Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 14-16 қыркүйектегі Корея Республикасына мемлекеттік сапары екі ел арасындағы стратегиялық әріптестіктің жаңа бағыттарын айқындады. Сеулдегі келіссөздерде сауда мен инвестициядан бөлек, өнеркәсіп, маңызды минералдар, энергетика, көлік-логистика, цифрландыру, жасанды интеллект және білім беру салаларындағы бірқатар жоба талқыланды. Ең бастысы, қалыптасқан байланыстарды жаңа мазмұнмен толықтырып, Қазақстан мен Кореяның технологиялық және өндірістік ынтымақтастығын тереңдетуге басымдық берілді.
Кореяның Қазақстанға салған инвестициясы 12 миллиард доллардан асты
Астана мен Сеул арасындағы экономикалық байланыс бір күнде қалыптасқан жоқ. Бүгінде Оңтүстік Корея Қазақстанның негізгі сауда серіктестерінің біріне айналды. Кореядан тартылған инвестиция көлемі 12 миллиард доллардан асып, елімізде корей капиталы қатысқан мыңнан астам кәсіпорын жұмыс істейді.
Бұл көрсеткіштер корей бизнесінің Қазақстан нарығына орныққанын аңғартады. Инвестициялық ынтымақтастық та жекелеген жобалармен шектелмей, экономиканың түрлі салаларын қамтып келеді. Сондықтан, Сеулдегі келіссөздер бұрыннан қалыптасқан серіктестікті жалғастырумен қатар, оның аясын кеңейтуге арналды.
Президент сапар барысында корей инвесторларының Қазақстандағы жұмысына оң баға беріп, алдағы уақытта да іскерлік байланысты дамытуға мүдделі екенін жеткізді.
19 миллиард долларлық жаңа жобалар
Сапардың маңызды нәтижелерінің бірі – жалпы сомасы 19 миллиард долларға жуықтайтын 80-дей коммерциялық келісімнің жасалуы. Олардың қатарында қонақүй салу, мұнай өңдеу зауыты мен қала құрылысына қатысты жобалар бар.
Бұл келісімдер екі ел арасындағы экономикалық байланыстың жаңа бағыттарға бет бұрып отырғанын көрсетеді. Бұған дейінгі сауда және инвестициялық ынтымақтастыққа өндіріс, энергетика, инфрақұрылым және қала құрылысы сияқты салалар қосылып отыр. Осылайша, екі ел арасындағы серіктестік Қазақстанда жүзеге асатын нақты жобалармен толыға түспек.
Маңызды минералдар – жаңа өндірістің негізі
Қазақстан мен Корея ынтымақтастығында аса маңызды минералдар саласы алдыңғы қатарға шығып отыр. Корея стратегиялық санатқа енгізген 10 минералдың барлығы Қазақстанда кездеседі. Ендігі міндет – осы қорды игеруді кен өндірумен шектемей, терең өңдеуге дейін жеткізу.
Сеулдегі келіссөздерде осы бағыттағы нақты қадамдар да белгіленді. Сапар аясында Алматыда Кореяның технологиялық ықпалдастық институтының (KIAT) қолдауымен Сирек және сирек кездесетін металдарды зерттеу орталығын құру жөнінде уағдаластық жасалды. Жаңа орталық минералдық шикізатты зерттеу мен оны өндірісте кәдеге жаратуға қажетті ғылыми негіз қалыптастыруға бағытталмақ.
Бұл саладағы серіктестіктің түпкі мақсаты – Қазақстанды шикізат жеткізуші деңгейінде қалдырмау. Кенді зерттеу мен өндіруден бастап, оны терең өңдеп, қосылған құны жоғары өнім шығаруға дейінгі толық өндіріс тізбегін жолға қою көзделіп отыр. Соның ішінде жартылай өткізгіштер, микроэлектроника, аккумуляторлар, электромобильдер мен роботты техникаға қажетті бөлшектер шығару мүмкіндігі қарастырылмақ.
Бұл жаңа кәсіпорын ашумен ғана шектелмейді. Минералдық шикізатты ел ішінде терең өңдеу жоғары технологиялы өндірістерді дамытуға жол ашады. Қазақстан үшін Кореямен әріптестіктің мәні де осында. Жер қойнауындағы байлықты ел ішінде өңдеп, дайын өнім шығару экономиканың жаңа мүмкіндіктерін кеңейтпек.
Энергетикадағы әріптестіктің жаңа бағыты
Сеулдегі келіссөздерде энергетика саласындағы ынтымақтастыққа да мән берілді. Қазақстан мен Кореяның мұнай-газ саласында бұрыннан қалыптасқан байланысына атом энергетикасы бойынша жаңа бағыт қосылды. Сапар аясында атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану саласындағы ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылды.
Құжат атом электр станциялары мен шағын модульдік реакторлар саласындағы зерттеулерді, ядролық отынмен қамтамасыз ету, қауіпсіздік және мамандар даярлау бағыттарын қамтиды.
Қазақстан әлемдегі ірі уран өндіруші елдердің бірі болса, Оңтүстік Корея атом энергетикасы саласында тәжірибе жинақтаған мемлекеттердің қатарында. Осы мүмкіндіктер екі елдің энергетика саласындағы байланысын одан әрі кеңейтуге негіз болмақ.
Орта дәліз Кореяға жаңа бағыт ашады
Көлік пен логистика Сеулдегі келіссөздердің маңызды тақырыптарының бірі болды. Қазақстан Транскаспий халықаралық көлік бағытын TRIPP бағытымен байланыстыруды ұсынды. Бұл Корея жүктерін Орталық Азия арқылы Еуропаға жеткізудің жаңа мүмкіндіктерін қарастыруға жол ашады.
Орта дәліз арқылы тасымалданатын жүк көлемі соңғы алты жылда бес есе өскен. Енді оның өткізу қабілетін 20 миллион тоннаға дейін жеткізу көзделіп отыр. Жалпы, Қазақстан өз аумағы арқылы өтетін транзиттік жүк көлемін 100 миллион тоннаға дейін арттыруды жоспарлап отыр.
Бұл бағытта Ляньюньган портындағы қазақ-қытай логистикалық терминалына да маңызды рөл беріліп отыр. Корея жүктерін осы терминал арқылы Орталық Азияның мультимодальды бағыттарына шығаруға болады. Сеулде Пусан порты мен Қазақстанның Каспийдегі порттары арасында тәжірибе және ақпарат алмасу мәселесі де көтерілді.
Мұның бәрі Кореядан Орталық Азия арқылы Еуропаға дейінгі көлік-логистика бағытын қалыптастыруға бағытталған.
Alatau City: жаңа қаланың жаңа мүмкіндіктері
Сеулдегі іскерлік кездесулерде Alatau City-ді дамытуға қатысты бірқатар жоба талқыланды. Кореяның ірі компанияларымен жаңа қаланың энергетикалық және инженерлік инфрақұрылымын дамыту, қонақүй және коммерциялық нысандар салу мәселелері қаралды.
Энергетикалық инфрақұрылым бойынша KEPCO компаниясымен келіссөз жүргізілді. Тараптар электр энергиясын беру және тарату жүйелерін жобалау, қосалқы стансалар салу, сондай-ақ қаланың электр желілерін ұлттық энергия жүйесімен байланыстыру мүмкіндіктерін талқылады.
Alatau City-ді өз электр қуатымен қамтамасыз етуге қатысты да жоба бар. Doosan Enerbility және Global Green Growth Institute өкілдерімен қуаты 2×250 МВт болатын газ электр стансасын салу әрі жоба жүзеге асқан жағдайда стансаны кейін сутегіге көшіру мүмкіндігі де қарастырылған.
Келіссөздер энергетикамен ғана шектелген жоқ. Lotte Hotels & Resorts компаниясымен Alatau City-де көпфункционалды кешен салу мүмкіндігі талқыланды.
Тараптар оларды қаржыландыру мен жүзеге асыру тетіктері бойынша жұмысты жалғастыруға келісті. Қазір Alatau City-дің инвестициялық портфелінде жалпы құны 6,9 миллиард доллар болатын 67 жоба бар.
Тың технология мен жаңа мамандар
Сеулдегі бизнес-саммитте цифрлық технологиялар мен жасанды интеллект саласындағы ынтымақтастыққа да назар аударылды. Қасым-Жомарт Тоқаев бұл бағытта Қазақстанның кадрлық және ғылыми әлеуетін күшейтуге мән беріп отырғанын айтты.
Елімізде Qazaq AI Research University маман даярлауға кірісті. Сонымен қатар, Президент Астанадағы Alem.ai халықаралық орталығының базасында «Орталық Азия – Корея» озық технологиялар орталығын құруды ұсынды.
Бұл бастама Қазақстан мен Корея арасындағы технологиялық байланысты маман даярлау және ғылыми зерттеулермен ұштастыруға бағытталған. Жасанды интеллект пен цифрландыру саласындағы бірлескен жобалардың дамуы осы бағытта жұмыс істейтін мамандарға деген сұранысты да арттыра түседі.
Серіктестіктің жаңа деңгейі
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Сеулдегі сапары «Орталық Азия – Корея Республикасы» бірінші бизнес-саммитімен жалғасты. Осы жиында Қазақстан мен Корея арасындағы екіжақты ынтымақтастықпен қатар, тұтас өңірге ортақ жобалар сөз болды.
Саммитте өнеркәсіп, аса маңызды материалдар, көлік пен логистика, жасанды интеллект және цифрлық технологиялар негізгі бағыттардың қатарында аталды. Бұл мәселелердің бірқатары Мемлекет басшысының Корея басшылығымен жүргізген келіссөздерінде де көтерілген болатын.
Президент Орталық Азия елдерінің жиынтық ішкі жалпы өнімі 550 миллиард долларға жуықтағанын, ал экономикалық өсім 6 пайыздан асқанын атап өтті. Оның айтуынша, аймақтағы сауда-экономикалық байланыс пен көлік қатынасының кеңеюі Орталық Азияның инвестициялық мүмкіндігін арттыра түседі.
Саммитте Қазақстан Кореямен бірлескен жобаларды өңірлік деңгейде дамытуға мүдделі екенін білдірді. Соның ішінде Орта дәліз инфрақұрылымын дамытуға корей компанияларын тарту ұсынылды.
Тобықтай түйін
Сеулдегі сапарда қол қойылған келісімдердің салмағын миллиардтар емес, елімізде жүзеге асатын нақты жобалар айқындайды. Егер уағдаластықтар жаңа өндірістерге, озық технологияларды игеруге және ел экономикасын дамытуға серпін берсе, Сеул сапары Қазақстан мен Корея әріптестігінің жаңа кезеңіне жол ашпақ.
Жансая ШЫҢҒЫСХАН









