Көгершін 194 сарбаздың өмірін қалай сақтап қалды?

0
5036
Шер Ами денесінен жасалған тұлып АҚШ-тың Смитсон университетінде сақтаулы тұр

Адамзаттың ықылым заманнан бері кейбір жануарларды қолға үйретіп, күн көрісіне пайдаланғаны белгілі. Әдетте, соғыста қолданылған жануарлар дегенде ең бірінші есімізге Қамбар ата түлігі түседі. Бірақ, Үндістан сынды кейбір елдерде алдыңғы шепте пілдер тұрса, Мысырда түйелер жиі пайдаланылды. Өз кезегінде иттер де соғыс құралына айналып отырды. Тіпті, әйгілі жиһангез Марко Полоның жазбаларында Шағатай ұлысында ханның он мыңға жуық төбет асырайтыны, оларды күзетке, малшылыққа, соғыс қимылдарына қолданатыны жазылған. Иә, біз айтып отырған жануарлар әр елдің географиялық ерекшелігіне сай қолданылды. Алайда, солардың ішінде барша адамзат игілігін көрген тіршілік иесі – көгершін. Олар күнделікті тіршілікте де, соғыс кезінде де поштаның қызметін атқарды. Әсіресе, ол кезде майдан даласында ақпарат алмасу ауадай қажет еді. Ғасыр тарихы бар «Qazaq» газеті бүгін майдан даласында қаһармандық танытқан Шер Ами көгершінінің ерлігіне тоқталады.

2011 жылы «Time» журналы Шер Амиді әлемдегі қаһарман жануарлардың ондығына қосты

КІШКЕНТАЙ
ҚАТЕЛІК
ҮЛКЕН АПАТҚА
СОҚТЫРДЫ

Майдан даласында көгершіндерге де жұмыс табылды. Әрине, олар жауға соққы беру үшін емес, шұғыл хабарлар мен бұйрықтарды жеткізуге немесе барлау жұмыстарын жасау үшін қолданылды. Соғыс барысында көгершіндердің қызметін үлкен ауқымда пайдаланған соғыс – Бірінші дүниежүзілік соғысы. Тарихта алғаш рет соғыс жалпы сипатқа ие болған кезде құрама командирлеріне өз әрекеттерін күніне бірнеше рет нақты үйлестіру қажет болды. Әскерилерге дәл осы кезде қанатты серіктері көмекке келді. Олардың кейбіреуі Шер Ами есімді көгершін сияқты тарихта қалды.

1918 жылы 3 қазанда АҚШ-тың 77-ші жаяу әскер дивизиясының 500 сарбазы жау аумағында жүргізген ұзақ шайқастан соң, қоршауға алынып, ажал құрсауында қалды. Қоршаудағы жауынгерлерде төрт хабар тасымалдаушы көгершін болды. Командир артиллериялық қолдау сұрап, штабқа өтініш хабар жіберуге шешім қабылдады. Бірақ, әскерилер қоршауда қалған аумақты дұрыс білмегендіктен, көгершінмен жіберген хабарламада координаттар қате көрсетілді. Көп ұзамай кішкентай қателіктен үлкен зардап шекті. Одақтастар қоршауда қалған сарбаздарды жауға балап, артиллериямен атқылай бастады. Нәтижесінде, 77-ші жаяу әскер дивизиясы құрамының жартысы қаза тапты.

Жағдайды дереу түсінген америкалықтар штабқа бекінген жерлерінің координаттары түзетіліп жазылған хабарламаны жіберуге шешім қабылдады. Сол мақсатта тағы екі көгершінді жіберді. Бірақ, немістер де істің мәнісін ұққандай еді. Одақтастардың бірін-бірі түсінбей, өз-өздерін қырып жатқаны олар үшін орайлы мүмкіндік екені анық. Неміс жауынгерлері құстарды көре сала жаппай оқ жаудырды. Сөйтіп, екі көгершіннің көзін құртты. Ажал құрсауында қалған сарбаздардың соңғы үміті Шер Ами есімді көгершінде еді. Бұл құс бұған дейін оннан астам ұшуды сәтті жүзеге асырған болатын әрі хабарламаларды уақытында жеткізген. Сондықтан болар, сарбаздар мұнысын сәттілікке балады.

Францияның солтүстік-шығысындағы Аргонне орманындағы Жоғалған батальонға арналған ескерткіш

КӨМЕККЕ
КЕЛГЕН
КӨГЕРШІН

Шер Ами аспанға көтеріле сала, немістер оқты қарша боратты. Мұндайда оқтан сытылу неғайбыл еді. Үш оқ көгершінге дөп тиді. Бір оқ кеудесіне, екінші оқ аяғына, үшінші оқ көзіне тиді. Алайда, беймәлім керемет күштің арқасында Шер Ами ұшуын жалғастыра алды. Неміс шебінен ұшып шығып, 25 минутта 40 шақырымды бағындырып, штабқа хабарламаны жеткізді. Оның аяғына байланған хабарламада «Біз жол бойында орналасқанбыз. Биіктігі 276,4. Артиллерия соққыны бізге беруде. Құдай үшін атуды тоқтатыңыздар!» деп жазылған еді. Көгершін өз міндетін тағы да ойдағыдай атқарды. Ал, бірнеше сағаттан кейін артиллерия атқылауын доғарды. Көп ұзамай одақтастар көмекке келіп, қоршауды бұзып, сарбаздарды қауіпсіз аймаққа шығарды. Осылайша, кішкентай ғана көгершін 194 сарбаздың өмірін сақтап қалды.

Бұл кезде госпитальдегі дәрігерлер Шер Амидің өмірі үшін күресіп жатты. Сарбаздардың қуанышына орай дәрігерлер көгершінді құтқара алды. Осылайша, Шер Ами ұлттық батырға айналды. Жасаған ерлігі мен Бірінші дүниежүзілік соғысындағы қанды шайқастардың бірі Вердун шайқасында 12 хабарламаны сәтті жеткізгені үшін Францияның әскери мемлекеттік наградасы – Әскери крест медалімен марапатталды.

Шер Ами бір жылдан кейін АҚШ-тың Нью-Джерси штатында табиғи себептермен өлді. Оның денесінен тұлып жасалды. Қазір ол АҚШ-тағы Смитсон университетінде сақтаулы тұр.

Фараби СӘЙКЕНОВ, «Qazaq» газеті

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here