін жетекші білім ордасына айналдыруымыз қажет. Өздеріңіз білетіндей, осыдан үш жыл бұрын «Педагог мәртебесі туралы» Заң қабылданды. Ол тек педагогтардың мәртебесін ғана анықтап қоймайды, жалпы мұғалім мамандығын бітірген студент білім мен ғылымның соңғы үлгідегі жетістіктерімен жан-жақты қаруланған бәсекеге қабілетті маман болуын талап етеді. Сондықтан біз осы стратегиялық бағытта көрсетілгендей, мектеп пен университет арасындағы әріптестік байланысты одан әрі жетілдіре түсеміз. Әсіресе, білім алушы студенттерімізге арналған білім бағдарламаларын жасауда орта мектепте қолға алынып отырған жаңартылған мазмұндағы бағдарламамен тығыз ұштастыру жұмыстарын одан әрі жалғастырамыз. Қазіргі таңның өзінде біздің университетіміз мектеп мұғалімдерін қайта даярлау жұмыстарын жемісті атқарып келеді. Алдағы уақытта бұл тек орта мектеп көлемінде ғана емес, жоғары оқу орындарының да оқытушылары түгел қамтылатын болады.

Қазіргі таңда университетіміз Білім және ғылым министрлігі бастамасымен қолға алынған «Орта білім беруді жаңғырту» жобасында «Педагогикалық білім беру әлеуетін күшейту» бөлімі аясында педагог кадрларды даярлаудың 30-дан астам жаңа білім беру бағдарламасын әзірлейді. Академиялық ұтқырлық орталығының мемлекеттік қаржыландыру бағдарламасы аясында педагогикалық білім бойынша көптеген инновациялық бағдарламаларды жүзеге асыруда.

2025 жылға қарай аккредиттелген бағдарламалар санын 35 бірлікке ұлғайту жоспарланып отыр. Университет алдағы уақытта қосарланған білім бағдарламалары бойынша арнайы және пәндік құзыреттерді алу, оқыту тілін таңдау, оқытудың жеке траекториясын таңдау мүмкіндіктеріне жол ашып, оны жан-жақты дамытатын болады. «Мансап» орталығының жұмысы бойынша еліміздегі жалпы білім беретін мектептерімен байланыс желісі орнатылып, студенттердің жұмысқа қабылдануы жүйелі жолға қойылады. Университет Major-Minor және Double Major схемасы бойынша бағдарламалар пулын кеңейтеді, 2025 жылға қарай ШЖМ мұғалімдерін даярлау үшін олардың үлесі тиісінше 25 пайызға дейін арттырады. Дуальды оқыту бағдарламасы бойынша алдағы уақытта тек Алматы қаласының мектептерімен ғана емес, еліміздің барлық мектептерімен әріптестік аясы кеңейетін болады.

Әрине, дуальды оқыту бағдарламасы аясында өткізген үш жылда біз теориялық білім мен практиканы ұштастыруда көптеген нәтижеге қол жеткіздік. Білім алушыларымыздың сапалы маман болып қалыптасуы үшін мектеп басшылығымен бірлесе отырып көптеген әдістемелік семинарлар, вебинарлар өткіздік. Практика барысында студентке бағыт-бағдар беру үшін университет пен мектеп әкімшілігі бірлесе отырып оларға жауапты жетекші мамандар тағайындады. Бұл практикантты кәсіби құзреттілікке шыңдауға, мектеп мұғалімі мен университет оқытушысының бірлесіп жұмыс атқаруына жол ашты. Сондай-ақ, университетіміздің профессор-оқытушылары жыл сайын мектепте 30 сағаттық жұмыс атқаруын жолға қоя білдік. Осының негізінде біздің оқытушыларымыз қазіргі таңда мектепте ұйымдастырылатын көптеген ғылыми жобаларға жетекшілік етіп, оқушылар мен мектеп мұғалімдеріне әдістемелік көмек беруде. Ал, стратегияда көрсетілгендей, биыл біз тың бастаманы қолға алғалы отырмыз. Ол Алматы қаласындағы 3-4 мектеп пен колледжін және балабақшаларды сенімгерлік басқаруға алып, олардың материалдық-техникалық базасының жабдықталуына қол ұшын созып, оқу-әдістемелік көмектер көрсету басты жоспарымызда. Бұл біздің практикаға баратын студенттеріміздің іс-тәжірибемен жан-жақты шұғылдануына да өз септігін тигізетін болады.  

Жалпы алғанда келешек тек білім бәсекесінің бәйгеге түсетін уақыты. Ғасырға жуық тарихы бар қара шаңырақтың жүріп өткен даңқты жолын заманауи талаптармен жабдықтап, білім көшінің негізгі тірегіне айналдыру жолында аянбай еңбек ету басты міндетіміз.

Мақтағали Бектемесов,
Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің
Академиялық мәселелер жөніндегі проректоры,
физика-математика ғылымдарының докторы, профессор

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here