Балта ұстаған бала немесе мектептегі қауіпсіздік қаншалықты сақталған?

0
623

Бала мектепке білім алу үшін барса, құлсарылық X сынып оқушысының ойы мүлде бөлек болған. Ол қатар-құрбыларымен болған жанжалдан кейін оларға балтамен шауыл жасапты. Соның салдарынан екі оқушы жеңіл дене жарақатын алған. Облыста өткен аптада болған келеңсіз оқиға күллі республика жұртшылығын алаңдатып отыр. Мұны естігенде бірнеше жыл бұрын балаларды қас пен көздің арасында ажал құштырған Татарстандағы жағдай еске түсті. Ол кезде интернет ойынына есі кеткен жасөспірім талай баланың обалына қалған еді. Дегенмен бұл орын алған оқиғадан көпшілік сабақ алмаған сыңайлы.

Соған ұқсас оқиғаның Қазақстанда қайталануын жақсы жаңалық дей алмаймыз. Себебі бұл – асқан қатыгездіктің көрінісі.

Қазір мектеп немесе балабақша көлденең көк атты кіріп шығатын жалаңаш-жайдақ мекеме емес. Оның үстіне, қолына суық қару ұстап кіру деген барып тұрған бассыздық. Мұндайда есік алдындағы күзетшінің өзі де қорғай алмайтыны сөзсіз.

Ендеше, білім беру мекемелеріндегі мыңдаған баланы мұндай келеңсіздіктен қалай қорғаймыз? Ғимарат ішіне тек камера қондырумен балалардың қауіпсіздігі сақтала ма? Бұл мақсатта Атырау облысында тағы қандай іс-шара жүзеге асып жатыр?

Камера қорған бола ма?

Еске сала кетсек, 5 ақпан күні «102» арнасына Құлсары қаласында Х сынып оқушысы өз қатарларымен жанжалдасып қалған соң оларға шабуыл жасап, дереу мектеп аумағынан қашып кеткені туралы хабарлама келіп түскен. Лезде әлеуметтік желілерде оқушылар арасында ашықтан-ашық мектеп дәлізінде қолына балта ұстап жүрген жасөспірімнің бейнежазбасы тарап кетті. Облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі осы оқиға салдарынан екі оқушы жеңіл дене жарақатын алғанын хабарлады.

«Хабарлама түскен бойда оқиға орнына полиция қызметкерлері жедел жетіп, жасөспірім ұсталды. Оқиғаға қатысушылар мен олардың ата-аналары полиция бөліміне жеткізілді. Аталған дерек бойынша бұзақылық фактісімен қылмыстық іс қозғалды. Он бес жастағы күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалып, ішкі істер органдарының есебіне қойылды. Жинақталған материалдар шешім қабылдау үшін кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі комиссияға жолданды», – делінген ресми хабарламада.

Оқиғадан соң жасөспірімнің ата-анасына қатысты кәмелетке толмаған баланы тәрбиелеу жөніндегі міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін әкімшілік іс қозғалған. Қылмыстық іс негізінде қылмысқа ықпал еткен себептер мен жағдайларды жою туралы аудандық білім беру бөліміне ұсыныс енгізіліп, тергеу қорытындысы бойынша білім беру мекемесі басшыларының және оқу орнын күзетуді жауапкершілігіне алған күзет агенттігі қызметкерлерінің әрекеттеріне құқықтық баға берілетіні туралы жазылған.

Расында, мектепте суық қарумен жүрген оқушыны көрген әр ата-ана өз баласының мектептегі қауіпсіздігін ойлап, алаңдай бастады. Бүгінге дейін баласы аман-есен мектепке жеткенде, мектептен келгенде бір қуанатын ата-ана енді мектеп ішіндегі қауіпсіздігін де ойлайтын болды. Айталық, баланың жарты күн уақыты мектепте өтеді. Сондықтан, әрбір білім ошағының қауіпсіз болғаны жөн. Бұл жағдай білім беру мекемелеріндегі қауіпсіздікті күшейтудің өзектілігін айқындап беріп отыр. Ал, қауіпсіздік туралы сөз бола қалса, алдымен бейнекамералар ойға оралады. Бүгінге дейін камераның көмегімен көптеген құқық бұзушылық пен қатыгездік фактілері анықталғаны рас. Әйтсе де, «бір көзді сақшының» қарулы адамнан баланы қорғауға қауқары жетпейтіні сөзсіз. Сондықтан, қауіпсіздік шараларын қылмысқа қарсы, заманға сай жасақтау қажет. Тіпті, бүгінгі күні бұдан да мықтырақ қорғаныс жүйесін ойлап табу маңызды. Мәселен, тетікті басса әп-сәтте тәртіп сақшылары жетіп келетіндей жүйенің аса керектігі сезіледі.

Директорды босату – орынсыз

Осылайша, аталған дерек бойынша бұзақылық фактісімен қылмыстық іс қозғалды. Осы жағдайдан кейін Атырау облысы әкімінің тапсырмасына сәйкес, оның орынбасары Дарын Шамұратов, облыстық білім беру басқармасының басшысы Марат Әбуов бастаған топ аймақтағы білім ордаларын аралап, қауіпсіздігін тексеріп жүр. Осы арқылы жұмыс барысында мектептердегі қауіпсіздікке жауапты күзет фирмаларының сапасы мен жұмысын айқындамақшы.

Өңірдегі бұл жағдайдан республика Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова да хабардар. Ол өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында мектепте болып жатқан балалар арасындағы құқық бұзушылық, төбелес, әлімжеттік сынды келеңсіз жағдайларға басқарушылық тұрғыдан да, құқықтық тұрғыдан да баға берілуі тиіс екенін мәлімдеді.

– Буллинг мәселесі бойынша қолданыстағы заңнамада әкімшілік жауапкершілік қарастырылған. Осыған байланысты Атырау облысына арнайы Оқу-ағару министрлігінен комиссия барады. Өңірдегі бірқатар мектеп тексеріледі. Нәтижесінде арнайы зерделеу жұмыстары жүргізіледі. Қорытынды шығарылып, мәселені шешу жолдары талқыланады, – деп пікір білдірді Жұлдыз Досбергенқызы.

Министр өз сөзінде буллингке қарсы кешенді, жүйелі шаралар қабылданып жатқанын атап көрсетіп, ол үшін директорды жұмыстан босату орынсыз екенін айтты. Шындығында, мектеп қабырғасында орын алған әр келеңсіздікке бола директорды қызметінен босата салу қисынсыз. Өкінішке қарай, мұндай жағдай тек білім беру саласында ғана орын алып отырған жоқ. Мәселе бұлай жалғаса берсе мектеп басшысы болып баруға ешкімнің де құлқы болмасы түсінікті. Бұл – ойланарлық жағдай, зерделеуді қажет ететін өз алдына бөлек тақырып.

Сөйте тұра, қызметінен босатылған сол мектептің директорының тағдыры енді қалай болмақ?!

Жедел басқару – қауіпсіздік кепілі

Қоғам дамыған сайын қылмыстың түрі де көбейді. Қылмыс күрделіленген сайын оның алдын алу әрекеті де соған төтеп беретіндей болуы тиіс. Ал, қазір мектепте балаларды «кіргізіп-шығаратын» (екінші аяқкиімін түгендеп тұратын) орта немесе егде жастағы адамдар екені белгілі. Әлгіндей қауіппен бетпе-бет келгенде, олардың қауқары жетпесі анық. Тіпті, мектептің әр бұрышына бейнекамера қойса да, жедел әрекет етуге шамасы келмес еді. Сондықтан, заман талабына сай, оқиға кезінде арнайы жасақ жете алатындай мүмкіндіктер қарастырылуы әбден қажет. Өйткені, бұл – бүгінгі күннің басты сұранысы. Сондықтан, бұл іске тиісті ведомство басшылығының назар аударғаны қуантады.

Әлемде бұдан бұрын орын алған ахуалға орай Қазақстанда антитеррористік қорғаудың жаңа талаптары бекітілді. Бала қауіпсіздігіне бейжай қарамаған құзырлы орган өкілдері енді мектептерде мамандандырылған күзет қызметі болатынын да мәлімдеген еді. Ал, атыраулық мектептер қазір қызметтің сол түрімен қамтылды ма?

Облыстық білім беру басқармасының баспасөз қызметі хабарлағандай, былтыр облыста басқармаға қарасты 520 мекеме 100 пайыз бейнекамерамен қамтамасыз етілген. Террористік тұрғыдан осал нысандар тізіміндегі 364 мекеме түгел Жедел басқару орталығына қосылған. Барлық мемлекеттік балабақшада домофон орнатылған. Тағы да 113 білім беру мекемесінде қол жеткізуді басқару жүйесі (СКУД) жұмыс істейді. Анықтап білсек, бейнекамералардың бәрі Полиция департаментінің жедел басқару орталығына тікелей қосылған.

Сақтанған сақ жүрер

Сақтанғанды сақтайтыны рас қой, Атыраудағы өзге оқу орындары да өткен оқиғалардан сабақ алуы керек-ақ. Мәселен, Халел Досмұхамедов атындағы университет облыстағы белді оқу орындарының бірі саналатындықтан мұнда 8 мыңға жуық жас білім алады. Университет аумағында қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында барлығы 297 бейнебақылау камерасы орнатылған. Оның 230-ы – оқу аудиториялары мен ішкі дәліздерде, ал 67-сі ғимараттардың сыртқы бөліктерінде орналасқан. Осынша камераның 123-і полиция департаментінің «Сергек» бейнебақылау жүйесіне қосылған. Бұл жүйе университет аумағындағы ахуалды тәулік бойы бақылауға мүмкіндік береді.

Университет әкімшілігінің мәліметінше, оқу орнында бейнебақылау жүйесінің үздіксіз әрі тиімді жұмысын қамтамасыз ететін екі оператор қызмет атқарады. Оқу орнының қауіпсіздігін күшейту мақсатында шарт жасалған кәсіби күзет ұйымының қызметкерлері 11 бақылау-өткізу бекетінде тәулік бойы кезекшілік етеді. Күзет қызметі оқу ғимараттары мен жатақханалар аумағында тәртіптің сақталуын қадағалап отыр.

– Қазір оқу орнында «Террористік тұрғыдан осал объектілердің терроризмге қарсы қорғалуын қамтамасыз ету» талаптарына сәйкес бірыңғай үлгідегі арнайы төлқұжат әзірленіп, бекітілді. Терроризм мен экстремизмнің алдын алуға бағытталған негізгі іс-шаралар жоспары жүйелі түрде іске асып келеді. Оқытушылар, қызметкерлер, студенттер мен келушілер үшін бақылау-өткізу бекеттеріндегі кезекшілердің лауазымдық нұсқаулықтары нақты айқындалып, қауіпсіздік талаптары бойынша түсіндіру жұмыстары тұрақты жүргізіледі. Барлық бекеттер турникеттермен және заманауи бейнебақылау камераларымен жабдықталған. Автокөліктердің кіріп-шығуын реттеу мақсатында да арнайы бақылау-өткізу пункті қарастырылған, – деді университеттің әлеуметтік мәселелер және жастар саясаты жөніндегі проректоры Ләйлә Қойшығұлова.

Төтенше жағдайлар кезінде дұрыс әрі жедел әрекет ету дағдыларын қалыптастыру мақсатында мұнда Полиция департаменті қызметкерлерінің қатысуымен жылына екі рет теориялық және практикалық сабақтар ұйымдастырылады екен. Бұл оқу-жаттығулар білім алушылар мен қызметкерлердің қауіпсіздік мәдениетін арттыруға бағытталған. Кешенді шаралардың бәрі де университет аумағында қауіпсіз, тұрақты әрі қолайлы білім беру ортасын қалыптастыруды көздейді.

Ғаламтордың құлы болмаңыз!

Иә, айдың-күннің аманында балалардың қатыгездікке баруы кім-кімді де алаңдатпай қоймайды. Құлсарыдағы мектепте болған жағдайды интернет ойындарына тәуелділікпен байланыстырып жатқандар да көп. Өйткені, мұндай қатыгездікке тек еті үйренген, соны көрген адам ғана барады.

Бүгінде елде интернет пайдаланбайтын адам некен-саяқ. Бесіктен белі шықпаған сәбидің де тілін білмесе де, телефонға үңілуі әдеттегі көрініске айналған. Уақыт талабына сай ақпараттық технологияларды пайдаланған да дұрыс. Ғаламторды өз мақсатында қолдануға бұқараға ешкім де тыйым салмақ емес, керісінше «заманауи адам» болуды бәріміз де құптаймыз. Міне, енді жасанды интеллект дәуіріне де қадам бастық. Бірақ, біз уақыт ағымына ілесу ғаламтордың «тұтқыны» болуды білдірмейтінін естен шығармауымыз керек.

Ғаламторды пайдаланудың да өз мәдениеті бар. Оны тиімсіз және үнемі қолданудың денсаулыққа зиянын естіп, зардабын да тарта бастадық. Мәселен, компьютерлік клубқа баратын 12-13 жастағы мектеп оқушыларының 80 пайызында физиологиялық биоритмдердің бұзылуы байқалса, олардың 10 пайызының жүйкесі күйзеліп, әрбір бесіншісінің басы ауырып, ұйқысы қалыпсыз, әрбір үшіншісінің көзінің көруі нашарлаған.

Балалардың ғаламтор ойынына еніп кеткені былай тұрсын, адамның компьютер алдында күніне төрт сағаттан артық отыруға, ал жүкті және бала емізетін әйелдерге онымен жұмыс істеуге мүлдем болмайтыны секілді қарапайым қағидаларды ескермейтініміз тағы бар.

Зер салып көрсек, өркениетті елдерде бұл ережелер қатаң сақталады. Онда компьютер адамның тұрмыстық, отбасылық, қаржылық және әлеуметтік жағдайларына елеулі әсер етеді. Яғни, интернетке тәуелділік ішімдікке, құмар ойындар мен есірткіге тәуелділікпен бірдей. Осыдан-ақ оның өміріңізге қаншалықты қауіпті екенін өзіңіз бағамдай беріңіз.

Сөз түйін:

Бейнежазбадағы білім ордасында балта ұстаған бала бейнесі әлі көз алдымызда. Жас өреннің дәл осындай қатыгездікке баруы қоғамның басты проблемасын ашып беріп отыр. Жалпы, қылмыстық әрекетке қоғамның көлеңкелі тұсын ғана көргендер баратыны белгілі. Демек, бұл – мейірімсіз ортадағы тәлім-тәрбиенің жемісі. Мұның қатарына ғаламтордағы қантөгіс, қырғын ойындарды қосуға болады. Өйткені, ес білгелі интернеттен бас алмаған балалардың болашағы да сол «ойындармен» байланысты болатынын айтып, психологтердің дабыл қаққанына шұғыл назар аударуымыз қажет. Бәлкім, біз бұған ертерек құлақ түргенде бүгінде «дабыл батырмасы» туралы ойланбас па едік? Дабыл!..

Мәлике ҚУАНЫШЕВА

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here