Желтоқсанның мұқалмас мұзбалағы

0
3032

Менің досым сегіз қырлы, сан сырлы текті азамат. Өр мінезді, арына дақ түсірмеген, арманы асқақ, тағдыры күреске толы жан. Тағдырының тамырлары талай ғасырдың тереңінен бастау алып, тарих пен рухтың тоғысында қалыптасқан тұлға – Ермахан Серікбайұлы Қалмырза. Ол өмірге 1966 жылдың 1 қаңтарында дүние есігін ашқанда, тарих тылсымы оның туған жерін өзге бір мемлекеттің шекарасына беріп қойған болатын. Содан балалық шағы Өзбекстан жерінде өтті. Бірақ, ол туған топырақтың рухы мен мәдениеті, Ислам өркениетінің терең тамырлары, Бұхара мен Самарқанның саф нұры оның бойына сіңіп, болмысының рухани өзегіне айналды. Сопылық рух пен түркі дүниесінің тылсым иірімдері сол кезден-ақ оның жүрегіне еніп, болашақта ақын мен ғалымның, ұстаз бен ізденушінің дара жолына айналған еді.

Жастық шағы кеңестік идеологияның ең қатал кезеңімен тұспа-тұс келді. Бірақ, оның жүрегінде азат рухтың оты өшкен жоқ. 1984 жылы ол поляк жеріне – Солтүстік әскерлер тобында (СГВ) әскери борышын өтеуге аттанды. Бұл – Лех Валенса бастаған (Ruch «Solidarności») «Солидарность» қозғалысы өршіп тұрған, поляк халқының азаттық үшін күрескен уақыты болатын. Сол бір кезеңде жас қазақ сарбазы поляк шаруаларымен, қарапайым халықпен сөйлесіп, еркіндік ұғымының, ұлт намысы мен азат рухтың не екенін алғаш рет жүрегімен сезінді. Польшадағы сол күндер оның азаматтық көзқарасын қалыптастырған, кейінгі бүкіл өміріне бағыт берген рухани мектеп болды.

1986 жылы ол елге оралғанда қайта құру желі ескен шақ еді. Бірақ, тарихтың тағы бір бұрылысы – Желтоқсан көтерілісі оның өмірін түбегейлі өзгертті. С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің (қазіргі әл-Фараби атындағы ҚазҰУ) тарих факультетінің дайындық бөлімінде оқып жүрген жас Ермахан сол көтерілістің куәгері, қатысушысы болды. Ол бұл оқиғаны кейін күнделіктерінде, естеліктерінде дәл сол күйінде, жүрек қаны мен жасымен суреттеп қалдырды.

…Желтоқсанның ақ түтек боранында жанын шүберекке түйіп, алаңға шыққан сол бозбала бүгінде өмірінің әр сәтін көз алдынан өткізіп, кейде бір күрсініп, кейде іштей шүкір етеді. Бірақ, оның жан дүниесіндегі от әлі өшкен жоқ. Ол оттың шоғы – тарих, ал жалыны – рух.

Студенттік шағы тым қысқа болды. Қалам мен кітаптың иісі аңқыған оқу залдары оның ең сүйікті мекені еді. Бірақ, тағдыр оны жол ортасында күреске итермеледі. Университеттің жас шәкірті болып жүргенде-ақ ол ел мен ұлт тағдыры туралы ойға берілетін. Қайсар мінезі мен әділетке іңкәрлігі оны көпшіліктен ерек етті. Алаңға шыққан сол сәт – оның жастық максимализмінің емес, рухының айғағы болатын.

Қамал бұзар жиырма жасында ол тек еркіндікті емес, ардың биігін іздеді. Түнгі Алматының желін жұтып, алаңға бет алған әр қадамында «Менің елім – менің намысым» деген үн оның жүрегінде жаңғырып тұрды. Бірақ, ертеңгі күннің не әкелетінін ешкім білмейтін. Сол түні, ұсталған сәтте, темір торлы камерада отырғанда, ол тек бір ғана нәрсені ойлады: «Азаттық ешқашан арзан болмайды…»

Тергеу үстіндегі ауыр сәттер, суық бөлменің қапас тыныштығы, қатаң сұрақтардың арасынан естілген адамның ар-ұжданы – міне, солар оның ішкі әлемін шыңдады. Ол рухының морт сынуына жол бермеді. Өмірдің күресі оны қажытқан жоқ, қайта ширықтырды.

Желтоқсан оның тағдырын күрделендірді: оқудан шығарылды, комсомол қатарынан қуылды, қудалауға ұшырады. Бірақ сынбады. Сотталудан құтылу үшін амалсыздан Өзбекстанға қайта оралды.

Өзбекстанда оны әркім әрқалай қабылдады. Біреулер «батыл», «ер» десе, енді біреулер «сенімсіз», «бұзақы» санады. Бірақ, ол өз жолынан тайған жоқ. Күндердің бір күнінде Самарқан мен Бұхараның киелі шаһарларында қайтадан рухани тыныс тапты. Онда ол Наһшбандия тариқатының Самарқандия бұтағынан тәлім алып, имам Бұхаридің кесенесінде қызмет еткен Темурхан Алимұлы мен оның ұлы Усманхон Темурханұлынан рухани ілім алды. Сол кезең оның рухани дүниесін түбегейлі өзгертті. Ол арабша, парсыша оқуға машықтанып, исламдық ілімнің тереңіне бойлады. Орта ғасырлық ғұлама ан-Насафидің «Китаб ал-қанд фи уламаи Самарканд» атты еңбегін қолға алып, қазақ тіліне аударуға кірісті. Сол кезде оның бойында ғылым мен рухтың қос өзені тоғысты.

1990 жылы Кеңес одағының іргесі сөгіле бастағанда, ол қайтадан отанына оралды. Қазақ жері тәуелсіздікке ұмтылған осы бір өтпелі кезеңде Ермахан Қалмырза өз орнын тапты. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне қайта қабылданып, тарих факультетін үздік тәмамдады. Ол экстерн түрінде оқып, білім мен уақытты жарыстырды. Сөйтіп, ғылым жолына бет бұрып, аспирантураға түсті. Ғылымдағы қиын да киелі жол 1998 жылы ашылды. Сол жылы Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университетінің Қоғамдық пәндер кафедрасына оқытушы болып қабылданды. Сол сәттен бастап бұл оқу ордасы оның өмірлік үйіне, рухани ұстаханасына айналды.

Көкжиектен күн күлімдеп, жаңа заман есігін айқара ашқандай болды. Бірақ, бостандықтың алғашқы жылдары – аштық пен жоқшылықтың сынағы еді. Елім деп еңіреген ұрпақтың еңбек ақысы айлықтан айлыққа әрең жететін. Ал, Ермахан сол кезеңде өз тағдырының ауырлығына шағымданған жоқ. Күндіз дәріс беріп, түнде балауыз шамның жарығымен ғылыми мақалалар жазды. Сенбі мен жексенбіде базар жағалады, кейде пойыздан жүк түсіріп, азын-аулақ табыс тапты. Бірақ, қолындағы қалам мен жүрегіндегі сенім ешқашан сөнген жоқ.

Ол ұстанған өмірлік қағида: ұлт азаттығының шынайы өлшемі – рух азаттығында. Сондықтан, өмірдің ауырлығы оны тоқтатқан жоқ, керісінше, жігерлендірді. Сол шақта бір университеттің емес, тұтас елдің рухын көтеріп жүргендей сезінді өзін.

Ғылым мен ұстаздықтың да өз соқпағы бар. Бірі қолдаса, бірі кедергі болды. Кеудесін ашып, шын ниетпен демеу болған санаулы адамдардың жылы сөзі оның жанына шипа, еңбегіне күш берді. Бірақ, биліктің суық дәліздерінде үнсіз қарсыластар да аз болған жоқ. Олар талантты мойындамады, еңбегін көргісі келмеді. Бірақ, Ермаханның мінезі – мойымау еді. Ол үнсіз күресті. Ол шен үшін емес, шындық үшін өмір сүрді.

Жас ғалым кезіндегі түндер… Түн ортасында жанып тұрған балауыз шамның жарығында ол біресе Яссауидің хикметтерін, біресе Румидің ғибрат сөздерін, енді бірде батыстың саяси философиясын аударып отыратын. Қағаз бен сия оның өмірінің мәңгі серігіне айналды. Ал таң атып, қала тынысы қайта тірілгенде, ол студенттер алдына барып, жүзі жылы ұстаз, сөзі нұрлы ғалым болып дәріс оқитын.

Сол кездің ащы шындығы – рухы биік, білімі терең ұрпақтың тұрмысы тым жұтаң еді. Бірақ, рух байлығы оларды биіктетті. Сол жылдары Ермахан қосымша қызмет етіп, Жәутіков атындағы Республикалық физика-математика мектебінде, басқа да гимназия-лицейлерде сабақ берді. Оқушылардың көзіндегі ұшқын – оның еңбегінің өтеуі болатын.

Бәріне төзіп, бәрінен сабақ алды. Өмірдің ауырлығын сылтау қылмай, керісінше, сынақ деп қабылдады. Әрбір кедергіні өсу сәтіне айналдырды. Сол үшін де ол еңбегінің қадірін көрмесе де, рухының биіктігін ешқашан жоғалтпады.

Осынау қиын жылдарда ол ғылыми-әдістемелік еңбектер жазды, саясаттану мен әлеуметтанудың жаңа қырларын зерттеді. Ол ғылым мен рухты қатар ұстаған сирек тұлғалардың бірі. Отыз жылға таяу уақыт бойы университет қабырғасында «Саясаттану», «Әлеуметтану», «Қоғамның саяси жүйесі», «Қазақстан тарихы», «Инженерлік қызметтің социологиясы», «Инженерлік еңбектің педагогикасы және психологиясы» секілді күрделі пәндерден қазақ және орыс тілдерінде дәріс оқыды. Оқу әдістемелік кешендерін, студенттерге арналған қазақ-орыс тіліндегі УМКД-ларды, ондаған ғылыми мақалалар мен оқу құралдарын жазып шықты. Оның дәрістері студент санасына тек білім емес, рухани тереңдік пен өмір философиясын ұялатады.

Ермахан Серікбайұлының ғылыми көзқарасы – энциклопедистік ауқымдағы дүниетанымға негізделген. Ол саясаттанудың тарихын терең зерттеп, Француз саяси мектебінің қалыптасуы мен оның идеологиялық бастауларын, Ағылшын саяси мектебінің эволюциясын, Германияның философиялық ойынан тамыр алған Staatslehre мектебінің теориясын, АҚШ-тағы профессор Либер бастаған американдық саяси дәстүрдің дамуын, Ресейдегі саяси ойдың өріс алуын егжей-тегжейлі талдаған. Бұл еңбектері арқылы ол саясаттанудың қазақ тіліндегі ғылыми қорын байытты. Батыстың саяси ғылым жөніндегі еңбектерін де қазақ тіліне аударып, оны отандық білім кеңістігіне енгізуге талпынды.

Әлеуметтану саласында да ол – бір дәуірдің энциклопедиялық тұлғасы бола алды. Огюст Конт пен Герберт Спенсерден бастап, Эмиль Дюркгейм, Макс Вебер, Питирим Сорокин, Толкотт Парсонс секілді ірі ғалымдардың ілімін жүйелі зерттеп, олардың көзқарастарын қазақ аудиториясына түсінікті тілмен жеткізді. Оның еңбектерінде Батыс ойшылдарының теориялары мен Шығыс даналығының тұтастығы ерекше үндесіп, үйлесім табады.

Бірақ, Ермахан Серікбайұлының өмірінің ең нәзік, ең терең қыры – поэзия. Ол поэзияны жұбанышы, рухани тынысы деп біледі. Әрбір өлеңінде жүректің жарасы, тарихтың сарыны, сопылық сезім мен адамдық мұңның үні бар. Оның өлеңдері тек сезім емес, ілімге сүйенген философия. Бұл – ақынның өз миссиясын іздеп, адамдық жауапкершілікті білімнен биік қойған рухани биігі.

Самарқан мен Бұхарада алған ілімі оның поэзиясына ерекше тыныс берді. Онда Яссауи хикметтерінің ізі, Руми мен Хафиздің, Беділ мен Науаидің сарыны естіледі. Рух пен діл, махаббат пен хақиқат, тағдыр мен шындық – бәрі Ермахан поэзиясында өмір мен ғылымның біртұтас метафорасына айналады. Оның Беділден аударған өлеңдері, сопылық рухты қазақ тілінің нәзік үнімен өрнектеуі – рухани дәстүрдің жаңғыруы іспетті.

Ол өз еңбегінің жартысын ғана жазып үлгерді, бірақ жазғанының өзі бүтін бір дәуірдің рухани айнасы. «Мүмкін мен соңғы энциклопедист шығармын» деген сөзі бекер емес. Шынында да, оның бойында ғылым мен дін, поэзия мен философия, саясат пен тарих қатар өмір сүреді. Бұл – Аристотельдік кеңдік пен Яссауилік тереңдік тоғысқан бірегей болмыс.

Алпыстың асқарына келген бүгінгі Ермахан Қалмырза – ұстаз ғана емес, ұлттың рухани кеңістігінің бір биігі. Ол жүздеген студенттердің жүрегіне біліммен қоса, адамдық  рух, ұлтжандылық сезім ұялата білді. Оның дәрісінен кейін талай студент «аға, біз сізден сабақ емес, өмір үйрендік» дейді. Бұл – ұстаздың ең үлкен марапаты, ең биік ордені.

Ол – Желтоқсанның қаһарманы, саясаттың білгірі, социологияның ұстазы, сопылық ілімнің халифасы, поэзияның перзенті. Ол – тарихтың ішінде туған, рухтың ішінде жетілген тұлға. Оның өмірі – бір адамның тағдыры ғана емес, бір дәуірдің айнасы. Әлем өзгерсе де, уақыт өтсе де, оның жүрегіндегі иман мен ілімнің шырағы сөнбейді. Өйткені, ол өз өмірін ілімге, ұлтқа, рухқа және Алла разылығына арнаған жан. Сондықтан да, біз оның рухани кеңістігін жарқырата ашатын оның поэзиясына кеңірек тоқталдық.

Ермахан өлең жазу үшін өмір сүрмейді, қайта өмір сүрудің өзі – оның өлеңі. Сол себепті де ол үнсіз отырса да, тынысы мен жүрек соғысының арасында ырғалып тұрған бір мәңгілік ырғақ бар. Ол ырғақ – ғаламның тынысы. Ол ырғақ – Руми әлеміндегі самғау биінің үніндей, адамның жанын Жаратушыға қарай алып ұшқан сәуле іспетті. Ермаханның поэзиясына үңілген сәтте сен көзге көрінбейтін бір кеңістікке енесің. Ол өлең жазғанда шындықты баяндап отырған жоқ, шындықтың өзімен сөйлесіп отыр. Кейде өзіне, кейде тағдырына, кейде көрінбейтін сырлы бір нұрға. Ал, біз – оқырман, сол ішкі диалогтың куәгеріміз. Ғалам мен тарихқа көз тастасақ, қашанда көшпенді өмірдің ритмі мен дауысы аңғарылады. Сол кең далада, тау мен жазық, өзен мен ойпатта бабалар көшіп, ерліктің, ардың, батырлықтың ізін қалдырған.

Ермахан – уақыттың өзегінен жаралған жан. Ол көне ғұн даласынан соққан желдің үнін естиді, сол желдің ішінде мыңдаған жыл бұрынғы жыраулардың жыр сарыны бар. Сол сарын ертегідей алыстан жетіп, қазіргі жүректерге қайта сіңіп жатқандай. Бұл – жәй бір естелік емес, тұтас ұлттың рухани жадының оянуы. Ғұндардың аспанға қарап «менің тағдырым жұлдызбен жазылған» деген сенімі, Ермаханның өлеңдерінде қайта тіріліп, жыраулық дәстүрдің мәңгілік тамырына нәр береді. Ол сол тамырдан қуат алады.

Көшпенділердің танымы – уақыттың өзімен қатар жаратылған әлем. Олар үшін өмір мен өлім, от пен су, жарық пен түн – бәрі де бір-бірімен үндес, бір-бірін толықтырып тұрады. Ермахан осы үндестіктің баламасы іспетті. Сол үшін де оның әр өлеңі – шежіре, әр сөзі – жорық жырының жалғасы. Ғұндар мен түркілердің тарихы Ермаханның өлеңдерінде ұлы поэтикалық шежіреге айналады.

 Ғұндар мен түркілердің дәуірін сипаттау барысында Ермахан тарихи фактілерді ғана емес, қазақ даласының кеңдігі мен табиғатымен үндескен көшпенділік мәдениетін көрсетуге тырысады. Бөрі мен қыранның дауысы, жел мен боранның үні – тек фон емес, рухани сабақ пен ерлік үлгісі.

XVII ғасырда Хиуа ханы, ғұлама шежіреші Әбілғазы баһадүр хан өзінің «Түрік шежіресі» еңбегінде көне түркі мен ғұн дәуірлерін рухани біртұтас арнада түсіндіреді. Бұл еңбектердің барлығы да Ермахан поэзиясының тарихи тереңін айқындауға мүмкіндік береді. Ақын осынау деректерді заманауи оқырманға поэзия тілімен қайта ұсына отырып, ұмыт қалған дәуірлерге жан бітіреді.

Осылайша, оның поэзиясында тарихқа тіл бітіп, тасқа қашалған өрнектер мен қазына мұраларынан жандана бастаған рух көрінеді.

Осынау рух әлемнің барша тұсынан көрініс бергенін біз жапон ханшайымдарының нәзік поэзиясымен танысқанда түсінеміз. Жапонның дәстүрлі поэзиясында хайку мен танкадағы қысқа тыныстар – сол баяғы шексіз даланың тынысымен астасып жатқанын аңғарамыз.

Ғұндардан жеткен сол шексіздік сезімі жапон бақтарында қайтадан тірілгендігін Хэйан дәуіріндегі 36 мәңгілік сарынға енген ақындар шығармашылығымен үндесіп жатқанын байқаймыз. Ермахан сол үндестікті сезеді: Ки-но Сурайки, Идзуми Шикибу, Косикибу-но Найси, Аривара-но Нарихира, Фудзивара-но Окикадзэ, Сонэ-но Ёшитада, Мибу-но Тадаминэ, Саканоуэ-но Корэнори, Фудзивара-но Санэката, Удайсё Мичицуна-но Хаха, Оно-но Комати,  Сугавара-но Митидзана, Акадзомэ-Эмон, Ки но Томонори, Отомо но Якамоти, Сэмимару, Саигё, Мацуо Басёның жырларын қазақтың өз жырындай көсіле аударып қана қоймайды, оны өз жанының көрігінде қуырып, өңдеп шығады. 

Бұл үндестіктің терең тамырында Ки но Цураюкидің табиғатпен тұтасқан сабырлы поэтикасы жатыр – ол өз заманында «жапон рухын жырмен сөйлеткен» десе, Ермахан бүгінгі түркі рухын сөзбен сөйлетіп отыр. Оның әр жолынан дала желі, көне бабалардың көкірегіндегі күй аңқып тұрады.

Оно но Комати – нәзіктіктің синонимі. Оның «ғашықтық – күзгі гүлдің тамшысы» деген бейнелі ойлары Ермахан поэзиясындағы әйел бейнелерінің іштей өртеніп, сырттай сабырлы қалпын еске түсіреді. Екеуінде де сезімнің өрті ақылдың шырағымен тең түскендей.

Аривара но Нарихираның жырларындағы тентек еркіндік пен тағдырмен таласқан мінез Ермаханның даладағы ер рухымен үндеседі. Ол да өмірдің өткіншілігін мойындай отырып, сұлулық пен еркіндік үшін күреседі.

Ки но Томонори табиғаттың бір сәттік сұлулығын мәңгіге мөрлеген ақын болса, Ермахан да соны істейді – ол көктемгі боз даланың бір сәтін алып, оны поэзиямен мәңгілікке айналдырады.

Сөйтіп, Ермаханның жыр әлемі – жапондық нәзіктік пен түркілік тектіліктің түйіскен кеңістігі. Мұнда болмыстың қарапайым сәттері мәңгілік мағынаға айналады; дала мен теңіздің, жауынгер мен монахтың, мұң мен мейірімнің арасындағы шекара өшеді.

Ермаханның поэзиясы – ғаламдық тереңдікті ұлттық рухпен өлшеудің бір үлгісі. Ол жапонның Идзуми Шикибуы секілді нәзік те мұңды. Бірақ, сол мұңның ішінде рух бар.

Бірақ, Ермахан бұл рухты өз заманына лайық жаңа тілмен сөйлетеді. Ол Ләйлә мен Мәжнүннің, Шырын мен Фархадтың, Ай мен Күннің бірлігін өз жырларында қайта тірілтеді. Бірақ, оларды аңыз кейіпкер емес, өз жанының айнасы ретінде көреді:

Ермахан көкжиегінде мыңдаған дауыс бар: Бродскийдің мұңы, Пастернактың үміті, Басёнің сабыры, Насимидің өрлігі… Бірақ, олардың барлығы енді Ермаханның ішкі дауысымен сөйлейді. Ол өмірге риза, бірақ бұл ризашылық бейқамдық емес. Бұл – әлемді мойындаудың ең биік нысаны. Ол өмірдің әуенін тыңдап қана қоймайды, сол әуеннің өзін тербетіп, оған жүрек соғысының ырғағын қосады.

Оның әр жолы – ғаламның өзінен естіген жаңғырық секілді. Ол Батыстың ойшылдарына – Бродский, Пастернак, Превер, Карко, Нервал, Аполлинерге – көз жүгіртіп, олардың мұңын өз топырығына сіңіріп әкелді. Сол мұңды Шығыстың сопылық поэзиясының сәулесімен тазалап, өз халқының үніне айналдырды.

Оның өлеңдерін оқи отырып, сен Шығыс дәстүрінің терең үнімен кездесесің: Руми, Низами, Насими, Хәйәм, Науаий, Беділ, Әнуари, Мунис Хорезми, Огахи, Феруз сияқты ғұламалардың рухани әлемі, табиғатпен сырласуы, адам мен әлемнің үндестігі бәрі Ермаханның лирикалық кеңістігінде жаңғырады.

Батыс поэзиясы Ермаханның кең әлеміне керемет үйлеседі. Жак Превердің «Барбара», «Махаббат», Артюр Рембоның «Сырласу», Есенин, Бродский, Пастернак, Ғамзатов, Окуджава, Кушнер, Рождественский, Высоцкий, Рубцов және т.б. махаббат, адам, тағдыр, өмір туралы өлеңдері – бәрі оның поэзиясына жаһандық болашақты қосады. 

Осы тұрғыдан алғанда Ермаханның поэзиясы – тек ұлттық танымның шеңберінде емес, әлемдік поэзия кеңістігінің биігіне қанат қағатын құбылыс. Оның шығармалары Шығыс пен Батыс арасындағы рухани көпірді ғана емес, адам мен ғаламның ішкі үндестігін іздеудің айғағы. Оның өлеңдерінде Бродскийдің уақыт философиясы айрықша көрініс береді.

Бродский уақытқа қарсы интеллектуалдық қорған тұрғызса, Ермахан оған рухтың тазаруы арқылы қарсы тұрады. Бұл – айырмашылық та, сабақтастық та. Ермахан поэзиясына үңілгенде оның келесі бір қыры Пастернак пен өмірдің «жаратылыс тынысын» байқаймыз.

Борис Пастернак поэзияда табиғат пен адамды біртұтас тірі организм ретінде көрді.

Пастернактағы «поэзия – адамды әлемнің жүрек соғысына қайта жалғау» қағидасы Ермахан шығармашылығында да өз жалғасын табады. Бірақ, Ермахан үшін бұл табиғатпен тұтастық қана емес, Құдаймен байланыс. Мұнан әрмен үңіле түссек, біз  Александр Кушнер және оның «рухани тыныштықтың музыкасына» құлақ түреріміз даусыз.

Кушнер поэзияны күнделікті өмірдің қарапайым сәттерінен іздейді. Ол үшін «үлкен ақиқат» ұсақ детальдардың ішінде жасырынған. Ермахан да дәл осылай – өмірдің ұсақ сәттерінен мәңгілік мағына таба біледі.

Бірақ, Ермахан пананы тек эстетикадан емес, иманнан іздейді. Біз осылайша күрделі кеңістікке ене бастаймыз да Батыстың символизмін өзіміздің поэзия кеңістігінің бір қабаты екенін мойындай бастаймыз. Бұл Превердің гуманизмі мен Ермаханның мейірім поэзиясынан айқын көрінеді. Жак Превердің «Paroles» жинағы адамға деген сенім мен мейірімнің гимні еді. Ол соғыстан кейінгі күйреудің арасында да адамдық жылылықты іздеді. Ермаханның жырларында да дәл осы рух бар: ол адамзаттың күнделікті күйбеңін көріп тұрып, бәрібір жарыққа сенеді.

Француз сюрреалисі Робер Деснос түс пен ояну, саналы мен бейсана арасындағы шекараны өшірген ақын еді. Ермахан үшін ғарыш – физикалық кеңістік емес, жүректің ішкі аспаны. Ол жерде рух қалықтайды, сезім – отқа, ой – нұрға айналады.

Аполлинер модернистік поэзияның «еркін формасын» ашқан тұлға болса, Ермахан – рухани модернизмнің қазақ топырағындағы көрінісі.

Артюр Рембоның «Сырласуы» қазақ тілінде сөйлегенде бұл физикалық және рухани кеңістіктің бірлігін паш етеді. Ақ көйлек, шалғын, орман, қол ұстасу – бәрі де махаббатты соншалық тірі, соншалық мөлдір етеді, ауылдың күнделікті көріністері – сонау француз жерінде емес, өзіміз өскен Арыс жағасында жүзеге асып жатқандай сезінесің.

Ермахан кейде Абаймен сырласады. Абайдың «толық адам» идеясын өз жүрегінен өткізіп, оған жаңа тыныс береді. Шәкәрім мен Мәшһүрдің ар ілімін рухани өзекке айналдырады. Ал, Алаш рухы – оның санасының серпіні, еркін ойдың оты. Сол от бүгінгі адамзаттың суық жүрегін жылытады.

Батыс пен Шығыстың арасы – география емес, сезім кеңістігі. Сол кеңістікте Гёте мен Руми, Данте мен Низами, Петрарка мен Абай – бәрі де рухани бауырлар. Ермахан сол бауырлардың бірі, оларды жалғаушы алтын көпір. Сол кеңістікте Ермахан бір сәтке тоқтап, өз көкірегін тыңдайды. Сол көкірегінде сан ғасырдың дауысы бар:

Ғұнның үні – еркіндік,
Жапонның үні – тыныштық,
Парсының үні – сағыныш,
Батыстың үні – парасат,
Қазақтың үні – күрес.

Ал, олардың бәрінің ортасында Ермахан тұр. Ол сол бес үнді біріктіріп, алтыншы әуен тудырады – бұл адамзаттың жүрек үні. Сол үнімен ол әлемді оятады, жаралы жүректерге жарық түсіреді, тасбауыр замандардың қараңғылығын жарып өтеді. 

Ол поэзияға ғұмырын берді. Әр өлеңі – бір өмір, әр жолы – бір тағдыр. Осылайша, Ермахан тек ақын емес. Ол – дәуірлер арасындағы көпір, халықтар арасындағы үн, поэзияның мәңгілік шырағын ұстаған жолаушы. Ол өткен мен бүгінді, Шығыс пен Батысты, сезім мен ақылдың арасын жалғап келе жатқан жалғыз адам сияқты. Ол сүйген сайын жараланады, жазған сайын биіктейді. Міне, Ермаханның жолы – осы. Оның әр сөзінен уақыттың тынысы, әр жырынан ғаламның үні естіледі. Ол сол үнімен әлемді жылытқысы келеді. Және бұл жол – енді оның ғана емес, бүкіл адамзаттың жолы.

Досалы Салқынбек,
Қ.И.Сәтбаев атындағы ҚазҰТЗУ-нің профессоры,
Қазақстан педагогикалық ғылымдар академиясының академигі.

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here