Ақ киіздегі демократия: Мемлекет басшысы құрылтайды не үшін жаңғыртты?

0
281

Сабақтастықты жалғаған алғашқы Ұлттық құрылтай қасиетті Ұлытауда өтті. Екінші жиын түркі дүниесінің рухани орталығы – Түркістанда ұйымдастырылды. Үшінші басқосу Жайық жағасында, Атырау өңірінде өтті. Ал, төртінші құрылтай табиғаты мен тарихы үйлескен Бурабайда жалғасын тапты. Биыл, 20 қаңтар күні Ұлттық құрылтай мүшелері Сыр өңірінде, Қызылорда қаласында бас қосты. Ғасыр тарихы бар «Qazaq» газеті бүгінгі санында биылғы тарихи отырыстағы оң шешімдерді сараптайды.

БІР ПАЛАТАЛЫ ПАРЛАМЕНТ – ТИІМДІ БАСҚАРУ ЖОЛЫ

Алқалы жиында айтылған ең басты бастамалардың бірі – бір палаталы Парламент құру. Ал, Парламентке «Құрылтай» атауын беру ұсынылды. Қарап тұрсақ, нағыз нақышты атау. Себебі, құрылтай сөзі қазақ қоғамы үшін жат емес, қазақылықтың иісі аңқиды. Түптеп келсек, ерте замандарда хандар мен билер құрылтай өткізіп, елдің елдігін, халықтың бірлігін қорғайтын оң шешімдер қабылдаған.

Құрылтайдың депутаттар саны 145 болса, 8 комитет жұмысын жаңаша форматта жалғастырады деп күтілуде. Жаңа бір палаталы Құрылтайда Президенттік квота да, Қазақстан халқы Ассамблеясының квотасы да болмайды. Құрылтай мүшелері партиялық тізім бойынша сайланса, өңірлердегі мажоритарлық сайлау жүйесі сол күйі қалмақ. Ал, Құрылтайдың өкілеттік мерзімі 5 жыл болса, 8 комитетпен қатар 3 вице-спикер болатынын да айта кету орынды.

Конституциялық соттың, Жоғары аудиторлық палатаның және Орталық сайлау комиссиясының барлық мүшелері тек Парламенттің келісімімен тағайындалады. Болашақ бір палаталы Парламент депутаттары Президент ұсынатын Жоғарғы соттың барлық судьяларын сайлайды. Ал, Қазақстан халқы Ассамблеясы мен Ұлттық құрылтайдың функциялары Халық кеңесіне өтеді. Бұл – жаңа кеңесші алаң болмақ. Халық кеңесінің құрамына 126 адам кіреді. Олардың ішінде 42 этномәдени бірлестік өкілі, 42 мәслихат депутаты, 42 қоғамдық ұйым өкілі бар. Халық кеңесінің отырысы жылына бір рет өткізіледі.

Түптеп келгенде, бір палаталы Парламент жобасы тек Ұлттық құрылтайда айтылған мәселе емес. Бұл идеяны Президент бұған дейінгі Жолдауларында айтқан болатын.

«Еліміз ауқымды саяси жаңғырудың жаңа кезеңіне қадам басқалы тұр. Алдағы парламенттік реформа осы өзгерістердің өзегі болатыны анық. Жолдауымда бір палаталы Парламент құру туралы бастама көтергенімді білесіздер. Бұл аса маңызды мәселе қоғамда кеңінен талқыланды. Мен былтыр 8 қазанда Парламенттік реформа жөніндегі жұмыс тобын құру туралы өкімге қол қойдым. Оның құрамына белгілі заңгерлер, сарапшылар, саяси партиялар мен қоғамдық ұйымдардың өкілдері кірді. Елдік іске бей-жай қарамайтын басқа да азаматтарымыздың бұл талқылауға қатысуы өте маңызды», – деді Мемлекет басшысы Сыр өңіріндегі алқалы жиында сөйлеген сөзінде.

Жалпы айтқанда, конституциялық реформалар туралы қызу талқылаулар жарты жылдан бері жүріп жатыр. Заң шығарушы биліктің тиімділігін арттыруға байланысты бірқатар ұсыныс та айтылып келеді. Нәтижесінде, алдағы уақытта Парламент қызметі түбегейлі қайта жасақталып, бұрынғыдай Мәжіліс пен Сенат болып бөлінбей, біртұтас құрылымға айналады. Бұл өз кезегінде тиімді заңдық құжаттардың тез әрі сапалы қабылдануына ықпал ететін болады. Бұл – жай ғана институционалдық өзгерістер емес, қазақ мемлекеттілігінің тарихи түп-тамырына қайта бет бұру. Қазақ үшін Құрылтай – тек басқару формасы емес, елдік пен бірліктің, ортақ жауапкершіліктің символы. Қысқасы, бұл бастамалар – кеңестен билікке, квотадан теңдікке, формалдылықтан халықтық өкілдікке өтудің тарихи кезеңі. Қазақтың Құрылтайы – енді атау ғана емес, нақты саяси мазмұнға ие болған институт.

МЕМЛЕКЕТТІК КЕҢЕСШІ ҚЫСҚАРТЫЛЫП, ВИЦЕ-ПРЕЗИДЕНТ ТАҒАЙЫНДАЛАДЫ

Ұлттық құрылтайда айтылған өзекті мәселенің бірі – Қазақстанда вице-президент институтын енгізу. Оны Президент Парламенттің келісімімен, қарапайым көпшілік дауыспен тағайындайтын болады. Мемлекеттік кеңесші лауазымы қысқартылады.

«Ұлттық құрылтайдың бүгінгі қорытынды отырысында да осындай сәт туып тұр деп санаймын. Сол себепті жаңадан маңызды ұсыныс айтқым келеді. Мен ұсынатын жаңашылдықты біз бірнеше жыл бойы мұқият қалыптастырып келе жатқан саяси құрылымның үйлесімді түйіні деуге болады. Әңгіме Қазақстан Республикасының Вице-президенті институтын құру, тиісінше оны Конституцияда бекіту туралы болып отыр. Вице-президентті Мемлекет басшысы Парламент депутаттарының көпшілігінің келісімін ала отырып тағайындайды. Оның құзырет аясын Мемлекет басшысы өзі белгілейді», – деді Қасым-Жомарт Кемелұлы.

Айта кетейік, вице-президент Президенттің тапсырмасы бойынша тиісті жұмыстарды атқарады. Оның ішінде халықаралық форумдарда және шет мемлекеттер делегацияларымен өткізілетін келіссөздерде Қазақстан Республикасының атынан өкілдік ету, Парламентте Президенттің атынан өкілдік ету құзыреттіліктерін атқара алады. Сондай-ақ, еліміздің және шетелдердің қоғамдық-саяси, ғылыми және мәдени-ағартушылық ұйымдарымен қарым-қатынас орнатып, Президенттің басқа да тапсырмаларын орындайды.

Негізінен вице-президент лауазымы барлық мемлекетте кездеспегенімен, бірқатар дамыған елдерде қолданылып келе жатқан тәжірибе. Атап айтар болсақ, Америка, Азияның бірқатар алдыңғы қатарлы елдерінде көрініс береді.

ЖАҢА КОНСТИТУЦИЯ ҚАБЫЛДАНА МА?

Құрылтайда Ата заңның бірқатар тармағына өзгеріс енгізу туралы да айтылды. Бұл орайда Мемлекет басшысы Конституциялық комиссия құру туралы арнайы Жарлыққа қол қояды. Комиссия құрамына 100-ден астам адам кіреді. Комиссия барлық ұсыныстарды зерделегеннен кейін жалпыхалықтық референдумның мерзімі белгіленеді. Көпшілік «Конституцияны өзгерту құп» деп таңдау жасаса, онда отыз жылдан астам уақыт бойы қолданылған үлгі біршама өзгеріске ұшырайды. Себебі, Президент әдепкіде 40-қа жуық бабын өзгертуді жоспарлағанымен, кейін өзге де баптарға түзету енгізу қажеттігі белгілі болғанын айтып өтті.

«Жалпы, бастапқыда Парламенттік реформа аясында Ата заңның 40-қа жуық бабын өзгерту жоспарланған еді. Алайда, жұмыс барысында түзетулер саны әлдеқайда көп екені белгілі болды. 2022 жылғы реформада Ата заңның 33 бабы жаңарғанын білесіздер. Ал, ендігі өзгерістер одан да ауқымды. Біз, шын мәнінде, жаңа Конституция қабылдаумен пара-пар қадам жасағалы тұрмыз. Сондықтан, мен Конституциялық комиссия құру туралы шешім қабылдадым. Арнайы Жарлыққа ертең қол қоямын. Комиссия құрамына 100-ден астам азамат кіреді. Оның ішінде Ұлттық құрылтай мүшелері, белгілі заңгерлер, ақпарат құралдары басшылары, аймақтық мәслихат төрағалары мен қоғамдық кеңес өкілдері және басқа да білікті мамандар болады. Бұл жұмысқа Конституциялық соттың төрағасы жетекшілік етеді. Комиссия барлық ұсынысты сараптап, қорытып, нақты өзгерістердің жобасын әзірлейді. Содан соң жалпыхалықтық референдум өтетін уақытты белгілейміз», – деді Мемлекет басшысы өз сөзінде Конституция заман талабына сай болу керек деген ұстанымға сүйеніп.

Жалпы өзгерістер туралы Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев: «Жалпы, Құрылтайда айтылған консти­туциялық бастамалар – мем­ле­кеттің институционалдық құры­лымын жаңғыртып, Қазақстанды Әділетті, Қуатты, Қауіпсіз әрі Таза мемлекетке айналдыруға бағытталған тарихи бетбұрыс. Шын мәнінде, Мемлекет басшысы ұсынған реформалар – бүгінгі күннің ғана емес, келер ұрпақтың болашағы үшін қабылданып жатқан шешімдер. Біздің алдымызда тұрған ендігі міндет – осы бастамаларды сапалы іске асыруға өз үлесімізді қосу», – деп пікір білдірді.

ӘЛЕУМЕТТІК МӘСЕЛЕЛЕР – НАЗАРДА

Мемлекет басшысы әр сөзінде ел-халықтың арасындағы жағдай мен пікірлерден жан-жақты хабардар екенін ұдайы білдіріп отырады. Әлеуметтік мәселелерді сөз етіп, күн тәртібіндегі тақырыптарға тоқталып өтеді. Бұған дейінгі құрылтайларда қара киім киюдің дұрыс еместігі, ұлттық киімнің сәнді көрінетіні туралы да айтып, қоғамды дұрыс бағытта жол табуға үндегені есімізде. Биылғы құрылтайда Шымкент қаласындағы кісі қолынан қаза тапқан қыздың жағдайы бей-жай қарайтын нәрсе еместігін назарға алды.

Ұлттық құрылтайға Нұрай Серікбайдың өліміне қатысты 130-дан астам өтініш келіп түскен. Бұл мәселеге Президент тікелей назар аударып, ІІМ мен Бас прокуратураға тікелей бақылау жасауды тапсырды.

«Күдіктінің Нұрайды аңдып, маза бермей қоқан-лоққы көрсеткені анықталып отыр. Ақыры мұның арты адам өліміне әкеп соқтырды. Осыған байланысты Ішкі істер министрлігіне Шымкент қалалық департаментіне құқықтық баға беруді тапсырдым. Бас прокурор да бұл мәселені мұқият тексереді. Қыз алып қашу – адам ұрлау деген сөз. Бұл – ұлтымыздың беделіне нұқсан келтіретін өрескел, жабайы қылмыс. Ондай қатыгездікке ешқашан жол беруге болмайды» деген Президент қайғылы оқиғаға қатысты пікір білдіріп, қыз алып қашу адам ұрлығына тең қылмыс екенін атап өтті.

Айта кетейік, Қазақ хандығы тұсында Қасым ханның Қасқа жолы, Есім ханның Ескі жолы, Әз Тәукенің Жеті жарғысы сияқты дала заңдары дәл осы Құрылтай арқылы қабылданған. Хан сайлау дәстүрі де осы жиынмен жүзеге асып, жаңа сайланған ханды ақ киізге отырғызып көтерген. Сондықтан, ел билеген хан мемлекет тағдырын таразыға салар кезде төрт тараптан халқымен ақылдасқан. Бектер мен билер, нояндар мен қолбасылар жиналып, ұлыстың тағдыры үшін бір шешімге келген. Заң қабылдап, жарғы бекітіп, маңызды мәселелерді талқыға салған.

ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН

Қазақ құрылтайларының бәрі де ел дамуына зор өзгеріс әкелді. «Кеңесшіл ел кемдік көрмейді», «Кеңесіп пішкен тон келте болмайды», «Кеңесіп ел басқару – келелі істің белгісі, жұмыла жұмыс атқару – өрелі елдің белгісі» деген нақыл сөздер содан қалса керек. Алаштың анасы атанған Сыр өңірінде өткен Ұлттық құрылтайдың кезекті бесінші отырысында ел-халықтың игілігі жолында бірқатар мәселелер қозғалды. Бұл Ұлттық құрылтайдың кезекті ғана емес, соңғы отырысы болуымен де ерекшеленді.

Аружан МҰХАНБЕТҚАЛИ

ҚЫЗЫЛОРДА

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here