Тіл ғылымы зерттеулерін үйлестіру орталығы ашылды

0
1699

Aбай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің базасында «Қазақстандағы қазіргі қазақтілді контент: зерттеу парадигмалары» тақырыбында өткен халықаралық ғылыми-теориялық конференция аясында «Тіл ғылымы зерттеулерін үйлестіру орталығы» ашылды. Аталған конференцияға ҚР ҰҒА-ның білікті ғалымдары мен университетіміздің профессор-оқытушылары қатысты.

Конференцияны ашқан Абай универсиетінің Басқарма төрағасы-ректор Дархан Біләлов бұл орталықты ашудың өзектілігіне тоқталды.

«Өздеріңізге белгілі ХХІ ғасыр ғылым мен техниканың қарыштап, көз ілеспес жылдамдықпен дамудың жаңа сатысына көтерілген кезең. Өйткені ғылым дегеніміз – қоғамның, мемлекеттің интеллектуалдық әлеуетінің көрсеткіші. Сол себепті біздің еліміздің өзге мемлекеттермен иық тіресіп, алдыңғы лектен көрінуіне отандық ғылым мен техниканың озық болуына тікелей байланысты болады», – деді университет басшысы.

Сонымен қатар, Дархан Біләлов бүгінгі орталық қазақ тілді ғылыми зерттеулердің басын қосып, олардың қарыштап дамуына септігін тигізетінін баян етті.

Бүгінгі ашылып отырған орталықтың басты мақсаты алдағы уақытта еліміздегі 10-нан астам Диссертациялық кеңестердің тіл ғылымы зерттеулерін үйлестіруші ретінде – ғылымды дамытудың басым бағыттарын айқындап, тіл ғылымы бойынша орындалатын докторлық диссертациялық жұмыстардың  өзекті мәселелерге арналуын және тақырыптардың қайталанбауын қадағалауды үйлестіретін консультативтік-кеңесші рөлін атқармақ. Ал, осы ғылыми орталықтың жұмысына алдағы уақытта ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі Кәрімбек Құрманәлиев басшылық етеді.

Міне, бұл дегеніміз, университет пен Академия ғалымдарының басын қосатын үлкен бір ғылыми орта болады деген сөз.

Конференцияда сөз алған ғалымдар мен қонақтар орталық жұмысына сәттілік тілеп, игі бастама туған тіліміздің шынайы жанашыры бола алатын жас ғалымдар легін көптеп даярлап, қанатын қатайтады деген тұжырымдар жасады.

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here