Су тапшылығына ғалымдардың көзқарасы

0
1870

Кешегі аптаның сенбісінде ҚР Президенті жанындағы Ұлттық ғылым академиясы су тапшылығын алдын алу мақсатында «Ауыл шаруашылығының тұрақты дамуы: су ресурстарын тиімді және қауіпсіз басқару» атты тақырыппен Егінжай күніне арналған далалық семинар өткізді. Бұл іс-шараға ҚР Президенті жанындағы Ұлттық ғылым академиясының президенті Ақылбек Күрішбаев, Су ресурстары және ирригация бірінші вице-министрі Болат Бекнияз, Ауыл шаруашылығы вице-министрі Азат Сұлтанов, Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев, Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев, Жетісу облысы әкімінің орынбасары Әлібек Жақанбаев және егіншілік, су, ауыл шаруашылығы саласындағы ғылыми-зерттеу институттарының басшылары мен жетекші ғалымдар, сарапшылар, сондай-ақ ауыл шаруашылығы құрылымдарының өкілдері, ірі кәсіпкерлер мен агробизнес өкілдері қатысты. Алқалы жиында су тапшылығының негізгі себептері, оның ел экономикасы мен азық-түлік қауіпсіздігіне әсерін талқыланып, мәселенің шешу жолдары да қарастырылды.

«СУ МАМАНДАРЫ ЖЕТІСПЕЙДІ»

Талқыланған мәселелердің басында су тапшылығынан болатын қауіптің түрлерін көреміз. Ол қандай қауіптер дерсіз? Әрине, климаттың өзгеруі мен су ресурстарын тиімсіз басқару және ауыл шаруашылығындағы ескірген технологиялардың кесірінен Қазақстан су тапшылығына ұшыраудың алдында тұр. Бұл топырақ сапасының нашарлауына, егіннің төмендеуіне, экономикалық шығындарға әкеп соғары даусыз.  Ал, бұл мәселенің шешімі – инновация: тамшылатып суару, топырақтың ылғалдылық датчиктерін пайдалану, суды цифрлық жүйеде басқару және құрғақшылыққа төзімді дақыл түрлерін енгізу сияқты суды үнемдеу саласындағы инновациялық технологияларды енгізу маңызды болмақ.

Еліміздегі су қолданысына қатысты мәселелер туралы ҚР Президенті жанындағы Ұлттық Ғылым академиясының президенті Ақылбек Күрішбаев тың ойларын былайша жеткізді: «Қазақстандағы су мәселесіне келсек, біз әлемдегі ең аз қамтылған елдердің қатарына жатамыз. Сонымен қатар, елдің су ресурстарының жартысына жуығы мемлекеттен тыс жерде қалыптасады. Дүниежүзілік банк сарапшыларының деректері бойынша 2030 жылға қарай Қазақстанның су ресурстарының көлемі 15%-ға қысқарады, бұл елдің ұлттық қауіпсіздігіне төнетін басты қатерлердің біріне айналады.

Су ресурстарының негізгі тұтынушысы – ауыл шаруашылығы, яғни елдің жалпы су тұтыну көлемінің шамамен 70 пайызы ауыл шаруашылығына жұмсалады. Егер біз кешенді түрде су ресурстарын тиімді басқаруды үйренсек, онда су тұтыну көлемін кемінде 50 пайызға қысқартып, ауыл шаруашылығы дақылдарының өнімділігін 1,5 есе арттыра аламыз. Бұл теория емес, бұл біздің озық шаруашылықтарымыздың нақты көрсеткіштері.

Бізде су ресурстарына деген ысырапшылдық әлі бар. Айталық, біздегі арналардың 78 пайызы әлі күнге дейін топырақтан қазылған. Соның кесірінен ағын судың шамамен 40 пайызы тұтынушыға жеткенше жерге сіңіп кетеді. Суармалы жерлердің тек 20 пайызында су үнемдеу технологиялары қолданылады, оның ішінде тамшылатып суару тек 5,4 пайызға тең. Яғни, бұл суды ұтымсыз пайдалану әдісі. Жалпы ішкі өнімнің 1 долларына шаққанда біздің еліміз Ресейден 3 есе және АҚШ-тан 6 есе көп су жұмсайды. Суармалы жерлердің жай-күйі тіптен қиын. 1991 жылмен салыстырғанда олардың ауданы үштен бірге қысқарды немесе 846 мың гектардан астам жер айналымынан шығарылды, бұл негізінен судың жетіспеушілігінен және олардың мелиоративтік жағдайының нашарлауынан болып отыр», – дей отырып, маман тапшылығы туралы ойын былайша өрбітті: «Қазіргі уақытта нарыққа 800 адам қажет болса, жыл сайынғы ЖОО шығатын мамандардың саны 100-ден аспайды. Елімізде су саласы үшін орта буын мамандарын даярлау жүйесі іс жүзінде жоқ, саланың қажеттілігі 2 000 адам болса, бізде жыл сайын 100 гидротехниктен аспайтын 5 колледж ғана бар. Тағы бір олқылық – мамандардың біліктілігіне қатысты жүйенің болмауы, соның салдарынан су пайдаланушылар суды ұтымды пайдаланудың заманауи әдістері мен технологияларын меңгере алмайды».

Демек, елімізде су тапшылығы проблемасын шешу үшін заңнаманы жетілдіру керек. Сонымен қатар, ғылыми зерттеулерді дамыту, инфрақұрылымға инвестиция тарту, халыққа көбірек ақпарат тарату және мемлекет, ғылым мен бизнес арасындағы ынтымақтастықты қамтитын кешенді тәсіл қажет. Мұндай іргелі бастамада ғылымның да рөлі зор. Ғалымдар жаңа технологияларды әзірлеу мен енгізуде, су ресурстарының жай-күйін бақылауда, ықтимал тәуекелдерді болжауда шешуші рөл атқарады.

«ЕНДІ КӨКТЕМГІ ДАЛА ЖҰМЫСТАРЫНА 5% НЕСИЕ БЕРІЛЕДІ»

Осы арада лауазымды тұлғалардың егінжайларға қажетті су мәселесі қалай шешімін тауып жатқандығы туралы жиында сөйлеген сөздерін қаз-қалпында беруді жөн көрдік.

«Мемлекет өз тарапынан ағымдағы жылы егіс науқанын қаржылық және материалдық-техникалық қамтамасыз етудің негізгі мәселелерін шешу үшін бірқатар шаралар қабылдады. Биыл алғаш рет көктемгі егіс жұмыстарына жеңілдікпен кредит беру көлемі жылдық 5 пайызбен 580 млрд. теңгеге дейін жеткізілді. Естеріңізде болса, өткен жылдары бұл көлем 180 млрд. теңгеден аспаған. Егіс жұмыстарын қаржыландыруға 304 млрд. теңге бағытталды. Ағымдағы жылдан бастап АӨК субъектілеріне жылдық «таза» 5%-бен кредит беру үшін сыйақы мөлшерлемелерін тікелей субсидиялау тетігі енгізілді. Бұл туралы көп айтылды, өйткені көбінесе фермерлер субсидиялауға қаражат болмаса, толық мөлшерлемені 22%-бен және одан жоғары төлеуге мәжбүр болады. Енді көктемгі дала жұмыстарына бірден 5% несие алуға болады. Сондай-ақ, отандық өндірістің ауыл шаруашылығы техникасының жеңілдетілген лизингі бағдарламасы «ҚазАгроҚаржы» арқылы 100 млрд. теңге сомасында «таза» жылдық 5%-бен іске қосылды.

Ал, тыңайтқыштарды қолдануды ұлғайту үшін 2024 жылғы наурыздан бастап отандық тыңайтқыштарды аванстық субсидиялау тетігі енгізілді, онда фермерлер алдын ала арзандатылған тыңайтқыштармен қамтамасыз етіледі. Субсидиялар нормасы 50 пайыздан 60 пайызға дейін ұлғайтылды. Қазірдің өзінде жоспар 1,5 млн. тонна болса, 1,1 млн. тонна тыңайтқыш енгізілді. Мемлекеттік қолдау шараларының арқасында элиталық тұқымдардың үлесі ағымдағы жылы 7,1 пайыздан 9 пайызға дейін өсті.

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша 2024 жылғы 30 мамырда 2028 жылға дейінгі Ауыл шаруашылығы дақылдарының селекциясы мен тұқым шаруашылығын дамытудың кешенді жоспары қабылданды. Кешенді жоспарда тұқым шаруашылығындағы жүйелі проблемаларды, оның ішінде селекция мен тұқым шаруашылығының заңнамалық базасын жетілдіру, аграрлық ғылым жүйесін зерттеу қызметінің заманауи әдістеріне көшіру және білім беру бағдарламаларын жаңарту есебінен шешу жөніндегі шаралар көзделген. Сондай-ақ, кешенді жоспар аграрлық ғылымның және селекция және тұқым шаруашылығы субъектілерінің материалдық-техникалық базасын нығайту, тұқым шаруашылығының тиімді жүйесін құру жөніндегі шараларды көздейді. Кешенді жоспарды іске асыруға республикалық бюджеттен 63,4 млрд. теңге бағыттау жоспарлануда. Өндіріске заманауи ресурс үнемдеуші технологияларды белсенді енгізу бойынша жеке жұмыстар жүргізілуде. Бұл, әсіресе, оңтүстік облыстардағы сумен қамтамасыз етудің төмендеуіне байланысты. Көрсетілетін мемлекеттік қолдау шараларының арқасында су үнемдеу технологиялары қолданылатын суармалы жерлердің ауданы 2020 жылы 91 мың гектардан 2023 жылы 312,2 мың гектарға дейін ұлғайтылды. Биыл тағы 56 мың гектар жер пайдалануға берілді», – дейді ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі Азат Сұлтанов.

«ҚАЗАҚСТАНДА 1,6 МЛН. ГА СУАРМАЛЫ ЖЕР БАР
– бұл елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін жеткіліксіз»

ҚР Су ресурстары және ирригация бірінші вице-министрі Болат Бекнияз республика аумағындағы су саласына қатысты мәліметтерді төмендегіше өрбіткен болатын.

«Қазақстанда суармалы жерлердің ауданы шамамен 1,6 млн. га құрайды – бұл елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін жеткіліксіз. Сондықтан болашақта суармалы жерлердің аумағын 2030 жылға қарай 2,5 млн. гектарға дейін кеңейту жоспарлануда. Қазіргі уақытта Су ресурстары және ирригация министрлігі Қазақстан Республикасының жаңа Су кодексінің жобасын әзірлеу бойынша жұмысты жалғастыруда. Жаңа заңнамадағы басты назар елдің су-ресурстық әлеуетін қамтамасыз ету үшін су ресурстарын сарқылудан және ластанудан қорғауға бағытталатын болады. Негізгі міндеттерге суды үнемдеу саясатын қалыптастыру, сұранысты басқару, қоғамдық бақылауды жүзеге асыру, ғылыми негізделген тәсіл, басқарудың экономикалық тетіктері, құрылыстарды пайдалану қауіпсіздігі және тазартылған сарқынды суларды қайта пайдалану бағыттары толықтырылды.

Мемлекет басшысы 2023 жылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында озық су үнемдеу технологияларын жылына 150 мың гектарға дейін енгізуді жеделдетуді тапсырды. Осы тапсырманы іске асыру мақсатында Су ресурстары және ирригация министрлігі мемлекеттік органдармен келісім бойынша 2024-2026 жылдарға арналған су үнемдеу жөніндегі жол картасын бекітті. Жол картасы су үнемдеу, тариф белгілеу жүйесі, су саласын цифрландыру бөлігінде су заңнамасын жетілдіру, мемлекеттік қолдау шараларын ұсыну тетіктері, кәсіпорындарда суды есепке алудың, айналымды және қайта сумен жабдықтаудың қазіргі заманғы жүйелерін енгізу, су үнемдеу технологияларын енгізе отырып, тұрғын үй-коммуналдық жүйелерді салу және пайдалану, қоғамда суға ұқыпты қарауды насихаттау және тәрбиелеу жөніндегі іс-шараларды қамтиды. 2024-2026 жылдарға арналған су үнемдеу жөніндегі жол картасы негізінде шараларды іске асыру мақсатында жергілікті атқарушы органдар өңірлердің ерекшеліктерін ескере отырып, экономиканың барлық салаларында су үнемдеу технологияларын енгізу жөніндегі нақты іс-шаралар көзделетін модельдік жоспарды бекітетін болады.

Тағы бір маңызды іс-шара – фермерлерді суды үнемдейтін жабдықтармен қамтамасыз ету. Республика аумағында жаңбырлату машиналарын шығаратын екі отандық зауыт жұмыс істейді: «BNK Group LTD» ЖШС (Түркістан облысы) және «ADAM manufacturing» ЖШС (Астана қ.). Сондай-ақ, «Kazakh Invest» АҚ су үнемдеу технологияларын шығаратын зауыттар құру үшін халықаралық компанияларды тарту бөлігінде іс-шаралар шеңберінде жаңбырлату машиналарын өндіру бойынша екі жобаны іске асыру бойынша жұмыс жүргізілуде: Жамбыл облысындағы «Vodar» қытай компаниясы және Атырау қаласындағы «AFKO» түрік компаниясы. Бұдан басқа, ел аумағында тамшылау желісінің жабдықтарын шығаратын екі зауыт жұмыс істейді: «Ирригатор Қазақстан» ЖШС (Алматы қ.) және «BNK Group LTD» ЖШС. Жалпы, суарудың су үнемдейтін технологияларын енгізу суармалы суды 20-30%-ға (2 км3-тен астам су) үнемдеуді қамтамасыз етеді, бұл үнемделген су ресурстары есебінен суармалы жерлердің ауданын ұлғайтуға және 2030 жылға қарай суармалы жерлердің ауданын 1,3 млн. гектарға дейін жеткізуге мүмкіндік береді.

Климаттың өзгеруі, суы аз кезең және ашық су объектілеріндегі су деңгейінің төмендеуі жағдайында Су ресурстары және ирригация министрлігі оазистік суару үшін жер асты суларын пайдалану үлесін арттыруды жоспарлап отыр. Қазақстан аумағында жерасты суларының пайдалану қорлары жылына шамамен 15,7 км3 құрайды, оның ішінде жерді суару үшін жылына 6,9 км3 құрайды. Қазіргі уақытта ауыл шаруашылығының суды тұтынуы шамамен 14,8 км3 немесе жалпы су қабылдаудың 60% құрайды, оның ішінде жер асты суларын пайдалану тек 0,2 км3 немесе 1,2% құрайды. Суаруға арналған жер асты сулары қорының көп бөлігі Алматы, Павлодар, Шығыс Қазақстан және Жамбыл облыстарында барланған. Ең азы Маңғыстау, Атырау, Батыс Қазақстан және Солтүстік Қазақстан облыстарында барланған», – деп ойын қорытты вице-министр Болат Бекнияз.

ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН

Егінжай далалық семинар күнінде суды үнемдеу және су ресурстарын басқару саласындағы ең жаңа әзірлемелер ұсынылды, олар Қазақстанның ауыл шаруашылығына оның тиімділігі мен климаттың өзгеруіне төзімділігін арттыру үшін енгізілуі мүмкін.

ҚР Президентінің жанындағы Ұлттық ғылым академиясы ғылым мен техниканың түрлі салаларында зерттеумен айналысатын жалғыз жоғары ғылыми ұйым. Академия ғылым және инновация саласындағы мемлекеттік саясатты әзірлеуге және іске асыруға белсенді түрде қатыспақ.

Бір жұтым судың қадірін біле жүрейікші, ағайын!

«Qazaq»-ақпарат

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here