Тәңір сыйы – Тәуелсіздік

0
281

Бүгін Мультимедиялық дәстүрлі музыка орталығында «Тәңір сыйы – Тәуелсіздік» атты мазмұнды дөңгелек үстел өтті. Іс-шараның негізгі мақсаты – тарих сахнасында Тәуелсіздікке жету жолындағы саяси төңкерістер мен ұлт-азаттық көтерілістерге тоқтала отырып, Алаш зиялылары мен Желтоқсан көтерілісіне қатысқан қаһармандардың ерлігін дәріптеу, ұлттық патриотизмге тәрбиелеу құндылықтарын насихаттау, Желтоқсан оқиғасының тарихи маңызын жас ұрпақтың санасына сіңіру және елдік пен ерліктің ұлы сабақтарын зерделеу болды.

Дөңгелек үстелге Желтоқсан көтерілісінің куәгерлері, қоғам өмірінде белсенді азаматтық ұстанымымен танылған қадірлі қонақтар шақырылды. Атап айтқанда, шараның құрметті меймандары – Инсебаева Несіпкүл Алыкейқызы, Ихласова Ақкүміс Қапсиқызы және Ағманова Бағила Байбаққызы жастармен жүздесіп, өздерінің ұмытылмас естеліктерін бөлісті. Қонақтар 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасының қоғамға әсері, сол күндердің азаматтық батылдық пен елдік рухтың символына айналғаны туралы тағылымды ойлар айтты. Олар қиын-қыстау кезеңдегі жастық жігер, ұлттық намыс және тәуелсіздікке деген ұмтылыстың әр қазақтың жүрегіндегі отты оятқанын ерекше атап өтті.

Дөңгелек үстел барысында қатысушылар еркін пікір алмасып, Тәуелсіздік ұғымын қазіргі қоғам тұрғысынан талдады. Сонымен қатар, жас буын өкілдері қонақтарға сұрақ қойып, Желтоқсан қозғалысының тарихи сабақтары мен ел болашағына әсері жөнінде құнды ақпарат алды.

Іс-шара соңында орталық тарапынан қонақтарға алғыс білдіріліп, ұлт тарихында өшпес із қалдырған Желтоқсан қаһармандарының ерлігі әрдайым құрметпен еске алынатыны атап өтілді. Бұл кездесудің жастарға рухани серпін беріп, елдік жауапкершілікті сезінуге ықпал еткені ерекше мәнге ие. «Тәңір сыйы – Тәуелсіздік» атты дөңгелек үстел – тарихи жадты жаңғырту мен ұлттық құндылықтарды дәріптеудегі маңызды қадамдардың бірі болды.

Аида Мамирбаева,

Мультимедиялық дәстүрлі музыка орталығының қызметкері.

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here