Жаңғыру жолындағы Конституция: уақыт талабына сай құқықтық бағдар

0
1541

Қай кезеңде де мемлекеттің даму бағытын айқындайтын басты құжат – оның Конституциясы. Уақыт өткен сайын қоғам өзгеріп, жаңа талаптар пайда болады, соған сай Негізгі заң да заман ағымымен үндесуі тиіс. Бүгінгі еліміз де осындай маңызды кезеңді бастан өткеріп отыр. Елде жүзеге асырылып жатқан конституциялық реформа мемлекеттік басқару жүйесін жетілдірумен қатар, адам құқықтарын қорғауды күшейтіп, цифрлық дәуірдің жаңа талаптарына бейімделген құқықтық негіз қалыптастыруды көздейді. Бұл өзгерістердің мәні тек құқықтық нормаларды жаңартумен шектелмейді. Ол – мемлекет пен қоғам арасындағы жауапкершілікті, сенімді жаңа деңгейге көтеруге бағытталған қадам. Осы орайда жаңа конституциялық реформалардың мазмұны мен маңызы жөнінде Президент іс басқармасы жанындағы Парламентаризм институтының орталық басшысы, PhD доктор Шолпан Алтынбекқызымен арнайы сұхбаттасқан едік.

– Сіздің ойыңызша, еліміздегі жаңа конституциялық реформаның басты мақсаты қандай?

– Жаңа конституциялық реформаның негізгі мақсаты – ХХІ ғасырдың талаптарына сай келетін заманауи әрі тұрақты құқықтық жүйе қалыптастыру. Бұл тек мемлекеттік институттардың құрылымын жетілдіру ғана емес, сонымен бірге қоғамдағы адамның орны, оның құқықтары мен бостандықтарының маңызын жаңаша бағамдау. Жаңартылған конституциялық реформада адам, оның өмірі, құқықтары мен бостандықтары мемлекеттің ең жоғары құндылығы ретінде нақты айқындалады. Сонымен қатар, бұл қағида тек декларация күйінде қалмай, нақты мазмұнмен толықтырылған. Әсіресе, жеке өмірге қол сұғылмаушылық, дербес деректердің қорғалуы және тұлғаның ақпараттық қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері ерекше назарға алынып отыр. Бұл өзгерістер еліміздің «адамға бағдарланған мемлекет» моделіне бет бұрғанын көрсетеді. Яғни, мемлекеттік саясаттың басты өлшемі – азаматтардың өмір сапасын жақсарту, әділ сотқа қол жеткізу, сапалы білім мен медициналық қызметтердің қолжетімділігін қамтамасыз ету. Сонымен бірге, ғылым мен инновацияны дамыту, адами капиталды нығайту ел дамуының стратегиялық бағыты ретінде қарастырылуда.

Бұл реформаның ерекшелігі неде? Оның бұрынғы өзгерістерден айырмашылығы қандай?

– Қазіргі реформаның басты ерекшелігі – оның мазмұндық ауқымының кеңдігі. Бұған дейінгі конституциялық өзгерістер көбіне билік тармақтарының өкілеттіктерін қайта бөлуге бағытталған болса, бүгінгі бастамалар қоғамның ұзақ мерзімді дамуын көздейді. Ең маңызды жаңалықтардың бірі – ақпараттық қоғам қағидаттарын нақты бекіту. Конституция жобасында азаматтардың жеке деректері мен цифрлық ақпаратын қорғау қажеттігі айқын көрсетілген. Бұл цифрлық кеңістіктің адам құқықтарын жүзеге асыратын маңызды ортаға айналғанын білдіреді. Бүгінде цифрландыру мемлекеттік қызмет көрсетуден бастап білім беру мен денсаулық сақтау саласына дейін барлық бағытта кеңінен қолданылуда. Сондықтан, деректер қауіпсіздігі азаматтың құқықтық қорғалу деңгейін айқындайтын маңызды факторға айналып отыр. Сонымен бірге, жаңа редакцияда білім, ғылым және инновацияны дамыту мемлекеттік саясаттың басым бағыты ретінде белгіленеді. Бұл мемлекет болашағын білім мен технологияға негіздеу қажеттігін көрсетеді.

– Реформа аясында билік тармақтарының өкілеттіктері қалай өзгерді?

– Конституциялық өзгерістер мемлекеттік билік тармақтарының өзара байланысын нақтылап, олардың жауапкершілігін күшейтуді көздейді. Негізгі мақсат – басқару тиімділігін арттыра отырып, билік арасындағы тепе-теңдік жүйесін нығайту. Президент елдің ішкі және сыртқы саясатының стратегиялық бағытын айқындайтын негізгі тұлға болып қала береді. Сонымен қатар, жаңа нормалар мемлекеттік институттардың ашықтығын арттырып, олардың қоғам алдындағы жауапкершілігін күшейтуге бағытталған. Реформаның маңызды жаңалықтарының бірі – Ұлттық құрылтай институтының қалыптасуы. Бұл алаң қоғамдағы маңызды мәселелерді талқылауға мүмкіндік беретін өкілдік орган ретінде қызмет етеді. Сондай-ақ, мемлекеттік биліктің саяси бейтараптығын қамтамасыз етуге ерекше мән берілген. Президенттің өз өкілеттігін атқару кезеңінде саяси партия мүшесі бола алмауы осының бір көрінісі. Бұдан бөлек, мүдделер қақтығысын болдырмау мақсатында мемлекет басшысының жақын туыстарына мемлекеттік немесе квазимемлекеттік секторда басшылық қызмет атқаруға шектеу қойылған. Сот жүйесінің рөлін күшейту де реформаның маңызды бағытының бірі. Азаматтардың құқықтарын қорғау тетіктері кеңейтіліп, әділ сотқа қол жеткізу мүмкіндігі арта түседі.

– Сіздің ойыңызша, қоғам бұл реформаларды қалай қабылдады?

– Жалпы қоғам конституциялық өзгерістерді байыппен қабылдап отыр. Көпшілік үшін реформаның мәні – азаматтардың күнделікті өміріне қалай әсер ететінімен өлшенеді. Мемлекеттік қызметтердің қолжетімділігі, құқықтардың қорғалуы, білім мен медицинаның сапасы халық назарындағы басты мәселелер. Әсіресе, дербес деректерді қорғау мен жеке өмірдің қауіпсіздігін қамтамасыз ету туралы нормалар қоғам тарапынан оң бағалануда. Себебі, қазіргі уақытта адамдардың өмірі цифрлық қызметтермен тығыз байланысты. Сондықтан, ақпараттық қауіпсіздікті күшейту – уақыт талабына сай шешім. Сонымен қатар, білім, ғылым және инновацияны дамытуға басымдық берілуі де жұртшылықтың қолдауына ие. Бұл мемлекеттің болашақты білім мен технология арқылы құруға ұмтылысын көрсетеді.

ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН

Қорыта айтқанда, жаңа конституциялық реформа – еліміздің құқықтық жүйесін заман талабына сай жаңғыртуға бағытталған ауқымды қадам. Оның негізгі мазмұны – адам құқықтарын қорғауды күшейту, цифрлық дәуірдің талаптарына жауап беретін құқықтық негіз қалыптастыру және мемлекеттік басқару тиімділігін арттыру. Бұл өзгерістер тек құқықтық нормаларды жаңарту ғана емес, сонымен бірге қоғам мен мемлекет арасындағы өзара сенімді нығайтуға бағытталған маңызды бастама. Демек, жаңа конституциялық реформа Қазақстанның демократиялық дамуы мен тұрақты болашағын айқындайтын құқықтық бағдар ретінде бағалануы тиіс. Сарапшылардың пікірінше, бұл өзгерістер елдің институционалдық тұрақтылығын нығайтып қана қоймай, азаматтардың мемлекетке деген сенімін арттыруға ықпал етеді. Демек, жаңа Конституция Қазақстанның демократиялық даму жолындағы тағы бір маңызды кезеңі ретінде бағалануы әбден заңды.

Индира БІРЖАНСАЛ

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here