Бүгін дәстүрлі өнерді дәріптеп жүрген талантты әнші Қанат Қуанышұлы «Сахна сыртындағы сырымен» бөлісті. 2 қараша, 16:00-де Алматы қаласында «Қанаттың қарлығаштары» атты есеп беру концерті өтетін өнерпаз шәкірттерін мақтан тұтатыны, жас талаптарды болашаққа самғатуға дайындап жүргені құрметтеуге лайық қасиет. Қанат Әмірханов өскелең ұрпақты өнердің сан түріне баулу үшін «Qanat oner-bilim» орталығын ашыпты.

«ЕРКІНДІКТІҢ ДЕ ШЕГІ МЕН МЕЗГІЛІ БОЛАДЫ»
– Өнерге, ән әлеміне әркім өз анықтамасын береді. Сіздің ойыңызша, өнер қандай ұғым?
– Өнер – халықтікі. Өнерді бағалау, жалпы қазақтың халық әнін, ұлтымыздың дәстүрлі өнерін, қара өлеңін қадірлеу ол біздің парызымыз деп білемін. Өнер – халықтың жаны. Абай атамыздың «Туғанда дүние есігін ашады өлең» деген жыр тармағы әрдайым ойымда тұрады. Себебі, әрбір адам өмірге шыр етіп келгеннен бастап жер бесікке дейінгі кезеңде өнермен өрнектелген өмір сүреді деп есептеймін. Өнер – өмір дейтініміз де сондықтан болар…
– Өзіңіздің өнер орталығыңыз бар. Басшы ретінде позицияңыз қандай? Шәкірттеріңізге қатал талаптар қоясыз ба?
– «Тәртіпсіз білім – адамзаттың қас жауы» деген аталы сөз баршаға мәлім ғой. Сондықтан, мен бастапқыда талантты шәкірттеріме барынша еркіндік беремін. Бірақ, сол еркіндіктің де шегі мен мезгілі болады. Әр шәкіртіміз – ұлтымыздың бетке ұстар азаматы болуына тілектестік ниетпен олардың бойына адамгершілік негіздерін өнермен қатар үйретіп отыру керек.
– Шығармашылығыңыздағы жаңалықтар мен жоспарлар туралы айтсаңыз…
– Өнер жолын, оның ішінде дәстүрлі ән бағытын тағдырым деп қабылдап, осы жолды таңдағаннан кейін бұл жауапкершілікті арқалап жүру деген тарапы да бар. Сондықтан, осы бағытта докторантураны оқып жатырмын. Биыл 2 курстамын. Үйренеріміз өте көп. Сонымен қатар, «Арнау сөз» атты әдістемелік құрал құрастырып жатырмыз. Алдағы уақытта тұсауын кесіп, таныстырылымын жасаған соң оқырмандарға жол тартады. Өзімнің өнер мектебімде «Актерлік шеберлік», «Шешендік өнер» секілді арнайы курстар бар. Талантты, талапты балалардың жұлдызын жағу, болашаққа бағыт-бағдар беру менің миссиям.
«ОҚУШЫНЫҢ ӨНЕРІН ЖАН-ЖАҚТЫ КӨРСЕТУІ ЖЕТЕКШІГЕ ТІКЕЛЕЙ БАЙЛАНЫСТЫ»
– Есеп беру концертіңізге дайындалып жатырсыз. Сахнаның артында қызу тіршілік қой. Біз білмейтін сырларымен, дайындық барысымен бөліссеңіз…
– Дұрыс айтасыз, сахнаның артында, перденің ар жағында мүлде басқа әлем, қызу тіршілік болып жатады. Сахнаға оқушының жақсы көңіл-күймен шығуы, өнерін жан-жақты көрсетуі жетекшіге, ұстазға тікелей байланысты. Сондықтан, біз есеп беру концертімізге күн сайын дайындалып, шыңдау үстіндеміз. Болатты шыңдағанда қатаятыны тәрізді, өнер де дайындық пен үздіксіз еңбекті талап етеді.
– Қаншалықты принципшіл адамсыз?
– Менің өмірдегі басты ұстанымым – адамгершілік пен ізгілікке ұмтылу. Ұстаз ретінде шәкірт тәрбиелеу барысында да осы принципті ұстанамын. Өнерлі болу – жақсы қасиет, қабілет. Ал адам болу – толассыз еңбек, әр жанның міндеті. Айналамдағы адамдардан, жақындарымнан да осы қасиетті көруге ұмтыламын. Өзімнің де қателіктерім мен кемшіліктерімді күн сайын түзеп отыруға тырысамын. Әр күн – жақсы адам болуға үлкен мүмкіндік.
– Жаңа әндер қай бағытта жазылып жатыр?
– Ғашықтықтан басталып Отанға, ұлтқа қызметке ұласатын әндер жазылып жатыр. Шығармашылық адамы үшін көңіл-күй аса маңызды. Сондықтан, жаңа әндерді алдағы айларға жоспарлап отырмыз.
– Әңгімеңізге рақмет!
Әңгімелескен: Әлия ІҢКӘРБЕК


БІЗДІҢ АНЫҚТАМА
«ЖЫРЫМ КӨП МЕНІҢ ӘЛІ ЖАЗЫЛМАҒАН»…
Халықтың сүйіспеншілігіне бөленіп, дәстүрлі ән өнерін дәріптеп жүрген жас дарындардың бірі Қанат Әмірханов 1985 жылдың қараша айының 1 жұлдызында Жетісу облысы, Алакөл ауданы, Жанама ауылында дүниеге келді.
Әжім торлаған жүзінде адал еңбектің іздері жатқан асқар тау әкесі Қуаныш пен аялы алақанында аналық махаббат пен ұлы ақындардың өзі сөзбен әрлеп жүрекке жеткізе алмайтын ерекше бір ыстық сезімге толы анасы Зейнеханнан тәлім-тәрбие алып өскен ол кішкентайынан пысық, ерекше қабілетті болып өсті. Отбасылық құндылықты қашан да жоғары ұстанған ата-ананың тәлімімен өскен Қанат Қуанышұлының туған ағасы Әсет Қуанышұлы аяулы жары Динара екеуі – Жанат, Аяулым, Жұлдыз, Ерназар есімді ұл-қыздардың ардақты ата-анасы. Әсет Қуанышұлы да өнер деп аталатын шыңның төрінен орын тапқан, яғни өнерден құр алақан емес. Актерлік шеберлігімен көптеген қазақтың фильм-сериалдарына түсіп, өнерімен тәнті етіп жүрген ер-азамат. Туған інісі Самат Қуанышұлы мен аяулы жары Ақмарал екеуі – қара шаңырақтың иелері, Ералы есімді ұлдың бақытты ата-анасы.
«Бала кезден өнерге деген құштарлық, әнге, жырға деген құмарлық мені осы өнер әлеміне алып келді» деген Қанат Әмірханов білім ордасының табалдырығын Жанама орта мектебінде аттайды. «Болар бала он үшінде баспын дер» демекші, мектеп қабырғасында жүріп-ақ, айтқан сөзді лезде қағып алатын алғырлығымен, айтқан сөзді саралай білетін зейінділігімен, зеректігімен көзге түскен Қанат Әмірханов мектептің қоғамдық өміріне белсене араласты.
9-сыныптан кейін 2001 жылы Алматыдағы Ж.Елебеков атындағы республикалық эстрада-цирк колледжін дәстүрлі әнші, профессор Қайрат Байбосыновтың класы бойынша бітіріп шығады.
Жас талант иесінің алғашқы әндері колледж қабырғасында жүргенде дүниеге келеді. Ұшамын деген қыранға меңіреу құздар кедергі болып па?! Алдына аласармас мақсат қоя білген Қанат Әмірханов 2008 жылы Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясын Арқаның әншілік мектебі бойынша тәмамдап шығады.
Міне, осы кезден жас маманның бойындағы көзін ашуын күтіп жатқан бұлақтай булығып жатқан қасиеттері мен шығармашылық қабілеттері ашыла түсті. Әнші-сазгерлікпен сусындаған білімі шымылдығын енді ғана ашқан театрдың қойылымдарының көркем де мағыналы болуына, қойылымының көрермендер көңілінен шығып, айтар ойы әр жүректен орын алуына септігін тигізді. Осылайша, кейіпкеріміздің еңбек жолы Алматы қаласындағы №17 мектеп-интернатында музыка және өнер пәндері мұғалімі болумен басталды.
Қазақ даласының әр ауылына өнер қонған десем артық айтпаған болар едім. Домбыраның күмбірі де, қобыздың қоңыр үні де, төгілген жыр-терме де, шалқыған ән де ежелден әр қазақ ауылына сән беріп келеді.
Иә, әсем әуезді әуен – жүрек тілі. Ол адам жанын тебірентетін, ерекше күй кештіретін, көңіл-күй сыйлайтын өзгеше бір әлем дер едім. Рас, ол тап бір жәннәт секілді. Өте әдемі әрі сиқырлы. Себебі, адам жаны құбылып шаршағанда, оны тыңдап, жан демалып, рахат табады. Ол әлемге барғанда адам мол бақытқа кенеледі. Сиқырлы әуен өмірді басқалай сезіндіреді. Дүниені басқа қырынан танисың. Әдетте, музыканы көңілдің кілті деп атайды. Өйткені, музыка тыңдаған адамның көңілі лезде көтеріліп, өзін сабырға шақыра бастайды. Оның ерекшелігі сондай, ол кез келген адамның жан-дүниесін, ішкі сұлулығын, жүрегін сезінуге көмектеседі. Ол арқылы біз адамның жүрегіндегі жылулықты, мейірімділікті сезіне аламыз.
Міне, осындай ерекше құдіреті бар, тыңдай білген адамды ән әлемінде тербейтін Қанат Әмірханов шығармашылық әлеміне еніп кетті.
Адам баласының өмірлік ұстанымы болмыс-бітіміне сай қалыптасып, мінез-дағдысына айналары хақ. Алайда, тұлға боп танылу кез келген жанның қолынан келе бермесі анық. Әйтсе де, тағдыр талай өмірден алған тағылым-тәлімін сабақтап, өзіндік орнын қалыптастыруына алып келеді. Өнер жолы ауыр жол емес пе?! Әр кезеңнің өзіндік сәні, талғамы, сапасы болады. Бастысы елге ұнайтын, елдің көңілінен шығатындай қызмет ете білу керек. Сондықтан да, мәдениетсіз елдің ертеңі бұлыңғыр, яғни мәдениет, өнер ол елдің ертеңін анықтайтын сала деуге әбден болады. Мәдениет саласында өзіндік ісімен танылып, қазақ өнерін түлетіп келе жатқан іскер де талантты азамат Қанат Әмірханов репертуарында халық әндері мен Қазақстан композиторларының әндері орын алады.


«Жаса, қазақ елі!», «Күрсінбеші», «Нар тұлға», «Жырым көп менің әлі жазылмаған», «Ата-анам», «Өмір жайлы», «Қыздар-ай!», «Ақ мамық еркем», «Алакөлім», «Сен де мені сағынарсың бір күні», «Сезім», «Ауылым менің – Жанама», «Бауырларым» атты тағы басқа әндері және «Бүлдіршін» атты күйі елімізге белгілі өнер шеберлері мен танымал өнерпаздардың репертуарларына қосылған.
– Мен о баста шығармашылық кешімді университет ішінде өткізуді жоспарлаған едім. Алайда, менің алдыңғы буын ағаларым ақын Алмат Исәділ, Дархан Құдайберген, Талғат Кірішібаев, Арын Сәрсенбаев пен Мұхтар Байтшанов сынды тағы басқа ағаларым маған: «Қанат, сенің әндеріңді елге танымал Нұрғали Нүсіпжанов, Рамазан Стамғазиев сынды өнер иелері орындайды, сенің әндеріңді сүйіп тыңдайтын тыңдармандарың да көп. Шығармашылық кештің ауқымын кеңейтіп, қара шаңырақ –Жазушылар одағында өткізейік», – деп қамшы салған соң, тәуекелге бел будық.
– «Сағыныш» атты ән дүниеге келгенде құлағымнан Нұрғали ағамның үні кетпей қойды. Ән жазылғаннан кейін алғашында Нұрғали ағаның өзіне тікелей жолығып, әнімді ұсынуға батылым жетпеді, жүрексіндім. Кейіннен Ж.Елебеков атындағы Эстрада-цирк колледжінің басшысы Нұрғали ағамыздың қызы Бибігүл апайға жолығып, әнімді Нұрғали ағаға беруін өтіндім. Бибігүл апай – жүзі жылы, өте мейірімді жан ғой. Бірнеше күн өткеннен кейін маған Нұрғали аға өзі хабарласып: «Бауырым, әнің тәп-тәуір екен, сен маған кел, екеуміз танысайық, ән туралы өзіңнен сұрайын», – деді. Мен қуана-қуана ағама бардым. Сонымен Нұрғали аға менің «Сағыныш» деген әнімді орындап жүр, – деген Қанат Әмірханов еңбек жолын Қазақ Ұлттық аграрлық университетінде «Студенттік шығармашылық орталық» жетекшісі ретінде ұстаздық, кейіннен меңгеруші қызметтерін атқарды.
Шығармашылық әлеміне ден қойып, өнер әлемінің табалдырығын аттаған сәттен-ақ «өзімнің шығармашылық кешімді өткізсем» деген кейіпкеріміздің арманы орындалды да, 2015 жылдың 27 ақпанында Алматыдағы Қазақстан Жазушылар одағының Әдебиетшілер үйі залында Республикалық және халықаралық байқаулардың лауреаты, жас талант, дәстүрлі ән өнерінің өкілі, әнші-композитор Қанат Әмірхановтың «Ақ мамық еркем…» атты шығармашылық кеші өтті.
2017 жылы туып-өскен ауданы Алакөлде, Үшарал қаласында З.Қойшыбаева атындағы мәдениет үйінде және Бұлақты ауылында берген шығармашылық концертін берді. 2015 жылғы және 2017 жылғы концерттеріне демеушілік жасаған Алакөл ауданының абыройлы азаматы Слямов Асхат деген ағасы еді.
Нұрғали Нүсіпжанов, Рамазан Стамғазиев сынды қазақ ән өнерінің майталмандары, Талғат Әбуғазы, Нұрлан Албан, Сая Есенгелдинова, Бейбіт Мұсаев, Жігер Бертісов, «Аршын», «Жерұйық» тобы, Қазақ ұлттық аграрлық университетінің «Достық» би ансамблі қатысып, тыңдармандарын әсем әуен, рухты әнмен сусындандырған кеш көрермендердің өң бағасын алған еді.
Қанат Әмірханов «Qanat oner-bilim» орталығының басшысы. Өнер орталығында алты үйірме түрі және бір спорт түрі бар. Орталықта 300-дей өнерлі өрендер білікті мамандардан дәріс алып жатыр.
Өнердің киелі сахнасына табаны тигелі бері бір тыным көрмей, дәстүрлі-халықтық өнердің дамуына өзіндік үлесін қосып, ұмыт қалған өлеңдерді қайта жарыққа шығарып, өнерлі жастарды тәрбиелеп, жергілікті халықты ұлттық болмыстың бояуы кетпеген туындыларымен сусындатып келе жатқан Қанат Әмірханов туралы бірнеше мәрте мақала жазылып, оның өнері туралы түрлі басылымдар жазды. Мәдениет бұл – адам әлемі.
Мәдениет көріністерінде адамдық парасат, ақыл-ой, ізгілік пен әдемілік заттандырылып, игіліктер дүниесі құралған. Сонымен бірге, мәдениет адамды тұлға деңгейіне көтеретін негізгі құрал болып табылады. Әл-Фараби айтқандай, адам – «хайуани мадани», яғни адам – мәдениетті жан. Адам табиғат туындысы және ол үшін табиғи орта мәңгілік қажеттілік болып қалады. «Мәдениет адамнан табиғатты бөліп алады» деген пікір қанша рет айтылса да, адамның табиғи шығармашылықтың ең жоғары үлгісі екеніне күмән жоқ. И.Гердердің тілімен айтқанда, адам табиғаттың бірінші азаттық алған пендесі.


Қанат Қуанышұлының отбасына келер болсақ, жұбайы Чугаева Маржан Жомартқызы екеуі – 1 ұл, 2 қыз тәрбиелеп отырған үлгілі де ардақты ата-ана, бақытты жандар.
Үлкен ұлы Нұралы – ҚазҰУ-нің экономика факультеті, есеп және аудит мамандығының 1-курс студенті. Болашақта салық саласы бойынша белді маман болсам деп армандайды.
Қызы Рабия – би өнеріне сүйсінген, қазіргі күні де халықаралық деңгейден, жүлделі орындардан көрініп жүрсе, кіші қызы Мәдина Қанатқызы – болашақта қазақ тілі маманы болуды армандайтын, домбырамен, әнмен өнерден көрініп жүрген аяулы да сүйікті перзент.
Өзі қызмет жасайтын саладағы мәдениет пен өнердің қыр-сырын жетік меңгерген, жауапкершілігі мол, ұйымдастырушылық қабілеті жоғары. Қоғамдық өмірге белсене араласады. Ұжым қызметкерлерімен қарым-қатынаста мәдениетті, қарапайым жан. Оның адамгершілігі, айналасына қамқор ниеті, дос-туысқа сыйластығы ерекше азамат. Қоғамдық пікір туындай қалған жағдайда жалтақтыққа жаны қас. Турашыл, өмірде өзіндік орнын таңдап, әділеттілікті ұстанымына айналдырған азаматтың ар-ұжданы биік. Сондықтан да болар, іскер маман, білікті басшы ретінде жиған абырой тек қана Қанат Қуанышұлының өнерге деген сүйіспеншілігінің, адалдығының жемісі деуге болады.












