Өткен ғасырдың 30-40-жылдарындағы сталиндік саяси зобалаң кезінде Алты Алаштың талай ардақты ұлдарының ғұмыры қыршыннан қиылғаны белгілі. Солардың бірі – талантты ақын Ақыш Аймағамбетұлы еді.
Ол бұрынғы Торғай облысы, Торғай уезі, Шұбалаң болысында 1893 жылы дүниеге келген. Торғай өңіріне кеңінен танымал Әбіқай, Күдері, Уақ Жұмабай, Есенжол жырауларды өзіне үлгі тұтқан Ақыш сөз өнерін жетік меңгерген екен. Жастайынан ойын-тойдың көркі болып, айтыстарға да қатысқан. Ол 1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліске де белсене атсалысқан азаматтардың бірі.
Өмірінің осы кезеңі туралы Ақыш ақын өзінің бір өлеңінде:
…Замана дауыл болса, қаңбақ пенде,
Аттандық найза қолда, қылыш белде.
Татырда қан сасыған қырғын болды,
Алғыншы топ ішінде болдым мен де, – деп жазады.
Осы «алғыншы» сөзіне кезінде тарих ғылымының докторы Зұлхарнай Алдамжар: «Алғыншы – қазақтың көне сөзі. Жауды барлап, қосынның алдында жүретін барлаушы әскерді халқымыз ертеде осылай атаған», – деген анықтама берген еді.
Ал қариялар: «Ақыш арасы 500 шақырымнан асатын Торғай мен Ақтөбе, Торғай мен Қостанай арасына салт атпен жедел барып, қайта орала беретін еді», – деп еске алатын. Ақыш ақынның ат үстіндегі осындай төзімділігі мен шыдамдылығына қарағанда, оның 1916 жылғы көтерілісте Амангелді Иманов сарбаздарының барлаушылар жасағында болуы заңды сияқты.
Ақынның әдеби мұрасын саралаған кезде, 1920-1926 жылдар аралығы Ақыш шығармашылығының шарықтау кезеңі болғанын аңғаруға болады. Осы жылдары ол қазақ халқының 1916 жылғы патшаға қарсы Ұлт-азаттық көтерілісі мен сол көтерілістің басшысы Амангелді Иманов туралы «Қамалды бұзған қаһарман» дастанын және бірнеше өлең жазған. Сондай-ақ, Тобыл-Торғай өңірінің сол дәуірдегі танымал ақындарымен сөз сайысына да түскен.
Алайда, оның бұл мамыражай өмірі ұзаққа созылмады. Амангелді сарбаздары 1929 жылы кәмпескеге қарсы шығып, кейін ол Кеңес өкіметіне қарсы Батпаққарадағы қарулы көтеріліске ұласқаны белгілі. Мұны естіген Торғайдағы сарбаздар да ат жаратып, Батпаққарадағы жағдайды біліп келу үшін ондағы қаруластарына бұрыннан жақсы таныс Ақышты хабаршы етіп жіберіпті.
Өкінішке қарай, Қостанайдан автокөлікпен жеткен қызыл әскер Батпаққара көтерілісін қысқа мерзімде басып тастайды. Көтеріліске қатысқан бұрынғы сарбаздарды қанға бояған жазалаушылар енді ел арасындағы оларға тілектес болған жандарды да іздеп тауып, жазалауға кіріседі.
Ел ішіндегі «саққұлақтар» Ақыштың Батпаққарадағы бұрынғы қарулас достарына барғанын ГПУ-ге хабарлаған соң, ол амалсыздан Қызылжардағы құдаларына барып бой тасалауға мәжбүр болады.
1941 жылы Ақыш ақынға толтырылған «Айыптау ісінде» оның «1930 жылы Батпаққара көтерілісіне байланысты сотталғаны» көрсетілген. Сол құжатта: «Торғайдағы сарбаздар Батпаққарадағы бүлікшілермен байланыс жасауға Ақыш Аймағанбетұлын жібергендігі тергеу барысында анықталды», – деп жазылған.
Ақыштың Қызылжарда ұсталғанын естіген туысы С.Бәйсейітов «Қазақстан қызыл партизандары» қоғамының төрағасы Абсалямовке: «А.Аймағамбетов А.Иманов отрядында болып, жазалаушы патша әскерімен ерлікпен соғысқан еді. Оның осы ерлігін ескеріп, жазасын жеңілдетуіңізді өтінемін», – деген өтініш жазған.
Бұл өтінішке Әліби Жангелдин де қол қойып, құжатты Қазақстан ОГПУ төрағасының орынбасары Ольшанскийге жолдаған екен. Ольшанскийдің тапсырмасымен: «А.Аймағамбетовке белгіленген үш жылдық жаза бір жыл ОГПУ бақылауында болумен ауыстырылсын», – деген қосымша үкім шығарылады.
Кейін бұл оқиға ақынның шығармашылығына да кері әсерін тигізгені байқалады. 1926 жылы Қазақстандағы 1916 жылғы ұлт-азаттық қозғалыстың 10 жылдығына орай естеліктер мен өлең-жырлар топтастырылған «1916 жыл» атты жинақ жарық көргені белгілі. Сол жинақта Ақыштың бір дастаны мен үш өлеңі жарияланған болатын.
Алайда, бұл жинақ 1936 жылы қайта басылғанда, «1929 жылы Батпаққарадағы бүлікшілермен байланыс жасағаны үшін сотталуына байланысты» деген себеппен ондағы Ақыштың өлеңдерінің астындағы ақынның аты-жөні алынып тасталды.
1941 жылғы 22 шілдеде Ақышты Торғай аудандық НКВД бөлімі өзіне жабылған жалған жаламен қайтадан тұтқындады. Оның осы «Қылмыстық ісінде»: «Әйелі – Ақкүміс, ұлдары – Балғабай, Наурызбай, Сәнтай, қыздары – Күләнда, Жамал», – деп көрсетілген. Ақынның үйіне тінту жүргізіліп, оның өлеңдері жазылған төрт дәптері осы іске қоса тіркелген екен.
Қостанай түрмесінде бірнеше ай отырған Ақыш 1941 жылғы 15 қарашада РСФСР Қылмыстық кодексінің 58-10-бабының 2-тармағы және 58-13-баптары бойынша «айыпты» деп танылды. Осы жалған айыптау негізінде А. Аймағамбетовке «ең жоғары жаза – ату» туралы үкім шығарылды.
Осыдан кейін ұзақ жылдар бойы сталиндік саяси зобалаңның жазықсыз құрбаны болған Ақыш ақынның есімі еш жерде аталмай қалды. Оның рухани қазынасы – әдеби мұрасын да уақыт шаңы баса бастады.
Тек 1916 жылғы ұлт-азаттық қозғалысының 60 жылдығы қарсаңында, 1976 жылы белгілі ғалым Қ.Жармағанбетов жарты ғасыр бұрын жарық көрген «1916 жыл» атты жинаққа әдеби-тарихи талдау жасаған зерттеу мақаласын жариялады. Ғалым осы мақаласында жинақта басылған Ақыштың өлеңдеріне әдеби талдау жасап, оларға жоғары баға берді.
Өлеңдермен өзі де бала кезінен таныс болғанымен, Ақыштың есімі әлі ақталмағандықтан (ақынның саяси ақталғаны туралы құжат тек 1977 жылғы наурызда ғана шыққан), олардың авторы жөнінде ештеңе айта алмады. Қ.Жармағанбетов мақаласында: «Бұл өлеңдердің тілі жатық, қазіргі ақындардың өлеңдерінен еш кем түспейді», – деп бағалайды. Бұл пікір Ақыш поэзиясының қазақ әдебиетіндегі орнын айқын аңғартқандай.
Ғалым кеңестік идеологияның саяси қысымына байланысты Ақышты осы әдеби туындылардың авторы ретінде атай алмағанымен, ақынның әдеби мұрасына әділ баға беруінің өзін азаматтық ерлік деп түсінеміз.
Баласы Наурызбай Ақышевтің жазған талап-арызының негізінде, Қазақ КСР прокурорының 1977 жылғы 11 ақпандағы наразылығы бойынша Ақыш ақынның «Қылмыстық ісі» Қазақ КСР Жоғарғы сотында қайта қаралды. Талантты ақынның өзіне тағылған жаланың жазықсыз құрбаны болғаны анықталған соң, Қазақ КСР Жоғарғы соты Ақыш туралы 1941 жылы шығарылған үкімді «негізсіз» деп таныды.
Сонымен қатар, Қазақстан Республикасының 1993 жылғы 14 сәуірдегі «Жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы» Заңына сәйкес Ақыш Аймағамбетов саяси қуғын-сүргін құрбаны деп танылды.
Алайда, 1996 жылы қайтадан жарық көрген «1916 жыл» атты жинақта да Ақыштың өлеңдеріне 1930 жылдары таңылған «нәлет таңбасы» сол күйінде қалып қойған…
Алайда:
а) 1936 және 1996 жылдары жарық көрген «1916 жыл» атты жинақта жарияланған өлеңдер осы жинақ алғаш басылған кезде Ақыш Аймағамбетовтің шығармалары ретінде көрсетілген.
ә) 1941 жылғы 22 шілдеде Ақышты тұтқындаған кезде Торғай аудандық НКВД бөлімі оның үйінен тәркілеген өлең жазылған төрт дәптердегі жыр жолдары «1916 жыл» жинағында жарияланған өлеңдермен сөзбе-сөз сәйкес келеді.
б) А.Аймағамбетов «1916 жыл» жинағында жарияланған дастанын:
Батырлардың жолдас қылған қарасы,
Бай-кедейдің ашылғанда арасы.
Торғай аудан, Шұбалаңда тұрамын,
Атым Ақыш Аймағанбет баласы… – деп аяқтаған екен. Алайда, осы шумақ жинақтың кейінгі басылымдарынан белгісіз себептермен алынып қалған.
Менің Ақыш шығармашылығы туралы «Үзілген жырдың ізімен» атты мақалам 1988 жылы Торғай облыстық «Торғай таңы» газетінде жарық көрді. Кейін оны архив деректерімен толықтырып, Қостанай облыстық «Қостанай таңы» газетінде де жарияладым.
Сол жылы ақынның баласы Наурызбай Ақышевпен сұхбаттасып, оны бейнетаспаға жазып алған едім. Кейін осы деректерге ҰҚК ардагері, генерал-майор М.Ю.Дауеновтің сұхбатын қосып, «Үзілген жырдың ізімен…» атты деректі фильм түсірілді. Бұл фильм Қостанай облыстық телеарнасы арқылы эфирден көрсетілді.
Бірде іссапар барысында Жітіқара қаласында тұратын айтыс ардагері Ш.Торышев ақсақалмен танысып, әңгімелесудің сәті түсті.
– Жақында облыстық газеттен сенің Ақыш ақын туралы мақалаңды оқып едім. Естуімше, өзің де Торғайдың тумасы екенсің. Торғайдағы қай Сейдахметтің ұрпағысың? – деп сұрады қария.
Мен 1916 жылғы Торғай ұлт-азаттық көтерілісінде мыңбасы болған Сейдахмет Бәйсейітұлының немересі екенімді айттым.
– Жас күнімде ол кісіні көргенмін. Ертеде сенің атаң Сейдахмет Ақыш, Сұлтан деген інілерімен біздің елдегі бір асқа келген еді. Енді, міне, сол кісінің ұрпағымен де жүздесіп отырмын. Сол жолы ақын Ақыш Аймағанбетұлы айтыста топ жарып, әнші Сұлтан Досжанұлы Арқа мен Сырдың әуендерін кезектестіріп шырқап, көпшілікті тәнті етіп еді. Екеуі де өмірден ерте өтті… Ақыш атаңның есімін ел жадында сақтауға еңбек етіп жүр екенсің. Аруағы жебеп, Алла осы игі ісіңе береке берсін, – деп ақ батасын берген еді Шәкең қария.
2006 жылы Алматыда жарық көрген «Костанайская область» энциклопедиясына Ақыш Аймағамбетов туралы деректің енуіне Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Қостанай университетінің сол кездегі ректоры, ұлтжанды азамат, академик Зұлхарнай Алдамжар ағамыз көп қолдау көрсетті.
Кейін осы ғұмырнамалық деректер «Торғай елі» және «Торғай» энциклопедияларында да жарияланды. Ақыш ақынның өлеңдері Ы.Алтынсарин атындағы Арқалық педагогикалық институты (қазіргі университет) ғалымдары құрастырған «Торғай ақындарының антологиясы» жинағына да енді.
Осылайша, Ақыш ақынның шығармашылық мұрасы сталиндік саяси зобалаң жылдары жазықсыз жабылған жаладан біртіндеп болса да арылып келеді.
«Жақсының аты – жүз жылдық» деген осы болар, сірә?!..
Қабылахат СЕЙДАХМЕТ,
Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі











