Қазақстандағы аграрлық білім беруді дамытудың басымдықтары

15
2818

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың  «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауы алдымызға биік мақсаттар қойып отыр. Құжаттың негізгі бөлігі еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына арналған. Бұдан басқа да халықтың көкейінде жүрген көптеген мәселелер қамтылған. Ауқымы кең, мазмұны да бөлек.

Мені ең алдымен, ЖОО ұстазы, академик ретінде ғылым мен білім саласындағы реформалық бастамалар ерекше қуантты. Жоғары білім беру саласы – ұлт сапасын жақсарту ісінде аса маңызды рөл атқарады. Біздің күшіміз – жастардың білімінде.     

Жоғары білім беру сапасының артуына орай, білім алу ақысы да өсетіні белгілі. «Сондықтан, –  деді Президент, – мемлекет ҰБТ нәтижелері мен өзге де көрсеткіштерге байланысты 30-дан 100%-ға дейін сараланатын білім гранттарын бөлуді жоспарлап отыр. Оқуға жылдық 2-3% пайызбен жеңілдетілген несие де беріледі. Бұл шаралар жоғары білімді мейлінше қолжетімді етеді, сондай-ақ қоғамдағы серіктестік пен өзара жауапкершілік идеологиясын нығайтады».

Жолдауда айтылған бұл ұсыныстар еліміздегі әрбір студент үшін де үлкен қолдау болмақ. Студенттерді жатақханамен қамтамасыз ету үшін ЖОО-лар мен құрылыс компанияларының мемлекеттік-жекеменшік серіктестік орнату тәсілі енгізілмек. Сол сияқты, әлеуметтік тұрғыдан аз қамтылған санаттағы студенттер үшін пәтер жалдауға кететін шығынды субсидиялау бұрын-соңды болмаған қадам.

Екінші бір маңызды мәселе – Қасым-Жомарт Кемелұлы экономикамыздың әлі де шикізатқа тәуелді екенін, еңбек өнімділігіның төмендігін, инновацияның жеткіліксіздігін айта келіп, ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемін және оның қосымша құнын арттыру қажеттігін де атап өтті.  

Айта кету керек, ауылдық жерлерде 1,6 млн адам өзін-өзі жұмыспен қамтығандар болып саналады. Сондықтан, жеке қосалқы шаруашылықтарды дамытуда жайылымдық және шабындық жерлердің тапшылығы, азықтың экономикалық қол жетімсіздігі, өсірілген өнімді әділ бағамен сату, материалдық-техникалық ресурстармен қамтамасыз ету, сервистік қызметтер көрсету және басқа да маңызды мәселелер шешілмеген күйінде қалып отыр.

Қазақстан астық пен ұнды ірі өндірушілердің қатарына кіреді, орта есеппен соңғы жылдары топырақ-климаттық жағдайларға байланысты 7 млн. тоннаға дейін бидай, 1 млн. тоннадан астам майлы дақылдар және т.б. экспорттайды. Алайда, Мемлекет басшысы атап өткендей, ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспорты шикізаттық бағытқа ғана ие. Сондықтан, жоғары қосымша құны бар дайын өнімдерді шығаруды ұлғайту қажет.

«Бұл – стратегиялық міндет. Қазір тек бидай мен мал сатып отыратын заман емес. Үкімет агроөнеркәсіп саласын субсидиялаудың ұзақ мерзімге арналған жаңа тәсілдерін әзірлеуі тиіс. Бюджет қаражатының қайтарымы болуы керек. Субсидия бөлуге және оның жұмсалуына жүргізілетін бақылауды күшейту керек»  – деді  Президент.

Қазіргі кезеңде Қазақстанның агроөнеркәсіптік кешенінде мынадай проблемалар бар. Бұл: техникалық жарақтандырудың жеткіліксіздігі және өндіріске нашар енгізілуі, тиімді агротехнологиялар трансферті мен олардың шағын және орта шаруашылықтар үшін қолжетімсіздігі; ресурстық әлеует, оның ішінде жер, су, еңбек ресурстарын тиімсіз пайдалану. Ғалым-аграном маман ретінде бұл саланы өте жақсы білетіндіктен, әр өңірдің ерекшелігін ескере отырып, Жолдауда айтылғандай, ауыл шаруашылығына қаржы бөлуді арттыру, тиімді қолдану мен инновациялық озық технологияларды жеделдетіп енгізу  туралы тапсырманы өте оңды шешім деп санаймын, әрі қолдаймын.

Өздеріңіз жақсы білесіздер, Ата заңымызда жер мен табиғи ресурстар халықтың меншігі деген басты қағидат бекітілген. Бұл – жай сөз емес. Бұл – барлық тіршіліктің арқауы. Өкінішке орай, республикамыздың ұлан-ғайыр жер ресурстары дұрыс пайдаланылмай отырғаны шындық. Қазір ауыл шаруашылығына арналған жер туралы толыққанды ақпарат жоқ. Игерілмей жатқан немесе заңсыз берілген жер көлемі 10 миллион гектарға жуықтайды екен. Мемлект басшысы Үкімет пен әкімдіктерге келесі жылдың соңына дейін осы жерлерге қатысты нақты шешім қабылдау туралы тапсырма берді. Өте дұрыс. Бос жатқан жерлер халыққа қызмет етуі тиіс!

Жерге түгендеу жүргізудің құқықтық және әдістемелік негізін жетілдіру, жер кадастрын цифрландыру және Жерді пайдаланудың ғарыштық мониторингіне көшу процесін жеделдету қажет. Атап айтқанда, Қазақ Ұлттық аграрлық зерттеу университетінің ғалымдары ҚР АШМ тапсырысы бойынша Қазақстанның ауыл шаруашылығы жерлерінің интерактивті геоақпараттық картасын әзірледі.

Ел экономикасын тұрақты дамытуға су тапшылығы қатты кедергі болып отырғаны да белгілі. Жыл сайынғы 100 км3 өзен ағынының тек 56,5 км3 – і республика аумағында қалыптасады, ал қалған көлемі Қытайдан – 18,9 км3; Өзбекстаннан – 14,6 км3; Қырғызстаннан – 3,0 км3; Ресейден-7,5 км3 келеді.

Сол судың өзін тиімсіз пайдалану жағдайы орын алып отыр.  Бұл жағдайда Қазақстан үшін трансшекаралық өзендердің суларын пайдалану, оларды шектес мемлекеттермен халықаралық құқық және өзара ынтымақтастық қағидаттарында бөлу мәселесі тұр.

Бұл салада білікті мамандар шешетін басқа да мәселелер көп. Атап айтқанда, инфрақұрылым әбден тозған. Сондай-ақ, автоматтандыру және цифрландыру деңгейі төмен. Ғылыми негіздемелер өндіріске дейін жетпейді, білікті су мамандары тапшы. 

«Бұл мәселелерді шешу үшін Үкімет жанындағы Су кеңесінің жұмысын жандандыру қажет, білімді сарапшыларды жұмысқа тарту керек. Қажетті мамандарды даярлау үшін бұл саладағы іргелі әрі мықты жоғары оқу орнын анықтаған жөн. Су саласын дамытудың үш жылдық жобасын әзірлеу керек» деген Президенттің тапсырмасы осы мәселені нақты шешуге бағытталған. 

Республикадағы су ресурстарын басқару жөніндегі жоғарыда аталған проблемаларды шешу үшін Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің базасында АДБ, ҚР АШМ, ЮНЕСКО қолдауымен Халықаралық зерттеу орталығы – Су хабы құрылды. Оның миссиясы Қазақстан мен Орталық Азияның су қауіпсіздігін қамтамасыз ету проблемаларын шешу үшін су шаруашылығы салаларындағы үздік инновациялық технологияларды, жаңа білімдерді іздестіру және трансферттеу, оларды жергілікті жағдайларға бейімдеу, барлық су айдаушы ғалымдардың, халықаралық сарапшылардың күш-жігерін шоғырландыру болып табылады.

Су хабының құрамына: «Су ресурстары және мелиорация» кафедрасы, 14 зерттеу зертханасы, «Ақылды су» Қазақстан-Американдық зерттеу орталығы, Су проблемалары және халықаралық су ынтымақтастығы ғылыми-зерттеу институты, Гидротехниктердің біліктілігін арттыру институты кіреді.

Осылайша, университетте елдегі су ресурстарын басқару бойынша мамандарды даярлау үшін барлық қажетті жағдайлар жасалған.

Су шаруашылығы мамандарын даярлауға келсек,  «Су ресурстары және суды пайдалану» бағыты бойынша білікті мамандарды дайындайтын жетекші оқу орны болып табылатын Қазақ Ұлттық аграрлық зерттеу университетінің базалық мүмкіндігін пайдалануды ұсынамын.

ҚазҰАЗУ базасында Варшава жаратылыстану ғылымдары университетімен (Польша) «IT-технологияларды қолдану арқылы су ресурстарын басқару» атты қос дипломдық магистратура бағдарламасы жүзеге асырылуда. Су ресурстары және суды пайдалану бойынша білім беру бағдарламалары жыл сайын АРТА мен БСҚҚТА ұлттық рейтингінде бірінші орындарды иеленіп келеді.  Бүгінде бұл факультетте 300-ден астам студент, 58 магистрант және 19 докторант білім алуда. Профессорлық-оқытушылық құрамның 83%-ы ғылыми дәрежелерге ие. Яғни, еліміздегі аграрлық білім беруді дамытуға қажетті ғылыми күш-қуат жеткілікті.

Жолдауда айтылған ұсыныстар мен тапсырмалар жалпы халықтың қолдауымен ғана жүзеге аспақ. «Жаңа Қазақстан» құру мәселесін жай сөзбен жеңіл айта салуға болмайды. Бұл құқықтық, саяси теңдік, тіпті ұлттық қауіпсіздік тұрғысынан жасалған жауапты қадам деп есептейміз. Мұны барша қоғам өкілдерімен қатар, университет ұстаздары мен студенттер де жаңа реформаларға жол ашатын тың бастамалар екенін түсініп, қолдауға дайын.

Тілектес ЕСПОЛОВ, ҚР ҰҒА академигі

15 Пікір

  1. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2022 жылғы 1 қыркүйектегі «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Қазақстан халқына Жолдауында қазіргі таңда ауыл шаруашылығын дамыту – негізгі проблеманың бірі екендігін атап өтті. Бұл саладағы жағдай еліміздің азық-түлік қауіпсіздігіне тікелей әсер ететіндігін, ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемін және оның қосымша құнын арттыру қажеттігіне назар аударып, ол стратегиялық міндет екендігін айқындады. Тағам қауіпсіздігі – ұлт саулығының негізі, айнымас бір тетігі. Оқу ордамыз жыл сайын осы салаға қажетті білікті, бәсекеге қабілетті мамандарды даярлауда. Білімгерлер оқу үдерісінде тәжірибеге бағытталған практикалық сабақтары ірі ішкі сауда объектілерінің зертханаларында, ғылыми зерттеу орталықтарында, ҚР АШМ Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетіне қарасты зертханаларда, ет-сүт өндіріс орындарында, Қазақстан Жапон инновациялық орталықтарында жүргізіліп, өндірістік тәжірибеден өтеді. Сонымен қатар, Вагенинген университетімен бірлесіп даярланған «Ветеринариялық қауіпсіздік және тағам технологиясы» инновациялық білім беру бағдарламасы бойынша ағылшын тілінде студенттер білім алып, болашақ білікті мамандар даярлануда. ҚР БжҒМ гранттық қаржыландырылатын «Ветеринариялық қауіпсіздік» басым бағыты бойынша ғылыми жобалар орындалуда, магистрлік, докторлық диссертациялар даярлануда.

    Жолдаудың екінші бағдарында осы мәселемен қоса, агроөнеркәсіп саласын субсидиялаудың ұзақ мерзімге арналған жаңа тәсілдерін әзірлеуге тиіс екендігін атап, мал басының шамамен 25 пайызға көбейгенін, әр өңірдің ерекшелігін ескере отырып, оң тәжірибені бүкіл елге біртіндеп тарату қажеттігін, осы салада озық технологияларды қолдану керектігіне назар аударды. Барлық аграрлық салалар бойынша университетіміздің сарапшы ғалымдары «Агродаму» кеңес беру платформасында үздіксіз онлайн/офлайн форматта фермерлерге, мамандарға кеңес беріп, тәжірибелік семинарлар өткізіп, біліктілікті көтеру курстарын оқытуда, ғылыми-зерттеу жұмыстарының нәтижесімен бөлісуде.
    Мемлекет басшысы Жолдау барысында қазіргі таңда ауыл шаруашылығына арналған жер туралы толыққанды ақпараттың жоқтығы, жердің құнары, су ресурсы мен суару жүйесі және оның жолдары жайлы мәліметтердің жинақталмауы, су тапшылығы туралы өзекті мәселелерді көтерді. Аталған мәселелерді шешуге университет құрамындағы Халықаралық Су ХАБы, Агротехнологиялық ХАБ, «Су мәселелері мен жерді мелиорациялау» ҒЗИ, «Тұрақты егіншілік» орталығы жұмыс жасайды. Аталған орталықтар мен зертханаларда жоғарыда көрсетілген мәселелер бойынша заманауи қондырғылар мен технологияларды пайдаланып, республикалық және халықаралық деңгейдегі ғылыми жобалар орындалуда, Варшава жаратылыстану ғылымдары университетімен (Польша) «IT-технологияларды қолдану арқылы су ресурстарын басқару» атты қос дипломдық магистратура бағдарламасы жүзеге асырылуда, білікті мамандар даярлануда.

    Жолдаудың үшінші бағдарында Президент, білім беру жүйесі туралы – бұл сала ұлт сапасын жақсарту ісінде аса маңызды рөл атқаратынын басып айтты. Өз сөзінде «Отандық жоғары оқу орындарының білім сапасы артқан сайын ондағы оқу ақысы да өсе түседі. Сондықтан мемлекет ұлттық бірыңғай тестілеудің нәтижесіне және басқа да көрсеткіштерге байланысты білім беру гранттарын әртүрлі деңгейде бөлуді жоспарлап отыр. Оның көлемі 30-дан 100 пайызға дейінгі аралықта болады. Білім алуға жылдық өсімі 2-3 пайыз болатын жеңілдетілген несие де беріледі. Бұл шаралар жоғары білімнің қолжетімділігін арттырып қана қоймай, қоғамдағы әріптестік және өзара жауапкершілік қағидатын нығайта түседі» деп мәлімдеді.

    Біз, Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің жас ғалымдары мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Жолдауында айтылған бастамалар мен ұсыныстарды қолдаймыз, өз бағытымыз бойынша көтерілген өзекті мәселелерді шешуге ат салысып, ұлт саулығын сақтауда, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуде сапалы, тың ғылыми зерттеу жұмыстарымыздың нәтижелерін ұсынуға дайынбыз.

  2. Президентіміз өзінің жолдауында еліміз үшін, ел болашағы үшін өзекті мәселелердің барлығына дерлік тоқталып өтті. Президентімізді толықтай қолдаймын.

  3. Президентіміздің жолдаған еліміздің болашағы үшін игі-бастамаларының өзекті мәселелерінің жүзеге асырылуын қолдаймыз.

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here