Айдана Жапарова, сурдоаудармашы: «Ым-ишара тілі – менің ана тілім»

0
4440

«Шексіз мүмкіндік» жобасының аясында адамдардың шексіз мүмкіндігі ғана емес, күнделікті өмірде біз тереңіне бойлай бермейтін салалардың құпияларын да ашуға мүмкіндік туады. Мәселен, ым-ишара тілі – құлағы естімейтін, сөйлей алмайтын адамдардың ана тілі екенін білгенімізбен, ондағы мәселелер туралы, жауабын таппаған сұрақтар жайлы ақпаратымыз аз. Бүгінгі кейіпкеріміз Айдана Жапарованың өмір жолы, қиындыққа сынбаған ішкі жігері мен жұлдызды сәті жайлы болмақ.

«АЯҒЫМНЫҢ ҚИМЫЛДАП ТҰРҒАНЫН ЕЛЕСТЕТТІМ»

Айдана Жапарова саңыраулар отбасында дүниеге келген ерекше қабілетті жан. Себебі, ол құлағы естімейтін анасына көмектесу мақсатында бала кезінен ымдау тілін меңгерген. Кейіпкеріміз анасын қоршаған ортамен таныстыру үшін, жалпы әлеммен қарым-қатынас жасауы үшін осы ишара тілін жетік үйреніпті. Алайда, 19 жасында оның өмірін күрт өзгерткен жағдай болады. Айдана Жапарова аяқ астынан сал ауруына ұшырайды. Дегенмен, кейіпкеріміз бұл сынақты жеңіп шыққан қайсар әрі жігерлі жан. Тіпті, сол ерекше болмысының арқасында ойламаған жерден көпшілікке танылды.

Өмірдің сынақтарымен күресе жүріп жетістікке жетуге болатынын, адамның мүмкіндігі шексіз екенін дәлелдеген Айдана-ару аяқ астынан сал ауруына ұшырап, оны қалай жеңгені біз үшін де таңғажайып құбылыс болды. Айдана өзге студенттер секілді колледжде оқып жүргенде аяғы ұйып қалғандай біртүрлі әсерде болады. Аяғының ұюы жиі қайталана бергендіктен емханаға барып, дәрігердің нұсқауымен медициналық талдаулар жасатыпты. Содан кейін достарының ұсынысымен омыртқаға массаж жасайтын емшіге барған. Бірақ, кейіпкеріміздің жағдайы жақсарудың орнына керісінше күрт нашарлап кеткен. Ол массаждан кейін 3 күн өткенде толығымен сал болғанын сезініпті. Яғни, таңертең оянғанда екі аяғын мүлдем сезбеген. Айдана бұрын-соңды мұндай жағдайды бастан өткермегендіктен не болғанын өзі де түсінбейді. Медициналық талдаулардың қорытындысында – жұлынның ісігі мен ішкі қан кету деп жазылыпты. Біраз уақыт өткен соң кейіпкерімізге елордадағы нейрохирургиялық орталықта операция жасалған. Операциядан соң хирург: «Бәрі сізге байланысты. Егер бұрынғыдай өзіңіз жүріп, аяққа тұрғыңыз келсе жаттығулар жасап, ерік-жігеріңізді шыңдауыңыз керек. Мұндай жағдайда тек өзіңізге өзіңіз көмектесе аласыз», – деп жігерлендіріпті.

Айдана Жапарованың анасы мен сіңілісі Қарағанды қаласында тұрады. Сәтті жасалған отадан кейін оның күтімі жақсы болуы маңызды. Айдана осы ауыртпалығы көп кездерді: «Анам мені төсек тартып жатқанда бала кездегідей қасықтап тамақтандырды», – деп есіне алады. Ал сіңілісі кейіпкерімізге арнайы жаттығулар жасатып, барынша қимылдатуға тырысыпты.

«Табандылық пен қалыпты өмірге оралуға деген ұмтылыс нәтижесін берді. Шын мәнінде жансызданған аяғымды қимылдату өте қиын болды. Күн сайын көзімді жұмып, аяғымды қозғалттым. Аяғымның қимылдап тұрғанын елестеттім. Бірақ, бұл менің қиялым болатын. Яғни, мен бұрынғыдай жүргенімді, жүгіргенімді елестететінмін. Бір жарым жылға жуық уақыт өткен соң ғана алғашқы қадамымды басып, жүре бастадым», – дейді кейіпкеріміз. Осылайша, өмірге шексіз құштарлық пен жан-жақты қолдаудың нәтижесінде Айдана Жапарова сал ауыруын жеңіп шыққан.

Кейіпкеріміздің айтуынша, қазірге дейін аяғы тырысып қалатын кездер жиі болады екен. Бірақ, ешқашан жаттығуды тоқтатпайтынын, жаттығу залына үздіксіз барып, аяққа күш түсірмейтін арнайы жаттығуларды жасайтынын жасырмады. Қайсар ару операциядан кейінгі кезеңдерде ымдау тіліне музыкалық туындыларды қалай аударуға болатыны жайлы көп ойланыпты. Бұған дейін жазғанымыздай, Айдана құлағы естімейтін ана мен көзі нашар көретін әкенің отбасында өскен. Мұндай балаларды CODA (Deaf Adults Child – саңырау ата-ананың баласы) деп атайды.

«Біз бала кезімізден ата-анамыз саңырау екенін түсіндік. Сондықтан, мен олардың көмекшісі болдым. Егер сіңілім жыласа, оның жылап жатқанын анама түсіндіру үшін ишарамен «жылап» көрсеттім. Бір жастан бастап, балалар қалыпты тілмен сөйлей бастағанда, мен қимылдармен көрсеттім. Мені ым-ишара тіліне ата-анам үйретті. Бұл – менің ана тілім», – дейді Айдана.

19 жасында кейіпкеріміздің әкесі қайтыс болыпты. Өмірдің бұл сынағы да оған ауыр соққы болып тиеді. Осы сәттен бастап Айдана Жапарова өмірде қандай қиындықтар болса да алға қойған мақсатынан айнымай, жетістіктерге қол жеткізу керектігін ойлапты.

МУЗЫКАНЫ ДЫБЫССЫЗ «СӨЙЛЕТКЕН» АРУ

Бүгінде Айдана инклюзивті театрда жұмыс істейді. Яғни, ол есту қабілеті нашар адамдарға концерттерде музыканы «естуге» көмектеседі. Өмірде көпшілікке беймәлім жағдайлар, оқиғалар өте көп. Мәселен, театр өнерінде көрермен тек қана қойылымды тамашалап қана қоймай, түрлі әсерлерге бөленіп, эмоцияға ерік береді. «Құлағы естімейтін жандарға көңіл-күйді, эмоцияны қалай жеткізуге болады?» деген сауалды бір сәт ойланып көрдіңіз бе? Шексіз мүмкіндік иесі Айдана Жапарова осы сұрақтың жауабын білетін кәсіби маман. Кейіпкеріміз сурдоаудармашы ретінде есту қабілеті нашар көрермендерге әр көріністі түсінуге және сезінуге көмектеседі. Өнердің дыбыссыз қалай сөйлей алатынын елестетудің өзі қызық әрі күрделі құбылыс емес пе? Кейіпкеріміздің қос қолы актерлер үшін «сөйлейді». Айдана Жапарова есту қабілеті нашар адамдарға музыканың қолжетімді болуын армандайды.

Сурдоаударма барысында Айдананың басты міндеті – мәтінді жеткізу ғана емес, оқиғаны жандандыру. Осыған қатысты: «Біз эмоционалдымыз. Ал әдетте жаңалықтарды жүргізетін, яғни телеарналардағы сурдоаудармашылар ұстамды болады. Олар қатты қимылдамайды, аударма барысында эмоциясын бет-әлпетімен көрсетпейді. Менің әсерім жүзімнен көрініп тұрады. Себебі, көрермен кейіпкерлердің ашуланғанын немесе қуанғанын түсінуі үшін осындай қадамға барамын», – дейді кейіпкеріміз.

Театрдағы сурдоаудармашының жұмысы премьерадан бұрын басталады екен. Айдана Жапарова қойылымның дайындығына актерлермен қатар қатысып, алдын ала жаттығады. Демек, ол сценарийді мұқият зерттейді, режиссердің көздеген мақсатын анықтайды. Кейіпкеріміз: «Біз бәріміз бірге отырамыз, алдымен сценарийді оқимыз. Міне, сол кезде мен мәтінмен толық танысып, өз бойымнан өткіземін. Бізде дайындықтар басталып, актерлер өз рөлдерін ойнай бастағанда-ақ мен де оларды аударуға кірісемін. Қолыммен ән салып отырғандай күйде боламын. Менің қос қолым осылайша сөйлей бастайды. Осының арқасында есту қабілеті нашар көрермендер әр нотаны сезіне алады», – дейді.

Айдана Жапарова инклюзивті театрдағы жұмысын зор махаббатпен, шабытпен істейтіні байқалып тұр. Кейіпкеріміз тек сурдоаудармашы ғана емес, сахна сыртында кейіпкерлердің образына да жауапты маман екен. Ол актерлердің бетін әрлеп, гримм жасайды. Айдана алғашында кез келген қойылым алдында толқитынын, уақыт өте келе толқу азаятынын айтады. Кейіпкеріміз: «Залдағы көрерменнің саны маңызды емес. Бастысы, қанша адам тамашалап отырса да көрерменге сахна қозғалыстарын түсінікті етіп сөйлету маңызды», – дейді.

Еліміздегі есту қабілеті нашар адамдардың әлеуметтік жағдайы Айдана Жапарованы көп толғандырады. Себебі, олардың көпшілігінің жалақысы төмен. Тіпті, өзге елдермен салыстырғанда жеңілдіктер де аз екен.

«Қазір есту қабілеті нашар және саңырау жастар өте көп. Олар өте ақылды, жан-жақты дамыған жастар. Музыкаға, шығармашылыққа, спортқа қызығушылық танытады. Халықаралық, Республикалық деңгейдегі фестивальдерге қатысқысы келетіндер де баршылық. Бірақ, ондай ауқымды шаралардың билеті ең арзаны 35 мың тұрады. Сол талапты жастарды әлеуметтік жағдайына қарай, саңырау болғандықтан ең төменгі жалақымен жұмысқа алады. Менің ойымша, саңыраулар үшін жеңілдіктер көп болуы керек. Өйткені, олар мәдени шараларға қатысып, қоғамның белсенді мүшесі болғысы келеді», – дейді Айдана Жапарова.

Қоғамдағы өзекті мәселелерді ашып айтып, саңыраулардың жалпы жағдайын жақсартуды көздейтін кейіпкеріміз әлеуметтік желіге анасына әнді ымдап түсіндіріп отырған видеоларын жариялап, батыл мінезінің арқасында көпшіліктің ықыласына бөленді. Кейіпкеріміз: «Бір күні үйде музыка тыңдап, сол әуенге биледім. Сосын анама әнді қимылмен аудара бастадым. Содан бері әндердің аудармасы мен үшін табиғи нәрсе болып кетті», – дейді. Айдананың сахнадағы жетістіктері мен оның әлеуметтік желілердегі роликтерін анасы көріп, әрдайым қолдап отырады екен.

Айдана Жапарова әлеуметтік желі арқылы басқа әншілерден шақыртулар алып, менеджерлерімен байланыс орнатқанда ерекше толқығанын айтады. Ол «Банд’Эрос» тобының әншісі Александр Устьянцевпен шығармашылық байланысы туралы сұрағанымызда: «Біз бір жыл бұрын бір фестивальде кездесіп, бірге видео түсірдік. Мен өз тарапымнан болашақта оның әндерін тағы да сүйемелдеуге қарсы емес екенімді айттым. Осы ұсынысымның нәтижесінде топтың ұйымдастырушылары алдағы уақытта шығармашылық байланысты үзбейтіндерін айтты. Бастапқыда мен тек «Банд’Эрос» тобымен бірге жүремін деп ойладым. Бірақ бұдан бұрын әнші Батырхан Маликовпен және оның менеджері Асаналимен танысқан едім. Мен оның әндерін сурдоаударма жасауға болатыны туралы ұсыныс айттым. Ұйымдастырушылар бұл идеяны қолдады», – деді Айдана.

Осыдан кейін кейіпкерімізге ұсыныстар легі ағылып келе бастайды. Тіпті, Крейг Дэвидтің қойылымын да сурдоаударма жасау бақытына ие болыпты. Айдана Жапарова осы жұлдызды сәт туралы: «Мен бірден келістім. Бұл керемет сәт болды. Мен Крейг Дэвидтің әндерімен өстім. Мектеп қабырғасында тыңдап өскен өнерпаздарымның жанында тұру және оның әндерінің мағынасын аудиторияға аудару мен үшін зор мәртебе. Бірақ, дайындалатын уақыт аз болды», – деп сырымен бөлісті.

СУРДОАУДАРМАШЫ МАМАНДАРДЫ КӘСІБИ ШЫҢДАУ КЕРЕК

31 жастағы Айдана қазір есту қабілеті нашар жастардың 70 пайызға жуығы есту аппараттарын киетінін, яғни олар музыканы еститінін айтты. Дегенмен, кейде олар сөздерді естімеуі немесе музыканы бірінші рет естігенде мағынасын түсінбей қалуы мүмкін. Сондықтан да бізге сурдоаудармашы мамандарды оқытып, кәсіби жағынан шыңдау керек.

Кейіпкеріміз сурдоаударма саласындағы құпиялар мен түйткілді мәселелер туралы: «Қазақстанда әзірге ресми ым-ишара (жест) тілі жоқ. Мен сол үшін алдымен қазақ әндерін орыс тіліне, содан кейін ғана ымдау тіліне аударамын. Сонымен қатар, әр эмоцияны, әрбір семантикалық бөлшекті сақтауға тырысамын. Бұл оңай дүние емес. Мысалы, әнді қазақ тілінде тыңдап, оны ойша орыс тіліне аударып айтып, содан кейін ғана ишарамен жеткіземін. Қос жұмысты қатар істеу назарды бір жерге шоғырландыруды, зейін аударуды қажет етеді. Мимика, қозғалыс, ритмді сезіну секілді кезеңдерді бақылауда ұстау керек. Әнді аударған кезде сол әннің ішінде өмір сүремін. Яғни, қолыммен ән айтамын деуге де болады. Тек сөздерді ғана емес, көңіл-күйді, эмоцияларды, энергияны да жеткізу қызметін атқарамын», – дейді.

Айдана Жапарова көптеген фестивальдерде тегін өнер көрсетеді екен. Себебі, ол құлағы естімейтін жандардың әлемін, қажеттілігін жақсы түсінеді. «Физикалық тұрғыдан алғанда, бір аудармашыға бәрін қамту қиын. Мен мүмкіндігінше саңырау жандарға түсінікті аударма жасағым келеді. Отбасыма және есту қабілеті нашар балаларға іс-шаралар мен концерттерді тамашалау үшін тегін билеттер алып беруге тырысамын. Саңырау жандардың көзінде «Біз де естігіміз келеді!» деп жазылып тұрғандай әсерде боламын», – дейді кейіпкеріміз.

Айдана Жапарова әлеуметтік желілер арқылы танылғандықтан көрермендерінің басым бөлігі жастар екен. Желідегі оқырмандары кейіпкерімізге жағымды пікірлер жазып, шығармашылық табыс тілейтінін шабыттана айтып берді. Осы орайда Айдана Жапарова өзін әрдайым қолдап отыратын жақын туыстарына, таныстарына алғысын да айтты.

«Қоғамдық жерлерде есту қабілеті нашар адамдармен кездескенде олар «Біз сені танимыз. Сен қолдарыңмен ән айтасың. Жарайсың! Саңыраулардың да концерттерге баруын қамтамасыз етіп жүрсің», – деп айтады. Мен үшін осындай ақ тілектерді есту зор бақыт», – дейді Айдана Жапарова.

ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН

Тағдырмен күресіп, сал ауруын жеңген, төсек тартып жатқан жерінен ішкі жігерінің, қайсарлығының арқасында жарық күнге ұмтылған Айдана Жапарованың өмір жолы өзгелерге үлгі. 2024 жылдың қорытындысы бойынша елімізде құлағы естімейтін, сөйлеу қабілеті төмен 200 мыңға жуық тұрғын тіркелген. ҚР заңнамасы бойынша, әрбір есту қабілеті нашар адам жыл сайын 60 сағатқа дейін ымдау тілі маманының тегін кызметтеріне жүгіне алады. Дегенмен, бұл жеткіліксіз. Кейіпкерімізбен сұқбат барысында саңырау адамдардың теңдігі мен мәдени интеграциясын қамтамасыз ету біздің қоғам үшін маңызды қадам деген тұжырым келдік.

Әлия ІҢКӘРБЕК

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here