Хорватия астанасы Загребте өтіп жатқан грек-рим күресінен әлем чемпионатында Қазақстан қоржынына алтын медаль түсті. Отандасымыз Айдос Сұлтанғали 60 кг дейінгі салмақтың финалында Әлішер Ганиевтен (Өзбекстан) басым түсті.
29 жастағы Қызылорданың тумасы Қазақстанға 26 жылдан кейін ересектер арасындағы әлем чемпионатының алтынын сайлады. Осыған дейін грек-рим күресінен Афиныда 1999 жылы отандасымыз Мхитар Манукян (63 кг) топ жарған. Осы аралықта Алмат Кебіспаев, Мейрамбек Айнағұлов, Демеу Жадыраев, Қорлан Жақанша, Ержет Жарлықасын сынды бозкілем шеберлері бас жүлдеге бір табан жақын болды. Жалпы алғанда, Айдос Сұлтанғали – егемендік алғаннан бері күрестің осы түрінен ересектер арасындағы әлем чемпионатының финалында күрескен оныншы қазақ палуаны. Соның ішінде грек-рим күресінен XXI ғасырдағы қазақстандық тұңғыш әлем чемпионы. Бұған дейін мұндай атақты қазақ балуандары Юрий Мельниченко (1994, 1997), Мхитар Манукян (1998, 1999) және Бахтияр Байсейітов (1998) жеңген еді.
Айта кетейік, бұл ұлттық құраманың күрес түрлерінен қазіргі әлем чемпионатындағы жалғыз алтыны. Әйелдер құрамасы жүлдесіз қалса, еркін күрестен Асылжан Есенгелді мен Нұрқожа Қайпанов қола жүлдені қанағат тұтты.









