Қаламгердің төрт кітабы

0
807

Қаңтар айында Қостанай қаласындағы Лев Толстой атындағы облыстық кітапханада ақын, драматург, публицист Ақылбек Шаяхметтің жаңа кітаптарының тұсаукесері өтті.

«Жітіқара» фотокітабы ұлан-байтақ Қазақ елінің бір пұшпағында жатқан кенге де, дәнге де бай өлке туралы сыр шертеді. Бір кездегі қазақтың астанасы және Алаштың бас қаласы болған Орынбордың іргесіндегі кеншілер қаласы тарихтың талай бұралаң жолдарын басынан өткізді. Патшаның отарлау саясаты кезінде де, тың игеру тұсында да орыстандырудың алғашқы құрбаны болған өңір етек-жеңін енді ғана жиып келеді.

Ұлы ағартушы Ыбырай Алтынсаринның Жітіқара-Шұбар мектебінен басталған білім бұлағы осы арада өз арнасын тапқаны да белгілі.

Жітіқара да әруақ қонып, нар шөккен киелі жер. Әрине, киесіз жер болмайды, қасиетсіз ел болмайды. Бірақ, елдің атын, жердің атын сол елдің азаматтары шығарады. Мәселен, Жітіқара ауданындағы тұрғындары елу үйге де жетпейтін шағын ғана Желқуар ауылында философия ғылымының докторы, профессор Қанапия Ахметов, тәуелсіз «Тарлан» сыйлығының алғашқы  лауреаттары – биология ғылымының докторы, академик Зұлқарнай Сейітов, экономика ғылымының докторы, академик  Айтқали Нұрсейітов, бір кездері Мәскеуде қызмет атқарған қоғам қайраткері Құсайын Бекентаев, іскер басшы Сапар Талдыбаев туып-өскен. Дәл осы ауылда, Желқуар өзенінің жағасында қазақ, татар, башқұрт әдебиетінің ортақ өкілі болып есептелетін Ақмолла Мұхамедиярұлы сабақ берген. Ол әйгілі суырып салма айтыс ақыны Ақсұлу Орысбайқызының ұстазы болғаны тарихтан белгілі. Тағы бір айта кететін мәселе, қазақ зиялыларының басым көпшілігі қазақ ауылынан шыққан және көпшілігі қазақ мектебінде оқыған.

Кітапта Жітіқараның өткен тарихы мен бүгінгі тынысы жан-жақты сөз болады.

«Көлеңке» деп аталған пьесалар жинағына театр сахналарында қойылып жүрген, әртүрлі байқауларда жүлделі болған қазақтың көрнекті тұлғалары Ыбырай Алтынсарин, Шоқан Уәлиханов, Ілияс Омаров, Ақсұлу Орысбайқызына арналған пьесаларымен қатар кейінгі жылдары жазылған «Зайнолла ишан», «Смайыл болыс», «Нұржан ақын», «Қашқын», «Жұмыртқа», «Көлеңке» және «Жүйкесі тозғандар» деп аталатын драмалық шығармалары енген. Сонымен бірге мектеп және бала бақша сахнасына, қуыршақ театрының репертуарына лайықталған шығармалармен де танысуға болады.

Ақылбек Шаяхметтің Астананың «Фолиант» баспасынан жарық көрген жаңа жыр жинағы «Үміт. Сенім. Арман» деп аталады. Келер күннен  үміт, ертеңге сенім және көкейдегі арман жыр жинағының алтын арқауы.

Кітап «Кәне, жырым, білген жайдан сыр ақтар», «Өмір көрдім, кәрі емес, жас та емеспін», «Таусылмайды тіршіліктің сынағы» деп аталған үш бөлімнен тұрады. 

«Сөз жаздым қалам алып…» деп аталған жинаққа Қостанай өңірінде туып-өскен, алайда осы уақытқа дейін қалың оқырманға белгісіз болып келген ақындардың ғазалдары мен назымдары, діни дастандары, айтыстары  енгізілді.

Жинаққа енген ел аузынан жазылып алынған шығармалардың танымдық-тағылымдық жағымен қатар имандылық туралы беретін ғибраты мол. Жинақ Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының оң қорытындысын алып, мақұлданған.

Белгілі қазақ жазушысының шығармашылығы адамның жан дүниесін толғандыра отырып алуан түрлі тақырыптарды қозғайды. Оның шығармаларында сүйіспеншілік пен жеккөрушілік, жақсылық пен жамандық, жарық пен көлеңке тығыз байланысып жатады. Алайда ең бастысы жазушы қазіргі әлемге өз көзімен қарай біледі.

Тұсаукесерге қала мен облыстың шығармашылық зиялыларының өкілдері, оның талантын құрметтейтін көптеген қала тұрғындары, туыстары мен жақындары, БАҚ өкілдері, студент жастар, қаланың оқу орындарының оқытушылары қатысты.

Қостанай облысы әкімінің орынбасары Ринат Закиұлы Мұхаметқали, Қостанай облысы мәдениет басқармасының басшысы Құралбек Бүркітбайұлы Атамұратов, достары мен әріптестері Ақылбек Қожаұлын құттықтап, жүрекжарды пікірлерін білдірді.

«Қаламынан жыр тұнған» кітап көрмесі, «Қашқын» атты жаңа монодраманың театрландырылған қойылымы және Ақылбек Қожаұлының өлеңдерін оқу қатысушылардың әрқайсысына кітап тұсаукесерінің ахуалын ерекше сезінуге мүмкіндік берді.

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here