Тарихпен тілдескен, болашақпен үндескен институт

0
1288

Әдетте, жыл басталғанда өткен жолымызға қайырылып бір қарап, ел алдында есеп беріп, сонан соң жаңа бастамалар туралы ойлана бастаймыз. Өздеріңіз жақсы білесіздер, университетіміз тұңғыш жоғары оқу орны ретінде 1928 жылы құрылған. Сол кезде жаңа ашылған жоғары оқу орнының құрамындағы жалғыз факультеттегі үш бөлімнің бірі физика-математика бөлімі болды. Осы бөлімнің негізінде физика-математика факультеті, ал бүгінгі күні Математика, физика және информатика институты қалыптасты.

Алғаш ашылған факультетіміздің деканы, қазақтың біртуар азаматы, Алашорда көсемдерінің бірі Әлімхан Ермековтің болғанын мақтанышпен айта аламыз. 95 жылдық тарихы бар біздің түлектерден көптеген ұлағатты ұстаздар, ғалымдар шықты. Солардың бірегейі ретінде физика-математика ғылымдарының докторы, профессор О.Жәутіковтың есімін ерекше атауға болады. Ол факультетте кафедра меңгерушісі, декан, университеттің ғылым жөніндегі проректоры қызметтерін атқарды.

Ерекше түлектеріміздің қатарында Б.Жаңбырбаев пен Қ.Қалиеваларға тоқталғым келеді. Сол жылдары профессор Б.Жаңбырбаев елімізде ықтималдықтар теориясы саласынан ғылыми атақ қорғаған жалғыз маман болды. Факультет деканы, кафедра меңгерушісі қызметтерін абыроймен атқарды. Ал оның жұбайы аға оқытушы Қ.Қалиева физика пәні бойынша оқулықтардың авторы еді. Профессор Б.Жаңбырбаев әр дәрістің алдында аудиторияның қабырғасына алақанын қойып, «Қарт ҚазПИ-ді аялаңдар» деп, сонан соң дәрісін бастайтын. Бегалы Сәдуақасұлы ҚазПИ-де оқып жүрген кезімізде тобымыздағы жалғыз қыз Қалыш апайларыңа мен таңдап үйленгенмін десе, апайымыз сонша ұлдың ішінен өзінің таңдағанын әзілдеп айтып отыратын. Институтымызда Кеңестер одағының алдыңғы қатарлы университеттерін бітірген доцент С.Боқаев, ҚССР ҒА корреспондент-мүшесі, профессор Б.Оразбаев, профессорлар Ш.Еркеғұлов, Қ.Бақтыбаев, С.Ерматов, М.Құдайқұлов, Б.Нақысбеков, Б.Баймұханов, Қ.Мұқашев, Е.Шалбаев, Ж.Тоқыбетов, О.Сатыбалдиев, академик Ғ.Уәлиев және т.б. көптеген ұлағатты ғалым-ұстаздардың қызмет атқарғанын ерекше жылы сезіммен еске аламыз.

Студенттерге заманауи білім беру өз алдына, олардың жан-жақты тұлға болып қалыптасуына ықпал ету үшін біршама жұмыстар атқарылып жатыр. Соның бірқатарына тоқталып өтейін.

Ең алдымен, студенттерге өз мамандығы бойынша және одан тыс әртүрлі машықтану курстары бар, бұл курстар студенттеріміздің әртүрлі дағдылар мен қызығушылықтарын дамытуға көмектеседі (шахмат, робототехника, программалау және т.б.).

Екіншіден, студенттерге әртүрлі салалардағы білімін біріктіруге ықпал ететін минор бағдарламалар қарастырылған, яғни педагогикалық емес мамандық студенттері өз таңдауы бойынша педагогикалық мамандықтың пәндерін оқу мүмкіндігіне ие. Себебі бұл студенттер келешекте білім беру саласында жұмыс істеуге қызығушылық танытады.

Үшіншіден, студенттердің шығармашылықтарын шыңдап, дамытуға ықпал ететін әртүрлі мәдени іс-шаралар (мысалы, екі жұлдыз, КВН сияқты) ұйымдастырылып отырады.

Төртіншіден, студенттер алған білімдерін практикада қолдануға мүмкіндік беретін кәсіби пәндер бойынша жобалық жұмыстарға, олимпиадаға, ғылым декадасына қатысу мүмкіндігіне ие.

Бесіншіден, цифрлық сауаттылықтарын дамытуда студенттерге заманауи технологиялармен жұмыс істеу дағдыларын шыңдау бағытында цифрлық білім беруге арналған пәндерді оқиды, яғни Жасанды инттелект технологиялары, Білім берудегі робототехника және мехатроника, Білім беруді цифрлық технологиялар, GameDav негіздері және т.б.

Алтыншыдан, студенттердің өзін-өзі тәрбиелеуге, өзін-өзі зерттеуге және білімді үнемі жаңартуға деген қызығушылығын оятуға бағытталған жеке өзіндік жұмыстар қарасырылған.

Содан соң, студенттер жеке тұлға және кәсіби маман ретінде дамуына көмектесетін педагогикалық және өндірістік практикаларын орта білім беру мекемелерінде, ғылыми-зерттеу институттарында, өндіріс орындарында өтеді.

Қазір шығармашылықпен, ғылыммен айналысамын деген жастарға университетте барлық қолайлы жағдай жасалған. Мысалы біздің институт туралы айтатын болсақ, математика, физика және информатика ғылыми бағыттары бойынша бірнеше ғылыми-зерттеу лабораториялары қарастырылған. Олар «Педагогикалық білімді дамыту орталығы», «Білімді ақпараттандыру және білім технологиялары мәселелері ғылыми зертханасы» мен «Физиканы оқыту технологиялары және қолданбалы зерттеулер лабораториясы». Студенттердің ғылыми-зерттеу жұмыстарын шыңдауға 10 компьютер сыныптары, 8 физикалық оқу лабораториялары және робототехника, мехатроника зертханалары қызмет көрсетеді.

Институтымыздың оқытушы-профессорлар құрамы және білім алушылар өздерінің бағыттары бойынша ғылыми-зерттеу жұмыстарын осы зертханаларда ұйымдастырып, жүргізеді. Бүгінгі таңда институтымызда мемлекет тарапынан қаржыландыратын 10 ғылыми жоба жүзеге асырылуда. Оның жалпы көлемі 550 млн. теңгеден асады. Бұл бағыттағы жобаларды жүзеге асыру үшін институттың ғылыми әлеуеті жоғары екенін атап өтуіміз керек, яғни жалпы ОПҚ құрамының 60% астамы ғылыми дәрежелі атақтарға ие. Атап айтқанда, ҚР ҰҒА академигі А.Әбілқасымова, ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі В.Косов, профессор А.Бердышев, профессор Б.Ахметов, PhD докторлар Ә.Қырықбаева, Е.Оспанбеков, М.Ревшенова, Ж.Байшемиров, А.Рысқан осы аталған ғылыми жобаларға жетекшілік жасайды. Мақтаныш сезіммен атап өтетін жағдай, биылғы оқу жылында PhD Ә.Қырықбаеваның ғылыми жобасының нәтижесі коммерциялизация жасалынуда, яғни оның нәтижелері өндірісте кеңінен қолдану үшін қосымша қаржыландыруға ие болды. Бұл университет тарихындағы алғашқы жағдай болып отыр.

Абай университеті Қазақстанның өңірлік ЖОО-мен екіжақты келісімдер негізінде академиялық ұтқырлық бағдарламасы жұмыс жасап жатқаны белгілі. Бұл мәселе біздің МФИИ-ында да жақсы жолға қойылған. Қысқаша түсіндіріп өтсем, академиялық ұтқырлық негізінде білім алушылар алмасу арқылы өз білім беру бағдарламаларымыздың кемшін тұстарын шыңдай отырып, өз жетістіктерімізді шәкірттеріміз арқылы басқа ЖОО-да көрсету мүмкіндігіне ие боламыз. Осы оқу жылында біз академиялық ұтқырлық бағдарламасы бойынша 26.02.2024 – 06.07.2024 ж. аралығында, 5 студентті 1 семестрлік оқуға Адам Мицкевич университетіне (Польша) жібереміз. Ал бізге Ресейдің Петрозаводск мемлекеттік университетінен магистранттар осы семестрде академиялық ұтқырлық бағдарламасы бойынша оқуға қабылданды. Сонымен қатар, ішкі академиялық ұтқырлық бағдарламасы бойынша Есенов университетінен, Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінен және Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университеттерінен 12 студент ағымдағы семестрге академиялық ұтқырлық бағдарламасы бойынша оқуға қабылданды. Сондай-ақ, біздің магистратура бағдарламасы бойынша білім алушыларымыз Стамбұл, Қазан университеттерінде тағлымдамадан өтіп келді.

Жастар – ел болашағы, ата-ана мен Отанының үміті. Біздің студенттер білімге құштар, жан-жақты дамыған, белсенді және шығармашыл жастар. Суденттеріміз ғылымда да, спортта да, өнер-білім жағынан да жақсы жетістіктерге жетуде. Заңғар жазушы Мұхтар Әуезов айтқандай, қашанда халық пен халықты, адам мен адамды теңестіретін нәрсе – білім ғана. Дамыған заманның ең мықты қаруы – білім. Осы орайда институтымыздың 4-курс студенттері Лейла Заирова, Диана Нұрмухамедова мен Мерейлім Төлебай оқуда көрсеткен жоғары білім көрсеткіштері нәтижесінде президенттік шәкіртақы иегерлері болып табылады. Республикалық «Елбасы медалі» жобасының аясында физика-инфрматика мамандығының 1-курс студенті Ақниет Налхан күміс медальмен, ал математика мамандығының 1-курс студенттері Ақерке Танабай мен Аружан Несіпқазы және Нұрасыл Орнықбай қола медальдарымен марапатталған.

Спорт саласында да студенттеріміздің жеткен жетістіктеріне тоқталып өтсем. Математика мамандығының 3-курс студенті Шарапат Бейсенова волейболдан өткен институтішілік байқауда үздік ойыншы марапатымен, университетаралық байқауда жүлделі II орынмен марапатталды.

Математика мамандығының 2-курс студенті Низамдун Хезизов 2023 жылы ҚР-ның ережесіз жекпе-жектен күміс жүлдегері, Алматы қаласының чемпионы. Понкратионнан Алматы қаласының чемпионы, ММА-ден Алматы қаласы бойынша күміс жүлде иегері атанды.
Физика мамандығының 2-курс студенті Алуа Каримбекова былтыр өткен 12-ші жазғы универсиадада 100 метр кедергімен жүгіруден жүлделі 3-орынды иеленді.

Физика мамандығының 4-курс студенті Ирадам Нариманова «VIII халықаралық кітап басылымы», «Үздік жас студенттер – 2023» ғылыми және оқу орындары арасында Бірлестік түріндегі заңды тұлғалар бірлестігі ұйымдастырған жоба аясында II дәрежелі дипломмен марапатталған.

Математика-физика мамандығының 1-курс студенті Нұрдаулет Елубай республикалық ғылыми жобасында және Ө. Жолдасбеков атындағы халықаралық ғылыми зерттеу жобаларында 3 орын, ал Республикалық зерттеу жобалар конкурсында 1 орын иегері.

Тағы бір астын сызып айтатын нәрсе, 2023 жылы 12 қыркүйекте Алматыда сұлулық байқауының соңғы межесі өткен болатын. Байқау қорытындысы бойынша институтымыздың физика мамандығының 4-курс студенті Наталья Петри «Мисс Алматы-2023» атағын иеленді. Міне, бұл жастардың бәрі біздің болашағымыз әрі мақтаныштарымыз.

МФИИ институтының басты мақсаты – еліміздің ғылымына, экономикасы мен басқа да маңызды салаларына қажетті заманауи, жоғары білімді, тәрбиелі, бәсекеге қабілетті мықты мамандар буынын қалыптастыру. «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» деген қағида – институттың негізгі ұстанымы.

Бақыт СЫДЫҚОВ,

Математика, физика және информатика институтының директоры

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here