Бүгінгі инновация заманында сан қырлы талантын жалпақ жұртқа желі арқылы танытып, әлеуметтік желіде әлеуеті артып, жұлдызы жанған жандар жетерлік. Көпшілік көзайымына айналудың құпиясы жоқ – ерекше қасиетіңді кадрға түсіріп жедел түрде таратсаң болғаны. Дәл осы дәстүрмен бір күнде көптің көңілін жаулап, ерекше дарынымен халық ықыласына бөленген жанның бірі – Абай университетінің студенті Ильяс Исмаилов. Қатардағы білім алушы болып ұйықтап, жұлдыз болып оянған Ильяспен сұхбаттасудың сәті түсті.
– Ильяс, өзің туралы айтып берші. Қай жердің тумасысың, мектеп кезіндегі Ильяс қандай бала болды, бойыңдағы талантың кімнен дарыған, кімге еліктеп өстің дегендей?
– Сәлеметсіз бе?! Мен 2004 жылы Өзбекстан Республикасында дүниеге келгенмін. Туған жерге үш жасымда, 2007 жылы көшіп келдік. Алдымен Жетісай қаласында тұрып, кейіннен Шымкентке, Шұбарсу ауылына қоныс аудардық. Ауылдағы орта мектептен түлеп ұшып, қазір арман қала Алматыда өзіңізге сұхбат беріп отырмын (жымиып). Өнерім нағашыларымнан дарыған екен. Анамның да «Әу» дейтіні бар. Домбырамен ән салғанда дауысына талай жұрт таңданатын. Қазірге дейін солай. Абай атындағы ҚазҰПУ-ға оқуға түспей тұрып, музыкамен кәсіби түрде айналысқан емеспін. Өткен жолы әлеуметтік желіге жүктелген видеомның астына көпті көрген бір апамыз «табиғатынан өнер адамына тән дауыс иесі» деп пікір қалдырыпты. Айтса айтқандай-ақ, тума талант шығармын (күліп). Сізге бір қызық айтайын. Кішкентай кезімде өте жылауық болыппын. Анашым мені барынша жылатпауға тырысса да, бақырып жылай беретін көрінемін. Ал, дауысым тым ащы екен. Мезгілсіз, ағыл-тегіл жылағанымнан көршілер келіп, «мына балаға сүт берсеңдерші» деп айтатын көрінеді. Қазір ер жетіп, жігіт болып, әлеуметтік желіде кішкене таныла бастағаныммен, оларға әлі сол Ильяспын. Ернар Айдар әнші ағамыздың «Жарай ма?» әнін айтып, сол кісіге еліктеп өстік. Мектеп кезінде «ән айтқым келеді» десем, маған ешкім сенбейтін. Барлығы «ұялып қалмайсың ба», «көпшіліктің алдында өзіңді ұстай аласың ба?» деп бетімді қайтаруға тырысатын. Осы күнгі жетістігім – алған бетімнен қайтпайтын қайсарлығымнан болса керек.
– Ер жігітке жеті өнер де аз дейді. Ән айтып, гитарада ойнайсың. Білуімізше, поэзия оқитын өнерің де бар екен. Біз білмейтін тағы қандай қырларың бар?
– Дұрыс айтасыз. Қазақтың әр жігіті сегіз қырлы, бір сырлы ғой. Қанша талантың, дарының мен қасиетің болса да бір сырлы, өзгермес мінезді, сынбас қайсарлық керек ер адамға. Мен өзімді осылай тәрбиелеймін. Ән айтып, елімнің еркесі болуды мақсат тұтқаныммен, азаматқа тән тектілікті бойыма сіңіруге тырысамын. Ән арқылы танымалдығым артса да, мен үшін университтегі оқуым алдыңғы орында. Ал, сабақтан қолым босай қалса кітап оқығанды ұнатамын. Ауылға барсам атқа мініп, кең далада Сәйгүліктің бар шабысымен қанаттанып қайтамын. Достармен ұлттық ойын асық ойнап, доп тебетінім бар. Кейде күресеміз. Бильярдты жақсы ойнамасам да, қызығушылықпен барымды салып қараймын. Соңғы кездері сөз өнері, шешендік өнер сабақтарына назарым ауып жүр. Жалпы, бос отырғанды ұнатпайтын қасиетім бар.
– Қазір Абай атындағы ҚазҰПУ студентісің. Оқу үлгерімің қалай? Танымалдық сабаққа кері әсерін тигізіп жатқан жоқ па?
– Ия, маған таңдау берілгенде дәл осы оқу орнын таңдағаныма еш өкінбеймін. Бүгінде жалпы «Музыкалық білім беру» мамандығында 3 курс студентімін. Абай университеті өсіп, дамып, бүгінгі Ильясты қалыптастыруға үлесін қосқан бірден-бір себепкер оқу ордам. Өте білімді, жан-жақты, өнерде ғана емес, өмірде де жол сілтеп отыратын ұстаздарыма мың мәрте алғыс айтамын. Бәрі жақсы, жоғарыда айтқанымдай, менің сабағым – мен үшін бірінші орында. Білім алуға көп көңіл бөлемін. Оқу мен үшін бәрінен маңызды. Менің ән айтып салған видеоларым көп қаралым жинаған соң, қайда оқитыным туралы сұрақтар жекеме өте көп келді. Көбісі Т.Жүргенов атындағы Өнер академиясының түлегі екен деп ойлапты. Осындай пікірлерден кейін, өзім оқитын ЖОО туралы көбірек айтатын болдым. Әлеуметтік желіге Абай университетін белгілеп саламын, ҚазҰПУ деп жазып қоямын. Менің тұлға болып қалыптасуыма себепкер болған оқу орныма деген алғысымды осылай білдіргім келеді.
– Әлеуметтік желіге видео жүктегендегі негізгі мақсатың осы, көпшілік көзайымына айналу болды ма? Жоқ, ойда жоқта түсірген бір видео сен ойламаған бақты алып келді ме? Жалпы, танымалдылық өміріңе айтарлықтай өзгерістер енгізді ме?
– Әрине, қаралым көп болған сайын ерекше шабытым ашылды. Себебі, мен бұрын ойламаған оқиғалар өміріме ене бастады. Аға буын өкілдері сыйлап, құрметтеп шақыратын болды. Олай дейтінім, бұрын сөйлесу, пікір алмасу, ақылын тыңдау арман болған көптеген ел алдында жүрген азаматтармен жақынырақ танысып, сыйласа бастадық. Қазір инстаграмда 205 мың, ТикТок желісінде 376 мың оқырманым бар. Әлеуметтік желідегі ең көп қаралым жинаған видеом 85 миллионға жетті. Көптеген телеарналардан шақырту алып, сұхбат бердім. Тікелей эфирде ән айтып, балалық арманымды орындадым. Барлығы еңбектің жемісі деп білемін. Қазір осы оқырмандарымды одан әрі қызықтырып, түрлі әндерге кавер жазу үстіндемін. Көрерменнің қошеметі маған шабыт сыйлайды.
– Кавер демекші, өзіңнің ән жазатын өнерің бар ма, әлде кавер ғана орындайсың ба?
– Өзім де жазамын. Концерттерге шақыртулар көбінесе осы авторлық әніме келеді. “D.Y.L.M?” деп аталатын әннің авторы өзім, сөзін Нұрсұлтан, Елдар дейтін достарым жазған. Ән ағылшын тілі мен қазақ тілінде аралас айтылатындықтан, «DYLM» деген атауды дұрыс көрдік. Әнді тек қазақ тілінде шырқамаймын. Өйткені, мені алыс жақын шетелдерден – Орта, Кіші Азиядан, Индонезия, Сауд Арабия, Түркиядан адамдар қарайды.
– Танымалдықтан ақша табасың ба?
– Ия, жарнамадан, тойдан, концерттерден азды-көпті пайда тауып бастадым.
– Болашақ жоспарларыңмен бөліссең?
– Болашаққа жоспарлар өте көп, авторлық әндерімді шығарғым келеді. Алматыда акустикалық кеш ұйымдастырмақшымын. Үлкен сахнанаға шығу да ойда бар.
– Сұхбатыңа рақмет! Шығармашылық табыстар тілеймін.
Сұхбаттасқан Мөлдір Рәсіл