Өнегелі жүздесу

0
1929

Алматы қаласындағы Қасыл Қатықбаева атындағы  № 168 мектеп-гимназияда шоқпар жасаушы шебер, ақын, әнші-сазгер, Қазақстан композиторлар одағының мүшесі, «Әділ жауап» ұрыс өнері мектебінің бас бапкері Бұлжан Нұрлыбек Рәбілұлымен кездесу өтті. Шара мектептегі «Тәуелсіздік – тұғырым» атты тарих пәні апталығы аясында ұйымдастырылды. Сыныптан тыс іс-шараны тарих пәні мұғалімі Нұржамал Ерденова жүргізіп отырды.

Кездесу барысында Нұрлыбек Рәбілұлының түрлі өнерге жетік кісі екенін біліп қана қоймай, өзімізді рухани байыттық десем қателеспеймін. Қазақ елінің тарихына көз жүгіртіп, соғыс өнерін ертеден меңгерген ұлтымыздың әр шайқаста сайланған қарулары жайлы әңгіме қозғадық. Ағамыздың айтуы бойынша, қазіргі өскелең ұрпақ қазақ батырлары ат үстінде қандай қарумен шайқасқанын, жаяу қалғанда қолға жеңіл әдіске икемді бес қаруын ұстап көріп өссе, ұлттық құндылықтардың салмағы еселене түседі. Міне, осы бір дүниені өзінің өмірлік ұстанымы етіп қалыптастырған өнерпаз ағамыздың  қолынан қазіргі кезде екі жүз сексен шоқпар жасалған. Маңдай термен келген бұл шоқпарларға өзінің сегіз жыл уақытын сарп еткен. Киелі қару шоқпарды өз қолымен жасап, оны сол адамның дәрежесіне, атақ-даңқына емес, ниетіне көңіл аудара отырып, қазақтың салт-дәстүрін дамытуда атқарып жатқан жұмысы, еңбегі ұнаса, сыйлайды екен. Сан түрлі сәнмен жасаған шоқпарларының оншақтысы шетелдік сыйлы қонақтарға «қазақтың ұлттық бренді» ретінде тарту етілгендігіде бізді таңғалдырып тастады. Осындай кереметтей шоқпарларды жасап шығаруы үшін өзінің таза ауада өте көп жүретіндігін, ағаштар кесіліп жатқан жерге зымырап, жетіп баратындығын айтты. Одан бөлек, шебер ағамыздың қазақылықты әр күн сайын көрсетуге, насихаттауға тырысатындығы әрбіріміз үйренуге тиіс дүние. Тек қана Наурыз мейрамында емес, күнделікті өмірде, мейлі ол жиын той болсын, мейлі ол жай кездесу болсын, қазақтың ұлттық киімін киіп жүруді жөн санайды екен. Өзінің отбасында қандай да бір той, қуаныш болса, шақырған қонақтарының барлығына бірден «қазақтың ұлттық киімін киіп келуге тырысыңыздар» дейді екен.

«Сүйер ұлың болса, сен сүй, сүйінерге жарар ол» демей ме хакім Абай. Кім, қай салада қызмет қылсын сүйінер қылығы, үлгі алар өмір жолы болса болғаны. Осы бір кездесуден соң, Нұрлыбек Рәбілұлы елі үшін ерен еңбек етіп халықтың ықылас-ілтипатына бөленген, шоқтығы биік азамат ретінде есімізде қалды!

10 «А» сынып оқушысы Сәрсебай Назерке

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here