Ел қауіпсіздігі – ерлікке сүйенген қызметтен басталады. Осы ұстанымды айғақтайтын жаңа өрт сөндіру бөлімі Кеген ауылында ашылып, халық амандығына қызмет ететін маңызды нысан ретінде іске қосылды. Жаңа өрт сөндіру бөлімі – тек бір нысан емес, ел амандығына бағытталған маңызды қадам, халықтың қауіпсіздігіне жасалған игі инвестиция. Оқыс оқиғалардың алдын алу, табиғи және техногендік апаттар кезінде халыққа дер кезінде көмек көрсету мақсатында Кеген ауылында екі автокөлікке арналған заманауи өрт сөндіру бөлімі салтанатты түрде пайдалануға берілді. Салтанатты шараға Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрі, генерал-лейтенант Шыңғыс Әрінов, Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев, облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы, полковник Дәурен Оразбеков, Кеген ауданының әкімі Нұрбақыт Теңізбаев, сала ардагері Ерғали Талипов және аудан тұрғындары қатысты.

Жиынның шымылдығы Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әріновтің құттықтау сөзімен ашылды. Министр өз сөзінде жаңа бөлімшенің маңызын атап өтіп, өңірдегі төтенше жағдайлар қызметінің әлеуетін арттыру – мемлекет саясатының басым бағыттарының бірі екенін жеткізді.
– Өрт сөндіру бөлімі барлық қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген. Біздің бөлімшелеріміз әрдайым қуатты әрі дайын болуы тиіс. Бүгін киелі Кеген жерінде жаңа өрт сөндіру бекетінің ашылуы – соның айқын дәлелі. Ел қауіпсіздігі жолындағы ортақ іске үлес қосқан «AS Karasay» ЖШС-не, құрылыс саласының мамандарына және жауапты мекемелерге ризашылығымды білдіремін, – деді министр.
Салтанат барысында Шыңғыс Сайранұлы Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің Алғыс хатымен «Кеген орман шаруашылығы» мемлекеттік мекемесінің басшысы Айболат Солтанғазиевті, сондай-ақ министрліктің «30 жыл» мерекелік медалімен Кеген ауданының әкімі Нұрбақыт Молдахметұлын және «AS Karasay» ЖШС директоры Медет Омархановты марапаттады. Іс-шара аясында жаңа техникалардың кілті табысталды. «Трэкол» маркалы арнайы автокөліктің кілті азаматтық қорғау капитаны Алдияр Берікұлына, ал жаңа ғимараттың символикалық кілті Кеген ауданы Төтенше жағдайлар бөлімінің бастығы, азаматтық қорғау майоры Еркебұлан Тергеусізовке салтанатты түрде тапсырылды.
Өз кезегінде Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев жаңа нысанның өңір үшін маңыздылығына тоқталды.
– Кеген ауданы үшін халықтың, соның ішінде табиғаттың қауіпсіздігі – аса маңызды. Бұл өрт сөндіру бөлімі 11 елді мекен мен 12 мың тұрғынның қауіпсіздігін қамтамасыз етеді.Мұнда 21 жеке құрам қызмет атқарады. Жаңа нысан – өңірдің қорғаныс әлеуетін күшейтетін маңызды объект, – деді облыс әкімі.
Сондай-ақ облыс басшысы «КамАЗ» АЦ-5-40 маркалы өрт сөндіру автокөлігінің кілтін азаматтық қорғау лейтенанты Нұргелді Бақытбекұлына, ал «Toyota Hilux» жеңіл автокөлігінің кілтін азаматтық қорғау аға лейтенанты Даурен Ринатұлына табыс етті. Шара барысында сала ардагері Ерғали Талипов сөз сөйлеп, жаңа өрт сөндіру бөлімінің ел үшін маңызын атап өтіп, жас мамандарға ақ тілегін арнады. Салтанатты жиынның шешуші сәтінде Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов пен Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев жаңа ғимараттың лентасын қиды. Қонақтар өрт сөндіру бөлімінің ішін аралап, жасалған жұмыстармен танысты.


Еске сала кетейік, жаңа өрт сөндіру бөлімінің құрылысы 2024 жылы басталып, оған бюджеттен 18 465 204,24 теңге қаржы бөлінген. Нәтижесінде екі қабатты, заманауи талаптарға сай ғимарат бой көтерді. Ол екі ауысымда жұмыс істейді. Мұнда арнайы техникаға арналған гараж, қажетті құрал-жабдықтар, асхана, демалыс бөлмелері, спорт және жуыну орындары қарастырылған. Құрылыс жұмыстарын «AS Karasay» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүргізген. Жаңа өрт сөндіру бөлімі – Кеген өңірінің ғана емес, тұтас ел қауіпсіздігін нығайтатын маңызды қадам. Ерлік пен жауапкершілікке негізделген бұл қызметтің әлеуеті осылайша жаңа деңгейге көтерілді.
ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН
Кегенде бой көтерген өрт сөндіру бөлімі – жай ғана ғимарат емес, ол – елге деген жанашырлықтың, адам өміріне деген құрметтің белгісі. Заманауи техникамен жабдықталған, кәсіби мамандармен толыққан бұл нысан қауіп төнген сәтте халыққа қалқан болып, тыныш тіршіліктің тұғырын бекемдей түспек. Ерлік пен жауапкершілік қатар өрілген бұл қызмет ел сенімін ақтап, бейбіт өмірдің берік тірегіне айналары сөзсіз.
Индира БІРЖАНСАЛ









