Қазақ жазуының тарихында Алаш арысы Ахмет Байтұрсынұлы түлеткен төте әліпби – ұлттық жазу мәдениетінің алтын кезеңін айқындайтын, өзіндік өрнегі мен өнегесі бар тарихи белес. Төте қаріп – қазақ тілінің дыбыстық табиғатына бейімделген тілдік реформаның жемісі һәм бір дәуірдің ойы мен сезімін, ағартушылық тынысын, ұлттық мәдениеттің іргелі қабатын сақтап қалған түркі халықтарына ортақ әліпби саналады.

1895-1909 жылдары Ақтөбе мен Торғай өңіріндегі мектептерде бала оқытқан алаш қайраткері Ахмет Байтұрсынұлы қазақ даласындағы дәстүрлі оқу жүйесінің кемшіліктерін терең зерделеп, тілдік және әдістемелік олқылықтарын анық көрсетеді. «Қазақша оқу дегенде мен осы күнгі мұсылманша оқып жүрген жолмен оқуды айтпаймын, қазақтың тіліменен оқуды айтамын…», – деп сол кездегі діни мектептердегі білім тәсілдері арқылы оқудың хат тануға қиындығын, ал ана тілінің табиғатына негізделген жүйе қазақ баласына әлдеқайда жеңіл, әрі тиімді болатынын дәлелдейді. Ағартушының бұл тұжырымдары 1910 жылдан кейінгі тілдік реформасына жол ашты. 1912 жылы «Айқап» журналының №8 санында жарық көрген «Жазу тәртібі» мақаласы арқылы қазақ тілінің фонетикалық жүйесіне сәйкестендірілген әліпби жобасын жұртшылықтың талқысына салды. Сол жылы Орынборда басылған «Оқу құралы» кітабы еліміздегі ұлттық жазу реформасының негізін қалаған еңбекке айналды. 1912–1925 жылдар аралығында бірнеше мәрте қайта басылған оқулық қазақ қоғамында бұрынғы қадым үлгісінен кейін мүлде жаңа, ана тілдің дыбыстық жүйесіне толық бейімделген жәдид жазудың орнығуына ықпал етті. Жазу реформасының нәтижесінде қазақ балалары өз тілінің заңдылықтарына сүйенген жаңа қаріппен сауат ашуға мүмкіндік алды, ал ХХ ғасыр басындағы әдеби, публицистикалық және ғылыми мұраның басым бөлігі тарапынан төте жазу арқылы хатқа түсті.


Алайда, 1929-1940 жылдарда латын, 1940 жылдан қазірге дейін кирил қаріпі қолданыста болғандықтан, төте жазуды тек арнайы мамандар мен төте қаріпке машықтанған қауым ғана оқи алады. Көпшілік үшін бұл жазу үлгісі «бейтаныс» әрі күрделі таңбалар жүйесіндей көрінеді. Сондықтан да төте жазуды үйрену – халқымыздың рухани мұрасын түпнұсқадан оқу, тану, зерттеу мүмкіндігін беретін маңызды да қажет қадам.
***
Осы қажеттілікке орай түркі халықтарына ортақ Алаш қайраткері Ахмет Байтұрсынұлы түлеткен ұлттық әліпбиді насихаттау мақсатында Қазақстан Республикасы Ұлттық кітапханасының 115 жылдық мерейтойына орай «Төте жазу» курсын ұйымдастырды. Үш айға созылған тегін курсқа түрлі сала мамандары мен зерттеушілер, студенттер және көне мәтіндерге қызығушылық танытқан оқырмандар белсенді қатысты. Басты мақсат – оқырмандарға төл жазуды меңгерту, тарихи мәтіндерді түпнұсқадан оқу дағдысын қалыптастыру және қазақ жазу мәдениетінің сабақтастығын кеңінен таныту болды.
Мақсатымызға сәйкес курс мазмұны бірнеше негізгі міндеттен тұрды. Алдымен қатысушыларға төте жазудың тарихи қалыптасуы мен теориялық негіздері таныстырылды. Бұдан кейін әліпбидің графикалық жүйесі, таңба құрамы және олардың фонетикалық ерекшеліктері үйретілді. Бағдарламада мәтінмен жұмыс істеу, оқығанды түсіну және талдау дағдыларын жетілдіру ерекше назарда болды. Сонымен қатар, ХХ ғасыр басындағы қазақ баспасөзіне тән газет-журнал материалдары мен кітаптарды оқу тәжірибесі ұсынылды, бұл қатысушыларға тарихи дереккөзді түпнұсқа күйінде түсінуге мүмкіндік берді.
Курс ұзақтығы – 12 сағат, яғни 12 апта бойы әр сейсенбі күні 16:00–17:00 аралығында өтетін сабақтардан тұрды. Арнайы оқыту силлабусы құрастырылды. Дәріс форматына сәйкес (30%) және практикалық жұмысқа байланысты (70%) материалдар енгізілді.
Бастапқы кезеңде төте жазу курсына 43 оқырман ниет білдіріп тіркелсе, оқу барысындағы тәртіп пен білім игеру деңгейіне қарай қатысушылардың саны сараланып, қорытынды емтиханға 20 оқырман қатысты. Олар үш ай бойы төте жазудың графикалық ерекшеліктерін, орфографиялық және фонетикалық заңдылықтарын, мәтінмен жұмыс істеу дағдыларын меңгеріп, қорытынды емтихан нәтижесінде арнайы сертификаттарға ие болды.
Қорытынды емтихан екі кезеңнен тұрды. Емтиханның алғашқы кезеңінде қатысушыларға тарихи жазбаларды қазіргі әліпбиге түсіру арқылы ғылыми-танымдық дағдыларын көрсетуге мүмкіндік алды.
Арнайы топтық тапсырмаға сәйкес 20 қатысушы төрт топқа бөлінді: «Айқап», «Жас қайрат», «Шолпан», «Абай». Әр топқа ХХ ғасырдың басында жарық көрген, қазірге дейін кирилл қарпіне толық түспеген журнал нөмірлері берілді.
Тапсырма шартына сай әр топ өзіне жүктелген журналды толық кирилл қарпіне түсіріп, оған қосымша ретінде кісі есімдері, терминдерге түсіндірме сөздік, құрастырушы түсініктемесі сияқты мазмұндық қосымшалар дайындауы қажет болды. Жұмыстың соңында журналдың факсимиле нұсқасы қатар ұсынылып, қатысушылар өз жобаларын әділқазылар алқасына таныстырды.
Журналдар мынадай тәртіппен бөлінді:
– «Жас қазақ» (1923, Орынбор) / «Жас қайрат» тобы;
– «Қызыл Қазақстан» (1921, Орынбор) / «Айқап» тобы;
– «Әйел теңдігі» (1926, Қызылорда) / «Шолпан» тобы;
– «Жаңа мектеп» (1925, Қызылорда) / «Абай» тобына берілді.
Бұл тапсырма тыңдаушылардың тарихи мәтіндермен жұмыс істеу, топпен бірлесе іздену және ғылыми нәтижені жүйелеп ұсыну қабілетін арттырды.
***
Төте жазуды үйретуге арналған курс Ұлттық кітапхана жанындағы рухани-ағартушылық жұмыстың бір қыры ғана емес, тарихи жадты жаңғыртуға бағытталған маңызды бастамаға айналды. Курсқа қатысқан оқырмандар көне дереккөздерді түпнұсқадан оқи алатын деңгейге жетіп, ХХ ғасыр басындағы ұлттық баспасөздің тілдік болмысына тікелей үңілу мүмкіндігіне ие болды. Бұл тұрғыдан Ұлттық кітапхананың «Төте жазу» жобасы ұлттың жазу тарихына жаңа көзқарас қалыптастырып, ғылыми орта мен оқырман қауымның қызығушылығын арттырды. Сондықтан да ҚР Ұлттық кітапханасында ұйымдастырылған төте жазу курсының тәжірибесі алдағы уақытта да жалғасып, ұлттық әліпбиді меңгерген кадрларды дайындауға негіз болады деп сенеміз!
Ертай Нұрбекұлы БІЛӘЛ,
«Төте жазу» курсының дәріскері,
ҚР Ұлттық кітапханасы
Сирек кітаптар мен қолжазбалар қызметінің маманы,
Абай атындағы ҚазҰПУ PhD докторанты









