«Чемпиондық рух»: Алматы облысының жастары чемпиондармен бірге жаттығу жасады

0
1088

Есік қаласында «Чемпиондық рух» жобасы аясында ауқымды спорттық іс-шара өтті. Жобаның басты мақсаты – жастар арасында салауатты өмір салтын насихаттау, өскелең ұрпақтың есірткіге қарсы иммунитетін қалыптастыру, жасөспірімдер мен жастарды спортқа тарту, сондай-ақ отансүйгіштікке, азаматтық жауапкершілікке және мақсатқа жетудегі табандылыққа тәрбиелеу.

Шараға облыстық Полиция департаменті бастығының орынбасары, полиция полковнигі Ақылбек Төлеуов қатысып, жастарды дұрыс таңдау жасауға, еңбекті, спортты және салауатты өмір салтын өмірдің басты қағидатына айналдыруға шақырды.

Іс-шараның ең әсерлі бөлігі – Алматы облыстық мәслихатының депутаты, осы жобаның елшісі, ҚР ІІМ жанындағы есірткі құқықбұзушылықтарының алдын алу кеңесінің мүшесі, джиу-джитсудан қара белбеу иегері, грэпплингтен Азия чемпионы Нұрсұлтан Орынбасаров өткізген жаттығу болды.

– «Чемпиондық рух» – бұл жай ғана жоба емес, бұл ұлттық дәстүрге айналуы тиіс қозғалыс. Егер әр күнді жаттығумен бастасақ, біз дені сау ұлтты, мықты қоғамды және тұрақты мемлекетті қалыптастырамыз. Денсаулық – адамға берілген ең үлкен байлық, ал дені сау халық – елдің ең үлкен күші, – деді ол.

Сонымен қатар, қатысушыларға кинологтардың және СОБР арнайы жасағының жауынгерлерінің күш, төзімділік және командалық рух танытқан көрнекі көрсетілімдері ұсынылды.

Құрметті қонақтар қатарында – Алматы облыстық мәслихатының депутаты Сергей Горяной, самбо және дзюдодан халықаралық дәрежедегі спорт шебері Айсара Керімбекова, жеңіл атлетикадан екі дүркін әлем чемпионы, КСРО-ның спорт шебері Алпыс Ермағанбетов, бодибилдингтен Азия және Қазақстан чемпионы Алексей Слесаренко, джиу-джитсу және грэпплингтен әлем чемпионы Любовь Темникова, кәсіби MMA спортшысы Дуглас де Оливейра Рибейро, сондай-ақ Еңбекшіқазақ ауданының мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Дархан Ахметов, балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің директоры Абай Сырғабаев және қоғам қайраткері Алейхан Мамыров болды.

Іс-шара достық фотомен және спортшылардың жастармен еркін әңгімелесуімен аяқталды.

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here