Зор мүмкіндіктер алаңы

0
969

Болашақта Қазақстанның әлемнің өркениетті де алдыңғы қатарлы дамыған мемлекеттерінің қатарына енуі үшін еліміздегі білім беру жүйесінің қазіргі заман талабына сай сапалы болуы аса маңызды. Демек, ол үшін қазіргі таңда республикамыздағы жоғары білімді мамандар даярлайтын ЖОО-ларының оқыту үдерісі мен білім сапасы жағынан әлем университеттерімен терезесі тең келіп, жаһандық бәсекеге қабілетті болуы қажет. Осы орайда, біз бүгін Қазақстанның сексен сегіз жылдық бай тарихы бар, республикамыздың жоғары білім беру жүйесінің тірегі, білікті мамандар ордасы – әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті жөнінде сөз қозғамақпыз.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ республикамыздың ЖОО-ларының ұлттық рейтингі нәтижесі бойынша отандық білім ордаларының көшбасшысы болып табылады. Аккредиттеу және рейтинг тәуелсіз агенттігінің (IAAR) «Қазақстанның сұранысқа ие жоғары оқу орындары – 2021» атты арнайы рейтингінің нәтижесінде еліміздің ең үздік университеттерінің тізімі жасалды. Берілген рейтинг бойынша Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ең жоғары көрсеткіштерге ие болып, еліміздегі жетекші жоғары оқу орны болып анықталды.

Сондай-ақ, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Қазақстанның жоғары оқу орындары арасында ғана емес, әлемдік аренада да өз позицияларын нығайтып, 2022 жылғы Quacquarelli Symonds World University Rankings (QS WUR) халықаралық рейтингінің қорытындылары бойынша әлемнің ең үздік 200 ЖОО-лары ішінде 150-орынды иеленді.

Университеттің әлемдік деңгейдегі жетістіктерін атай отырып, соңғы жылдары ҚазҰУ мен шетелдің беделді жоғары оқу орындары және зерттеу орталықтары арасында білім және ғылым саласындағы халықаралық ынтымақтастықтың одан әрі нығайып жатқандығын  ерекше атап өткен жөн. Мәселен, қазіргі таңда университет келесідей халықаралық ұйымдардың мүшесі болып табылады: Халықаралық университеттер қауымдастығы, Еуропалық инженерлік білім беру қоғамы, Техникалық тәжірибемен алмасу халықаралық қауымдастығы және Үнді-АҚШ инженерлік білім беру ынтымақтастығы. 

Мемлекетіміздегі жетекші білім ордасының қол жеткізген маңызды жетістіктері жөнінде айта берсек, мұндай табысты нәтижелер мен жеңістердің қатары тіптен көп. Солардың ішінде университеттің халықаралық деңгейде үлкен мәні бар маңызды жетістігі – оның Орта Азия университеттері арасында бірінші болып БҰҰ-ның «Академиялық әсер» (UNAI) бағдарламасына қосылып,  БҰҰ-ның халықаралық деңгейде мойындалған 10 қағидатын қолдауға бағытталған тұрақтылық бойынша UNAI-дың жаһандық орталығына айналғандығы. Соның нәтижесінде ҚазҰУ Қазақстандағы БҰҰ Ақпараттық кеңсесімен бірлесе отырып, университет студенттері жетекшілік ететін «БҰҰ моделі – Жаңа Жібек жолы» атты арнайы бағдарламаны құрды. 

Елімізде мемлекет ішіндегі іргелі зерттеу бағдарламаларының жалпы санының елу пайызы жүзеге асырылатын ҚазҰУ-дың жиырма зерттеу институттары мен ғылыми орталықтары бар.  Соңғы жылдары тек отанымыздың шеңберінде ғана емес, ғаламдық білім беру кеңістігіндегі әл-Фараби атындағы ҚазҰУ рөлі артып, білім ордасының әлемнің түкпір-түкпірінде өз ғылыми орталықтары құрылды. Қытай, Иордания, Түркия, Үндістан, Иран сияқты дүниежүзінің бірқатар елдерінде «әл-Фараби орталықтарының» ашылғандығы – соның айғағы. Аталған игі дәстүрдің жалғасы ретінде 2020 жылы Жапонияның Цукуба университетінде екі ел арасындағы білім мен ғылым саласындағы достастықты дамытудың мақсатында тағы бір әл-Фараби орталығы бой көтерді.

Қазіргі уақытта университет сыртқы және ішкі академиялық ұтқырлық бағдарламаларын сәтті жүзеге асыруда. Академиялық ұтқырлық – ҚазҰУ дамуының стратегиялық бағыттарының бірі болып табылады. Қазірдің өзінде бірлескен халықаралық білім беру бағдарламалары, студенттер алмасу бағдарламалары және тағылымдамалардың арқасында ҚазҰУ әлемнің ең ірі 418 халықаралық университетімен ынтымақтасады. Осылай республикамыздың жоғары білім беру жүйесінің көшбасшысы саналатын Қазақ ұлттық университеті  білім алушылар үшін сапалы да заманауи ілім қалыптастыруға, жаңа тәжірибе жинақтауға, шетелдің үздік университеттерінде оқып, тағылымдамалардан өтуге зор мүмкіндіктер алаңы болып табылады.

«Жастар – елдің келешегі» демекші,  әл-Фараби атындағы ҚазҰУ білім алушылары заман талаптарына мойынсұнып, ғаламдық жетістіктердің қыр-сырына қанығып, заманауи технологияларды еркін меңгерсе және жинақтаған білімдерін туған жеріміздің игілігіне пайдаланса, онда бұл республикамыздың дамуына зор ықпалын тигізетін маңызды да мәнді іс болары анық. Осындай көзі ашық, көкірегі ояу, білімді де білікті, әлем жөнінде заманауи ақпараттардан хабары бар дарынды жастар ҚазҰУ-да алған сапалы білімінің арқасында келешекте отанымыздың өсіп-өркендеуіне өздерінің сүбелі үлестерін қосатындарына сенімдіміз.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ
Қиыр Шығыс кафедрасының  магистранты
Орынбаева Бибігүл Нұрғалиқызы

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ
Қиыр Шығыс кафедрасының аға оқытушылары
Нурелова Әсия Мұхаметханқызы,
Тазабекова Гүлмира Бимұханқызы

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here