Сүйінші! Туған ауылында Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының музей-үйі салынады

0
1684

Ахмет Байтұрсынұлы жерлестерінің «тойдан естелік болып қалатын Ахаңның музей-үйі салынса…» деп айтқан тілегін жергілікті атқамінерлер естісе керек. Өйткені, Қостанай облыстық Мәдениет басқармасының басшысы Ерлан Қалмақов бұл күндері аталған музей-үйді салуға құрылыс жұмыстарына конкурс өткізіліп жатқанын хабарлады.

«Жуырда мердігер анықталып, музей-үйдің құрылысы басталады. Бұл қаңырап тұрған бос үй болмайды. Ішіне жабдықтар, Ахмет атамыздың өмірі мен туған жеріне байланысты естеліктерден хабардар беретін дүниелер қойылады», – деп сендірді Ерлан Болатұлы.

Басқарма басшысының айтуынша, құрылыс жұмыстары қыркүйек айына дейін аяқталады.

Ерлан Қалмақов Ахмет Байтұрсынұлының туған үйінің бұзылуына қатысты өзінің пікірін де білдірді. 

«Бір нәрсені анықтап алуымыз керек. Бұл Ахмет Байтұрсынұлының дәл туған үйі емес. Ол туралы тарихи нақтыланған ақпарат та жоқ. 2009 жылы Сарытүбек қонысындағы ескі үйлердің негізінде «Шамамен осы Ахметтің үйі болуы керек-ау» деген көпшіліктің ықыласымен көтерген үй. Ол үй ауылдың әкімі және тұрғындардың көмегімен салынған», – деп түсіндірді Ерлан Болатұлы.

Айта кетейік, 2021 жылы 21 қарашада ЮНЕСКО-ның 41-ші Бас конференциясының арнайы қарарымен 2022-2023 жылдарға арналған халықаралық мерейтойлар тізімі қабылданып, оған Қазақстанның ұсынысымен Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығы мен Роза Бағланованың 100 жылдығы енді. Осыған байланысты Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығын өткізу жөніндегі Жалпыреспубликалық жоспар әзірленді. Аталған жоспардың жобасында 63 пункттен тұратын түрлі бағыттағы іс-шаралар қарастырылған.

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here