Тунис имамы Махжуб Францияда неден жазықты болды?

0
1061
Француз билігі жұмадан сенбіге қараған түні имамды «Ақпан айында мешітте айтқан уағыздарында терроризмді дәріптеді» деп айыптады...

Жұмадан сенбіге қараған түні Тунис азаматы имам Махжуб Франциядан тарихи Отанына қуылды. Француз билігі оны «Ақпан айында мешітте айтқан уағыздарында терроризмді дәріптеді» деп айыптады. Содан Париж 12 сағатта имамды Франциядан қуып шықты. Осыған орай Францияның Ішкі істер министрі Жеральд Дарманен: «Жақында қатаңдатылған иммиграция туралы Заң енді Францияны күшейтіп, мұндай сорақылыққа жол берілмейді», – деп мәлімдеді. Сонда француз жерінде өмірінің жартысын өткізген имам неден жазықты болды? Осы сұраққа жауап беріп көрелік.

Тунис имамы ақпан айында мешітте француздың үш түсті жалауын шайтандардың туымен салыстырып, оның «Алланың алдында ешқандай құндылығы жоқ» екенін ашық білдірді…

БАСҚА ПӘЛЕ – ТІЛДЕН

Франциядан пана тапқан Тунис имамы ақпан айында мешітте шулы уағыз айтты. Имам француздың үш түсті жалауын шайтандардың туымен салыстырып, оның «Алланың алдында ешқандай құндылығы жоқ» екенін ашық білдірді. «Біз бұл шіріген қоғамды шайқауымыз керек», – деп шорт кесті.

Имам «шіріген қоғам» ретінде француз мектептерін меңзеп отыр. Өйткені, мектептердің жұмысы «барлық мұсылман еместердің көзін құртуға» бағытталғанын айтып, «еврейлерді мұсылмандардың тарихи жаулары» деп санайды.

Отыз тістен шыққан сөз отыз рулы елге тарады. Париж Тунис тумасы Махжуб секілді «кейбір имамдардың мешіттерде жиһад жауынгерлерін тәрбиелейтініне» өкініш білдіріп, оны ел аумағынан бір түнде қуып шықты.

Расында, адам шынымен күнәнің көбін тілінен табады екен. Қазір көпшілік әлеуметтік желіні оңды солды пайдалануға көшті. Барлығы ақылгөйсіп, биліктегі азаматтарға сөз тигізіп, саясатқа араласуға құмартып кеткендей. Егер көпшілік Тунис имамының «уағызын» қолпаштап жатса, француз билігінің бұл әрекетін дұрыс деп санаймыз. Ең бастысы – «тіл тас жарады, тас жармаса бас жарады». Сондықтан мұндай оқиғадан әр адам өзіне қорытынды шығару керек.

Махжуб имам өз сөзінде тікелей Франция туын айтпағанын айтып, өзін-өзі ақтауға тырысқанымен, енді Париж келімсектің көз жасына сенбейді…

ПАРИЖ КЕЛІМСЕКТІҢ КӨЗ ЖАСЫНА СЕНБЕЙДІ

Иә, дәл қазір 67 млн халқы бар Францияда иммиграция туралы Заң қатаңдатылды. Енді 5,7 млн мұсылман немесе халықтың 8,8 пайызы тұратын француз жерінде келімсектерге жүрдім-бардым қарамайды. Париж Махжуб имам ісінде осыны көрсетті. Әйтпесе, Тунистен шыққан имам бейнеүндеу арқылы халықтан кешірім сұрап, аңдамай сөйлегенінің арқасында орын алған оқиғаға өкінетіндігін жеткізді.

Гарда прокуратурасы оған қарсы «терроризмді насихаттау» туралы қылмыстық іс қозғады. Махжуб имам өз сөзінде тікелей Франция туын айтпағанын айтып, өзін-өзі ақтауға тырысты.

Махжуб имам Тунистен Францияға сексенінші жылдардың ортасында келді. Имамның қолында 2029 жылға дейін тұруға рұқсаты бар еді және оның он бір баланың әкесі екені ескерілмеді. Бірінші некесінен, яғни француз әйелінен бес баласы болды. Содан кейін Тунис азаматына қайтадан үйленді. Одан тағы алты бала өмірге келді. Иммиграция туралы Заң қатаңдатылмай тұрып, қырық жыл Францияда тұрған келімсекке билік кешіріммен қарайтын еді. «2007 жылы француз әйелімен ажырасқаннан кейін Махжуб елде тұруға рұқсат сұрады, оған енді ешқандай құқығы жоқ», – деп мәлімдеп билік өкілдері оған француз отбасы да, адвокаттары да көмектесе алмайтынын жеткізді. Бүгінде Париж адамның көз жасына сенбейді.

22 ақпанда полиция имамның үйіне келіп, оған кісен салып, Францияның әкімшілік ұстау орталығына алып барды. Сол күні кешке Махжуб Махжуби өз тарихи Отанына ұшып бара жатқан ұшаққа отырды. Содан бір түнде Тунистен бір-ақ шықты.

ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН

Қазақ – бір ауыз сөздің қадірі мен қасиетіне терең бойлай білген халық. Сондықтан болар, сөз сүйектен өтеді деп дана ата-бабаларымыз текке айтпаған. Расында, сөздің қасиеті терең, өрісі кең, өресі биік. Қасиетті Құранның «Қаф» сүресінің 18-аятында: «Аузынан бір сөз шығарса-ақ болды алдында аңдушы дайын», – делінеді. Демек, еш пайдасыз сөз пендесін Алладан алыстатып, адам жүрегін қатайтатыны анық. Сөз қадірін өз қадірінен жоғары қоятын текті халық қандай әрекет етсе де, бір ауыз сөз айтса да Алласын ауызға алмай іс бастаған емес. Қазақы тәрбие шариғатпен тікелей байланысуының өзі біздің ислам дініне деген құрметімізді көрсетеді.

Жасұлан МӘУЛЕНҰЛЫ

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here