Қазақ рухын қайта тірілткен қаламгер (Қоғабай Сәрсекеевті еске алу)

0
2714

2014 жылы 17 қарашада «Қазақ» газеті мен «Айқап» журналын қазақпен қайта табыстырған баспагер, «Парасат» орденінің, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, белгілі жазушы Қоғабай Сәрсекеевтің ауыр науқастан өмірден өтуі артында қалған қалың елді мұңға бөлеген әрі бел қайыстырған ауыр қаза болған еді…

Қалам мен ақ қағазды жанына серік етіп абырой-беделге ие болған, елін сүйген, елі сүйген қаламгердің қазасы бір отбасының, не бір аймақтың ғана емес, тұтас халықтың азасы болды. Бұл қазаны да халық осылай қабылдады.

Кешегі күннен жүйрік жоқ. Өтіп бара жатқан қайран уақыт-ай десеңізші. «Алашым» дегенде кеудесі қарс айырылатын, ұлтының рухы мен намысын бәрінен биік қойған, қазақтың жүзін жерге қаратпау үшін бар саналы ғұмырын халқына арнаған Қоғабай Сәтенұлын сұм ажал арамыздан алып кеткеніне 17 қарашада 11 жыл толып отыр. «Жыл толды үлкен жүрек тоқтағалы, біз оны сан айтамыз жоқтап әлі», – деп Қасым ақын (Аманжолов) дүниеден өткенде Әбділда Тәжібаев жырлағандай, қазақ халқы Қоғабай Сәрсекеевті әлі талай іздейтін, сағынып еске алатын, жоқтап жыр арнайтын болады. Ал, «Қазақ» газеті мен «Айқап» журналының екінші тынысын ашқан баспагердің артында қалған мұрасы ешқашан өлмейді. Болашақ ұрпаққа қызмет етіп, халықпен бірге жасай береді.

Тарих – халықтың ұлы шежіресі, ұлттың жады. Ол өткен мен бүгіннің арасын жалғап, болашаққа жол сілтейтін жарық шам секілді. «Тарих – танығанға тағылым» дейді дана қазақ. Шынында, өткенін ұмытқан жұрттың келешегі күңгірт болмақ. Ал өткеннің үні – рухтың түбі, ал рухтың алтын арқауы – ұлт баспасөзі.

Бір ғасыр бұрын жарық көріп, қазақ елінің рухын оятқан «Қазақ» газеті – сол ұлт жадындағы мәңгі шырақтың бірі.

«Қазақтың» әр бетінен ел тағдырының лебі сезілді. Сол кезеңде ол Алаш арыстарының мінберіне, елдің еңсесін көтерген үніне айналды.

Алайда тарихтың аласапыраны мен саясаттың түнегі бұл рухани шамды ұзақ уақытқа сөндіріп тастаған еді. Ұлттың үні өшіп, «Қазақтың» атын атаудың өзі бір кезде қорқынышқа айналды. Бірақ уақыт айналып, әділдік сәулесі қайта туған шақта сол асыл мұраны жарыққа шығарып, халқымен қауыштырған тұлға табылды.

Ол – қаламы өткір, рухы биік, ұлтқа адал азамат Қоғабай Сәрсекеев еді.

Қоғабай Сәрсекеевтің өмірі мен еңбегі – ұлт баспасөзі мен руханият тарихындағы тұтас дәуірдің айнасы.

Университетті тәмамдаған жас журналист еңбек жолын «Қазақстан пионері» газетінде бастаған. Кейін ол «Социалистік Қазақстанда» әдеби қызметкер, «Қазақ әдебиетінде» бөлім меңгерушісі әрі жауапты хатшы, «Жалын» баспасының бас редакторы, «Қазақкітап» бірлестігінің және Кітап таратушылар қауымдастығының президенті сынды жауапты қызметтерді атқарды.

Бұл жылдар оған тек кәсіби тәжірибе ғана емес, ұлттық көзқарас пен азат ойдың мектебі болды. Қоғабай ағамыз баспа ісін де, редакторлық өнерді де кемел меңгеріп, рухани дүниенің нағыз сарбазына айналды. Оның ең үлкен еңбегі – «Қазақ» пен «Айқап» секілді тарихи басылымдарды қайта тірілтіп, ұмыт болған ұлттық рухты жаңғыртуында.

Академик Салық Зиманов: «Қоғабай Сәрсекеевтің «Қазақты» қайта тірілтуі – елшілдік пен рухшылдықтың ұлы ісі. Бұл – қазақ баспасөзінің жаңа дәуірін ашқан саяси һәм мәдени құбылыс», – деп әділ баға берген еді.

Сәрсекеевтің Алашқа деген адалдығы – оның өмірінің өзегіне айналды. Ол Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы сынды ұлт көсемдерінің арманын өз заманына жеткізді. 2006 жылдың 22 наурызында, араға 88 жыл салып, Қоғабай Сәрсекеев өз қаражатына «Қазақ» газетін қайта тірілтті. Газет №266 санынан жалғасын тауып, жаңа ғасыр оқырманымен қауышты.

Бұл – тек бір басылымның емес, бір ұлттың қайта оянуы еді.

Содан бергі жылдарда «Қазақ» ұлттың үніне айналып, елдің ең өзекті рухани тақырыптарын көтеріп келеді. Басылымның 100 және 110 жылдық мерейтойлары мемлекеттік деңгейде аталып өтуі – Қоғабай сынды азаматтың еңбегінің мәңгілік екенін дәлелдейді.

Жазушының шығармашылық мұрасы да бай әрі көпқырлы. Оның «Алаштың Ахметі», «Міржақып Дулатов», «Қазақия», «Дешті Қыпшақ», «Қазақ шаруасы» сынды еңбектері мен «Үш арыс», «Үш таным» атты эссе-әңгімелері – барлығы да ұлт тарихының рухани қазынасына айналды.

Ал төрт бөлімнен тұратын тарихи «Заманақыр» романы – жазушының көркем ойының шыңы. Амангелді Имановтың ерлік жолын арқау еткен бұл туындыда автор ұлт азаттығының ауыр тағдырын, халықтың қайсар рухын шебер суреттейді. Алғаш «Қызыл жалау» деген атпен жарық көріп, кейін «Ызғырық», «Қақтығыс», «Шер», «Кек» атты бөлімдермен толыққан роман – Қоғабай Сәрсекеевтің азаматтық ұстанымы мен рухани биігінің көрінісі.

Қоғабай ағамыздың өмірі – рухтың биіктігі мен ұлтқа қызмет етудің жарқын үлгісі. Ол – тек журналист емес, Алаштың аманатын ХХІ ғасырға жеткізген рухани көпір. Оның қаламы қазақ сөзін ұлттың жүрегіне айналдырды, еңбегі ел санасын жаңғыртты.

Бүгін біз Қоғабай Сәрсекеевті еске алу арқылы өз рухымызды жаңғыртамыз.

Оның өмір жолы – ұлтқа қызмет етудің, адалдық пен азаматтықтың сабағы!

Қызжібек БӘКІР

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here