Қазақстандағы IPS (Халықаралық парламенттік стипендия) түлектер қауымдастығы белсенді жұмысын жалғастыруда. Ұйым мүшелері Орталық Азия мен Кавказ өңірінің ұлттық бірегейлігі, тарихи жады және демократиялық даму мәселелерін сараптамалық деңгейде көтеріп келеді.

Жуырда Астана қаласында «Орталық Азия мен Кавказ елдеріндегі ұлт қалыптастырудағы сын-қатерлер» атты IPS түлектерінің ІІ өңірлік конференциясы аяқталды. Үш күнге созылған ауқымды жиынға Қазақстан, Армения, Моңғолия, Әзербайжан, Грузия және Өзбекстаннан келген әр жылдардағы 12 IPS түлегі қатысты.
Іс-шара Германия Бундестагының, сондай-ақ Фридрих Эберт қоры мен Конрад Аденауэр қорының Қазақстандағы өкілдіктерінің қаржылай қолдауымен өтті. Конференцияның ұйымдастыру жұмыстарын Қазақстандағы IPS түлектері қауымдастығының белсенділері жүзеге асырды. Жиынның ашылуында Қазақстан Республикасы Құрылтайының депутаты, Германия Бундестагының, ГФР-дың Астанадағы Елшілігінің, сондай-ақ FES және KAS қорларының өкілдері сөз сөйлеп, қатысушыларға сәттілік тіледі.


ҚР Құрылтайының депутаты Евгений Больгерт өз сөзінде Германияның Қазақстан үшін Еуропадағы маңызды серіктес екенін атап өтті. Оның айтуынша, бұл орайда парламенттік дипломатияның орны бөлек:
«Екі ел парламенттері арасындағы достық топтары депутаттардың тікелей пікір алмасуына, өзара түсіністікті нығайтуға және дәстүрлі дипломатияны толықтыруға мүмкіндік береді. Бұл процесте IPS түлектері ерекше рөл атқара алады, өйткені олар екі елдің де саяси мәдениетін жақсы біледі әрі институттар мен адамдар арасындағы дәнекер болып табылады», – деді Е. Больгерт.
Сондай-ақ ол білімді әрі белсенді жастардың маңыздылығына тоқталып, IPS бағдарламасы жастардың өрісін кеңейтіп, парламенттік жұмыстың практикалық қырларын үйрететінін және халықаралық байланыстар орнатуға жол ашатынын жеткізді.
Конференцияны ұйымдастырушылардың бірі, Қазақстандағы IPS түлектері қауымдастығының төрайымы Елена Гаркава (IPS 2020-2021 түлегі) геосаяси жағдайдағы мұндай кездесулердің мәніне тоқталды:
«Мен үшін Орталық Азия мен Кавказ өңірінен келген IPS түлектерімен ұлт қалыптастыру мәселелерін түрлі қырынан талқылау үлкен жетістік болды. Осындай аласапыран кезеңде бұл сұрақтарды аймақтық тұрғысынан қарастыру, сын-қатерлерді саралап, демократиямыз үшін тиімді шешімдер табу өте маңызды».


Конференцияның бағдарламасы мазмұнды әрі ауқымды тақырыптарды қамтыды. Жиынның алғашқы күні қатысушылар ортақ орталықазиялық бірегейлікті қалыптастыру мәселелерін талқылап, Қазақ КСР тарихындағы ең ауыр кезеңдердің бірі – 1931-1933 жылдардағы Ашаршылық тақырыбына тереңірек үңілді.
Екінші күн қазіргі Қазақстандағы еске алу мәдениетіне (Erinnerungskultur) және сталинизм тарихын құжаттық айғақтар арқылы зерделеуге арналды. Сонымен бірге сарапшылар мен қатысушылар ислам, Наурыз мейрамы және Орталық Азиядағы отарсыздану (деколонизация) сияқты тақырыптар төңірегінде кеңестік мұраның ықпалын талқыға салды. Бағдарламаның практикалық бөлігінде делегаттар өз елдеріндегі ұлт пен бірегейлік қалыптасу үрдістері туралы баяндап, арнайы воркшопта конференцияның негізгі бағыттары бойынша концептуалды карта (Mindmap) әзірледі.
Әзербайжаннан келген IPS 2018 түлегі Васиф Гусейнов іс-шараның еркін форматта өткенін жоғары бағалады:
«Мен үшін ұлт қалыптасуындағы күрделі әрі сезімтал сұрақтарды Chatham House ережесі шеңберінде ашық талқылау өте маңызды болды. Сұрақтар өте ашық әрі нәтижелі өтті. Бұл барлық қатысушылар үшін құнды тәжірибе болғанына сенімдімін», – деп сөзін бөлісті ол.


Конференцияның үшінші күні қатысушылар «АЛЖИР» мемориалды-музей кешеніне барып, тарихи нәубет құрбандарының рухына тағзым етіп, гүл шоқтарын қойды.


Бұдан кейін меймандар музей жанындағы «QAZAQ AUYLY» этнокешеніне аттанып, қазақтың қолөнерімен, киіз үй құру үрдісімен танысып, өз қолдарымен құрт жасап көрді. Конференция киіз үйдегі ұлттық дастарқаннан соң, оның жанында өрбіген бірлік пен дәстүр сабақтастығын айшықтайтын рефлексиялық жиынмен қорытындыланды.


Атаулы өңірлік жиын Астана төрінде осымен екінші рет өтіп отыр – бұған дейінгі алғашқы IPS түлектер конференциясы 2016 жылы «Болашақ энергиясы бойынша мамандар: мәселелері мен болашағы» тақырыбына арналған еді. Осынау алқалы басқосуға ұйытқы болған Қазақстандағы IPS түлектер қауымдастығы 2010 жылдан бері 80-нен астам шәкірттің басын біріктіріп, екі ел арасындағы алтын көпірге айналып келеді. Ал осы серпінді қозғалыстың өзегі – 1986 жылдан бері Берлиннің жетекші университеттерімен бірлесе жүзеге асырылып жатқан Германия Бундестагының Халықаралық парламенттік стипендиясы (IPS). Бундестаг Президентінің қамқорлығымен өтетін бұл бірегей бағдарлама жыл сайын әлемнің 50-ден астам елінен келген жүзден астам жасқа парламенттік дипломатияның қыр-сырын ұғындырып, демократиялық құндылықтар мен халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға жол ашып келеді.
Елена Гаркава
Суреттер Қазақстандағы IPS түлектер қауымдастығы мұрағатынан алынды









