Әкенің жолын жалғаған егіздер

0
2245

Талғар аудандық Орталық ауруханасының медициналық жедел жәрдем бөлімінде егіз фельдшерлер жұмыс істейді. Асан мен Үсен Тоқтахуновтар 10 жылдан бері Гиппократқа берген антына берік болып, ақ халатты абзал жан атына кір келтірмей, адам жанына араша түсіп келеді.

Рас, салғырттықты көтермейтін саланың бірі – медицина. Себебі, таразы басында ылғи адам тағдыры тұрады. Ал, жауапкершілігі атан түйеге жүк болардай мамандықты Асан мен Үсеннің таңдауы тегін емес. «Атадан ұл туса игі, ата жолын қуса игі» дегендей, олар әкенің салған сара жолын жалғап келеді. Жалпы, Тоқтахуновтар әулеті Алматының іргесіндегі аудан тұрғындарына жақсы таныс. Бұл отбасын дәрігерлер династиясы деуге әбден болады. Бір отбасындағы алты адам денсаулық сақтау саласында еңбектенеді. Отағасы – хирург, отанасы – мейірбике. Егіздердің әпкесі – отоларинголог (ЛОР дәрігері), інісі – стоматолог.

Әдетте, көп ата-ана өздері таңдаған жолды балаларының да таңдауына барынша итермелейді. Мұны бейресми статистика да растайды. Айталық, балалардың 70 пайызы мамандықты ата-анасының айтуымен таңдайды екен. Егіздердің айтуынша, күрделі мамандықты таңдауларына ата-анасы мәжбүрлемеген. Бұл олардың саналы таңдауы. Түрлі қиындыққа қарамастан, Асан мен Үсен өз жұмыстарын жақсы көреді.

«Кейде тәулік бойы жұмыс істеп, ұйқыны ұмытуға тура келеді. Басымыздан түрлі өмірлік жағдай өтеді. Агрессивті адамдар да жиі кездеседі. Оны науқастың жаны қиналып жатқанымен түсіндіреміз. Біз қандай жағдай болмасын, ұстамдылық танытып, сабырлы болып, науқасқа көмектесу үшін қолдан келгеннің бәрін істейміз. Мамандыққа адалдық таныту – басты міндет. Егер істеп жатқан жұмысыңды жақсы көрсең, онда барлық кедергі артта қалады. Әрине, ет пен сүйектен жаралған пенде болғаннан кейін ауысымнан шаршап шығамыз. Бірақ, жұмыс барысында адамның өміріне араша түсіп, олардың емделіп кетуіне өзіндік үлес қосқанымызды ескерсек, оны жағымды шаршау деуге болады», – дейді Үсен.

Асанның да айтары бар. Ол да өз жұмысын мақтан тұтады.

«Науқастардан немесе олардың туыстарынан алғыс сөздер естігенде, бекер жұмыс істемейтіндігіңді түсінесің. Басында қорқыныш пен үрейдің болғаны рас. Жауапкершілік жүгінің салмағы ауыр екені айтпаса да түсінікті. Алғашқы жұмыс күнім кешегідей есте. Инсульт алған адамға бардым. Басында абдырап қалдым. Жүрексіндім. Бірақ, өзіме-өзім тез келдім. Барлық қажетті көмекті көрсеттім. Осы жылдар ішінде түрлі жағдай бастан өтті ғой. Әйтсе де, біздің басты міндетіміз – адамның өмірін сақтап қалу», – дейді егіздің сыңары.

Асан да, Үсен де отбасылы. Біріншісі екі қызды, екіншісі ұл мен қызды тәрбиелеп отыр. Бір атап өтерлігі, екеуінің де жұбайы ақ халатты абзал жандар.

Иә, «Бабасы еккенді, баласы орады» деген нақылды Асан мен Үсенге қарата айтса жарасады. Әке-шеше жолын қуып, дәрігерлер династиясын жалғастырған егіздер уақытпен санасып жатпай, денсаулығы сыр берген жандардың қасынан табылып жүр…

Жанар ДӘУЛЕТҚЫЗЫ

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here